Биыл Шығыс Қазақастанда облыс әкімі Ермек Көшербаевтың бастамасымен «Жол жылы» болып жарияланған. Соның нәтижесінде облыстық және аудандық маңызы бар жолдар мен елді мекендердің көшелерін жөндеу көлемі екі есеге ұлғайтылды. Ал қаржыландыру 31,5 млрд теңгеге дейін жетті.
Ең әуелі айта кетерлігі, «Жол жылы» аясында Тарбағатай ауданы аумағындағы облыстық Ақжар – Шілікті тас жолының 93-108 шақырымдары, яғни Маңырақ пен Бозша ауылдарының арасындағы 15 шақырым жолға орташа жөндеу жұмыстары басталды. Биыл Маңырақ ауылынан бастап Бозша ауылының бұрылысына дейінгі 15 шақырым жол асфальтталады. Келер жылы Бозшадан бастап, Сарыөлең ауылының бұрылысына дейінгі 15 шақырым жол (93-78 км) орташа жөндеуден өткізілмек.
Аудан әкімінің орынбасары Талант Бақытбекұлының айтуынша, осы жылы Ақжар ауылы мен Омбы – Майқапшағай республикалық трассасын жалғайтын 18 шақырым жолдың орташа жөндеу жұмысы аяқталды.
Сонымен қатар биыл Ақмектеп пен Қарасу ауылдарының арасындағы 12 км жолға, Ақжар, Тұғыл, Қабанбай, Маңырақ, Жетіарал ауылдарының көшелеріне асфальт төсеу жоспарланып отыр. Айтқандай, Ақмектеп пен Бозша ауылдарының кіреберіс жолдарына да орташа жөндеу жүргізіледі.
Облыстың жолдарын тақтайдай ету үшін биылғы бюджеттен бөлініп жатқан қаражат аз емес. Есеп-қисапқа қарасақ, биыл жолдар мен көпірлерді салуға және қайта жаңартуға – 3 млрд теңге бөлінген. Жалпы, жолдарды күтіп ұстауға 6,2 млрд теңге қаржы қарастырылған. Ал елді мекендердің жолдары мен көшелерін орташа жөндеуге 22,3 млрд теңге бөлінді. Атап айтсақ, Өскемен қаласында Сәтбаев пен Жібек жолы даңғылдарының қиылысындағы көлік айрығының, Пермитин мен Славский көшелерінің қиылысының құрылысы жалғастырылды. Алматы тас жолына шығатын Жібек жолы және Базовая көшелерін қайта жаңарту жұмыстары аяқталады. Елді мекендердің жолдары мен көшелерін орташа жөндеуге 22,3 млрд теңге бөлінсе, оның ішінде 600 км жолдар мен көшелерді орташа жөндеу бойынша 110 жобаны іске асыру жоспарланған.
Одан бөлек, алдағы уақытқа қойылған жоба-жоспарлар да жетерлік. Мәселен, Шемонаиха қаласындағы «Уба» өзені арқылы өтетін апатты көпірді қайта жаңарту бойынша жобалау жұмыстары басталды. Өскемендегі Қазақстан көшесі, Жеңіс және Славский даңғылдарының тұсында Ертіс көпірінен түсе берістегі айрық жолдар салу, Виноградов көшесінің тұсында Ертіс өзені арқылы өтетін көпірді жобалау мәселесі пысықталып жатыр.
Облыстық маңызы бар жолдарда 15 нысанда қарқынды жұмыс жүргізіліп жатса, оның алтауы жалғасын тапқан жөндеу жұмыстары, тоғызы – жаңа басталған жұмыстар. Бүгінгі күні 45 шақырым жөндеу жұмысы толығымен аяқталды. Олар: Шілікті – Зайсан автомобиль жолының 12 шақырымы, Ақжар – Омбы – Майқапшағай жолының 18 шақырымы, Үлкен Нарын – Күршім жолының 15 шақырымы.
– «Жол жылы» аясында жұмыстарды күшейттік. Облыста 30 шақырым жолға орташа жөндеу жұмыстары аяқталды. Ол дегеніміз, Сібе көлдеріне апаратын Васильевка – Бозанбай жолының 15 шақырымы, Күршім – Қалжыр тас жолының 15 шақырымы жөнделді. Қазір 100 шақырым жолға жөндеу жүргізіліп жатыр. Оның ішінде Өскемен – Тарғын – Самар жолының 12 шақырымы, Шілікті – Ақжар жолының 30 шақырымы, Күршім – Қалжыр – Бурабай жолының 15 шақырымы, Октябрь өткелі – Алтайка – Новохайрузовка жолының 27 шақырымы, Новотроицкое ауылына кіреберіс жолының 16 шақырымына жөндеу жұмыстары басталды, – дейді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Уәлиев.
Аудандық маңызы бар жолдар мен көшелер бойынша 380 шақырым жол мен көшені орташа жөндеуден өткізу үшін 95 жобаны іске асыру жоспарланған. Ал құрылыс материалдарының сапасын бақылауды «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК жүзеге асырады. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Уәлиевтің мәліметінше, басқарма 80 млн теңге сомасына шарт жасасқан; Өскемен қаласының әкімдігімен 35 шақырым жол жөндеу бойынша 38 жоба іске асырылып, 12 шақырым жол жөнделді.
Тізіп өткен цифрлы деректерге қарасақ, жыл соңына дейін Шығыста барлық бағыттағы жолдар болмаса да, біразы жамалады, жөнделеді. Елді мекен ішіндегі ойдым жолдар да тегістелетін көрінеді. Бұл жоба үшін бөлінген қаржы көлемі келер жылы да қысқармай, бюджеттен қарастырылса, бұрын-соңды күрек тимеген жолдар жөнделіп, тұрғындар тақтайдай жолмен зулар еді.
Шығыс Қазақстан облысы