Мұндай байқау Өскеменде бұрын-соңды болмады десек, әй өтірік айтқандық емес. Ұлттық өнерді насихаттауды мақсат еткен «Күй – дария, күй – ғұмыр» атты облыстық жас күйшілер байқауы Шығыста тұңғыш рет өтті.
Облыстағы «Дарын» орталығы және Халық әртістері ағайынды Абдуллиндер атындағы Шығыс Қазақстан өнер колледжі ұйымдастырған дүбірлі додаға аймақтың әр ауданынан 11 күйші, 6 ансамбль қатысты. Шанақтан күмбірлей төгілген қоңыр күй тыңдаған жанды тебірентпей қоймады. Алыс-жақыннан келген қазылар да «пах шіркін» деп таңдай қағысып отырды. Көрермендер де қиқу қосып, қошемет көрсетумен болды.
– Шығыста қазақтың қазақтығын көрсетер үлкен байқауға қазылық етуге келіп қалдық. Оқушылардың талантына, талабына тамсанып отырмыз. Түкпірдегі әр ауданда көрінбей жатқан, еленбей жүрген таланттар осындай бәйгеде көрінеді, танылады. Болашақтарына үлкен есік ашылады. Сондықтан мұндай байқау жалғасын табуы керек. Ұйымдастырушыларға мың алғыс! – дейді Мәдениет қайраткері, күйші Мұрат Әбуғазы.
Қоңыр үнді домбыраларын арқалап, аймақтың әр аулынан келген оқушылар Алтай-Тарбағатайдың, Батыстың дәстүрлі күйлерін төкпелетті. Ал осындай ұлттық нақыштағы байқаудың өтуіне мұрындық болып, демеушілік көрсеткен кәсіпкер Айдос Байғонысов еді. Қазақтың төл мұрасын насихаттауға үлкен үлесін қосқан кәсіпкерге де көпшілік ризашылық білдірді.
– Күйдің қадірін біліп, құндылығын бағалай алып жүрміз бе? Осы сұрақ алаңдатты. Әлемді таңғалдырған домбырадан төгілген күйді де биікке көтеруге тиіспіз, – дейді күй өнерінің жанашыры, кәсіпкер Айдос Жомартханұлы.
Ұйымдастырушы, ұлттық өнердің жанашыры, күйші Шалқар Ырысханның айтуынша байқау екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңдегі үш күйдің екеуі Алтай, Тарбағатай дәстүрлі күйшілік мектебінен орындалса, үшіншісі шертпе күйден тұрды. Екінші кезеңде де қатысушылар үш күй ойнады.
– Байқау жеңіл болсын деген ниетте өтінім бергендердің бәріне дайын нота жібердік. Сонымен дайындалды. Шығыстың күйі кеңінен насихатталуы бұрын болмаған. Демеушіміздің арқасында бұл байқау келесі жылы да өтетін болып отыр. Бұл деген күйшілердің кәсібилігін шыңдауға ықпал етеді. Сондай-ақ репертуарлық қорлары да артты, – дейді күйші Шалқар Ырысхан.
Сөйтіп, «Күй дария, күй ғұмыр» атты облыстық күйшілер байқауында жүлделі үшінші орынды Халық әртістері ағайынды Абдуллиндер атындағы Шығыс Қазақстан өнер колледжінің оқушысы Темірлан Қайырбек еншіледі. Екінші орынды Катонқарағай аудандық музыка мектебінің оқушысы Санжар Қайырдинов иеленсе, бірінші орынның тұғырынан Мұхамедәли Қайтбек көрінді. Ал қазылар алқасы бас жүлдені бір ауыздан Өскемендегі «Жұлдыз» өнер мектебінің 8 сынып оқушысы Олжас Азатбекке табыстады.
– Бұл байқаудың ережелері мен үшін қиын сияқты көрінді. Бірақ әкем үйретіп, қолдап, рухтандырып қойды. Жасырмаймын, кейбір күйлерді нотасыз үйренгендіктен күрделі тұстарын алып шығуда қобалжыдым. Оның үстіне, бәйгеге түскендер арнайы музыка мектебінің оқушылары еді. Мені қолдаған ағайын-туыстарға алғыс айтамын, – дейді бас жүлдені қанжығаға басқан Азатбек Олжас.
Айта кетейік, жүлделі орын алғандардың барлығына арнайы сертификат пен ақшалай сыйлықтар табыс етілді. Ансамбльдік орындаудан бас жүлдеге Риддер қаласындағы Балалар музыка мектебі қабырғасында құрылған «Кербез» домбырашылар ансамблі ие болды. Бірінші орынды «Шығыс сазы», екінші орынды «Балдәурен», үшінші орынды «Бәйге» домбырашылар ансамблі алды.
Жоғарыда айтып өткендей, бұл байқау келесі жылы да жалғасын табады.
Өскемен