Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен құрылған Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия аясында елімізде жүйелі жұмыс атқарылды. Мемлекеттік комиссияның Жобалық кеңсесі ұсынысымен қуғын-сүргін бойынша 2,5 млн-нан астам құпия құжат құпиясыздандырылды, 311 мыңнан аса құрбан мен зардап шеккен азамат ақталды. Мемлекеттік кеңесші – Мемлекеттік комиссия төрағасы Ерлан Қариннің басшылығымен «ХХ ғасырдың 20–50-жылдарындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бойынша Мемлекеттік комиссия материалдары» сериясымен том-том жинақ жарияланды.
Алаш қозғалысы – тұтас бір дәуірді қамтыған кең мағыналы ұғым. Біріншіден, ол «Бауырластық», «Теңдік», «Азаттық» идеяларын ұстанған қазақ қоғамындағы ең ықпалды саяси бірлестік болды. Екіншіден, Алаш автономиясы – өзінің басқару аумағы, мемлекет құраушы тұрғылықты халқы, бірнеше мыңдаған әскері мен халықтық милициясы бар, саяси һәм әлеуметтік-экономикалық бағдары айқын демократиялық үлгідегі мемлекеттік құрылым. Үшіншіден, ежелден Ұлы даланы мекен еткен тұтас бір ұлтты бір тудың астына бірігуге, тұтасуға үндейтін қасиетті «Алаш» ұғымына сыйып, сол арқылы сипатталып тұрған Қазақ мемлекеттілігі – Алашорда үкіметі.
ХХ ғасырдың басында ұлттық санаға, қазақ қоғамының бірлігіне, халық рухына сын болған қилы кезеңде тарих сахнасына қазақтың білімдар, озық ойлы, ұлтжанды, біртуар перзенттері шықты, олар: Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Мұстафа Шоқай, Міржақып Дулатұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Жаһанша Досмұхамедұлы, Халел Досмұхамедұлы, тағы да басқа ұлтын сүйген зиялылар. Алашордашылардың басты мақсаты – Ахмет Байтұрсынұлының сөзімен айтқанда «Басқадан кем болмас үшін біз білімді һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек», болды.
Елдегі саяси жағдайдың күрделілігіне байланысты бірлікті нығайту үшін 1918 жылы 11 қыркүйекте Әлихан Бөкейханның басшылығымен Алашорданың батыс бөлімі құрылды. Оның жетекшісі болып Жаһанша Досмұхамедұлы тағайындалды. Батыс Қазақстан облысы полиция департаментің архивінде осы батыс бөліміне қатысты біраз материал сақталған екен. Солардың ішінен саяси-қуғын сүргін құрбаны болып, арада қанша уақыт өтсе де, әлі күнге ақталмаған бірқатар азаматтар жөніндегі мәліметтерді оқырман назарына ұсынамыз.
Архивтің 1-қоры, №П-193 ісінде соғыс жылдары немістерге тұтқынға түсіп, «Түркістан легионында» жұмыс істеген, ақталмаған Өтеп Жұмағалиев туралы деректер жинақталған. Ө.Жұмағалиев 1900 жылы Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданына қарасты Ханкөл аулында дүниеге келген, шаруа-кедей, шала сауатты, бұрын сотталмаған, қазақ, үйленген. Батыс Қазақстан облысы Шыңғырлау ауданы Лубенка аулына қарасты «Красная звезда» ұжымшарында қатардағы колхозшы қызметін атқарады. Әкесі Жұмағали Жарылғасов, 1862 жылы туған, Қаратөбе ауданындағы Ханкөл аулының тұрғыны, революцияға дейін болыс ағаманы (старшинасы) қызметін атқарған, кулактарды жою кезінде қудалауға ұшыраған, 1932 жылы қайтыс болған. Шешесі Үрлен Жарылғасова 1933 жылы өлген. Кейін көп уақыт өтпей інісі Хайруш Жұмағалиев те дүниеден озады. Әкесін кеңес өкіметі қудалап, артынан қалмаған соң, Өтеп Шыңғырлау ауданына көшіп кеткен.
Осы істің ішінде Ө.Жұмағалиевтің әкесі жағынан туысы Бижан Әбілқасов туралы дерек бар. Бижан шамамен 1870 жылы туған, Қазан революциясына дейін жоғары оқу орындарында білім алған, қазақтарды мобилизациялау кезінде патша армиясының қатарында қызмет еткен. Әскерде қазақ мыңдығын басқарған. Біраз уақыттан кейін еліне оралып, Жымпитыда уездік басқарушысы қызметін атқарған. 1917 жылдан бастап «Алаш» партиясының құрамына кіріп, біраз уақыт белсенді жұмыс істеген. Кейін кеңес өкіметінің билігі орнаған кезде қудалауға ұшырап, тұрғылықты жерінен қоныс аударылған. Бірақ 1937 жылы оны Казталов ауданынан НКВД жендеттері тұтқындап әкетеді, одан әрі қарайғы тағдыры белгісіз. Ал оның отбасы Қаратөбе ауданына қайта көшіп келіп, Каганович ауылсоветінде тұрған (№П-193 іс, 28-29-бб.).
Архивтің №2192 ісінде есімдері аталатын Мұхамед-Рахим Қарабаев (1888 ж.т.), Миромий Джумагазиевич Қарабаев (1847), Бредихин Андрей Федорович (1866), Бредихин Степан Федорович (1888), Бредихин Михаил Павлович (1900) деген азаматтар да күні бүгінге дейін ақталмаған.
№П-1220 істе қазақтың алғашқы ұлттық әскери кадрларының бірі Айтқали Сарыбайұлы Абылаев туралы мол мағлұмат сақталған. А.Абылаев 1898 жылы Орал губерниясы Жымпиты уезі Тайпақ болысының №5 аулында туған. Бұрынғы Алашорда офицері, хорунжий, кавалерист. Кеңес әскерін атқаны үшін ақталмаған.
Ақпан төңкерісі қарсаңында Орал қаласындағы қолөнер училищесін бітірген. 1918 жылы жазда IV Қазақ Орал облыстық съезінің қарарымен гимназияларда, реалдық училищеде, мұғалімдер мектебінде, уездік орыс-қазақ училищелерінде, болыстық орыс-қазақ мектептерінде орыс азаматтық білімін алған қазақ жастарынан әскери командалық құрам әзірлеу мақсатында бұрынғы орыс армиясы үлгісімен Жымпитыда ашылған қазақтың тұңғыш ұлттық әскери мектебін, алты айлық «Ойыл уәлаяты» юнкерлік мектебін бітірген алғашқы түлектердің бірі.
Алаш халық милициясын жасақтау, осы қажетке ауыл-болыстардан салық жинау ісімен шұғылданған айрықша жүздікті басқарды. Ғаббас Жетпісов төрағалық еткен большевизммен күрес жөніндегі комиссия жанындағы айдауыл (конвой) командасының командирі болды. Орал қаласы маңындағы Қараоба (Теректі), Шыңғырлау болыстарындағы большевиктерге ниеттес қоныс аударушылар поселкелерінде тергеу-тексеру жұмыстарына қатысты.
1918 жылы Тайпақ ауданында Алашорда армиясы қатарына алынады. Сол жылы желтоқсанда Жымпиты Алаш гарнизонының бас көтеруінен соң, Жымпиты гарнизонының бастығы болып тағайындалды. Кейіннен Жымпиты қаласындағы прапорщиктер мектебіне оқуға түседі, оның екінші бітірушілерімен бірге оқуын аяқтайды. Прапорщиктер мектебін бітірген соң, 1919 жылы 2 ақпанда Жымпиты гарнизонының штабына комендант болып тағайындалады. Осы қызметін 1919 жылдың қарашасына дейін атқарған. Ал 1919 жылдың 27 желтоқсанында Қызыл армия қатарына өтеді. Қызыл әскер қатарынан 1921 жылдың қыркүйегінде босатылады. Осыдан соң Жымпиты қаласында милиционер болып, 1924 жылға дейін қызмет атқарған. Кейіннен түрлі мекемеде жұмыс істеген. 1920 жылдың орта шенінде Орал губерниялық ауылшаруашылық несие мекемесінде қызмет істеді. 30-жылдары Түркістанда түрлі қызметте болды. 1936 жылы 31 қаңтарда А.Абылаевты тұтқындау жөнінде бұйрық шығады. Оны 1936 жылдың 10 ақпанында тұтқындап, Орал қаласына жеткізеді.
Бұл материал Айтқали Сабырбайұлы Абылаевтың №1220 ісінде толық көрсетіледі. Іс 2 томнан тұрады. Тұтқындау кезінде А.Абылаев Алматы қаласының Комсомол көшесінде №129 «а» үйінде тұрған. Тұтқындалғанға дейін Түрксіб теміржолының Орск бөлімінде бас бухгалтердің орынбасары болып жұмыс істеген. Үйленген. Тінту кезінде алынған құжаттары: паспорт №240432, Теміржолшы жеке куәлігі үлгі №075, Кәсіподақ билеті №042051, Қара тері портфель, әртүрлі жазба, денсаулығы туралы арызының құжаттары.
А.Абылаевтың әйелінің аты – Санбар. Әйелі мемлекеттік кітапхана техникумында оқыған. Бір ұлы және қызы бар. А.Абылаевтың әке-шешесі ақпан революциясына дейін қайтыс болған.
Айтқали Сабырбайұлы Абылаев РСФСР Жоғарғы сотының және Қазақ бөлімдік коллегиялық сотының үкімімен 1936 жылы 23–26 маусымында «1918–1919 жылдары контрреволюциялық үкіметтің юнкерлер және прапорщиктер мектебінде оқып, Совет үкіметіне қарсы белсенді қызмет істегені үшін және Қызыл Армия әскерлерін атқаны үшін» айыпталды.
1936 жылы 10 маусымда РСФСР Жоғары сотының үкімімен А.Абылаев РСФСР Қылмыстық кодексінің 13-бабына сәйкес 8 жылға бас бостандығынан айырылады және 5 жылға дейін барлық әкімшілік құқықтарынан айырғаны туралы үкім шығарылды. Осы күнге дейін А.Абылаев – саяси қуғын-сүргін құрбаны ретінде ақталмаған Алаш қайраткерлерінің бірі. Оның Теміржолшы жеке куәлігі мен фотосуреті №012200 тергеу ісінен табылды.
Іс құжаттары арасында А.Абылаевтың өз қолымен жазған қысқаша өмірдерегінің көшірмесі бар. Сол арқылы анықталғандай, ол 1898 жылы 15 қыркүйекте туған, үш жасында ата-анасынан жетім қалып, атасы Сабырбайдың қолында тәрбиеленген. Айтқалиды атасы оқытқан. Әуелі ауылдан бір сыныптық мектепті тәмамдап, үш жылдай Орал қаласындағы аралас мектептің бастауыш сыныбында оқыған. Орал қырғыз қолөнер училищесіне 1912 жылы қабылданып, оны 1915 жылы мамыр айында бітіріп шығады. Осы оқыған жылдарында ол жаз айларында әртүрлі жалдамалы жұмыс істеген. Соның ішінде Орал қаласының байлары Овчинников пен Мальцевтің шаруашылығында еңбек еткен. Сол жұмысына 18–20 рубльдей қаражат тауып, киім-кешек алған.
1915 жылы мамыр айында оқуын бітірген соң, аулына келіп, жаз айында Сүлеймен Күсіпқалиевтың шаруашылығында жұмыс істеген, бірақ еңбекақысын ала алмаған.
1915 жылдың қараша айында Тайпақтағы дәрігерлік пунктке жұмысшы болып орналасқан. Осы жұмысты 1916 жылдың тамызына дейін атқарған. Кейін 1916 жылы Гурьев елді мекенінде Доссор мұнай бірлестігіне жұмысшы болып орналасқан. Бес айдан соң, кеңсе қызметіне ауысқан. Осы жұмыста 1918 жылдың 27 шілдесіне дейін істеген. Содан соң Алашорда үкіметінің мобилизациясына ілігіп, прапорщиктер мектебіне оқуға алынған. Бұл деректер Айтқали Сабырбайұлы Абылаевтың өз қолымен жазған өмірбаянынан алынды.
А.Абылаевтың жеке ісін қарай отырып анықтағанымыз, ол Батыс Алашорда үкіметінің құрамында қызмет істеген, сол үшін тұтқындалып, ату жазасына кесілген. Сонымен қатар жеті қызыл әскерді атты деген айып тағылып, күні бүгінге дейін офицер, Алашордашы, контрреволюционер ретінде ақталмаған.
1998 жылы 16 сәуірде Бас прокурор А.Абылаевтың құқығын қалпына келтіру «1993 жылдың 14 сәуірінде шыққан Қазақстан Республикасының саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заңына сәйкеспейтінін мәлімдеді. Осылайша, Алаш қайраткері Айтқали Абылаев әлі күнге дейін ақталмағаны – бәріміз үшін сын. Алда тұрған міндет – ақталмаған Алаш қайраткерлерін толық ақтау.
Дәметкен СҮЛЕЙМЕНОВА,
тарих ғылымдарының кандидаты