• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 07 Тамыз, 2024

Күре жол күрсіндіріп тұр...

92 рет
көрсетілді

Қарағанды – Балқаш күре жолы күрсіндіріп тұр. Биыл бұл бағыттағы жол апатының көрсеткішінен жанымыз түршігеді. Жолдың ел аузындағы екінші атауы «Ажал тасжолы». Айдың-күннің аманында қаншама адам апаттан ажал құшып жатыр? Өте өкінішті…

Статистиканы сөй­лет­сек, жыл басталғалы екі ортада 30 жол-көлік апаты тіркелкен. Салдарынан 29 адам қаза тапқан. 44 жолаушы түрлі деңгейде жарақат алып, ауруханаға түскен. Қорқынышты көрсеткіш!

14 шілде күні ғана жан түр­шігерлік тағы бір оқиға орын алды. Ақшатау кентінің ма­ңында автобус пен жеңіл көлік қақтығысып, 5 адам дәл сол жерде тіл тартпай кетті. Осы секіл­ді қанша ғұмыр қыршыннан қиы­лып жатыр. Әлеуметтік желіні ашып қалсаңыз болды, осы бір бағытта орын алған жол апатынан көз сүрінеді. Жағаңызды ұстайсыз…

Иә, бұл бағыт тек Балқашқа ғана апармайды. Астана мен Алматыны жалғайтын үлкен күретамыр. Сол себепті, күніне мың сан жүк көлігі қатынайды. Жеңіл көлікте тіпті есеп жоқ. Өкінішке қарай, Қарағанды мен Балқаштың арасында жол-көлік оқиғасы жиі тіркеледі. Ел-жұрт оның себебін сағызша созылған жолдың құрылысынан көреді.

Жақында ғана Қарағандыдан Ақбастау ауылына дейін 4 жо­лақ пайдалануға берілді. Бұл туралы бұқаралық ақпарат құрал­дарында сүйіншіледік. Ал Ақбастаудан әрі қарайғы жол екі-ақ жолақ. 15 тамызға дейін Балқаш қаласының жолай­рығынан Бектау ата турбазасына дейін жалпы ұзындығы 50 шақырым болатын 2 жолақ ашылады. Құқық қорғау органы­­­ның өкілі 4 жолақтың толық­тай ашылуы қауіпсіз көлік қоз­ғалысын қамтамасыз етеді дейді.

Бұл мәселеге қатысты «Қаз­Авто­Жол­дың» да өз айтары бар. Олар­дың мәлімдеуінше, Қа­ра­ған­ды – Балқаш жол учаскелерін кезең-кезеңімен жоспарлы іске қосу жұмыстары жүріп жа­тыр. Қазіргі уақытта асфальт жабынының жоғары қа­батын төсеу жұмыстары тиянақ­та­лып келеді. Сәйкесінше, құры­лыс жүріп жатқан жол учас­кесіне тиісті жол белгілері, жыл­дамдықты шектеу белгілері қойыл­ған. Бірақ оны елеп жатқан жүр­гізуші жоқ, тіпті жабық жол­ға да шығып алып, зулайтын­дар бар екен. Содан соңғы бір со­рақылық – жылдамдық шектеу­лері ескерілмейді.

Жалпы, Қарағандыдан бас­­тап, Жамбыл облысының ше­ка­­расына дейінгі жол 513 ша­қырым. Ал Қарағанды мен Балқаштың арасы 363 шақырым. Биылға дейін осы екі ортада айналма жол көп болды. Олардың бәрі жабылып, автобанның екі жолағы ашылып, жағдай әлдеқайда жақсарды дейін десек, жоғарыдағы көрсет­кішке қарап, тағы да ойымыз тұсалады.

Құрылысы басталғалы бері қанша көлік қақтығысып, қанша адам қаза тапқанын есептеудің өзіне жүрек бармайды. Сөйтіп, ел күткен автобан ажал тасжолына айналып шыға келді. Жолды қысқартамын деп қарсы бағытқа шыққандар, уақыт ұтамын деп жылдамдықты асырғандар өзіне де, өзгеге де қиянат келтірді. Бала – жетім, жар жесір қалды.

Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ететін облыстағы полиция де­партаменті патрульдік көліктер­дің санын күрт көбейткен. Об­лыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі бас­қармасының бастығы Қайыр­бек Шәкенов бұл тасжол­мен күніне 33 мың көлік қатынай­ты­нын, патрульдік полиция қызметкерлері күніне 3500 көлікті тоқтататынын айтты.

«Республикалық маңызы бар жолдардағы апаттылықты тұрақтандыру үшін мамыр айы­нан бастап, кезекшілік саны 17-ден 37-ге дейін ұл­ғай­тылды. Қызмет өткеру кезінде патрульдік полиция қыз­меткерлері апатқа әсер ететін бұзушылықтарды анықтап қана қоймай, жүргізушілермен ұйқы және демалыс режімін сақтау туралы профилактикалық әңгімелер жүргізеді. Полиция қызметкерлері бір тәулікте 3,5 мың жүргізушіні қамтиды. Бұл учаскедегі көлік ағыны тәулігіне 33 мыңға жуық автокөлікті құрайды. Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында осы жылдың басынан бері автомобиль жолдарына, қалалар мен аудан орталықтарының көшелері мен жол желісіне 1217 тексеру жүргізілді. Нәтижелері бойынша жол-коммуналдық органдардың басшыларына автожолдардағы кемшіліктер үшін 1170 ұйғарым берілді. Кейінгі 6 айда мердігерлік ұйымдарға («СинеМидасСтрой» ЖШС, «СитикКонстракшн» ЖШС, «Колинс СМС» ЖШС) қатысты 40 хаттама толтырылды. Сонымен қатар «ҚазАвто­Жолға» биылдың өзінде 36 920 теңге айыппұл салынды», дейді Қайырбек Шәкенов.

Премьер-министр Олжас Бек­тенов Қарағанды мен Алматы­ны жалғап жатқан тас­­­­­жолда байланыс желісінің жоқ­тығын көтерген еді. Бұл да –­ күйіп тұрған мәсе­ленің бірі. Неге десеңіз, жолда апат орын алған жағдайда бірден хабар тарату қиынға соғады. Содан алғашқы көмек көрсету қызметі кешеуілдейді.

«Қалааралық жолдарда ше­шілмей келе жатқан үлкен мәселе бар. Алыс сапарға аттанған жолаушы мобильді байланыстан мүлде ажырайды. Мәселен, Қарағанды мен Алматының арасындағы 500 шақырымдық жолда апатқа түскендер дер кезінде көмек шақыра алмайды. Цифрландыруға жауапты ведомство осыны басты назарға алуға тиіс. Сонымен қатар қауіп­­­­сіздікті қамтамасыз ететін бей­небақылау жүйесі жоқ», деді О.Бектенов.

Облыстық полиция департа­мен­ті жалпы аймақ бойын­ша жол-көлік оқиғасы 55 пайыз­ға өскенін, ал одан көз жұм­ғандардың үлесі 44,7 пайызды құрағанын айтады. Бұған қатысты сараптама нәтижесі жол апатының басым бөлігі жылдамдықты шектен тыс асырғаннан деп отыр.

 

Қарағанды облысы