Өткен жылы БАҚ-та жасанды интеллект (ЖИ) бұрынғыдан да көп жазылды. Бұл саладағы жетістіктер, Еуропалық одақтың ЖИ туралы заңы, оны реттеудегі ауқымды жобалар мен әлемдік жиындардың жиі өтуі адамзат баласының назарын өзіне аударды. Бүгінде жасанды интеллектінің трансформациялық әлеуеті даусыз, маңыздылығы да жоғары.
Қазір әлем елдері ЖИ инновацияларын реттеу және енгізу жобаларын қарастырумен қатар, технология мүмкіндігін пайдаланып мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру тәсілдерін іздеп жатыр. Мысалы, Оңтүстік Корея биліктің жұмысын жақсарту мақсатында «Digital Platform Government» атты ЖИ пайдаланады. Ал Ұлыбританияның Ұлттық денсаулық сақтау қызметі «AI screening technologies for health and social care» жүйесін денсаулық сақтау және әлеуметтік көмек мақсатында қолдана отырып скринингтік технологиялар мен инновацияларды пайдаланады.
2023 жылы ЖИ-ді басқару, этика саласындағы халықаралық ынтымақтастық пен белсенділік күшейе түсті. ЖИ бастамаларын талқылауға бағытталған іс-шаралар қатарына 2023 жылдың мамыр айында өткен G7, Ұлыбританияның «AI Safety» саммиттері мен «AI Fringe» жиналысы, ЮНЕСКО мен Латын Америкасын дамыту банкінің қолдауымен Чили билігі ұйымдастырған саммит, ЮНЕСКО-ның Оңтүстік Африканың ЖИ жөніндегі субаймақтық форумы жатады.
Алайда қоғам игілігі үшін ЖИ-ді тиімді енгізудің қажеттігін түсіну әлі де зерттеуді талап етеді. Осы мақсатта әлемдік зерттеу институттары мен талдау орталықтары түрлі есеп пен индекстерді жариялап келеді. Мәселен, «Oxford Insights» жариялаған «Үкіметтің жасанды интеллектіге дайындық индексі, 2023» есебі осы мәселені шешуге арналған. Зерттеудің басты сұрағы – «Билік мемлекеттік қызмет көрсетуде ЖИ-ді енгізуге қаншалықты дайын?».
Есепке зерттеушілер 3 негізгі компонентті құрайтын 10 өлшем бойынша 39 көрсеткішті енгізген. Олар: үкімет (көзқарас, бейімделу, басқару, этика, цифрлық әлеует), технологиялық сектор (жетілгендік, инновациялық әлеует, адами капитал), деректер мен инфрақұрылым (деректердің қолжетімділігі, деректердің репрезентативтілігі, инфрақұрылым).
2022 жылғы рейтингте 183 ел қамтылған болса, 2023 жылы елдер саны 193-ке өсті. Мемлекеттердің ЖИ дайындығы жаһандық мәселе саналады және индекс рейтингіне мүмкіндігінше көп елді қосу – маңызды мақсаттардың бірі. Халықаралық есеппен қатар, зерттеу барысында жылдық қорытындылар, ЖИ басқару саласындағы жаһандық үрдістер және әр аймақтың ЖИ-ге дайындығына әсер ететін шешуші факторлар мен бастамаларға талдау жүргізілген. Зерттеуде БҰҰ мен Дүниежүзілік банктің аймақтық топтау негіздеріне сәйкес, әлем 9 аймаққа бөлініп, сараптамалық талдаулар арқылы ЖИ саясатының аймақтық және ұлттық контексті туралы кеңірек түсінік беріледі.
Солтүстік Америка аймағында ЖИ үздіксіз дамып келеді. Аймақ елдері бойынша АҚШ 1-орында (84,80 ұпай), ал Канада 5-орынға табан тіреген (77,07 ұпай). АҚШ пен Канаданың деректерді өңдеу мен инфрақұрылым саласындағы көрсеткіштері жоғары әрі мемлекеттік басқару саласында әлемдегі ең ірі бес елдің қатарына кіреді.
Батыс Еуропа жаһандық көрсеткіште Солтүстік Америкадан кейін 2-орында орналасқан. Ал аймақ бойынша орташа көрсеткіш 66,72 балды құрайды. 2022 жылдағыдай Ұлыбритания, Финляндия, Франция аймақта көш бастап келеді. Орташа дамыған елдер арасында ең төменгі орынға Грекия ие болды. Аталған мемлекет аймақ көшбасшысы Ұлыбританиядан 20,62 пунктке төмен.
Еуропада ЖИ-ге қатысты қабылданған іс-шаралар қатары да өсіп келеді. Мысалы, Ұлыбританияда ұйымдастырылған «ЖИ қауіпсіздігі саммиті» 28 елді қамтыған (Батыс Еуропадан 8 мемлекет) Блетчел декларациясының қабылдануына әкелді. Испания стартаптарды қолдайтын «AI sandbox» ЖИ модельдері мен ЖИ Супервизия агенттігі сияқты бастамаларды қолға алды. Италия ЖИ болашағын зерттеу орталығын құрды.
Оңтүстік және Орталық Азия өңірінде әлемдегі ең төмен екінші орташа көрсеткіш – 40,17 балл тіркелді. Зерттеу қорытындысында экономикалық даму, технологияларды енгізу, мемлекеттер арасындағы басқару құрылымдары салаларына қатысты әлі де жетілдіретін тұстар бар. Аймақта Үндістан – 1, Түркия 2-орынға тұрақтаса, ал 3-орынды Қазақстан иеленді.
Дереккөз: Үкіметтің жасанды интеллектіге дайындық индексі, 2023
Жаһандық деңгейде, Үндістан мен Түркия мемлекеттік басқару саласында бәсекеге қабілеттілігі жоғары елдер саналады. Себебі екі мемлекет те әлемнің үздік 30 еліне кіреді әрі технологиялық секторда алғашқы 50 мемлекеттің құрамында.
Қазір Орталық Азия елдері ЖИ мен цифрлық трансформацияға қарқынды дайындық барысында. Тәжікстан ЖИ саласындағы ұлттық стратегиясын жариялады. Стратегия осы елде ЖИ компанияларын құруды ынталандыруға, елдің заңнамалық және нормативтік-құқықтық базасын бейімдеуге бағытталған. Сонымен қатар елімізде ерекше салықтық және визалық мәртебесі бар «Astana Hub» өңірдегі стартаптарға қолдау көрсету мен тәлімгерлік етуге бағытталған «Silkway» акселерациялық бағдарламасы аясында «Google for startups» жобасымен әріптестік орнатқан.
Үкіметтер жасанды интеллект саласындағы инновацияларды дамыту және нормативтік-құқықтық базаны құру бағытында жұмыс істеп қана қоймай бұл технологияны мемлекеттік қызметтер саласымен біріктіруге тырысуда. Алайда қоғам игілігі үшін ЖИ-ді тиімді енгізуді қалай қамтамасыз ету керектігін түсіну терең талдамалық зерттеуді қажет етеді. «Oxford Insights» ұсынған индекс осы мәселені шешуде ғалымдарға, шешім қабылдаушылар мен мамандарға қосымша көмекші құрал бола алады.
Қуаныш ТЕЛ,
Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы