• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Құқық 14 Тамыз, 2024

Адам құқы қоғамнан оқшау ортада да қорғалады

119 рет
көрсетілді

Қандай жағдай болсын адам құқы мен бостандығы аяққа тапталмауға тиіс. Қылмыскер ретінде жазасын өтеп жатқан күннің өзінде заң аясында кез келген азаматтың құқы қорғалуы керек. Өйткені біз заң қағидатымен жүретін, тәртіпке бағынатын құқық­тық мемлекетпіз. Бұл ретте еліміздегі Адам құқықтары жө­­ніндегі уәкіл кеңсесінің ат­қа­рып отырған жұмысы аз емес екенін айта кеткен жөн.

Түзеу мекемелеріне көбірек көңіл бөлінеді

Былтыр Мемлекет басшысының 8 ақпандағы №409 Жарлығымен Адам құқықтары мен заң үстемдігі сала­сын­дағы іс-қимыл жоспары бекі­тіл­ді. 9 тармақтан тұратын жос­пар­дың бір бөлімінде қылмыстық сот төрелігі, жазаны орындау және азаптау мен қатыгездікпен қараудың алдын алу саласындағы адам құқықтары бағы­тын­да қолға алынатын іс-шара­лар қамтылған. Осы тармақтағы 11 бағыттың бесеуі – қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде жазасын өтеп жүрген, сондай-ақ пробация қызметінің есебінде тұрған адамдардың құқық­та­рына қатысты іс-шаралар. Бұл жұ­мыстар негізінен Бас прокуратура, Үкімет пен «Атамекен» ұлттық кәсіп­кер­лер палатасына, Әкімшілік сотқа жүк­телген.

Еліміздегі Адам құқықтары жөніндегі уәкіл кеңсесі қылмыстық атқару жүйесі мекемелерін аралап, сотталғандардың құқықтарын сақтау, оның ішінде балалы әйелдерді ұстау жағдайларымен танысу жұмыстарын үздіксіз қолға алып келеді. Ал Адам құқықтары жөніндегі омбудсмен Артур Ластаев сотталғандарды жеке қабылдап, мәселелерінің шешілуіне ықпал етіп жүр.

Ішкі істер министрлігі Қыл­мыс­тық-атқару жүйесі коми­те­тінің мәліметінше, бүгінде елімізде жабық мекемелерде жазасын өтеп жатқан сотталған азаматтар саны 30 мыңнан асады. Оның 29 мыңға жуығы – ер адам, 2 мыңы – әйел. Жалпы, елімізде барлығы 63 түзеу мекемесі мен 17 тергеу изоляторы бар екен.

Осы ретте Артур Ластаевтан түзеу мекемелеріне барып, соттал­ған­дармен жолығудың басты мақ­са­ты не екенін сұрадық. Артур Ермекұлы өзінің омбудсмен ре­тін­дегі міндеттерінің бірі – азамат­тар­дың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіруге ықпал ету екенін атап өтті.

– Адам қандай мәртебеге ие болса да, оның құқықтары сақталуы керек. Біз де азаптау мен қатыгездікпен күресу бағытында жеке жұмыс жүр­гіземіз, сондықтан түзеу меке­ме­леріне көбірек көңіл бөлеміз. Ко­ло­нияларға сотталғандардың құқық­та­рының сақталуын, оларды ұстау жағдайларының стандарттарға сай болуын және олардың азаптауларға немесе қатыгездіктің басқа түрлеріне ұшырамауын қамтамасыз ету үшін бас сұғамыз. Сонымен қатар соттал­ған­дарға жеке-жеке кеңес беріп, олар­дың құқықтарын түсіндіру де біздің міндетімізге кіреді.

Бұл ретте жазасын өтеушілердің  өмір сүру жағдайларының ең төменгі стан­дарт­тарының сақталуын қамта­ма­сыз етудің маңызы зор. Меке­ме­лер асхана, медициналық пункт, қабылдау бөлмелері, жұмыс орындарымен қамтылғанымен, өткен ғасырда са­лынған кейбір нысандардың жай-күйі көп жағдайда көңіл көншітпейді. Осы және басқа да мәселелерді саралап, біз жиынтық ұсыныстар әзір­ледік, – дейді А.Ластаев.

 

Жұмыспен қамту маңызды

Омбудсменнің айтуынша, қазіргі таңда түрмедегілерге еңбек жағдайы барынша жасалған. Мекемелердің аумағында киім-кешек бұйымдарын шығаратын, ағаш және металл өңдеу цехтары сынды шағын кәсіпорындар жұмыс істейді. Дегенмен жұмыс орын­дарының жеткіліксіздігінен сотталушылардың бәріне жұмыс тауып беру мүмкін емес. Яғни бұл да бір шеші­мін күткен мәселе болып тұрған көрі­неді.

Жалпы, уәкілдің қазіргі заманғы аралас колониялар құру жөнінде Үкіметке ұсыныс жасағанына көп уақыт бола қоймапты. Бұл логистика, түрме медицинасы, жұмыспен қамту және интернетпен қамтамасыз ету сияқты бірқатар мәселені шешуге мүмкіндік беруге тиіс.

Жалпы, сотталғандардың құқық­тарын қорғау туралы айтатын бол­сақ, бұл бағытта Адам құқықтары жө­нін­дегі уәкіл кеңсесі атқарып жат­қан жұмыстар назар аударуға тұрар­лық­тай.

Біріншіден, уәкіл және аймақтық өкілдер, сондай-ақ азаптауға қарсы ұлттық алдын алу тетігіне қатысу­шы­лар қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріне тұрақты түрде барып тұрады екен. Өткен жылы жоспарлы және алдын ала 460-тан астам мекеме аралау іс-шарасы ұйымдастырылған.

– Өткен жылы сотталғандардың құқықтарының бұзылуына қатысты түскен өтініштер саны 838-ді құрап, рекордтық көрсеткішке жетті. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда төрт есе көп. Осы ретте 126 өтініш бойынша сотталғандардың құқықтары жартылай немесе толық қалпына келтірілді. Сонымен қатар сотталғандардың өздері еркін қол жеткізе алатын орын­дарда, яғни асханаларда, жасақ­тар­да әкімшіліктен рұқсат сұрамай-ақ барып, электронды түрде өтініш жібере алатын 600-ден астам терминал орнатылды. Жалпы, жұмыс жүйелі түрде жүргізіліп жатыр және біз құқық қорғау мекемесі ретінде бұл бағыттағы іс-шараларымызды жалғастыра бере­міз, – дейді омбудсмен.

Артур Ластаев жуырда әйелдер колониясына, яғни Алматы облысы, Жауғашты аулында орналас­қан ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі коми­те­тінің №10 мекемесіне барға­нын да айтып өтті.

– Бұл мекеме орташа қауіпсіздік санатына жатады, оның ішінде жас балалары бар аналар да жазасын өтейді. Жалпы, колонияда 600 жазасын өтеуші болса, оның үшеуі кәмелетке толмаған. Бұл ретте мекемеде әйелдермен бірге үш жасқа дейінгі 42 бала – 24 қыз және 18 ұл бала бар. Мекеме аумағында аналар балаларын бос уақытында шектеусіз көре алатын Балалар үйі жұмыс істейді. Сондай-ақ мұнда нау­байхана, тігін және сүт цехтары, саңырауқұлақтарға арналған компост, қап контейнерлерін шы­­­ғаратын бірнеше кәсіпорын бар. Бұл колонияда сотталғандардың 60 пайыздан астамы жұмыспен қамтылған.

Жұмыс бабындағы мұндай сапар кезінде сотталғандармен әң­гіме­лесу және жеке қабылдау – басты міндеттеріміздің бірі. Бізді бірін­ші кезекте оларды қамауда ұстау жағ­дайлары қанағаттандыра ма, құ­қық­­тары бұзылып, қысым көрсе­ті­ліп жатқан жоқ па деген сұрақтар қызықтырады, – дейді омбудсмен.

 

Сотталғандарға да құқықтық сауат қажет

Бір сөзбен айтқанда, соттал­ған­­дар­дың құқықтарын қорғау да Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің міндеті және бұзылған жағдайда уәкіл кеңсесі оларды қорғау үшін барлық шараларды қолданады. Оған қоса олар сотталғандарды заң­намадағы соңғы өзгерістермен таныс­тырады.

– Мысалы, әйелдердің құқық­та­рын қорғауға және балалар­дың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ба­ғыт­талған күшіне енген заң туралы түсіндіреміз. Сонымен бірге елімізде сотталғандардың жазасын шартты түрде мерзімінен бұрын босату және жазаны жеңіл­де­тілген түрге ауыстыру туралы өті­ніш­терін қарау үдерістеріне, сондай-ақ қылмыстық істерді тергеу­ге алқабилерді енгізуді көздейтін қанатқақты жобаның талқыланып жатқаны туралы айтамыз. Біздің ойы­мызша, елімізде алқабилерге адамның кінәсін анықтау құқығы бе­ріл­се, олар сотталған адамның тү­зелу дәрежесін және бостандықта қайта әлеуметтену мүмкіндігін қам­та­масыз етуді де объективті түрде баға­лай алар еді.

Олар негізінен шартты түрде мерзі­мінен бұрын босатуға қатыс­ты мәселелер төңірегінде жүгінеді, кейбіреулері жұмысқа орналасу­ды сұрайды, үкімге шағымдану мүм­кін­дігін және тағы басқа­ларды білгісі келетіндер де бар. Сотталғандарға құ­қық­тарын түсіндіріп, заңгерлік көмек көрсеттік, үкімге шағымдану тәртібін түсіндірдік, – дейді ол.

Жалпы, сотты болып, темір тор­дың арғы жағында отырғандардың бәрін бірдей қоғамға қауіпті көре беруге болмас. Көбі түзеліп, алдына мақсат қойып, болашақ жоспарын да жүйелей жүретіндері аз емес. Сон­дықтан олардың бостандыққа шыққаннан кейінгі қоғамға қайта сіңуі – үлкен мәселе.

 

Балалар тағдыры алаңдатады

Ал жоғарыда айтқан анасымен бірге отырған 3 жасқа дейінгі 42 бала­ның тағдыры расында алаңдатарлық. Амал нешік, елдегі тәртіп, құқықтық жүйе сондай.

– Бұны адамгершілік тұрғысынан бағалай алмаймыз. Жағдай осылай дамыды, бұл мәселені ауыртпалықсыз шешу тетігі әлі жасалмаған. Баланың анасынан бөлінуі – оның дамуы үшін ең үлкен стресс. Иә, жас балалардың анасымен бірге қамауда отыруға мәжбүр болғанын мойындау сана­мызға ауырлық салады, – дейді А.Ластаев.

Бір қуантарлығы, колония аума­ғында аналар балаларын бос уа­қытында шектеусіз көре алатын Балалар үйі бар. Қылмыстық атқару жү­йесі балалар үшін барынша қолай­лы жағдай жасайды. Дегенмен, әрине, оларды үйдегідей жайлы өмірмен еш салыстыруға келмейді.

Өткен жылы Сенат құқық қорғау қызметін жетілдіру және қылмыстық заңнаманы одан әрі ізгілендіру туралы заң жобасын мақұлдағаны есте. Бұл туралы да аз әңгіме айтылған жоқ. Заң жобасында әлеуметтік байланыстарды сақтау мақсатында сотталған әйелдердің бостандыққа шығуына бір жылдан аз уақыт қалған жағдайда оларға балаларын төрт жасқа дейін ұстауға рұқсат беретін норма қарастырылған.

Бізді қуантатыны, уәкіл кеңсесі құқық қорғау институты ретінде қай жерде болса да, әйелдер мен балалар­дың құқықтарының сақталуына бар күш-жігерін салып келеді. Деген­мен түзеу мекемелерінде үнемі назар аударуды қажет ететін бел­гілі бір проблемалардың да бар екенін жасырмаған жөн. Құқық қор­­ғау мекемесінің өкілі ретінде А.Ластаевтан мұндай түйткілдердің шешілуіне қаншалықты ықпал етіп жүргендерін сұрадық.

– Бұл – кешенді көзқарасты қажет ететін жүйелі проблемалар. Олар­дың бір-екі жылдың ішінде толық шешілмейтінін де түсі­нуіміз керек. Дегенмен мен бір­неше ұсыныс жасадым. Соның бірі – жоғарыда айтып өткенімдей, зама­науи көпсалалы аралас күзет коло­нияларының құры­лысы. Бару нәтижелеріне сүйене отырып, біз сотталғандардың тұрмыс жағдайын жақ­сартуға мұқтаж екенін анық түсіндік. Бұл, ең алдымен, әйелдерге, әсіресе жабық мекемелерде туған балалары бар әйелдерге, сондай-ақ мүгедектерге қатысты.

Біз мұндай колонияларды ірі елді мекендерге жақын жерде са­лу­ды ұсынып отырмыз. Бұл бір­­қатар проблеманы, соның ішін­де медициналық көмек пен бизнес үшін қолжетімділікті шешуге көмектеседі. Өкінішке қарай, көптеген кәсіпорын уақыт өте келе жабылуға мәжбүр болып отыр. Өйткені олар үшін мекеме аумағында жұмыс істеу тиімсіз, тым шалғайда, – дейді ол.

Одан бөлек, омбудсмен тағы бір бастама ретінде сотталғандарға оқшауланған жағдайда жоғары білім алу мүмкіндігін беруді атады. Зерттеулерге сүйенсек, жоғары білімі жоқ сотталғандардың қыл­мыс­­ты қайталау ықтималдылығы жо­ға­ры екен.

– Қазір осындай сот­талу­­шы­лар­дың 90 пайызы түрмеде отыр. Кәмелетке тол­мағандар оқу орындарын біті­реді, аттестат алады, бірақ содан кейін олар ҰБТ тапсыра алмайды және жалпы негізде, конкурстық не­гізде ЖОО-ға түсе алмайды. Кон­с­титуцияда Қазақстанның бар­лық азаматының білім алуға құ­қығы бар деп жазылғанымен, шындығында, олардың бұл құқы орындалмай қа­лады. Бұл бастаманы Ішкі істер ми­нистрлігі мен Ғылым және жоғары білім министрлігі қолдап, осы бағыт­тағы жұмыстарды бастағанын атап өткім келеді, – деді еліміздің Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Артур Ластаев.

Айтпақшы, өткен жылы бір ме­кеменің сотталушыларына тәжірибе ретінде мұндай мүмкін­дік берілген екен. Емтихан тапсыр­ған­дардың үшеуі шекті ұпайын жи­наған.