«Алматыдан гастрольдік сапармен Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры келді» дегенді естіген ел қатарынан бес күн болатын қойылымдарға алдын ала билет алған-ды. Касса алдында билет таппай сабылғандары қаншама? Алғашқы күні театр басшылығы баспасөз өкілдерімен кездесіп, өнер сапары туралы сыр шерткен, Шығыс жұртын театрға шақырған.
Ел арасында «Әкемтеатр» атымен танымал М.Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театры келе жатқан 100 жылдық мерейтойына орай өнер сапарына шыққан.
– Шығыс Қазақстанға бес күндік сапармен келдік. 2026 жылы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының жүз жылдығы. Соған орай әр қалаға рухани сапар жасап, репертуарымыздағы қойылымдарды көрерменге ұсынып жүрміз. Өскемендіктерге «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» махаббат дастаны, «Бес бойдаққа бір той» сынды қойылымдар ұсынылады, – деген Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының директоры Еркін Тілеуқұлұлы.
Барлық қойылым аншлагпен өтті. Құшақтарын гүлге толтырып, театрға асыққан елде есеп жоқ еді, рас. Алғашқы күні Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш–Баян Сұлу» махаббат дастанымен сахна шымылдығы ашылды. Көрермендер өнер керуенін ерекше қошеметпен қарсы алды.
– Шыны керек, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» дастанын оқығаныммен, қойылымын бірінші рет көрдім. Актерлер шебер ойнап шықты. Өзім сахнада бірге жүргендей күй кештім. Осындай қойылымдарды жастарға көрсету керек, – дейді көрермен Еркебұлан Әміреш.
Ертесі көпшілік көрермен Дулат Исабековтің «Жүз жылдық махаббат» драмасын тамашалады. «Жүз жылдық махаббат» қойылымы сыршыл ақын Мағжан Жұмабаевқа арнап жазылғаны белгілі. Спектакльде ақынның жастық шағы, албырт сезімінен сыр шертіледі. Екі актілі қойылымды халық тебіреніп, толғанып отырып көрді. Қойылым аяқталып, залда жарық жанған сәтте көз жастарын сығып алып жатқан көрермендерді де көз шалды. Өйткені тарихи қойылым ғана емес, Алаштың ауыр тағдырын сезіндірді.
– Әлеуметтік желідегі жылт-жылт еткен дүниеге әуес болып бара жатырмыз. Осындай салмақты рухани дүниені көбірек көрсек шіркін. Кешегі Мағжан сенген жастар сенімді ақтауы үшін кітапхана, музей сияқты рухани орталықтарға көп баруымыз керек шығар, – дейді қойылымнан ой түйіп шыққан көрермен Ермек Ахмадиев.
Үшінші күні Рахымжан Отарбаевтың «Қытайдан жеткен сәлемдеме» атты драмасын тамашалауға келген көрерменнің де қарасы көп болды. Шымылдық түрілді. Көрермен бірден алмағайып заманға еніп кеткендей. Жас шамасы алпысты алқымдап қалған Өмірбайдың алаңсыз көңілін Қытайдан жеткен сәлемдеме бұзған. Сөйтсе ол жастық шағында арғы бетте бала-шағасын тастап, әке-шешесін алып, Қазақстанға өткен екен. Қорқақтығы сол, шекара сызығына келгенде, соңынан қуып жеткен әйелін танымаймын деп, бергі бетке асқан. Қойылымда мұң да, аңсау да, өкініш те бар. Өкініштісі, Өмірбайдың бір-ақ ауыз сөзі еді.
Бұл күнгі қойылым көрерменді күңірентіп жіберсе, келесі қойылым көңілдерін бір серпілтіп тастады. Қазақстанның халық әртісі Есмұхан Обаев қойған Исраил Сапарбайдың «Сыған серенадасы» мюзиклі сахнаны әуезді әнмен тербеді. Соңғы күні «Әкемтеатрдың» әртістері көрерменді күлкіге көміп кетті. Бұл күні Тынымбай Нұрмағамбетовтің режиссер Оразхан Кенебаев қойған «Бес бойдаққа бір той» комедиясы сахналанған. Халықтың күлкіге қарқ болғаны сондай, қойылым соңында тоқтаусыз шапалақ соғып тұрып алды. Белгілі әртіс Шынар Асқарова айтқандай, сахнада ойнап жүрген әртістер де көрермен ықыласын сезді. Иә, Өскемен – өндірістің ғана емес, өнердің құдіретін ұғынатын рухани қала.
ӨСКЕМЕН