• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 27 Мамыр, 2024

Туған топырақ тамыршысы

166 рет
көрсетілді

Жазушы атану – кез келген пенденің маңдайына жазылмаған. Ол да әншілік, күйшілік сияқты қанмен беріліп, күндер жылжып, жылдар бойы жетіліп қалыптасады және ол ұлттық тілдің қайнар көзі арқылы жетілетін өнердің бірі. Осы тұрғыдан алғанда қазақ топырағы да ондай қабілет иелеріне кенде емес. Тілінен бал тамған сөз зергерлері бұрындары да болған, бүгінде де аз емес. Бірақ бізде жазу-сызу дәстүрі өмірге енгелі жазушы атаулының бәрі ондай шығармашылық адамдары көптеп шоғырланған ірі қалаларда немесе бас қалада тұрады деген солақай түсінік бар. Шындығында олай емес. Дәлдеп айтсақ, кешегі Лев Толстой, болмаса Михаил Шолоховтың өзі Мәскеуде не Санкт-Петербургта тұрып, мәңгілік дүниелер тудырған ештеңесі жоқ. Сондай-ақ Жидебайдағы Абай мен Торғайдағы Ыбырай да қара сөздің қаймағын қалқу үшін әйдік қалаларды іздемеген.

Әңгіме орайында біз қолымыз­ға қалам алып, алғашқы дү­ние­лерімізді өмірге әкелген өт­кен ғасырдың алпысыншы жылдарын­­да жоғары білімді сол кездегі республика орталығы Алматыдан алдық. Ал­ды­­мызда Қызылордадан Рүстем Жа­наев, Көкшетаудан Төлеген Қажыбаев, біздермен қатар Семейден Қажыға­лым Мұқанов деген жас жігіттер қалам тербеп, кейін республикаға белгілі жазушылар болды. Олар да сөз маржанын сүзген жазушы болсам деп Алматы мен Астанаға ұмтылмай-ақ өздері туған топырақта тұ­рып-ақ кәдімгідей сөз сүлейлері, ел та­ныған жазу­шылар атанды. Осылардың қатарына кешегі Тобық Жармағамбетов, Еркеш Ибраһим, Сейіт Кенжеахметов, Зейнел-Ғаби Иманбаев, Кәмен Оразалин, Өмір Кәріпұлы, Байжігіт Әбдіразақов, Мархабат Байғұ­товтарды да қосар едік. Аты-жөндері айрықша үкілеп айтылған жоғарыдағы дарынды таланттар үлкен өмірдің тір­шілік-тынысына белсене үн қосып, қалам тербегені баршаға мәлім.

Міне, осындай ауылда туып, ауданда өс­кен, әлеуметке аты таныс жазушы­ның бірі – атыраулық Өтепберген Әлім­герейұлы. Оны еске алуыма себеп – нау­рыз айының ортасында Атырауда үшін­­­ші Ұлттық құрылтай өтті. Бұқаралық ақ­­па­­рат құралдары аталған жиынның өте­тін­ді­­гін алдын ала хабарлап, оған ел Пре­зи­ден­ті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев­тың қатысатындығын айтты, өңір­дегі ел үшін маңызы бар тарихи орындар мен тұлғаларды санамалады. Ішінде орта ғасырда Мысырды билеген Бейбарыс сұлтан, кезінде Алтын Орданың, кейін Қазақ хандығының астанасы атанған көне Сарайшық қаласы да бар екен. Сол кезде есіме әріптес до­сым, белгілі қаламгер, өлкетанушы Өтеп­берген Әлімгерейұлы оралды. Ол атал­ған тақырыптардың қай-қайсысын да шеміш­кеше шағады, сол өңір­дің нағыз білгірі. Талай зерттеулері өз басым «Лениншіл жас» («Жас Алаш»), «Социа­листік Қазақстан» («Егемен Қазақ­стан») газеттерінде істегенімде қолымнан өткен.

Біз Өтепберген екеуміз алпысыншы жылдардың аяғында арамыз екі-үш курс ілгері-кейінді болғанымен Алматының Абай атындағы университетінде (бұрын институт болатын) қатар оқыдық. Та­нысуымыз да қызық болды. Алтын күз­дің алғашқы айларының бірі еді. Мен ол кезде аталған институтта оқи жүріп, «Ле­ниншіл жас» газетінде жұмыс та іс­тейтінмін. ҚазПИ-де аталған газет­тің ұйымдастыруымен мамандық таңдау жай­лы деспут-кеш өтті. Әрине, ортасында өзім жүрмін. Іс-шара газет қызметкерле­рі Оралхан Бөкей, Төлен Қаупынбаев, Серік Әбдірайымов, Кәдірбек Сегізбаев, Сейтқазы Досымов, Мағира Қожахме­то­ва, Жақау Дәуренбеков, Бекділдә Ал­дам­жа­ровтардың қатысуымен әсерлі өт­ті. Әңгіме қыза келе мамандыққа ауысқан­да филология факультетінің бірінші курс студенті Өтепберген де сөзге арала­сып, бала жастан бергі арманы – журналист болу екендігіне тоқталып, өз түсінігінде өмірдегі болған оқиғаны хаттап, халық есінде қалдыратын нағыз тарихшы – журналистер екендігіне екпін қойғаны бар. Балғын студенттің сөз саптауы, өзіндік ой-тұжырымдары қаламдастарымның да назарын аударғаны аян. Бұл расында да солай еді. Арғы дәуірде аталған істі жылнамашылар атқарса, кейін оны баспасөз қызметкерлері өз мойындарына алды. Қандай жаңалықты да бірінші болып хабарлайтын солар. Сонда нағыз шежі­ре­ші де, жаршы да – журналист екендігі сөзсіз.

Осы кештен кейін менің жадымда Өтепберген есімі жатталып қалды. Оған тағы бір себеп, Өтепберген бұдан былай «Лениншіл жас» газетімен тығыз байланыс орнатты. Жазғандары газет бетінде жарық көрді және тек аталған басылым емес, сол кезде Алматыдан жарық кө­ретін көптеген газет-журналда ұдайы жарияланып тұрды. Еске алсам, «Со­циа­лис­тік Қазақстан» мен «Лениншіл жас­та» жастар, еңбек, өнер адамдары туралы «Талаптың мініп тұлпарын», «Менің ал­ғашқы интервьюім», «Жетісу» газеті мен «Ара» журналында «Пальто» деп аталатын әзіл әңгімесі, қысқа өлең­дері, «Қазақстан пионерінде» өзі өскен өңір­дегі «Ганюшкино», «Атукөл», «Қызыл оба» деп аталатын жер аттарының шығу тарихы туралы материалдары бар.

Оқу орнының жас әдебиетшілері шығаратын «Жас қалам» газетінде өлең­дері басылып тұратын. Өтепберген екінші курстан бастап институттың көп тиражды «Педагог» газеті шығарушыларының бірі болды.

Оқуын бітірген соң (кейін Алма­ты­ның жоғары партия мектебін бітір­ді) өзінің туған еліне кетіп, бірер жыл Бейнеу ауданындағы Ақжігіт орта мек­тебінде ұстаздық қызмет атқарды да, оқу жылы аяқталмай жатып, Атырау (ол кезде Гурьев болатын) облыстық «Ком­­мунистік еңбек» газетінде тілші­лік қыз­метін бастады. Әрине, газет қыз­меті, яғни журналистік жұмыс жылдың ­қай ша­ғында да маусымдық, науқандық іс­тері таусылмай, аптасына бес күн бойы бет ­толтыруымен әуре-сарсаңға толы.

Десе де әуелден басыңды тігіп, бәріне де көнуге көңіл дауалаған істің қандай қиындығына да шыдайсың. Өтепберген аталған газетте алғашқы күннен Мәде­ниет, әдебиет бөлімінде еңбек етіп, өзі­нің бала жастан оң жамбасына келетін та­қырыптарын батыл жаза бастады. Әсі­ресе өңірдің өнері мен өнер адамдары, әдебиеті, ондағы сөз киесін дәріптеген зиялылар мен батыр, билері, түйіп айт­қан­да өлкенің өрен жүйріктері жайлы көп толғанды. Осынау толғақты тақырып­тағы журналистің жанкешті ізденістері ке­йін облыстың бір кездегі түрлі себептер­мен жабылып, қайта ашылған телевиде­ниеге қызметке орналасқан жылдарында ­одан бетер жаңғыра түсті.

Әріптестің өзге журналистерге қа­рағанда бір ерекшелігі – тек өз газетіне ғана жазып қоймай, республикадағы түр­лі ба­сылымдарға да қатысып, өз ше­бер­лігін күн өткен сайын арттырды. Бұл ретте оның өлкетану тақырыбындағы ал­ғашқы зерттеу-танымдық ізденістері көп­­тің көңіліне қона бастады. Солардың ал­ғашқысы – қазақтың күй өнерінің төкпе қағыс өкілдері жиі шоғырланған батыс аймақтағы Құрманғазы, Дәулеткерей, Абыл, Қазанғап күй мектебінің дамуы, олардың белгілі өкілдері туралы кеңі­нен ізденді, сондай-ақ деректі әң­гімелер мен эссе-очерктерін жариялады. Күй бастауында болған Боғда, Ұзақ, Құрманғазыдан бастап, әлгі айтқан Дәу­лет­керей, Дина, Сейтек, Ерғали, Соқыр Есжан, Түркеш, Мәмен, Абыл, Есбай­лардың шеберліктерін барынша кеңінен ашып көрсетті. Олардың кешелі-бүгінгі шәкірттері хақында ұзын саны оннан астам кітап жазды. Аталған бұл еңбектерді қазір еліміздегі арнаулы оқу орындары оқулық ретінде пайдаланады.

Қазақ халқы үшін тәуелсіздік тақы­рыбы қай заманда да өзекті болып келгені белгілі. Әсіресе Қазақ хандығы тұсы, одан бергі жоңғар-қалмақ шапқыншылығы, Қоқан хандығының бүйірден қанжар сұғып, соңғы үш жүз жыл бойы Ресей отаршылдарының билік жүргізудегі түр­лі жымысқы әрекеттері кезінде ханда­рымыздан бастап, қараша, батыр-би­ле­ріміз әр сүйем жер үшін қан төгіп, най­за кезеп, тіл безеді. Қол бастап, ел қор­­ғады. Солардың ісі мен ерлігін ке­йінгі ұрпаққа үлгі ету кейінгі жылдары ел та­рихында да, әдебиетте де кең өріс алды. Осы істе кезінде ел басқарған ха­ны­мыздан бас­тап, қол бастаған батыр, сөз тас­таған би-шешендеріміздің орны ерек­ше еді. Олар жайында бұрындары ақын-жырауларымыз жырға қосса, ке­ңес дә­уірінде билік оларға саяси мән бе­ріп, феодалдық кезеңнің таптық, ру­шыл­дық шежіресі деп біржақты қате баға берді, қолданысқа енгізбеді. Құн­­ды­лық­тар қатарынан шығарды. Тіпті он­­­дай шы­ғармалар авторларын қуғын-сүр­­­гін­ге ұшыратты. Десе де тәуелсіз­дік жыл­­дарында ұлт жауһарлары қайта жаң­ғырды.

Осы орайда ізденімпаз қаламгер, журналист-жазушы Өтепберген Әлім­герейұлының тындырған жұмыстары орасан зор. Ол көп жағдайда жоғал­ға­ны­мызды тапты, өшкенімізді тірілтті. Оған бір-ақ мысал келтірейік. XVIII ғасырда Батыс Қазақстанда патшалық Ресейдің отарлау саясатына қарсы кү­рескен халық батыры Сырым Датұлы жергілікті хан билігінің жөнсіздігі, Жайық казачествосының қазақтарға жасап отырған қысымшылығына шыда­май көтеріліс жасады. Ақыры оның денесі ­ту­ған жерден жырақта Үргеніште қал­ды. Жаласы көлденеңнен болды. Оны іздеп тауып, кейін басының көтерілуі, турис­тік орталыққа айналуына себеп болған осы Өтепберген бауырымыз болатын. Ол әр жылдары осындай халқымыздың ардақ­ты асылдары туралы қалам тербеп, түрлі баспалардан «Алаш аңсаған азат­тық», «Азаттықтың ақ таңы» деп аталатын кітаптарын шығарды.

Сондай-ақ оның кеңес өкіметінің алғашқы жылдарындағы байырғы қа­зақ тұрмысына сәйкестенбейтін қайшы әрекетіне қарсылық білдіріп, «бан­ды» атан­ған халық батыры Құныскерей Қо­жақметов хақында («Құныскерей») деректі хикаятын да оқырмандар кезін­де жылы қабылдады. Осы қатарға оның «Асау-Тұрлан» еңбегін де жатқызуға болар еді.

Қазақ халқының тұрмысында өмір сүру дағдысы тек төрт түлік өсіріп, солар­дың кәсіби ерекшелігіне сай жер таң­дап, қоныс іздеп, қысы-жазы көшіп жүрген ештеңесі жоқ. Олар тек бір бөлі­гі ғана. Егін салып, үй тұрғызып, қала құрылысына бейімделген, саудамен ай­налысқан аталарымыз да жетерлік. Кей­бірі арнайы шеберханалар салып, мал өнімдерін өңдеді, балық та аулады. Олар қала құрылысына бейімделіп, кенттерде де тұрды. Сондай орталықтың бірі – Орта ғасырлық көне Сарайшық қаласы болатын. Кезінде ол Алтын Орданың Бату Сарай, Берке Сарайдан кейінгі Жайық жағасындағы Азиядан Еуропаға бағыт түзеген керуен жолы бойындағы ірі қала еді. Ноғай хандығынан кейін Қасым хан билеген тұста Қазақ хандығының астанасы атанды. Бірақ 1580 жылдары Ресей патшасы Иван Грозныйдың араласуымен қирап, кейін Жайық казактары өмір сүр­ген шағын ғана елді мекенге айналды.

Міне, осы көне қаланы тірілтуде тағы да Өтеп­бергеннің ізденісі мен қажыр­лы­­ғы өте мол. Ол өткен тоқсаныншы жыл­дар­дың басында осы тақырыпқа аралас­қан тұста академик Әлкей Марғұлан­ның 1950 жылғы жаз маусымында қала орнына студенттермен бірлесе оты­рып жүр­гізген қазба жұмыстарының бір бет­тік анықтамалығы мен жергілікті мұға­лім Мұстажап Намазғалиевтің оқу­шы дәптеріне түсірген 5-6 беттік жаз­басынан басқа еш еңбек жоқ еді. Рес­публикамыздан шыққан ел тарихы кітабында бар-жоғы Жәнібек пен Қа­сым ханның әсем мазарларының және Сарайшық қаласында ХVII ға­сырға дейін өмір сүргендігін айтқан келісті бір сөй­лем ғана бар-ды. Осылар негізінде ізденісті ұлғайта түскен әріп­тесіміз өзінің күнделікті қызметіне қоса көне қала туралы зерттеулерін жал­ғастырды. Он жылдан аса ізденіс нәти­жесінде өлке тарихының ең өзекті тақы­рыбына арналған «Сарайшық» кітабын дүниеге әкелді. Кейін республика Ғылым академиясының Әлкей Марғұлан атындағы археология инс­титуты ғалымдары көне Сарайшықта жыл­­дар бойы ғылыми-зерттеу жұмыста­рын жүргізді. Қала орнында құрамын­да мешіті мен музейі, хандар пантеоны бар келісті сапар орталығы салынды. Қазір ол әр жылда дүниенің төрт бұрышы­нан ағыл­ған мыңдаған турист қабылдаған үлкен кешен.

Талай тарихи-археологиялық экс­пе­дицияларға қатысты. Нәтижесінде, «Дала дауы­сы», «Үстірт пен Үйшік, Азау арасы», «Айналайын атажұрт», «Қызыл кітап» деп аталатын өлкетану жазбаларын дү­ниеге әкелді. Соған сайып оны тұстас­та­ры Атыраудың тірі шежірешісі деп бағалайды.

Ол алдымен қолынан ­қа­ламы мен микрофонын түсірмеген жүрегі жалын журналист. Жаңалық десе елеңдеп тұрады. Сонымен қатар өмір бойы ой баққан белгілі жазушы.

Өтепберген Әлімгерейұлының есі­мін өз оқырмандарына жазушы ре­тін­де танытқан оның сүбелі еңбегі – «Мақаш әкім». Мақаш – бұрынғы Бөкей Ордасында ХІХ ғасыр­дың екінші жартысында өмір сүрген қай­раткер, этнограф, әдебиет нұсқаларын жинаушы, өнер қамқоршысы.

Мақаш Бекмұхамбетов 1841 жылы ашылған Жәңгір мектебінің түлегі, Орынбордың Неплюев атындағы кадет корпусын бітірген. Басында Орда қа­ласындағы Уақытша Кеңесте аудармашы, кейін Каспий жағалауындағы Бірінші және Екінші (қазіргі Құрманғазы, Иса­тай аудандары) округтерді қатар, кейін бір-бірлеп басқарды. 1894-1897 жылдары жоғарыдағы Уақытша Кеңесте кеңес­ші қызметін атқарып, соңынан зейнет демалысына кетеді. Ол әкімшілік басқа­ру ісінде, кейін зейнеткер атанған тұс­тың бәрінде туған халқына адал, жоғары жақтың да тілін таба білген, керек жерінде сөзін өткізе алатын шенеу­нік бола білді. Туған халқын алдымен ірге­лес отырған еуропалық елдің пайдалы тұрмыс-салты, отырықшылық мәде­ниеті, егіншілік пен балық аулау ісін үйре­нуге сауда-саттыққа икемдеді. Балалары­ның білім алуы, Астрахан, Орынбор, Қазан, Санкт-Петербург қалаларында оқуы, діни медреселерде сауаттануына жол ашты. Ресейдің сол кезгі оқыған-тоқы­ған ғалымдарымен (Н.Г.Чернышевский, И.Н.Березин, А.Вамбери, В.В.Григорьев, Г.С.Каралин) тығыз байланыс орна­тып, қазақ халқының салт-дәстүрін насихаттау, дәстүрлі кәсібін дәріптеуге көңіл бөлді. Ресейдің түрлі басылымдарына мақалалар жазды. Халық аузындағы Шалкиіз, Жиембет, Доспамбет, Шекті Мөңке би, Шеркеш Түрке би, Тана Нұрке би өлеңдері мен И.А.Крыловтан өзі аударған аудармаларды қосып Қазан қаласынан «Жақсы үгіт» деп аталатын жеке кітап шығарды. Олар кезінде Бұқар жыраудан бастау алатын қазақ әдебиетін XV ғасырға дейін жылжытуымызға себеп болды.

Мақаш әкім билік басындағы жылдарында үш рет орыс патшасының қабылдауында болып, алдымен сол кезде шоқындыруға қандастарының қарсылығын жеткізсе, содан соң тұрған өңірде жайылымдық жердің тозып бара жатқанын, соған орай теңіз жаға­лауындағы шұрайлы алқапты пайдалануды сұрайды. Нә­тиже ұзаққа созылады. Ақыры бұл талап­тарының орындалуы­на қол жеткізеді.

Әріптесіміз өзінің жоғарыда атал­ған кітабында қайраткер М.Бекмұхам­бе­­тов­тің бар болмысын – туған халқы үшін істеген игі істерін, күйші Құрманға­зы­­­ға деген қамқорлығын да жан-жақты ашып көрсеткен болатын. Аталған еңбекке ­ке­зінде академик Салық Зиманов, халық жазушысы Әбіш Кекілбаевтар жоғары баға берді.

Соғыстан кейінгі туған ұрпақтың қан майданның қасабын көріп, азабын арқалаған ата-аналарының ауыр күн­дерін шығармаларына арқау етпегені аз. Соның бірі – біздің бүгінгі сөз етіп отырған кейіпкеріміз. Ол алдында өткен аға буынның майдан мен тылдағы ер­лік істерін «Өтті ғой соғыс», «Қаһарлы жыл­дар» кітаптарында барынша ашып көрсетуге тырысты. Соғыстың алғашқы кезеңінде қару-жарақ, азық-түлік тасуда көлік жетіспеді. Автокөлік жоқ, жыл­қы аз. Міне, осындай қиын кезде  түйелердің көмегі зор бол­ды. Сталинград майданында ал­ғаш рет ұрысқа кірген Ойсылқара тұқым­да­ры Берлиндегі жеңістің жалауы желбіре­генше өз көмектерін берді. Ол алғаш рет Өтепберген шығармасында көрініс тапты.

Тағдыр талайымен қазақтардың біразы бұл күнде әлемнің әр шалғайын­да өмір сүріп жатыр. Олардың көбі ел ба­сындағы қиын жылдарда шекара асты. Әлімгерейұлы Дүниежүзі қазақ­тары қауымдастығының Атырау облы­сы­ның филиалында басшылық жасай жүріп, әлемнің біраз елінде болды, қан­дастарымызбен кездесті. Өмір сүру дағдысы, тұрмыстарымен танысты. Нәти­­жесінде, «Еділ жайлаған қазақтар», «Үлкен шаңырақтың уықтары», «Шека­ра асқан ағайын» деп аталатын кітап­тар жазды.

Әдетте қаламгердің, мейлі ол ауылда тұрсын, әлде әйдік қаланы мекендесін, қалай дегенде де жазғандарын оқырман ба­ғалап, қоғамдық ұйымдар ескерсе ғана еңбегі жанады, мерейі өседі емес пе? Бұл тұрғыдан Өтепберген дос­тың алған алғысы мен көрген құрметі аз емес. Журналистика саласындағы атақ, марапаттары жетерлік. Талай рет респуб­ли­калық байқаулардың жеңімпазы деп танылды. Махамбет атындағы және Аты­рау облысы әкімі белгілеген Тауман Аман­досов атындағы сыйлықтардың иегері, Атырау облысының және өзі туған Құр­ман­ғазы ауданының құрметті азаматы атанды. Мемлекеттік және мерейтойлық орден-медальдармен марапатталды.

Міне, бұл – кешегі келмеске кеткен ал­пысыншы жылдардың аяғында ақбас Алатау етегіндегі қазақ білім ұяларының қара шаңырағы – Абай атындағы педа­гогикалық институтта қатар оқып, қолы­мыз­ға қалам алған, қатар жүрген әріптес Өтепберген Әлімгереевтің содан бергі тірлігі. Анығын айтсақ, қаламгердің рес­публика баспаларынан жарық көрген кітаптарының ұзын саны қырықтан асады. Ол негізінен өзі туған аймағының өткені мен өркені, тарихы мен тарландары туралы жазады. Этнографиясы мен археологиясы, құм жұтқан мың жыл­дық қорғандары мен қалалары, жері мен суы, тау-тасы туралы толғанады. Де­мек мерейлі жастың биігіне көтерілген қаламдас досты «Туған топырақтың тамыршысы» десек те жарасатын секілді. Ол ой баққан адамның орталық­та тұ­рып, орда бұзуы міндет емес, алыс ­ауылда күн кешіп те көп істі тындыра ала­тын­ды­ғын дәлелдеді...

Әрине, бұл ақиқатқа біз қуана-қуана қол қойдық.

 

Жанат ЕЛШІБЕК,

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты