Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Консультативтік кездесуі халықаралық саясаттың маңызды факторына айналды. Осы арқылы аймақтың алдағы даму бағыты айқындалып, жаһандық сын-қатерлерге бірлесіп қарсы тұру мүддесі байыпталды. Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Орталық Азия мемлекеттері басшыларының VI Консультативтік кездесуінде де келелі мәселелер талқыланды.
Ықпалдастықтың басым бағыты
Қазақстан Президенті осы уақытқа дейін өткен Консультативтік кездесулердің нәтижесі аймақтық ынтымақтастыққа жүйелі, жан-жақты, ең бастысы, сенімді сипат беріп, бұрын-соңды болмаған деңгейге шығарғанын жеткізді.
Бірлескен күш-жігердің арқасында жылдар бойы қордаланған мәселелер шешімін тауып, аймақтың тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін кешенді шаралар қабылданып жатыр. Осылай деген Президент:
– Шекара, сумен қамтамасыз ету, миграция мәселелері жоспарлы түрде реттеліп, өзара саудадағы көптеген кедергі жойылды. Шекарадағы өткізу пункттері жаңғыртылып жатыр. Көлік қатынасының мүмкіндіктері кеңейіп, жаңа бағыттар ашылуда. Сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастық қарқынды дамып келеді, – деді.
Президенттің айтуынша, мәдени-гуманитарлық байланыс мазмұндық тұрғыдан толықтырылып келеді. Мемлекет басшысы мәдениет күндері, қолөнер шеберлерінің көрмесі, ұлттық тағам фестивальдері, жастар форумдары мен басқа да іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп келе жатқанына назар аударды.
– Өткен жылдар ішінде Консультативтік кездесулер аймақтың халықаралық субъектілігі мен бірлігін танытатын, сондай-ақ қазіргі сын-қатерлерге төтеп беруге дайындығын көрсететін тиімді алаңға айналғанын сенімді түрде айта аламын. Орталық Азия қашанда бірегей өркениеттер тоғысқан аймақ болған. Оның жалпы әлемдік прогресте атқаратын рөлі зор. Бүгінде ортақ тарихымыз бен халықтарымыздың дүниетанымының ұқсастығына арқа сүйеп, Орталық Азияның жаңа келбетін қалыптастырамыз. Оны келешекке ұмтылатын әрі мол мүмкіндіктер мекені ретінде танытамыз. Бұл саммит осы жолдағы маңызды белеске айналатынына сенімдімін, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттер басшылары аймақтық ынтымақтастықты, соның ішінде Консультативтік кездесулер форматын дамыту үшін барынша күш-жігер жұмсап отырғанын жеткізді. Қазақстанның төрағалығы аясында қауіпсіздік пен экономикалық серіктестікті нығайтуға, қоғамдағы әйелдердің рөлін күшейтуге, сараптамалық тұрғыдан ықпалдастықты кеңейтуге бағытталған көптеген бірлескен іс-шара ұйымдастырылды.
– Осы жиында 2027 жылға дейінгі Аймақтық ынтымақтасты дамытудың жол картасы бекітіледі. Бұл өзара ықпалдастық тетіктерін жетілдіру тұрғысынан айтулы оқиға болмақ. Құжат үкіметтердің үйлесімді жұмысын жетілдіреді және осы алаңда ұсынылған бастамалардың орындалу барысына бақылауды күшейтеді. Бұған қоса «Орталық Азия – 2040» өңірлік кооперациясын дамытуға бағытталған тағы бір маңызды құжатқа қол қойылады. Осы және өзге де шаралар халықтарымыздың игілігі жолындағы жан-жақты аймақтық ықпалдастыққа бәріміздің бейілді екенімізді көрсетеді, – деді Қазақстан Президенті.
Берік экономикалық база қажет
Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргідей күрделі геосаяси және экономикалық жағдайда аймақтағы ынтымақтастықтың жоғары даму қарқынын сақтау өте маңызды деп санайды. Осы орайда Мемлекет басшысы Орталық Азияның өркендеуіне ықпал ететін бірқатар өзекті міндетке тоқталды.
– Бүгінде халықаралық қатынастар жүйесінің іргелі негіздері өзгеріске ұшырағанын байқап отырмыз. Бұл – қауіпті құбылыс. Мұндай жағдайда аймақтағы бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау ең басты міндет екені естен шықпауға тиіс. Қазіргі сын-қатерлерді тек саяси диалог пен мемлекеттеріміз арасында өзара сенім шараларын нығайту арқылы еңсеруге болатыны анық. Осы ретте кейінгі жылдары бір-бірімізге жасаған сапарларымыз нәтижелі болды. Бұл елдеріміздің достыққа, тату көршілік қарым-қатынасқа және одақтастыққа негізделген өңірлік ынтымақтастығының деңгейі жоғары екенін білдіреді. Алайда өңірлік кооперация аясында сыртқы серіктестермен жан-жақты байланысты жоспарлы түрде күшейту маңызды. Әлемнің жетекші елдерінің «Орталық Азия плюс» форматына қызығушылық танытуы – осының айғағы, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев президенттерді Орталық Азияны қауіпсіз, ынтымағы жарасқан әрі өркендеген кеңістік ретінде сақтау үшін барынша күш-жігер жұмсауға шақырды.
Президент атаған тағы бір маңызды міндет – жан-жақты ықпалдастықтың берік экономикалық базасын қалыптастыру. Кейінгі жылдары бұл бағытта елеулі нәтижеге қол жеткізілді. Өңір ішіндегі сауда көлемі біртіндеп ұлғайып келеді. Бұл көрсеткіш 11 миллиард долларға жетті. Мемлекет басшысы тауар айналымын арттыру және оны 15 миллиард долларға жеткізу маңызды екенін атап өтті.
– Елдеріміздің экономикасын дамытуға бірлескен ірі инфрақұрылым және көлік жобалары тың серпін берер еді. Өзара тиімді ынтымақтастықтың мұндай оң мысалдары аймағымызда қазірдің өзінде де бар. Мәселен, Қырғызстандағы Қамбарата 1-ГЭС-ін, Тәжікстандағы Рогун ГЭС-ін, Қазақстан, Өзбекстан және Тәжікстанның газ жобаларын, жаңа көлік дәліздерінің құрылысын, сондай-ақ басқа да маңызды жобаларды атауға болады. Бұдан бөлек шекара маңы аудандарында сауда-логистика желілері мен өнеркәсіп хабтарын дамыту маңызды. Ауыл шаруашылығы, логистика, тоқыма және химия өнеркәсібі, құрылыс секілді перспективті салаларда жаңа келісімдер жасап, жан-жақты серіктестігімізді нығайту қажет, – деді Қазақстан Президенті.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қазақстанның Орталық Азия Іскерлік кеңесін құру туралы ұсынысты қолдайтынын мәлімдеді. Оның пікірінше, аймақтың көлік-транзит әлеуетін одан әрі ілгерілетудің, Орталық Азияның көлік жүйесін дамыту жөніндегі кешенді стратегияны қабылдаудың мәні зор екенін алға тартты.
– Транскаспий халықаралық көлік бағыты, «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізі, «Бір жол, бір белдеу» секілді бастамалардың маңызы айрықша. Бұл жобаларға Орталық Азиядағы барлық елдің белгілі бір деңгейде қатысы бар. Бірлескен күш-жігердің нәтижесінде «Қазақстан – Түрікменстан – Иран» теміржол магистралінің әлеуеті дәйекті түрде артып келеді. Қазір бұл Парсы шығанағындағы елдерге шығатын ең төте жол саналады. Сонымен қатар Оңтүстік Азия нарығына шығу үшін Ауғанстан арқылы теміржол салудың келешегі зор деп есептейміз. Қазақстан өзінің көлік-транзит саласында ауқымды жұмыс атқарып жатыр. 2030 жылға дейін 11 мың шақырым теміржолды жаңғыртып, жаңадан 5 мың шақырым теміржол салуды жоспарлап отырмыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жаңа су саясатының көкейкестілігі
Өңірдің күн тәртібіндегі тағы бір маңызды мәселе – су-энергетика ресурстарын рационалды пайдалану. Мемлекет басшысы суды пайдаланудың тең құқылы әрі әділ тәртібіне, өзара міндеттемені мүлтіксіз орындау ережесіне негізделген жаңа су саясатын қалыптастыру керек деп санайды.
– Орталық Азия елдеріне арналған Су-энергетика консорциумын құру және гидроэнергетикалық нысандарды бірлесе салу бастамасы су шаруашылығындағы көпжақты ынтымақтастыққа негіз болады. Суды бөлу мен есепке алуды цифрландыру, ғарыштық мониторинг технологияларын енгізу, жүйелі ғылыми жұмыстар жүргізу маңызды міндеттердің санатына жатады, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан білім беру, ғылым, мәдениет және адами капиталды дамыту салаларындағы бесжақты ынтымақтастықты кеңейтуді әрдайым құптайды. Қазіргі уақытта Орталық Азияда бірыңғай жоғары білім кеңістігі қалыптасып келеді.
– Бүгінде Қазақстанда аймақтағы елдерден келген 9 мыңға жуық студент білім алады. Біз Орталық Азия жастарының елімізде жоғары білім алуға ұмтылысын бағалаймыз. Осы күні еліміз АҚШ, Еуропа, Қытай, Ресей және Оңтүстік Кореяның ондаған танымал университетімен стратегиялық серіктестік орнатты. Қазақстанның көптеген аймағында шетелдік оқу орындарының филиалдары жүйелі түрде ашылып, студенттерді белсенді қабылдай бастады. Бұған қоса Қазақстанда зерттеу университеттерінің саны артып, технопарктер мен инженерлік орталықтар іске қосылып жатыр. Біз Орталық Азия және Кавказ елдерінің жастарын осы мүмкіндікті пайдаланып, халықаралық деңгейде сұранысқа ие қос дипломды білім алуға шақырамыз, – деді Мемлекет басшысы.
Сенім мен диалог ұстыны
Қасым-Жомарт Тоқаев ақпараттық-сараптамалық саладағы ықпалдастықты жандандыру қажет екеніне назар аударды. Мемлекет басшысы бірлескен медиаөнімдерді шығару жұмыстарын қолға алу жөнінде үкіметтерге тапсырма беруді ұсынды.
– Ортақ тарихи сюжеттерді экранизациялауға, халықтарымыздың достығы мен ынтымағын дәріптеуге ерекше мән беру керек. Біз жалпыөңірлік телеарна және ақпараттық интернет-порталын ашу мәселесін талқыладық. Бұл ретте Орталық Азия елдерінің телехабар тарату саласындағы ынтымақтастығы туралы келісімді әзірлеп, қол қоюдың маңызы зор, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Қазақстанның өңірлік серіктестікті жан-жақты нығайтуды және Орталық Азияның әлемдік аренадағы рөлін арттыруды көздейтін стратегиялық бағдары өзгермейтінін атап өтті.
– Біз ұлттық деңгейде «Табысты Орталық Азия – Табысты Қазақстан» формуласын берік ұстанамыз. Өңіріміздің болашағы тек елдеріміз арасындағы сенімді диалог пен ынтымақтастыққа, барлық ішкі және сыртқы сын-қатерлерге лайықты жауапты бірлесіп іздеуге байланысты екеніне сенімдімін, – деді Қазақстан Президенті.
Консультативтік кездесуде Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов және Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев сөз сөйледі.
Жиын соңында Мемлекет басшысы Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевке Консультативтік кездесудің келесі төрағалық міндетін табысты атқаруына тілектестік білдірді.
Өңірлік ынтымақтастықтың ортақ ұстанымы
Бұдан кейін Президент Орталық Азия мемлекеттері басшыларының VI Консультативтік кездесуінің кеңейтілген құрамдағы отырысына қатысты.
Жиынға құрметті қонақ ретінде Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев және БҰҰ Бас хатшысының арнайы өкілі, Орталық Азия бойынша превентивті дипломатия жөніндегі өңірлік орталығының басшысы Каха Имнадзе де келді.
Мемлекет басшысының айтуынша, Консультативтік кездесудің алтыншы рет өткізілуі тараптардың бауырлас халықтар арасындағы ғасырлар бойына жалғасқан достық байланысты нығайтуға, көпжақты ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге және халықаралық аренадағы ықпалдастықты күшейтуге бейілді екенін көрсетеді.
– 2018 жылы Астанада өткен алғашқы кездесуден бері бірлескен күш-жігердің арқасында бұл жиынның дамуында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілді. Бұған өңірлік ынтымақтастықты арттырудағы маңызды шешімдер қабылданған бұрынғы бес саммиттің қорытындылары айқын дәлел, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті әлемдегі күрделі үдерістер жағдайында өңірлік ынтымақтастықты одан әрі ілгерілету жөнінде ортақ ұстаным қалыптастыру маңызды деп санайды.
– «ХХІ ғасырда Орталық Азияны дамыту мақсатындағы достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шарттың» мәні артып келеді. Мемлекеттеріміз көпжақты құрылымдар, ең алдымен, БҰҰ аясында ортақ ұстанымдарға сүйене отырып әрекет етуге тиіс. Елдеріміз әлеуетін біріктірсе, біз орнықты даму мақсаттары саласындағы күн тәртібін жүзеге асыруға елеулі үлес қоса аламыз. Осы маңызды мақсатқа қолдау ретінде Біріккен Ұлттар Ұйымының 80 жылдығы қарсаңында Орталық Азияда орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу туралы БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарын қабылдау жөнінде бастама көтеруді ұсынамын. Біріккен Ұлттар Ұйымының жоғары лауазымды өкілі, құрметті Каха Имнадзе мырзаның осы саммитке қатысуы игі дәстүрге айналып, «Орталық Азия – БҰҰ» бағытындағы тығыз ықпалдастыққа жол ашады деп үміттенемін, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен бірге Президент көпжақты ынтымақтастықтың берік экономикалық негізін қалыптастыру кезек күттірмейтін міндеттің бірі деп есептейді.
– Орталық Азия елдерінде өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейту үшін мүмкіндік мол. Экология және климаттың өзгеруімен күрес саласындағы ықпалдастық аса маңызды. Барлық ел ұқсас сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отыр. Сондықтан өзара ықпалдастықты кеңейтудің, үйлесімді жұмысты күшейтудің және климаттық күн тәртібіндегі мәселелер бойынша тәжірибе алмасудың мәні зор. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Әзербайжан Президенті, құрметті досымыз Ильхам Гейдар оғлының биыл күзде COP29 жаһандық климаттық конференциясын табысты өткізуіне тілектестік білдіремін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент еліміздің өңірлік ынтымақтастықты жан-жақты нығайту жолындағы стратегиялық бағдары өзгермейтінін растады. Сондай-ақ бүгін қабылданған шешімдер және оның алдағы уақытта тиімді жүзеге асырылуы ғасырлардан тамыр тартатын достық пен өзара қолдау рухындағы көпжақты серіктестігімізді одан әрі тереңдетуге септігін тигізетініне сенім білдірді.
Жиында Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев пен БҰҰ-ның Орталық Азия бойынша превентивті дипломатия жөніндегі өңірлік орталығының басшысы Каха Имнадзе сөз сөйледі. Ал саммит соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Консультативтік кездесудің төрағасы ретінде Орталық Азия мемлекеттері басшыларының атынан Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевті Құрмет белгісімен марапаттады.