• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Саясат 05 Шілде, 2024

Жаһандық тұрақтылыққа бағытталған жиын

121 рет
көрсетілді

Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысынан кейін саммит «ШЫҰ плюс» форматында жалғасты. Еуразия құрлығындағы беделді халықаралық ұйымның алқалы жиыны «Көпжақты диалогті нығайту – орнықты бейбітшілік пен дамуға ұмтылу» деген тақырып аясында өтіп, диалог форматын дамытатын елеулі ұсыныстар айтылды.

 Қауіпсіздік архитектурасының сын-қатері

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «ШЫҰ плюс» саммитіне қатысу­шы­лар алдында сөйлеген сөзінде Шанхай ынтымақтастық ұйымының халықаралық аренадағы рөліне айрықша тоқталды.

– Бүгінде әлем бұрын-соңды бол­ма­ған геосаяси қайшылықтар мен қақты­ғыстардың күшеюіне байланысты туын­даған күрделі сынақтармен бетпе-бет келіп отыр. Халықаралық қауіпсіздіктің архитектурасына қауіп төніп тұр. Тұтас адамзат үшін оның зардабы ауыр болуы мүмкін. Осындай сын сағатта бізге өңірлік және жаһандық деңгейдегі ұжымдық күш-жігер арқылы бейбітшілікті, тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайту үшін орасан зор жауап­кершілік жүктеліп отыр. Шанхай ынты­мақтастық ұйымы өз беделімен, елеу­­лі экономикалық және адами ресурс­тары­мен тұрақты даму мақсаттарына қол жет­кізіп, заманауи сын-қатерлерді еңсеру үшін тиімді шешімдер әзірлей алады. Қазақ­станның ШЫҰ-ға төрағалығы кезінде көтер­ген «Көпжақты диалогті нығайту – орнық­ты бейбітшілік пен дамуға ұмтылу» атты ұраны ортақ миссиямыздың мән-маңызын айқын көрсетеді, – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев бейбіт және үйлесімді даму мәселесін ілгерілетуді ШЫҰ аясындағы көпжақты ынты­мақ­тастықтың басты міндеті ретін­де атап өтті. Мемлекет басшысы «Ұжым­дық күш-жігер мен парасатты дип­ломатия арқылы ғана әлемдегі басты қай­шы­лықтардың түйінін тарқатып, дү­ниежүзінде ұзақмерзімді тұрақтылықты қамтамасыз етуге болады. Мен бұған сенімдімін» дей келе: «Осы орайда келесі жылы сексен жылдығын атап өтетін Бірік­кен Ұлттар Ұйымына зор үміт артыла­ды. Бұл әмбебап ұйымның баламасы жоқ, оның әлеуеті әлі де мол. Біздің ор­тақ міндетіміз – БҰҰ-ның жаһандық қауіп­сіздікті қамтамасыз ететін, ХХІ ға­сыр сын-қатерлеріне тиімді қарсы тұра ала­тын басты халықаралық институт ретін­дегі рөлін күшейту. Қазіргі заман­ның түрлі проблемасына қатысты ортақ ұста­нымның жаршысы ретінде «ШЫҰ дауысы» халықаралық аренада қаттырақ естілуі керек және солай болуға тиіс. Сондықтан біз қабылдаған Тату көршілік, сенім және ынтымақтастық қағидаттары туралы мәлімдеме өте өзекті», деді.

Ұйымның экономикалық әлеуеті зор

Қазақстан Президенті Біріккен Ұлттар Ұйы­мы­ның 80, сондай-ақ ШЫҰ мен БҰҰ ынты­мақтастығының 20 жылды­ғына қарай «Әділ әлем, келісім және даму жолын­дағы жаһандық бірлік туралы» бастаманы қолдау үшін БҰҰ Бас Ассамблеясының резолюциясын қабыл­дауды ұсынды.

Мемлекет басшысының пікірінше, сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға айрықша мән берген жөн. Себебі санкциялық даулар жаһандық экономикаға айтарлықтай зиян кел­тіріп, оның даму перспективаларының ая­сын тарылтып жатыр. Осындай жағдай­да бізге оң динамиканы сақтауға және әлеуеті­мізді арттыруға бағытталған сауда-эко­номикалық ықпалдастықтың неғұр­лым икемді стратегиясын құру қажетт­ігін жеткізген Президент «Қазіргі кезеңде ШЫҰ-ға мүше елдердің экономикасы 4 пайыздан 9 пайызға дейінгі жоғары өсім қарқынын көрсетіп отыр. ШЫҰ мемлекеттерінің әлемдік ІЖӨ-дегі үлесі қазірдің өзінде 30 пайызды құрайды. Бүгінде Ұйымға мүше мем­лекеттердің сыртқы саудасы 8 трлн доллардан асты. Бұл – әлемдік сауданың төрттен біріне тең», деді.

Мемлекет басшысы Азияның эконо­микалық тұрғыдан өркендеуіне көбіне ШЫҰ-ға мүше елдердің ықпалы зор екенін де атап өтті. Сондай-ақ Қазақ­стан тарапы Қытайдың ішкі ауқым­ды нарығына ШЫҰ елдерінің қолжетім­ділігін арттыру және Ұйымға мүше елдермен тауар айналымын 3 трлн дол­ларға дейін жеткізу ниетін құптады.

– Шанхай ынтымақтастық ұйымының экономикалық әлеуеті орасан зор. Біз оны толыққанды пайдалануымыз қажет. Бүгін ШЫҰ экономикасын дамыту­дың 2030 жылға дейінгі стратегиясын жүзе­ге асыру жөніндегі нақты іс-қимыл жос­парын қабылдадық. Аталған құжат осы басты мақсатқа сай келеді. ШЫҰ-ның ЕАЭО, БРИКС және АСЕАН секілді интеграциялық бірлестіктермен өзара ықпалдастығы кең мүмкіндіктерге жол ашады. Көлік жолдарының өзара бай­ланысын одан әрі нығайту әлемдік сауда­ның тұрақты өсіміне зор ықпал етеді. ШЫҰ-ға мүше елдердің аумағы арқылы 350 мың шақырымнан астам теміржол өтеді. Әлемдегі жүк тасымалының үштен екі бөлігі осы жолдарға тиесілі. Сондықтан ШЫҰ кеңістігі жаһандық сауданы дамы­туға арналған Үлкен Еуразиялық белдеуге айнала алады, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, Қазақстан Еуразиялық көлік жүйесінің ең маңызды бөліктерінің бірі саналады. Сондай-ақ еліміздің «Бір белдеу, бір жол» мегажобасын, Транскаспий көлік бағытын және «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізін өзара ұштастыру, стратегиялық порттар мен логистикалық орталықтардың серіктестік желісін құру ісіндегі бастамалары туралы мәлімдеді.

Мемлекет басшысы қазіргі жағдайда экология және климаттың өзгеруіне қар­сы күрес салаларындағы ынтымақтастық­тың өзектілігі арта түскеніне тоқталып: «Біз түрлі табиғи катаклизмдердің айтар­лық­тай көбейгеніне куә болдық. Әлем­дегі барша мемлекет бұдан орасан зор зардап шегіп отыр. Жуырда Қазақ­стан бұрын-соңды болмаған су тасқы­нын бас­тан өткерді. Мамандардың пікірін­ше, бұл табиғат апатының ауқымы жаһандық жылыну үдерісімен тікелей байланыс­ты. Климаттың сын-қатерлерін жалғыз еңсеру мүмкін емес екені анық. Әлемдік қауымдастық экономиканы декарбонизациялау жөніндегі батыл қадамын жалғастыруға тиіс деп санаймын. Бірақ бұл мемлекеттердің дамуға және жаңғыру­ға бағытталған маңызды мін­деттеріне зия­нын тигізбеуі керек», деді.

Сындарлы ұсыныс серпін береді

Қасым-Жомарт Тоқаев ішкі су көз­дерінің деградацияға ұшырау проблемасын шешу, жаңа су үнемдеу технологияларын енгізу жөніндегі іс-қимыл жоспарын әзірлеуді ұсынды. ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің бұл бағыттағы ортақ күш-жігері БҰҰ Бас Ассамблеясы жария­лаған Мұздықтарды сақтаудың халық­аралық жылы аясындағы мақсат­тарды жүзеге асыруға ШЫҰ-ның қосқан нақты үлесі болмақ.

Президенттің пікірінше, ШЫҰ қыз­метінің аса маңызды бағытының бірі – мәде­ни-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңей­ту. Бұл сала Қазақстанның Ұйымға төр­аға­лығы кезінде ұдайы назарда болды.

– Қазақ жері – ежелден түрлі өрке­ниет­тер тоғысқан мекен. Үлкен Еуразия­ның бірегей мәдени кодын бойына сіңірген ШЫҰ-ның алып кеңістігі халықтар арасын жақындатуға дәнекер болып, өзінің тарихи рөлін одан әрі атқара беруге тиіс және солай боларына сенімдімін. Осы орайда мәдени орталықтар ашу пәрменді шара саналады. Бүкіл ШЫҰ аумағында осын­дай жобалардың жүзеге асырылуы елдеріміз арасында барынша тығыз мә­дени-гуманитарлық байланыс орна­ту­ға ықпал етеді деп ойлаймын. Бұл іске жастарды белсенді тарту маңызды. Осы ретте олардың жан-жақты дамуына және өзара қарым-қатынасын жандандыруға барынша жағдай жасау қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ-ға мүше елдердің жас көшбасшылары мен таланттарының жыл сайынғы кездесуін өткізу, диалог аясындағы серіктестердің жаңа оқу орындарын қосу арқылы ШЫҰ университеттері желісін кеңейту, техникалық мамандықтар үшін бөлінетін грант санын жылдан-жылға көбейту жөнінде ұсынысын жеткізді.

Бұдан кейін сөзін қорытындылай келе Мемлекет басшысы Қазақстанның ШЫҰ аясындағы және «ШЫҰ плюс» форматындағы жан-жақты әрі өзара тиімді ынтымақтастыққа бейілді екенін мәлімдеді. Сондай-ақ серіктес елдердің барлық конструктивті ұсынысы Ұйымның одан әрі қарқынды дамуына тың серпін беретініне сенім білдірді.

Алқалы жиында Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерриш, Беларусь Президенті Алек­сандр Лукашенко, Иран Президентінің міндетін атқарушы Мұхаммед Мохбер, ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин, Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров, Пәкістан Премьер-министрі Шахбаз Шариф, Ресей Президенті Вла­димир Путин, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Үндістан Сыртқы істер министрі Субраманьям Джайшан­кар, Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэл­сух, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов, Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған, БАӘ Жоғарғы кеңесінің мүшесі, Рас-Әл-Хайма әмірлігінің билеушісі шейх Сауд бен Сақр Әл Қасими сөз сөйледі.

Жаһандық өзгерістер ұйым қыз­метін одан әрі жетілдіруге бағытталған маңызды міндеттердің тізімін арттырары анық. Ал ұйым аясының кеңею үдерісі жаңа мүмкіндіктерге жол аша түсті. Мәні зор жиынның маңызы сол, әлемдік деңгейдегі қауымдастық саяси тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудің кілтіне айналуға тиіс.