• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Digital 06 Маусым, 2024

Мемлекеттік басқару жүйесіндегі цифрлық шешімдер

126 рет
көрсетілді

Цифрлық шешімдерді, IТ технологияларды пайдалану бүгінде әлем елдерінің мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруде маңызды рөлге ие. Алматыда өткен Орталық Азия, Кавказ және Азия-Тынық мұхиты аймағы елдерінің цифрлық үкіметін дамытуға арналған конференцияда Корея Республикасының үкіметі қаржыландырып отырған «Цифрлық трансформация мен цифрлық басқаруды ілгерілетудегі мемлекеттік қызметшілердің әлеуетін арттыру» жобасының 3 жылдық кезеңі таныстырылды.

Бұған дейін 2021–2023 жылдар аралығында жүзеге асқан жоба барысында қатысушы елдер мемлекеттік қызметтерді цифр­ландырудағы тың тәжіри­бе­лер­ге негізделген зерттеулер нәтижесін бөлісіп, конференциялар, семинарлар және оқыту бағ­дар­ла­маларын өткізген бола­тын. Жоба осы кезеңде Кавказ және Орталық Азияның 200-ге жуық мем­лекеттік қыз­метшісі үшін тиімділігін көр­сет­ті. Ендігі кезекте Астана мем­лекеттік қызмет хабы мен БҰҰ Даму бағдарламасы, Корея Республикасы ішкі істер және қауіпсіздік министрлігі (MOIS), Ақпараттық қоғам мәселелері бойынша Ұлттық агенттігі (NIA) жоба мерзімін тағы да үш жылға ұзартып, географиясын кеңейтіп, жобаға қатысушы ел­дің саны 12-ге жетті.

Конференцияны БҰҰ Даму бағ­дарламасы Қазақстандағы тұ­рақ­ты өкілі Катаржина Вавьер­ниа ашып, әлемде цифрлық технологиялар даму құралдарының түбегейлі өзгертіп жатқанын айтты. «Жаңа бастама Корея тәжірибесін пайдаланып, цифр­лық трансформация­ны ілге­рілетуді көздейді. Білім, озық тәжірибелер, зерттеулермен алмасу қа­ты­сушы елдердің мемлекеттік қыз­­меткерлері үшін басқару жү­йе­сінің цифрлық трансформа­циясын бағдарлауға және қыз­мет­терді тиімді іске асыруға мүм­кіндік береді», деді БҰҰДБ өкілі.

Жиын барысында ЭЫДҰ цифр­­лық үкімет индексі рейтин­гін­де әлемдік көшбасшы саналатын Корея сарапшылары стратегиялар мен инновацияларды, сондай-ақ заңнамалық қыр­ла­рын таныстырды. Корея Республикасы Ішкі істер және қауіпсіздік министрлігінің (MOIS) Цифрлық үкімет пен ин­но­­вациялар офисінің цифр­лық қауіпсіздік саясаты бөлімі директоры Вон-Габ Джо жо­ба­ның өткен үш жылдағы же­тіс­тіктеріне тоқталды. Вон-Габ Джоның айтуынша, бүгінде цифрлық трансформацияда айтарлықтай жетістікке жеткен елдер тәжірибесімен бөлісу арқылы әр елдің мемлекеттік қызмет көрсету саласында үлкен нәтижелерге қол жеткізуге болады. Бұл бағытта Корея үкіметі цифрлық платформа және тиімді басқарудағы тұжырымдарымен, жетістіктерімен бөлісуге дайын.

Мемлекеттік басқарудың маңызды құралы – цифрландыру мемлекеттік басқаруда әкім­шілік үдерістерді оңтай­лан­дыруға, шешімдер қабыл­дау­ды жетілдіруге, өзекті мәсе­ле­лерде инновацияларды пай­далануға ықпал ете отырып, мемлекеттік қызметтің ашық­тығын, азаматтардың мем­ле­ке­ттік құрылымдарға деген се­ні­мін арттыруға ықпал етеді. Астана мемлекеттік қызмет хабы бас­қарушы комитет төрағасы Әлихан Бәйменовтің айтуынша, цифрлық технологияларды, жасанды интеллектіні пайдалану арқылы мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттыруда қазіргі кезде әрбір ел өздігінен тәжірибе жинақтап, өз жолымен жүріп келеді. Бірақ адамзат жетістіктерін тиімді пайдаланып отырған көшбасшы елдердің тәжірибесінен үйренетініміз көп. Бұл бағытта жобаға қа­тысушы елдер өзгелердің үз­дік тәжірибесін зерделеп, өзіне керегін алатыны анық. Бүгінде Корея, Эстония, Дания сияқты көшбасшы елдер тәжірибесі аймақ елдеріне үлгі.

– Осыдан үш жыл бұрын Астана мемлекеттік қызмет хабы мен Корея арасындағы келі­­сім­ге сәйкес Орталық Азия­ның төрт мемлекетімен цифр­лық басқару жобасы іске асқан болатын. Осы жоба барысында Корея, Сингапур, Эстония секілді дамыған цифрлық технологиялары бар мемлекеттердің үлгісі зерделенді. Нәтижесіне қарап, Кавказ, Орталық Азиядан басқа Тынық мұхит елдерінен тағы бес мемлекет қосылып, жобаны тағы да үш жылға созу көзделіп отыр. Жоба аясында озық елдердің электронды үкіметті дамытудағы архитектурасы, тұжырымдамалары, стратегиялық жолдары сараланатын болады. Озық тәжірибелер бүгінде әлем елдерін алаңдатып отырған жемқорлыққа қарсы күресте, сондай-ақ халыққа қыз­мет көрсетудегі озық тәжіри­бе­лерге арқа сүйейді. Осының нәтижесінде әр ел мұқ­таж бағыт­тар бойынша пікір ал­масып, өз үкіметтері тәжіри­бе­сін­де пай­­даланады, – деп атап өтті Ә.Бәйменов.

БҰҰ индексінде Қазақстан халыққа цифрлық қызмет ету тұр­ғысынан алғашқы отыз ел­дің қатарында тұр. Десек те, цифр­лық индексте бізден артта қалған Балқан түбегіндегі елдер­ден үйренетін тұстарымыз бар, дейді Әлихан Бәйменов. Оның айтуынша, бұл елдегі кадастр жүйесінің цирфлануы жер меншігіне қатысты деректердің ашықтығын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар Словенияда цифр­лық қаржылық транзация жүйесіне назар аударған абзал. Ал Кореяның азаматтардың қауіп­сіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жобасы цифр­лық технологияларды тиімді пай­­даланудың нәтижесінде жүзе­­ге асып отыр. «Анян қала­сын­да кішкентай балаларға, қарттарға көшеде қауіп төнетін болса, қалтафонда жүктелген апли­кейшннің көмегі арқылы тиісті органға дереу дабыл жетеді. Қалтафон қаншалықты қатты шайқалған сайын арнайы мониторда қызыл нүкте пайда болып, тіркелген азаматтың аты-жөні көрсетіледі. Сол сәттен ол тұрған маңға ең жақын камералар бұрылып, полиция көлігі дереу көмекке жетеді. Мұндай мысалдар блокчейннің игілігін көріп отырған бірқатар елдер тәжірибесінде көп кездеседі. Әсіресе жер телімдерін беру, мемлекет тарапынан пәтермен қамтамасыз етуде, мектеп пен балабақшаларға орналастыруда блокчейн жемқорлықтың жолын кесетін цифрлық мүмкіндіктің бірі болмақ» дейді Ә.Бәйменов.

Мұнымен қоса цифрлық плат­формаларда латын қарпін қолдану халықаралық кеңіс­тік­тегі ықпалдастыққа, тех­никалық шешімдер мен бағ­дар­ламалау құралдарын тиім­ді пайдалануға жол ашатыны анық.

Халықаралық цифрлық кеңіс­­­тік­те жекелеген мемлекеттер азамат­тарының жеке дерек­те­рін құпияда ұстау, сондай-ақ әлемдік жетістікке ықпал ететін ақпараттарды ашық қолдану мәселелерінің заңна­малық құ­жат­тармен реттелуі қажет. Бұл бағытта арнайы зерттеулер де жасалған. «Жеке тұлғалар дерек­терінің сақтауына орай осы 12 елдің ішінде Дүниежүзілік үкіметтер саммитінде зерттеулер жүргізіп, нәтижесінде, технология дамыған сайын заң да дамып отыруы қажеттігіне көз жеткіздік. Жалпы, технология дамыған сайын жауапкершілік те дамуға тиіс. Ядролық технологиялар, жасанды интеллекті адамзаттың игілігіне айналды­ру, осы жолда қауіпсіздікті қор­ғайтын, барлығы бірдей пайда­ланатын деректерді пайда­лануға тең мүмкіндік беретін заңдар қажет. Осыны ескере келіп, да­мыған елдердің біразы блокчейн декларациясын қабылдады. Еуроодақ жа­қында жасанды интеллектіге қатысты заңнамасын бекітті» дейді Ә.Бәйменов.

Осы орайда Қазақстан да әлемдік цифрлық кеңістіктегі мүмкіндіктерін кеңейте отырып, мемлекеттік басқару жүйесінде белең алып отырған көптеген қоғамның дамуына кедергі болып отырған кереғар жайттардан арылуға қадам басуға тиіс. Бүгінде әлем елдерінде жақсы нәти­же көрсетіп отырған цифр­лық шешімдерді тиімді пайдалану экономиканың дамуына, азаматтардың өз құқығын кеңінен пайдалануына ықпалын тигізетіні сөзсіз.