• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Тарих 02 Шілде, 2024

Сарайшықтан көне кесененің дромосы табылды

214 рет
көрсетілді

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің студенттері археологиялық қазбадан көне кесененің дромосын тапты. Ғалымдар бұндай нысан бұрынғы зерттеулерде кездеспегендігін айтады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Биыл тарихшы-зерттеуші мамандығының студенттері «Сарайшық» музей-қорығындағы археологиялық қазба жұмыстарына барып қатысқан. ХV-XVI ғасырға тән нысан күйдірілген кірпіштен берік әрі сәнді қаланған. Алайда кесененің күмбезі қирағанымен жабық дәлізі сол қалпында сақталған.

«Бұндай түрде салынған кесенелер Сарайшық қаласында бұрында анықталған, бірақ олар қатты бүлінген еді. Бұл кесененің ерекшелігі дромосы толық сақталуында. Әзірге алдын-ала болжам бойынша белгілі, қоғамдағы статусы жоғары адамдар жерленген болуы мүмкін», дейді археолог Амангелді Заинов.

Есігі оңтүстік шығысқа қараған дромостың ұзындығы 170, биікті 60 сантиметр. Бұл дәліздің жартылай қазылған бөлігі деді археолог.

Археологтар қазба жұмысын үш бөлікке бөліп жүргізген. Бірінен дәлізге жалғасқан көлемді қабірдің қабырғалары табылды. Анықталған қабырғаның ұзындығы 6, биіктігі 1 метр, қалыңдығы 55 сантиметр. «Бұл кесенені салуға сары және қызыл кірпіштер пайдаланылған. Сары кірпіштер – Алтын орда дәуірінің ескі кірпіштері, ал қызыл кірпіштер – құрылыс салынарда күйдіріліп жасалғаны анық. Бұл Сарайшықтағы ең сирек кездесетін нысан», дейді археологиялық қазбаға қатысқан студент Ерасыл Өмірбек.

Дромостың оңтүстік бөлігінен шаруашылық бөлме де анықталған. Ондағы қазба кезінде қыш құмыралар мен түрлі бұйымдар және орта ғасырлық сәндік жапсырмалар, мыс тиындар табылған. Археологиялық нысан алдағы уақытта терең зерттелмек. Орта ғасырлық қалада студенттердің оқу-практикасын жүргізіп тың деректерді табуы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті мен «Сарайшық» музей-қорығы арасындағы екі жақты келісім негізінде іске асқан. Практика кезінде белсенді жұмыс істеп тарихи кесенені қазуға атсалысқан 19 студентті музей-қорық басшылығы алғыс хаттармен марапаттады.