Биыл облыстық «Ақтөбе» газеті ғасыр биігін бағындырып отыр. Республикадағы байырғы әрі танымал басылымдардың біріне айналған газеттің тамырлы тарихы, жемісті жолы, игерген белестері бар.
Алаштың айбыны Ахмет Байтұрсынұлының «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп айтқанындай, «Ақтөбе» газеті де өзінің ғасырлық белесінде осы қағидатты берік сақтап, ұстанымынан айныған емес.
Бүгінгі облыстық басылымның ізашары «Кедей» газетінің алғашқы саны 1924 жылы 7 маусымда оқырманға жол тартты. Газет бастапқыда аптасына бір рет, екі бет болып жарық көріп тұрды. Басылымда алғашқы сандарынан бастап «Қазақстанда», «Елден», «Жастар тұрмысы», «Телеграммалар», сондай-ақ «Ішкі хабарлар», «Сыртқы хабарлар» айдарлары тұрақты көрініс тапты. Бұдан басылымның жұртшылықты ақпараттандыру бағытын ұстанғанын аңғаруға болады.
Егер шежіреге үңілетін болсақ, басылымның тарихы төмендегіше өрнектелер еді:
1924 жылы 7 маусымда – газеттің тұңғыш саны төте жазумен (Ақаң әліпбиі) «Кедей» деген атпен жарыққа шықты. Таралымы – 600 дана.
1930 жылы тамыз айында округтер мен уездердің орнына аудандар ұйымдасқанда «Кедей» газеті «Алға» болып өзгерді. Таралымы – 400–500 дана.
1932 жылы 13 наурыз – облыс құрылып, газеттің аты әуелі «Социалдық жол», сосын «Социалистік жол» болып өзгерді. Таралымы – 6000–10000 дана аралығында.
1962 жылы өлке құрылуына байланысты газеттің атауы «Батыс Қазақстан» болып өзгерді.
1965 жылы газет облыстық деңгейдегі «Коммунизм жолы» атауымен шықты.
1990 жылы 12 қазанда облыстық газет «Ақтөбе» атауын иеленді.
«Кедей» алғаш шыға бастағаннан халықтың сауатын ашуға, мәдениетке үйретуге, жаңа заманның бағыт-бағдарын жұртшылық санасына сіңіруге ұмтылған салмақты басылым болғаны аңғарылады. Ел жаңалықтарымен қатар сол заманның ең өзекті мәселелері – білім алуға шақыру, әйел теңдігі секілді тақырыптар тұрақты түрде жазылып отырған. Газетке жаңа леп ала келген бас редактордың орынбасары Жиенғали Тілепбергенов «Оқшауша» деген айдар ашып, сол айдар журналистердің еркін шығармашылығының мінберіне айналған. Тіл ғылымының теориялық негізін қалаған ғалым Құдайберген Жұбановтың, елдің бас газеті «Еңбекші қазақтан» келген Кенжеғали Абдуллиннің кесек ойлы мақалалары газеттің іргетасы әуелден-ақ мықты қаланғанын көрсетеді.
«Кедей» газеті редакциясының тұңғыш жауапты хатшысы болған Кенжебай Назаралин кейінгі тұста бір естелігінде былай деп жазыпты: «Кедей» газетінің бірінші саны 1924 жылдың жазында жарық көрді. Тырнақалды нөмірдің өзін әзер деп шығардық. Өйткені ол кезде білімді журналистер, әріп терушілер және баспахана қызметкерлері жоқ болатын. Оның үстіне қазақ тіліндегі әріптер жетіспей, Қазаннан алдырдық. Тәжірибесіздіктен де таяқ жедік. Бір сөзбен айтқанда, газет ісінің әліппесін редакцияда жұмыс істеп жүріп үйрендік».
«Кедей» газеті басқармасының атынан «Тілшілер не жазу керек?», «Тілшілер! Шаруа нені аңыз қылады, жазыңдар!» деген сияқты нұсқаулар үнемі беріліп отырған. Жанұзақ Жәнібеков «Кедей» газетін 1926–1929 жылдар аралығында басқарған тұста басылым бағытын біршама айқындап, журналистер де жазу машығына төселеді.
Қазақтың көрнекті журналисі Әбдуәли Қарағұловтың 1967 жылы жазылған естелігі былай өріледі: «…Қазақстанда облыстар құрылды. Осыған байланысты «Алға» газеті 1932 жылы наурыз айының орта кезінде «Социалдық жол» деген жаңа атпен облыстық газет болып қайта құрылды. Бұл – бұрынғы округтік «Кедей» газетінің «Алға» болғаннан кейінгі үшінші атауы. Бұл кезде редакция қызметкерлерінің саны едәуір өсті. Менің үлесіме ауыл шаруашылығы секторының меңгерушілігі тиді. Редактор бастаған оннан астам адам екі бөлмеде орналастық.
1934 жылы армия қатарынан оралып, газеттің жауапты хатшысы болып істедім де, 1936 жылдың тамыз айында Алматыға ауыстым. Ол кезде газет редакторы Меңетай Жақсылықов еді. Мен хатшылық жұмысты Кәрім Ержановқа тапсырдым».
Бұл естеліктер бізге облыстық газетті шығарудағы алғашқы талпыныс пен қиындықты анық аңғартады. Байқағанымыздай, сол тұста газеттің басты міндеттері қатарында, яғни көтеруге тиіс тақырыптары аясында – ауылдарды кеңестендіру, партия мен үкіметтің саясатын қалың бұқараға түсіндіру, байлар иемденіп келген шабындықтарды жалшы-батырақтарға бөліп беру, қосшылар одағының жұмысын жандандыру, әйел теңдігі және мектептер желісін көбейту мәселелері қозғалды.
Газеттің алғашқы сандарынан авторлар тобы қалыптаса бастағаны байқалады. Қазақ оқығандары ішінен белгілі заң қызметкері Мырзағұл Атаниязов, жазушы Жиенғали Тілепбергенов, тіл маманы Құдайберген Жұбанов, халық ақыны Әкімәлі Қаржауов «Кедей» газетінің штаттан тыс тілшілері ретінде басылым жұмысына белсене араласты.
Облыс өңіріндегі өркенді өзгеріс, экономикалық ілгерілеу, индустриялық дамуы газеттің басты тақырыбына айналды. Мәселен, Екінші дүниежүзілік соғыстың алдында өңірде бой көтерген өндіріс алыптары – «Алға» химия комбинаты, Ақтөбе ферроқорытпа құрылысы зауыттарының алғашқы қадамдары туралы оқырманға жүйелі хабарланып тұрды. Газетте қарапайым еңбек адамдарының тұлғасы айшықталып көрінді. Атақты тары өсіруші Шығанақ Берсиевтің іс-тәжірибесі басылымда кеңінен насихатталды.
Екінші дүниежүзілік соғыс қалам иелеріне де жоғары жауапкершілік жүктеді. Бірқатар белсенді журналистер сол кезде қолдарына қару ұстап, майданға аттанды. Олардың қатарында есімдері елге танылып үлгерген Абдолла Ерназаров, Ахмет Ескендіров, Қонысбай Ерғарин сынды журналистер бар еді. Ел қорғау жолында қаза тапқан осы ерлердің есімі газет тарихында мәңгі сақталады.
Соғыстан кейін шаруашылықты қалпына келтіру, тың игеру, басқа да күрделі мәселелер облыстық басылымның тұрақты тақырыбына айналды.
Өткен ғасырдың 60-жылдарында газеттің кадрлар құрамы жаңарып, Қазақ мемлекеттік университетін бітірген жас мамандармен толығып, өзгерісті кезеңді бастан өткерді. Бұған бірнеше облыстың бірігіп, өлке құрылуы да әсерін тигізді. Сол кезде «өлкелік» деген атауымен шыққан «Батыс Қазақстан» газетінің оқырмандары бұрынғыдан көбейе түсті. Газет басшылығы өз орталарына штаттан тыс авторлар құрамын нығайтуға интеллигенция өкілдерін, еңбек адамдарын көбірек тарта бастады. Өлкелік газеттің 400-ге жуық тұрақты авторы, 700-ден астам ауыл-село тілшісі болуы – осының айғағы. Сондай-ақ аудандарда жергілікті тілшілер посты құрылды. Ақтөбе қаласында ауыл-село тілшілерінің слеті өткізілді.
Облыстық басылым өзінің сол қалыптасу кезеңдерінде Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің арнаулы дипломдарымен, КСРО Журналистер одағының Құрмет грамотасымен марапатталды.
1974 жылы облыстық газеттің шыға бастағанына 50 жыл толуына орай және басылымның «облыс еңбекшілеріне коммунистік тәрбие беру, оларды шаруашылық және мәдени құрылыстың міндеттерін орындауға жұмылдыру жөніндегі жемісті жұмысы үшін» қоғамдық-саяси өмірдегі белсенді қызметі бағаланып, еңбек ұжымы «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды.
Мұның барлығы сайып келгенде алғашқы қадамнан басталған ізденістің, ілгерілеудің жемісі еді. Осы орайда газеттің алғашқы буын басшылары Абдолла Жәнібеков, Кенжеғали Абдуллин, Тумыш Сарқожаев, Меңетай Жақсылықов, Мұқсым Қобдабаев, Құбаш Қожамұратов, Смағұл Мұқашевтың есімдерін бүгін де құрметпен атап, еске аламыз.
Облыстық газетте елге танымал көптеген ақын-жазушының қолтаңбасы қалды. Олардың қатарында дегдар ақын Қуандық Шаңғытбаев, танымал қаламгерлер Мұхтар Құрманалин, Табыл Құлиясов, Тобық Жармағамбетов, Құрал Тоқмырзин, Қажығали Мұқанбетқалиев, Есенбай Дүйсенбаев, Мейірхан Ақдәулетұлы, Серікқали Байменше бар.
Облыстық газеттің қалыптасу кезеңінде басылымда журналистердің қуатты толқыны қызмет атқарды. Олардың проблемалық мақалалары, ойлы очерктері, семсер тілді фельетондары тіпті республикалық газеттерде де жарияланды. Бірқатарының кітаптары жарық көрді.
Нұрқайыр Телеуов облыстық газетті 1965–1992 жылдар аралығында басқарды. Одан кейінгі жылдарда Қуаныш Тектіғұлов, Идош Асқар, Әмір Оралбай, Қасымжан Байсадақов, Бауыржан Өтеулиев басылым тізгінін ұстады.
Газетте 60-жылдардан бері қарайғы кезеңде Мұрат Нұртаев, Таңатар Шаңбатыров, Кәдірбай Бекмағамбетов, Төлеміс Меңдіғалиев, Төребек Досқалиев, Смат Қабылбаев, Зейнолла Құлжанов, Марат Мырзағұлов, Әкімжан Оралбаев, Сағымбай Сембаев, Сексенбай Күлімбетов, Қуаныш Әлжанов, Аманқос Орынғалиұлы, Сатыпалды Сәуірбаев, Сағындық Ниянқұлов, тағы басқа аға буын журналистер өнімді еңбек етті.
«Ақтөбе» газеті бас редакторының орынбасары болып қызмет атқарған Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Ертай Ашықбаев «Құрмет» орденімен, журналистер Жақсылық Айжанов, Нұрмұханбет Дияров «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
Облыстық «Ақтөбе» газеті қазіргі уақытта «Ақтөбе Медиа» ЖШС құрамында бірнеше басылыммен қатар жаңа уақыт талабына сай қызмет етеді. Бұл ретте оқырмандармен байланысты нығайта түсу, жұртшылық қажет ететін күн тәртібіндегі көкейкесті мәселелерді көтеру сияқты міндеттер алға қойылған. Бүгінгі күні он бес мыңға жуық таралыммен шығып тұрған басылымда бұрынғы қызмет атқарған қалам иелері қалыптастырған игі дәстүр, ізгілікті мұраттар сабақтастығын тауып келеді.
Бүгінде облыстық басылымдар жаңа кезеңге аяқ басты. Уақыт тынысын тап басып сезіну, ақпарат анықтығы мен шынайылығын қамтамасыз ету, ең бастысы адал көңілді оқырман ойынан шығу, сеніміне ие болу – газет журналистерінің басты міндетіне айналды.
«Ақтөбе» газеті өзінің 100 жылдығы мерекесі қарсаңында «Жүз жыл жылнамасы» айдары аясында оқырманға өткен кезеңнің естелігін ұсынып отыр. Сондай-ақ нақ осы «Жүз жыл жылнамасы» атауымен еліміздің алғашқы астанасы Орынборға, одан кейінгі орталығымыз болған Қызылордаға (Ақмешітке), Алматыға, бүгінгі елордамыз — Астанаға арнайы экспедициялар ұйымдастыру жоспарда тұр.
...Белгілі ақын Есенбай Дүйсенбаевтың осыдан он шақты жыл бұрын өзінің ұшқан ұясына арнап:
«Ақтөбе» боп тіреп қазір ат басын,
Айқара аштың әрбір үйдің қақпасын.
Бай боп, барша мұратыңа жеткейсің,
Қайта «Кедей» атанудан сақтасын!»
– деп ақжарма тілегін білдіруі бүгінгі бағытымызбен, ілгері ұстанымымызбен үндес келеді.
Байырғы басылымның 100 жылдығына орай таяуда ақтөбелік альпинистер арнайы сапарға шығып, Тянь-Шаньдағы Альтус шыңына «Ақтөбе» газетінің туын тігіп қайтты. Бұл ғасырлық тарихқа аяқ басқан газет журналистері үшін тарихи оқиға іспетті болды.
Раукен ОТЫНШИН,
«Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры