• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Сараптама 12 Маусым, 2024

Бала тәрбиесі: Ата-ана неге алаңдайды?

167 рет
көрсетілді

Бала тәрбиесі мен ұрпақ болашағы – ата-аналарды алаң­да­татын басты мәселенің бірі. Ақпарат ағыны мен техно­ло­гия­ның заманында ұрпақ тәрбиесіне терең мән беру өзекті екені даусыз. Осы тақырыпта әлемнің жетекші зерттеу орталықтары өз есептерін жариялап келеді. Бүгінгі мақа­ла­да IPSOS (Institut Public de Sondage d’Opinion Secteur) ұсынған «Болашақта не болады: бала тәрбиесі» (What the future: parenting) атты бала тәрбиесіне қатысты есебін ұсынамыз. Есепте бүгінгі және келешектегі ата-аналардың нені қалайтыны, бала тәрбиесіндегі жаңа үрдістердің талдауы ұсынылады.

Сауалнама қорытындысына сүйенсек, балаларының экран алдындағы уақытын бақы­лау маңызды деген тұжы­рым­мен ата-аналардың 88%-ы келі­седі. Жартысынан көбі (55%) экран алдындағы уақытты шек­тей­ді. Ата-аналардың 78%-ы балалар экран алдында тым көп отыр­ғандықтан әлеуметтік дағ­ды­ларды үйренуге жеткіліксіз уақыт арнайды деп санайды. Ал 70%-ы техно-ғасырда ата-ана болу қиын десе, оның жартысы бала­ларының жалғыздығына алаң­дайды. 18 жасқа толмаған балалары бар ата-аналардың 62%-ы ата-ана болу олар күткеннен де қиын екенін жеткізген.

Бала тәрбиесінде техно­ло­гия­лар көптеген мәселенің көзі саналғанмен, оны көмекші құрал ретінде де пайдалануға болады. Жасанды интеллект құрал­дары әр баланың диета қалауы немесе уақыт кестесі сияқ­ты қажеттіліктерін бақы­лауға көмектесе алады. Амери­ка­лық ата-аналардың 57%-ы ЖИ арқылы осы үдерістің жеңілдегенін қалайды. Мысалы, «OpenAI» компаниясы ұсынған «Milo» қосымшасы мәтіндер, дауыстық хабарламалар және күнтіз­бе­лер­ден ақпаратты жи­нақ­тап, оны қолданушыға еске салып отырады.

Дереккөз: «Ipsos» сауалнама қорытындысы. (Сауалнама 2024 жылғы 18-22 қаңтарда 18 жасқа толмаған балалар мен болашақта балалы болуды жоспарлаған 614 ересектің арасында жүргізілген)

Есепте келтірілген дерек­тер­ге сүйенсек, әр төрт ата-ана­ның үшеуі өзінің бала кезі­­мен салыстырғанда қазір алаңдаушылық тудыратын мәсе­лелер көп деп санайды. Олар­дың қатарында психикалық ден­саулық, буллинг, жыныстық қатынас пен адам саудасы бар.

18-34 жастағы америка­лық­тардың 41%-ы психикалық денсаулық ата-ана ретінде бала­ларын тәрбиелеудегі ең маңызды мәселе ретінде жет­кізген. Сондай-ақ ата-аналар балаларының жо­ға­ры оқу орнын аяқтап,  балалы бол­­ға­нының ор­нына олардың қаржылық тәуел­сіздік пен жұ­мы­сымен қана­ғат­тануын көр­гісі келетінін атап өткен.

Ата-аналар балаларын кезін­де өздерін өсіргендей тәрбиелеу керек пе, әлде басқаша жолды ұстанған жөн бе деген мәселеде екіге бөлінеді. Өздері көрген тәрбиені баласына беруге тыры­сатындар құндылықтар мен дінге назар қойса, басқаша әдісті таңдағандар махаббат, ашықтық пен тәртіпке көңіл бөледі. Ата-аналардың көбі кезінде өздері көрген тәрбиедегі қатаң әдістерден бас тартады. Жасы кіші ата-аналар баланы өбектеп өсірсе, жасы үлкендеу ата-аналар өзі көрген тәрбие моделін ұстануға бейім.

Ата-аналардың қалауы мен алаң­даушылығы олардың уақы­ты мен ақшасын қалай жұм­сайтынына ғана емес, брендтер мен ұйымдарға көзқарасын қалыптастырады. Кәсіпкерлер мен саясаткерлер осыған зер салуы қажет. Мысалы, «Фер­реро» компаниясы АҚШ-та «Kinder» тәттілерін нарыққа қос­қысы кел­генде ата-аналар­дың өзгер­генін байқаған. Бұ­рын үш түрлі ата-ана түрі болса (дәстүрлі авторитарлық, бәрін рұқсат етуші және осы екі ортадағы ата-аналар тобы), зерттеу барысында олар қазір ата-ана тәрбиесіндегі одан да күрделі көзқарас пен мінез-құлық үлгілері бар екенін және авторитарлық ата-аналар тобы­ның азайғанын анықтаған.

Зерттеу деректеріне сүйен­сек, әлеуетті ата-аналардың 72%-ы олардың балалы болу ше­шіміне қымбатшылық, баға әсер ететінін айтқан. Қазіргі ата-аналар орта тап табысының төмендеуі, автокөлікке негіз­делген өмір салты және ген­дерлік рөлдердің өзгеруі сияқты қиындықтармен бетпе-бет келіп жатыр. Салдарынан отбасына шаққандағы балалардың саны азайып немесе кеш туылады. Сондай-ақ жастар мен Z ұрпағы үшін климаттың өз­геруі – отбасын жоспарлау шеші­міне әсер етуші фактордың бірі. Көпшілігі кли­мат­тық дағда­рыс­тың салдары туралы алаң­дау­шылықтан балалы болудан тар­тынады.

«Ipsos» ұсынған есептегі деректер мен статистикалық мәлі­меттер болашақ ұрпаққа тәрбие беруде бүгінде қалып­тасып отырған әлеуметтік үдерістерді түсінуге, ғылыми негіздеп, оң шешімін ұсынуға көмекші құрал бола алады.

 

Мария ЖЫЛҚЫШИЕВА,

Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы