Әкімдікте бұрын-соңды мұндай жиын болмаған. Шығыс Қазақстан облысында алғаш рет ауылдық округ әкімдерінің қатысуымен кеңейтілген отырыс өтті.
Жылыту маусымына дайындық жазда басталады
Ауыл-аймақтың жағдайына жауапты бірден-бір адам – ауыл әкімдері. Олар халықпен тікелей жұмыс істеп, сол өңірде жергілікті тұрғындарды алаңдататын мәселелерді күнделікті көзбен көріп, біліп жүреді. Мұндай кездесу – оларға күрмеуі шешілмей жүрген өзекті сұрақтар қоюға және құзырлы мекемелердің басшыларынан жауап алуға сәті түсе бермейтін мүмкіндік.
Жиында қаралған маңызды мәселенің бірі – алдағы жылу беру маусымына дайындық. Биыл жалпы облыс көлемінде жылу көздері мен жылу желілеріндегі жұмыстарға 20,8 млрд теңге жұмсалады деп жоспарланып отыр. Үш жылу электр орталығы, сондай-ақ бюджеттік ұйымдардың 32 аудандық және 201 автономды қазандықтары ретке келтірілмек.
Облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Нұрлан Рамазановтың айтуынша, облыстағы 56,2 шақырым жылу желілерін жаңғырту жұмыстары 5 пайызға, яғни 55,6 пайызға дейін қалыпқа келтіруге мүмкіндік береді.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев өткен жылу маусымындағы олқылықты ескере отырып, Риддер қаласындағы жылумен қамту жүйесін жаңғыртуды, дәл сондай барлық проблемалық деп танылған елді мекендердің болмауын қадағалау керектігін ерекше атап өтті. Риддердегі жылу жүйесінде жылыту қазандықтарын, қосалқы жабдықтарды, электр бөлшектерін қайта құру сияқты күрделі жөндеу жұмыстары басталып кетті. Жылу желілері, барлығы 55 аумақта 18,9 шақырым құбыр ауыстырылып, жөнделеді. Жылу электр орталығын күрделі жөндеу жұмыстары 5,5 млрд теңгені қажет етеді.
Облыс әкімі жылыту маусымына дайындық барысында коммуналдық қызмет көрсетумен қатар, тұрғындар тарапынан өз үйлерін жылытуды қадағалауын тапсырды. Сондай-ақ жылыту маусымына дейін тұрғындарға дайындық туралы түсіндіру жұмысын жүргізу қажеттігін айта кетті. Бұл мәселеде Е.Көшербаев жауапкершілік негізінен жергілікті әкімдерге жүктелетінін мәлімдеді.
Өткен жылдың желтоқсанында «ЛК ГЭС» су электр бекетінен рұқсатсыз су ағызылып, Риддердегі бірнеше тұрғын үйдің аумағын су басқан еді. Бұл ретте меншік иесі залалды өтеуге қатысты барлық мәселе шешілетініне уәде берді. Алайда осы уақытқа дейін уәдеге сай ешқандай әрекет жасалмаған. Бұл мәселе де облыс әкімдігінің кеңейтілген отырысында талқыланды.
– Келісім бойынша меншік иесі аталған мәселені шешуге уәде еткен. Жауапты тұлғаның сөзіне құлақ асып, жағдайды реттейді дегенге сендік. Енді біз зардап шеккен тұрғындарға заңды түрде көмектесуіміз керек, – деді облыс басшысы Е. Көшербаев.
Сондай-ақ облыс әкімі барлық гидротехникалық құрылыстардың, бөгеттер мен су қоймаларының жағдайын тексеру қажеттігін атап өтті. Олардың жағдайы туралы үнемі мониторинг жүргізіліп, сәт сайын хабардар болу керектігін қадап айтты. Айтып келмейтін апаттың алдын алу үшін жаз маусымында жөндеу жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
Облыста ауылдық елді мекендерді жүйелі түрде дамыту қолға алынды. Атап айтқанда, 50-ден аса көп ауласы мен бұрын-соңды асфальтталмаған мектебі бар 79 шағын ауылда жол жамылғысын төсеу жоспарда бар екен. Биыл аталған ауылдарың 25-інде асфальт жұмысы басталады. Сонымен қатар бұл аймақтарда көше жарығын жаңарту, жаяу жүргіншілер жолын салу, балалар мен спорт алаңдарын орнату сынды абаттандыру жобалары жүзеге асады.
Оқушы жазына жоспар көп
Жиында жаз мезгілінде мектеп оқушыларына арналған демалыс маусымына дайындық мәселесі де қаралды. Биыл өңірде 487 жазғы лагерь жұмыс істейді. 8,5 мыңнан аса оқушы ауылдық балалар лагерінде демалады.
Облыстық білім басқармасының басшысы Иннеса Чернышева 200 жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және туристік жарыстардың жеңімпаздарына моторлы кемеде алғаш рет Бұқтырма суқоймасы бойымен қызықты экскурсия ұйымдастырылып жатқанын айтты. Биылғы жазда Самар ауданында әскери-спорттық қалашық жұмыс істейді.
Балалар биыл жазғы демалысын тек ойын-сауыққа арнамай, білімін де шыңдамақ. Балалар мен ата-аналар тарапынан оң пікірлерге ие болған «Қонақжай отбасы» жобасы биыл да жалғасын табады. Жобаға қатысушылар Шығыс Қазақстанның үш облысындағы үш елді мекеннен алты елді мекенге дейін көбейіп келеді. Өскемен, Риддер, Глубокое, Шемонаиха аудандары мен Алтай өңірінен келген жүз бала Катонқарағай өңіріндегі отбасында тұрып, қазақ тілінен білімін жетілдіреді. Ал Зайсан және Тарбағатай аудандарынан 20 бала Глубокое ауданы мен Риддер қалаларындағы отбасыларда болып, орыс тілін меңгереді.
Баса айта кетерлігі, еліміздің басқа аймақтарындағы балаларды да облыс аумағындағы лагерьлерге демалуға шақыру жоспарланған. Бұл қанатқақты жобаны білім басқармасы өкілдері су тасқынынан зардап шеккен аудандарда тұратын мектеп оқушыларынан бастауды көздеп отыр.
– Шығыс Қазақстанның географиялық-климаттық жағдайы балалардың жыл бойы демалып, денсаулықтарын жақсартуға мүмкіндік береді. Болашақта елдің шығысында республика көлемінде мектеп оқушыларына арналған лагерьлер ашылуы мүмкін, – деді аймақ басшысы Е. Көшербаев.
Өрт пен материалдық шығын он есеге азайған
Әмбеге аян, Шығыс Қазақстан – орманға оранып жатқан облыс. Сондықтан өрт қауіпті кезеңде асқан сақтық керек. Былтыр облыста 77 орман өрті орын алған. Өртке оранған аумақ 35,5 млн теңге шығынды, аумағы 502 гектарды құрады. Бұл 2022 жылдың дәл осындай өрт қауіпті кезеңімен салыстырғанда 31 есе аз. Шығыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Нұржан Өміржановтың айтуынша, өрт сөндіру қызметі мен орман шаруашылығы мекемелері қызметкерлерінің келісілген және жергілікті атқарушы органның жедел әрекетінің арқасында өрттер мен материалдық шығын аумағы он есе азайған.
Биыл облыста өрт сөндіру маусымы 8 сәуірде басталды. Орман өрттерін жою үшін азаматтық қорғау күштерінен, жергілікті полиция қызметінен, орман шаруашылығы мекемелерінен және жергілікті атқарушы органдардан 279 адамнан тұратын 50 бірлескен мобильді топ құрылды. Қазірдің өзінде 129 рейдтік іс-шара өткізілді.
Жалпы, кеңейтілген отырыста облыстағы азық-түлік өндірісі мен ет өңдеуден бастап, туристік бизнес ашу сынды ауқымды мәселелер де талқыланды.
Шығыс Қазақстан облысы