Еліміздің 10 облысын тасқын су басып, біраздан бері әбігер болып жатқанымыз белгілі. Апатты аймақтарда 24 мыңнан аса адам зардап шеккен, оның көпшілігіне 7 млрд теңгеден аса сомаға біржолғы төлем түрінде көмек берілген. Жоғалған мал басына төлемнің өзі 1 млрд теңгеге жақын болыпты. Ал тұрғын үйлерді қалпына келтіруге 710 млн теңге қаражат бөлініпті. Бұл мемлекет қаржысына әжептәуір салмақ салып тұр. Мұны табиғат апатының жазық жерде болатын жұмсақ түрі деп айтуға болады, ал оның басқа да алапат түрлері бар. Соның бірі – сел жүру.
Сел – мұздықтың жаппай еруінен пайда болып, шағын өзенше аңғарлары мен жылғалар бойында кенеттен пайда болатын, балшық түрінде де, малтатас пен шөгінділердің өте көп мөлшерін алып жүретін екпінді су тасқыны. Бірақ зерттеулер дәлелдегендей, селдің екпінді тасқын су болуы міндетті емес. Мысалы, 1975 жылғы Үлкен Алматы өзеніндегі сел кезінде шағын еңісте, ағын жағалауларында тығыз балшықты-тас массасының қозғалысын көрсетті. Селдер тек «тау өзендерінде» ғана емес, шөлде де пайда болады. Жаңбыр генезисіне сәйкес селдің қалыптасу уақытын жаңбырдың ұзақтығы мен қарқындылығы туралы ақпарат алу арқылы болжауға болады.
Ал тарихи мәліметтерге көз жүгіртсек, селдің қауіпті апат екенін байқауға болады. Ең алапат сел 15-20 мың жыл бұрын плейстоцен дәуірінің соңында Праозеро көлі (Үлкен Алматы көлінің бұрынғы аты) жырылып, Үлкен Алматы өзені бассейнінде 300 млн текше метр тас аралас су қоймалжыңы төмен ағып, елді мекендерді шайып кеткен.
Патшалық заманда селдің жүруі 1841 жылы болған. Тас аралас лай су Кіші Алматы және Ақсай өзендері бассейнінде жүрген. Сол жерде қоныстанған көп адам шығынға ұшыраған. Онымен ағып түскен үлкен тастар Сарысай өзенінің қолтықтарында әлі жатқан көрінеді.
Кеңес дәуірінде сел 1921 жылдың 8 шілдесінде бүкіл Жетісу аймағында жүрген. Селдің алғашқы пайда болған жері Шымбұлақ өзенінің алабы болған, кейін Үлкен Алматы, Талғар, Есік өзендерін қамтыған. Оның себебі екі ай кеш келген көктем болған, қыстың қары ерімей бүкіл тауды жауып жатқан, сонан қатарынан 2-3 күн ыстық «гарисель» желі Қарақұм мен Қызылқұм жақтан соққан. Бұл қарды тез ерітіп, оған толассыз жауған жаңбыр қосылып, әп-сәтте таудан ағатын өзен-сайлар арнасына сыймай, Кіші Алматы өзені 10 метр биіктікке көтерілген, жылдамдығы 4-6 м/с болып, көп жерде су биіктігі 4-6 метрді құраған. Сол кездегі сел домалатып әкелген дәу тастарды қазір де қаланың әр жерінен көруге болады, оның бірі «Қазақстан» қонақүйі жанында ландшафтық көрік беріп тұр. Шілденің сол түні 65 тұрғын үй мен 177 сарай бұзылып, 82 үй мен 63 сарай зақымдалған, бір темекі фабрикасы, балара шаруашылығы бұзылған, екі тері зауыты зақымдаған. 140 адамның мүрдесі табылған, оның 63-і – балалар. 500 адам жоғалып, 80 адам жарақат алған. Барлығы 1 500 отбасы ойрандалыпты, бұл Алматы қаласы тұрғындарының 7%-ы екен. Осыншама зардапты жөндеу мен құтқару жұмыстарына 5 мыңнан аса адам жұмылдырылған.
1947 жылдың 16 мамырында таулы аймақта алдымен екі сағатқа жуық алдыңда 15-20 метр жер көрінбейтін шелектеп жауған жаңбыр нөсерге айналып, Талғар өзенінің алабында сел жүрген. Өзен гүрілі тасты-лай сумен жағалай жайпап, талдарды түбірімен қопарып, мал қораларды шайып, халық үйлерін тастай қашып әбігер болыпты. Елді мекеннен 18 адам құрбан болыпты.
1950 жылдың 8 шілдесінде бір күнде 60 мм жауған нөсер жаңбырдан Қаскелең, Ақсай, Үлкен Алматы өзендері алабында сел қалыптасқан. Оның жалпы көлемі 7,5 миллион текше метр болған. Сел жүріп өткенде су стансасы, плотина, жол, 4 бетон көпір, 7 гидростансалардың жоғарғы қысымды су құбырлары, бірнеше автокөлік пен трактор, «ГЭС-1» елді мекенінің бір жағы, 10 км электр және телефон желілері бұзылған, 400 бас мал шығын болған. Сонымен қатар адамдар да шейіт болыпты.
1956 жылы Тұйық су мұздағындағы морена (беткейлерден мұздық аңғарына келіп түсетін әртүрлі пішінді материалдардан және мұздық астындағы тау жыныстарының сыдырылып қирауынан пайда болады) төмен қарай лай мен тас араласқан су тасқынын жіберген. Бұл Алматыға баратын жол мен көпірді шайып кеткен.
Тағы бір селдің түрі – гляциалдық селдер. Мұндай сел елімізде 1963, 1973, 1977 жылдары болған. Бұл селдің ағыны тау басында орналасқан мұздақтардан болады, тасқа қатып жабысқан мұз еріген кезде майда тастар мен басқа да шөгінділер төменге жылдам аға бастайды. Оны мореналық шөгінділер деп атайды. Ал морена беткейлерден мұздық аңғарына келіп түсетін әртүрлі пішінді материалдардан және мұздық астындағы тау жыныстарының сыдырылып қирауынан пайда болады. Мұздақтардың ағыны күніне 3-10 метр, ал үлкендерінің жылдамдығы 40 метрге дейін болады.
1963 жылы 7 шілдеде Есік өзенінің жоғарғы жағындағы Жарсай морено-мұздақ көлінде жерасты мұздардың жедел еруінің салдарынан сел пайда болған. Бірнеше сағат ішінді оның көлемі 6-7 млн текше метр болатын тас араласқан лай қоймалжыңы болып 7 метр биіктікпен 12 толқынмен 5-6 м/с жылдамдықпен жолдағы дәу тастарды қопарып, 4 сағат ішінде Есік көліне құлаған, сол кезде табиғи плотина бұзылып, 18 млн текше метр көл суы қала жаққа аққан. Есік қаласының екі көшесі бұзылып, көл жағасында демалып жүрген 52 адам қайтыс болған.
1973 жылдың 13 шілдесінде болған сел ең жойқын гляциальдық сел болды. Бұл Тұйықсу көлінен бастау алды. Сол жылы маусым айы салқын болған, тауда қалың қар жатқан, оның үстіне жаңбыр жауып қар салмағы ауырлай берген. Шілде айында күн күрт ыстық болған соң қар мен мұздақ тез ери бастаған. Сел тау басындағы №2 морена көлінен №3 көлге судың асып түсуінен басталған. Сол сәтте екі көлді бөліп тұрған бөгет шайылып, су ағыны Мыңжылқы шатқалындағы плотинаны бұзған, содан кейін Кіші Алматы өзенінің арнасымен төмен қарай жүйткіп отырып, жолындағы тағы екі плотинаны бұзып өткен, өзен арнасын 40 метр тереңдікке дейін жырып отырған. Тасқын «Горельник» турбазасы жанындағы плотинаға соғып, қой тастар жағадан шашырай атылған. Тастардың көлемі – 5-6 метр, салмағы – 300 тоннаға дейін жеткен, жылдамдығы – 10-12 м/с. Сел демалыс күні болған соң, адам шығыны көп болған, кем дегенде 70 туристің өмірі қиылған еді. Осы дүлей селді Медеу шатқалындағы салынған плотина ұстап қалған, егер ол болмағанда Алматыны түгел қиратуы мүмкін еді. Ғалымдардың бағалауына сәйкес бұл селдің жойқындығы сонау 1921 жылы болған селден төрт есе жоғары болған.
Үшінші рет гляциалды сел 1977 жылдың 3-4 тамыз күндері жүрген. Ол Құмбел өзенінің алабында жер бетінен 3 400 метр биікте орналасқан Совет мұздағындағы №13 көлден су ағызу кезінде басталған, дегенмен сел Проходная және Үлкен Алматы өзендерінің қиылысында тоқтаған. Бірақ 3-31 тамыз аралығында 400 дейін қайталанған сел толқыны Алматыға жетіп, қаладағы Сайран көліне дейін барған. Тасқын биіктігі 10-12 метр болып, 8-10 м/с жылдамдықпен жүріп, ұзындығы 5-6 метр болатын тастарды домалатқан. Тасқынның жалпы көлемі 3,2 миллион текше метрге дейін жеткен.
1988 жылдың 28-29 қаңтарында антропогендік сипаттағы сел Жаманқұм құмдарындағы авариялық канализацияның ағын суын жинақтаушы көлде болған. Өйткені жоба сыйымдылығынан 0,85 метрге асып кеткен және онда 36 миллион текше метр ағынды су жиналған. Жинақтаушы көл жырылып, жаман су Қаскелең өзеніне бет ала отырып, 10,6 километр жырақ-каньон жасаған. Оның ені – 110-240 метр, тереңдігі 53 метрге дейін жеткен. Сел автомобиль және теміржол көпірлерін бұзған, жол қатынасы бұзылған және қоршаған орта ластанған. Бұл табиғи және антропогендік апат кесірінен 13 адам мерт болған.
Тәуелсіз Қазақстан тарихында да сел жүру фактілері бар. 2006 жылғы 5 қаңтарда Ұзынқарғалы өзенінде болған мұз араласқан селден Фабричный елді мекені, көпірлер, су құбырлары зақымдалды. 2013 жылы 21 шілдеде Сарысай мен Кіші Алматы өзендерінің арасында екі минут бойы сел жүрген. 2015 жылы 25 шілдеде Алматы қаласы Наурызбай ауданында сел болған. Бұл Қарғалы өзенінде су деңгейінің 5-6 метрге көтерілуінен болған, Қарағайлы және Таусамалы шағын аудандарын су басқан болатын. 2018 жылдың мамырда Ақсай шатқалында ұзаққа созылған нөсер жаңбырдың салдарынан Ақсай-Қызылжар өзендерінің төменгі жағында сел қалыптасқан. 2021 жылы 29 мамырда Шарын шатқалында сел жүріп, саяхатта жүрген гимназияның 8 оқушысы мен 3 оқытушысының ішінен бір оқушы мен оқытушы ағынға кетіп мерт болған.
География және су қауіпсіздігі институтының мәліметіне сәйкес XIX ғасырдан бастап Қазақстан территориясында 800 рет сел жүрген екен. Оның ішіндегі ең дүлейі 1841, 1887, 1921, 1947, 1950, 1963, 1973, 1977, 1988, 2006 жылдары болған екен. Кіші Алматы өзенінің алабында сел 30 рет жүрген екен, Шымбұлақ шатқалында сел жүру қаупі жоғары көрінеді, оның Шымбұлақ спорт кешеніне және Медеу плотинасына қаупі жоғары.
Жоғарыда көрсетілген сел туралы талдау жасаған кезде ертеректе болған апат егжей-тегжей жазылған. Ал тәуелсіздік тарихындағы апатты жағдайлардың мәліметі мардымсыз. Бұл осы табиғат құбылысын зерттеуші қызметтің нашарлығы немесе тіпті жоқ екенін білдіреді. Мысалы, 1951 жылы КазНИГМИ жанынан сел жүру бөлімі ашылған еді. 10 жыл бойы бұл бөлім терең методикалық зерттеулер жүргізіп келген, кейін аталған институт КазНИИМОСК болып өзгергенде 1996 жылы кеңейіп Сел және қар көшкінін бақылау қызметі болып құрылды. Олардың зерттеуіне сәйкес Қазақстан территориясында сел жүрудің қауіпті кезеңдері 1987-1991 жылдар болып есептеледі. 1986 жылы қатты жаңбыр салдарынан Қаскелең және Шамалған өзендерінде қатты тасқын жүрген. 1987 жылы 2 маусымда Көлсай өзеніндегі тасқын метеорологиялық жағдайға байланысты туындаған. 1991 жылғы 21 шілдеде Сөгеті тауларында Көкпек шатқалында бұлақ суынан бастау алатын өзендерге қатты жауған нөсер жаңбыр себеп болып, жазықтау жерде кеңдігі 76,2 метрлік сел жүрген. Бұл – сирек кездесетін жағдай. Нәтижесінде, 10 км жол, 5 көпір бұзылған, 50 баған құлаған. КазНИИМОСК ғалымдарының деректеріне сәйкес сол кездегі ірі сел жүру 1988 жылы Құмбел өзенінде және 1993 жылы Талғар өзенінде болған.
Сел қаупін сейілту – жергілікті әкімдіктер мен арнайы мекемелердің шаруасы. Бұл апаттың қандай болатыны жоғарыда кеңінен жазылды.
Алматыда өзен мен каналдардың су жүйесін Балқаш-Алакөл су бассейні мекемесі жүргізеді. Олар су ағынын реттейді, бірақ өзен-канал арналарын тазалау жұмыстарымен айналыспайды. Ал әр ауданда орналасқан әкімдіктердің абаттандыру бөлімдері мен тендер жеңіп алған кәсіпкерлер негізі көше тазалаумен жүр. Алматы қаласының бір ауданында каналдың қоқысқа толып жатқаны туралы және жол плитасы опырылып түсіп, су ағынын тоқтатып тұрғаны туралы аудан әкімінің бірінші орынбасарына хабарланды. Ал опырылған плита мен қоқыс айға жуық уақыттан бері әлі жатыр. Сонда сұрақ туады, әкімдік қызметкерлерін су тасқынының жауапкершілігінен гөрі ақша бөлу, пәтер беру, жөндеу-құрылыспен айналысу көбірек қызықтыратын сияқты. Сонда бұлар қала үйлерін су басып, инфрақұрылымдардың бұзылғанын күте ме екен?
Елімізде болып жатқан тасқын су апатын қалпына келтіруге бюджеттен, қордан қыруар ақша бөлініп жатыр, оны әкімдіктер үйлестіруде, бірақ облыстардағы жүздеген әкім-қаралардың жауапкершілікке тартылып жатқаны туралы мәлімет естігенім жоқ. Ал сел жүре қалған жағдайда оның қасіреті топан судан он есе артық болары сөзсіз.
Сел жүру қаупінің бар екенін екі фактімен дәлелдейін. Біріншісі, әлемдегі жылыну факторына байланысты температураның тек 1 градусқа көтерілгенінің өзінде Араб елдерінде, Еуроапада, АҚШ пен Африка елдерінде бұрын болмаған табиғат құбылыстарын байқап жатырмыз. Сондықтан табиғаттың циклдық, яғни он, елу, жүз жылда қайталану факторларын еске алсақ, Қазақстанға да айрықша климат өзгерістерінің келуін күтуге болады. Екіншіден, Алматы қаласында кейінгі күндері толассыз жаңбыр жауып жатыр, алдағы уақытта бұл үдей түсуі де мүмкін. Ал нөсер жаңбыр – «жатқан жыланның» құйрығын басатын факторлардың бірі.
Ертеде «Сен салар да, мен салар, атқа шөпті кім салар?» деген мақал бар еді. Қазір ол мақалды «Сен алар да мен алар, арықтағы қоқысты кім алар?» деп айтуға тура келеді. Әкімдіктердің салғырттығы қоғамды алаңдатады, олардың жауапсыздығы жаға ұстатады. Сондықтан сел қаупі бар аймақтардағы қызметкерлер тасқын жолдарын тазарту жұмыстарымен айналысқаны жөн.
Атамұрат ШӘМЕНОВ,
экономика ғылымдарының докторы, Гидрометеорология саласының үздігі