• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Мәдениет 06 Шілде, 2024

Шалқыған «Сарыарқа»

141 рет
көрсетілді

Ел мен елді, халық пен халықты өзара ерекшелендіретін – мәдениет айдыны, ұлттық құндылықтар. Ұлтымыздың ғасырлар бойғы електен өтіп түзілген өнері, іргелі мұралары қиял жетпес қазына, бағасыз байлық. Сол құндылықтарымызды кешеден бүгінге жеткізіп, насихаттап жүрген елеулі өнер керуенінің бірі – Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның «Сарыарқа» халық музыка ансамблі.

Сонау 1998 жылы іргесі қа­ланған ансамбль елдігімізді аспап тілінде әйгілеп, рухымызды биіктетер ұлттық музыкасымен дараланып келеді. Ансамбльдің негізі ежелгі және заманауи аспаптардан құралған. Атап айтсақ, құрамында шертер, домбыра, домбыра-контрабас, саз-сырнай, сыбызғы, сырнай, жетіген, адырна, дабыл, дауылпаз, саз қоңырау, асатаяқ, тұяқтас, прима-қобыз, қобыз, шаң қобыз сынды аспаптар бар. Ұжымның репертуа­рына қазақ халықтық, халықтық-кәсіби және академиялық музыкалар кірген.

«Негізгі мақсатымыз – қазақтың ұлттық өнерін, оның ішінде қасиетті күй, халық және халық композиторлар әндерін насихаттау. Сондай-ақ өскелең жастарды, болашақ ұрпақты баба мұрасымен, бірі жаңарып, бірі ұмытыла бастаған көне аспаптармен таныстыру – басты мұратымыз. Өнерпаздарымыз 21 ұлттық аспапта ойнап, ән орындайды. Жетіген, саз сырнай (уілдек, тастауық, үскірік, құссайрауық, шыңырау), қобыз (нар қобыз), сыбызғы, адырна, домбыра (шіңкілдек, үш шекті домбыра, барбыт), мүйіз сырнай, керней, тағы басқа аспаптарды қолданып, бұларды заманауи ырғақтармен ұштастырып, көне сарындарды бұзбай, жаңа аранжировкалармен, жаңа шығармалармен репертуарды толықтырып отырамыз. Солайша жаңа буын композиторларды да дәріптейміз», дейді ансамбльдің көркемдік жетекшісі, Мәдениет саласының үздігі Тоғжан Жахин.

Ансамбль гастрольдік сапармен Ресей, Түрікменстан, Ұлыбритания, Бельгия, Нидерланд, Франция, Қы­тай, Түркия сынды 12 елде өнер көр­сетіп, көптеген республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты атанып үлгер­ген. Оның ішінде Фран­цияның Дижон қаласында халық­аралық шығармашылық фестивальдан алтын медаль иеленсе, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің халықаралық ұлттық өнер фестивалі, Бейжіңде өткен әлем халықтарының халықаралық би және фольклорлық музыка фестивалінде, Германиядағы Халықаралық фольклор фестивалінде өнер көрсетіп, еліміздің даңқын асырған.

«Алдағы уақытта Көшпенділер ойындарына қатысып, қыркүйек айында «Түркі әлемі» атты жаңа бағдарлама қоймақпыз. Сонымен бірге қазан айында Алматы қаласына «Тұғырлы ел» бағдарламасымен гастрольдік сапарға шығып, қараша айында «Көңіл ырғағы» атты үрлемелі оркестрмен концерт ұйымдастыру жоспарда бар. Желтоқсан айында «Дала аңызы» атты балеттің тұсаукесерін өткізіп, «Қоңыр үнді аманат» атты күй кешін жасау алдағы күннің еншісіне кіріп отыр», дейді Тоғжан Серік­ұлы.

Айта кетейік, 2022 жылы Тоғжан Жахин ұлттық фольклорлық аспаптарды насихаттайтын балалар мен жасөспірімдерге арналған «Ұлт аспаптары әлеміне саяхат» интерактивті жобасын жасаған болатын. Қазіргі уақытта жоба елорда мектептерінде жүзеге асырылып, жас буынды төл өнерге баулуға үлкен ықпал етіп отыр. Сондай-ақ қазақ халық шы­ғар­машылығын белсенді насихаттап және жоғары орындаушылық мә­де­ниеті үшін ансамбль «Астаналық меценат­тар клубы» корпоративтік қо­рының «Керемет» сыйлығымен мара­патталған.