Әуезовтің шәкірт-досы, қазақ прозасына өлшеусіз үлес қосқан жазушы, сыншы, әдебиет зерттеушісі Тәкен Әлімқұлов осыдан жетпіс жыл бұрын Абай шығармашылығын зерттеуге ат басын бұрыпты. 1954 жылдың алғашқы айларында Абай поэзиясының көркемдік құндылықтары, жаңашылдығы, тұтас қазақ поэзиясына, күллі қазақ әдебиетіне, руханиятына жасаған әсер-ықпалы, тарихи миссиясы туралы тұңғыш ой-толғамдарын қағаз бетіне түсіре бастаған. Алдымен алғашқы үзінділерін газет беттерінде жариялап алған соң, осы дүниесін үлкен сүйекті мақалаға, тұтас зерттеу еңбегіне айналдырып, 1958 жылы Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасынан жарық көрген «Жемісті жолда» атты тұңғыш әдеби-сын мақалалар жинағына енгізіпті.
Осынау 50 бетке жуық көлемді, іргелі мақала кейінгі жылдары тереңдетіліп, ақынның басқа да тақырыптарды кең қамтып толғаған туындыларына да терең талдаулар жасаған ой-толғамдарымен толықтырылып, 1978 жылы «Жазушы» баспасынан «Жұмбақ жан» деген атпен жеке зерттеу еңбегі ретінде жарияланды. Бұл кітап жарық көре салысымен әдебиет сыншыларының назарына бірден ілікті. Басым көпшілігі еңбекті абайтануға қосылған үлкен үлес, Абай поэзиясын насихаттап, оның көркемдік құндылығын, Абай шығармаларының тарихи, рухани орнын танытудағы биік белес болды деп бағалады. Әсіресе абайтанушы ғалымдар, әдебиетшілер тарапынан да жақсы бағасын алды.
Сол тұста өнер адамдарының, яғни әйгілі күйшілер мен арқалы ақындардың, сал-серілердің, тарихи тұлғалардың көркем бейнесін қазақ прозасында сәтті бейнелеп жүрген, өнер тақырыбындағы талантты туындыларымен танылып үлгерген Тәкен Әлімқұловтың бұл әдеби-зерттеу еңбегі шын мәнінде елуінші жылдар ішінде дүниеге келген Абай туралы кітаптардың қатарында шоқтығы биік, жаңа белес болған жұмыс ретінде әділ бағасын алды. Бүгін, міне, араға жетпіс жыл салып осынау тарихи маңызы бар, керек болса абайтану тарихында да өз орнын ойып алған іргелі зерттеудің өзіндік құндылығына бір оралып өтсек, артық болмайды.
1954 жылы Тәкен Әлімқұлов өз зерттеуін, яғни мақаласының кілтін неден бастаған деп назар салып едік, бірден баурап алып кетті. «Халық тарихында мәңгілік ұмытылмас ұлы уақиғаларды бастасқан, бүкіл ұлт тағдырына ортақтасқан адамдар, шынында да, өлмек емес. Олар халықтың жанына, болмысына, табиғатына сіңіп, өз өмірінің жалғасын келешек ұрпақтан табады, заман озған сайын жаңарып, ұлылығы өсе, тереңдей түскендей болады: өскен заман тереңдегі қазынаны тезірек таниды, тезірек аршып алады. Жеке адамдардың ұлылығы заман ұлылығына жараса түседі.
Осындай халықтың жүрегінде сақталған ұлы адамдардың бірі Абай еді. Ол өз халқының тарихы Ресей тарихымен ұласқан ең бір елеулі кезеңде туды да, асқан көрегендік жасап, туған елін үміті мол тың бағытқа қарай меңзеді. Өз басы соның жолын, тәсілін, саясат, экономика, мәдениет жағынан кенже қалған сахара жағдайында, ең алдымен, өнерден іздеді. Бұл салада «адасқанның алды жөн, арты соқпақ» болған шиырға соқпай, омбылай тартып сенімді төте жолға шықты».
Осынау екі абзац сөздің өзінен-ақ Тәкен Әлімқұловтың Абайдың пассионарлық, ренессанстық тұлғасының тарихи мәнін, оның өнер арқылы, яғни поэзия арқылы ұлтын өркениет жолына бастап, тұтас тағдырын халқының болашағына арнағанын дөп басып айтып отыр.
Заманалар көшінде Абай тұлғасы биіктей береді, биіктей береді дейді. Тап бүгінгі ХХІ ғасыр шындығын болжап, біліп айтып отырғандай. Әділетті Қазақстан бүгін ұлттық идеологиялық ұстанымының, ұлттық құндылықтарының ең басты өлшемі, басты бағыты етіп Абай ілімін, Абай тағылымын, Абай мұрасын таңдап алды. Абай даналығын қазіргі ұрпақтың баға жетпес байлығына балап отырмыз. Болашақта да осылай жалғаса берері ақиқат.
Өлеңнің қадірін терең сезетін, Абайдың әрбір сөзіне қатысты түбіне бойлай отырып ой тарқататын, пікір түйетін суреткер қаламгер, зерделі сыншы Тәкен әу дегеннен ұлы Абай жүрегінің түбінде нендей сыр, нендей шер мен мұң жатыр, міне, осы мәселеден бастаған...
«Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек,
Ашуың – ашыған у, ойың – кермек.
Мұңдасарға кісі жоқ сөзді ұғарлық,
Кім көңілді көтеріп, болады ермек?»
деген ақын жүрегіне жүгінеді. Қамшының сабындай қысқа ғұмырында тағдырдың бар соққысына төтеп беріп, өмірдің барлық ащы-тұщысын қатар татқан, заманның ырқына көнбеген, бар ауыртпалығын арқалаған, достан да, дұшпаннан да көңілі қалған қайран ақынның ендігі жүгінері де жалғыз жүрегі екенін сезінесің...
«Қарашада өмір тұр,
Тоқтатсаң, тоқсан көнер ме?
Арттағы майда көңіл жүр,
Жалынсаң, қайтып келер ме?
Майдағы жұрттың іші қар,
Бәйшешек қарға өнер ме?
Ішінде кімнің оты бар,
Қар жауса да, сөнер ме?»
дейді ақын мұңайған бір сәтінде. Өмірдің мәнін, құнын, басы мен соңын терең пәлсапалық ойлармен астарлап, табиғат құбылыстарымен қатар жарыстыра, қабыстыра бейнелейтін ақындық қолтаңба Абайдың адам өмірі туралы барлық өлеңінде арқауы үзілмейді.
Ақын адам өмірінің барлық кезеңіне өлең арнаған. Таңғаласың. Және сол сезімдерінің, жан толқындарының барлығын жүрек көзінен өткізеді. Жүрек қалауына салады.
Абай неге жұмбақ адам? Осыны ойлауға шақырады ақын. Ал енді Тәкен өзінің кітабының кіріспесін, кілтін осынау жүректен басталатын екі жол өлеңіне сыйғызған. Осынау аса құнды, құнарлы зерттеу еңбегінде араға жылдар салып қайта оралғанда зерттеушінің сөз орамдарына, ойлау жүйесіне, ғылыми тұжырымдарына, толғамдарына таңғалмасқа әддіңіз қалмайды.
Алғашында ақындықтан бастаған, екі өлең жинағын шығарған Тәкен Абай тақырыбына кездейсоқ келген жоқ. Сыншылық жолының басында да қазақтың екі ұлы ақыны туралы іргелі, сүйекті еңбектері тұрады. Бірі – Абай туралы болса, екіншісі – кезінде әдебиет сынында құбылыс болған мақаласы, қазақтың арқалы ақыны Қасым Аманжоловтың поэзиясы туралы дүниесі. Бүгінге дейін бұл мақала да Аманжолов шығармасын танудағы үлкен белестің бірі болып есептеледі.
Демек Тәкен поэзия жанрындағы талантты туындыларды талдауға үлкен дайындықпен келді. «Жұмбақ жан» зерттеуінің барлық бетінің, тұтас тарауларының мазмұны Абайдың осынау жұмбақ сырын ашуға, зерделеуге бағытталды.
Тәкеннің Абай туралы түйіп-түйіп айтатын пікірлері де кесек-кесек. Бір тұста Тәкен: «Абай сынды айрықша дарынның, сыршыл, шыншыл суреткердің қоғам атаулыдан алатын әсері, бағдарлайтын байқауы, түйетін түйіні, қазақша айтқанда, жақсыға жанасумен, жаманнан жерумен шектелмейді.
Әлеуметтік көзқарас пен суреткерлік шындықтың арасындағы қайшылық өз алдына. Халқының өсіп-өркендеуін, үлгілі ел болуын тілеген Абай – қайсар қайраткердің қатарында нәзік те әсершіл ақын, қиын болмыс. Оның ішкі әлемі өзі айтқандай, жатқан жұмбақ. Ол халқын танудан жаза баспаса, өзін тануға келгенде ғажайып қайшылықтарға ұрынады. Бұл – өте-мөте ұлы суреткерлерге тән қасиет. Гете мен Омар Хайямның, Пушкин мен Мицкевичтің, прозада Оноре де Бальзак пен Лев Толстойдың тәжірибесі – осының айғағы», деп толғанады.
Тәкен осылайша Абайды ұлы тұлғаларға, заманның ұлы ойшылдарына теңейді. Ой-зердесін, білім ауқымын, таным көкжиегін, кісілік, қайраткерлік сипатын зерттеуші бірнеше сөйлеммен-ақ қайтара қорытып, еске алады. Ақынның сан қырлы талантының, дарын күшінің мұхиттай терең ағысын айнытпай танитын қаламгер көпсөзділікке ұрынбайды.
Әрдайым қысқа қайырылатын тұжырымдары арқылы ұлы тұлғаның ұлы қасиеттерін созбаламай, дәмін кетірмей сығымдап, Абайдың қандай деңгейге, қандай парасат биігіне көтерілгенін толғанып, тебірене жеткізеді.
Абайды хакім, кемеңгер, ойшыл әрі данышпан деп танығанда Тәкен жалаң, қызыл сөзге, құрғақ байламдарға құрық бермейді. Абайдың өз шығармаларына арқа сүйейді, әсіресе өлеңдеріне терең үңіледі. Поэмалары мен қарасөздеріне де, аударма туындыларына да мейлінше нақты тоқталады.
Ақынның қаламынан туған барлық туындыларын Тәкен ой елегінен өткізеді. Әлеуметтік талдауларға да бой ұрады. Оның рухани ізденістері қазақ поэзиясын жаңа биікке көтергенін, классикалық үлгілерді Абай поэзиясынан көреміз дейді.
Хакім философиясы да өмірдің өзінен, адамзат тарихында ғасырлар бойында жинақталған, іріктелген білім қорынан нәр алатынын айтады. Осынау философиялық, пассионарлық таным Абай дәстүріне де жаңалық алып келді. Мәңгілік құндылық – адамзаттық гуманизм идеясына терең бойлаған поэтикалық талғам, ақындық ұстаным Абай шығармаларының алтын арқауы болғанын дәлелдейді. Шығарма мәтіндері арқылы Тәкен осыларды да аңғарып отырады. Шегелеп жазады.
Шығыстың жауһар поэзиясы, оның Абай дүниетанымына қалайша жақын келгендігі, өз кезегінде Шығыс поэзиясын Абайдың да қалайша түрленте, тереңдете қабылдағанын нақты өлеңдерге тоқтала отырып тарқатады.
«Абай Шығыс мәдениетін меңгергенде талғампаздықпен сыни қарап меңгерді. Махаббат бостандығын, әділетшілдікті, әлеуметтік прогресті жырлайтын сыршыл поэзияға құмартты.
Ол Низамиді, Науаиді, Хафизді, Сағдиді, Физулиді, Фирдоусиді қадір тұтты. Бұлардың ішінен Науаидің «Фархад – Шырыны», Фирдоусидің «Шахнамасы», Низамидің «Ләйлі –Мәжнүні» қазақ даласына кең тараған еді.
Парсының, арабтың кейбір мифологиясының ұзын-ырғасы қарасөзге айналса, «Төрт дәрбіш» (Ағайынды төртеу) тәрізді тәжіктің халық романы ертегіге айналып кеткен еді. Рудаки, Омар Хайям сынды саңлақ ақындар ертеден-ақ әлемге әйгілі болса, шәкірт Абай сиынған Хафиз ұлы Гетеге үлкен әсер еткен-ді», деп жазады Тәкен.
Шын мәнінде Шығыс шайырларына көп үңілген Абай шығармашылығында Шығыс сарыны мен сюжеті құс жолындай сайрап жатыр. Әсіресе Абай поэмалары, ондағы оқиғалық, сюжеттік арналар, баяндау тәсілі, кейіпкерлер шоғыры – соның айқын бір дәлелі. Абай өмірінің соңына таман жазған:
«Ауру жүрек ақырын соғады жай,
Шаршап қалған, кеудемде тулай алмай.
Кейде ыстық қан басып кетеді оны,
Дөңбекшіген түндерде тыншыға алмай», деп келетін өлең жолдарында жабырқаған, шаршаған, көңілін мұң басқан жан дүниесі бір сәт көрінгенімен, бірақ Абайдың түңілісін, жазмышқа жығылуын немесе бүкіл дүниені тәрк етіп, рухани күйзеліске түскен болмысын байқамаймыз деген түйін жасайды.
Абай поэзиясындағы биік рух, биік жігер, отты, өткір келіп отыратын өлең жолдарының ішкі қуаты ұлттық намысымыз бен бітім-болмысымыздан нәр алатынын айқын ажыратады. Халық қасиетін айшықтап алдыңғы қатарға шығарған ақындық дарынын жоғары бағалайды.
Т.Әлімқұлов еңбегінің ең сүбелі беттерін хакім Абайдың өмірбаянын, өскен ортасын, ата-тегін, білім алған белестерін әңгімелеуге арнайды. Абайтанудың бірнеше кезеңнен тұратын ұзақ, жемісті жолын Мұхтар Әуезовтің шығармашылық мұрасына, дәстүріне арқа сүйеп, ол зерттеген қыруар дүниені, жарыққа шығарған еңбектерін аттап кетпей, баға жетпес рухани байлыққа үлкен ілтипат көрсете отырып ой толғайды.
Түйіндей айтқанда, Тәкеннің «Жұмбақ жан» атты зерттеу еңбегі – бүгінгі абайтанудың, қазіргі Абай тұлғасы мен феномені, Абай ілімі туралы көптеп жазылып, айтылып жатқан дүниелеріміздің биік төрінде тұратын зерделі еңбектердің бірі һәм бірегейі.
Қансейіт ӘБДЕЗҰЛЫ,
Жазушылар одағы басқармасының хатшысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері