• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Талбесік 14 Тамыз, 2024

Құс төресі азайып кетті

166 рет
көрсетілді

Елімізде табиғат байлығын қорғауға бағытталған «Сұңқар» акциясы бас­талды. 1 тамыз бен 31 қазан аралығын қамтитын акция аясында еліміздің оңтүстігі мен шығысындағы таулы аймақтарды мекен ететін ақсұңқар, ителгі, лашын секілді сирек кездесетін құстарды заңсыз аулау әрекетінің жолын кесу күшейе түседі.

«Охотзоопром ӨБ» РМҚК Қызылорда өңірлік филиалының басшысы Расул Махановтың айтуынша, кең ауқымды акция еліміздің 12 облысы аумағында ұйымдастырылып отыр. «Бүркіт – құстың патшасы, ақсұңқар – құстың төресі, қаршыға – құстың ұрысы, лашын – құстың жендеті» деген ертеден қалған сөз бар. Мамандар сол құс төресінің кейінгі жылдары күрт азайып кеткенін айтады. Зеңгір көкте еркін самғаған ақсұңқар, ителгі, лашын құстарын аулап, оларды сыртқа сатудың салдарынан қазір елімізде бұл отрядқа жататын 100-150 жұп қана ұялайды деген мәлімет бар. Алматыдағы «Сұңқар» питомнигінде жойы­лып кетудің аз-ақ алдында тұрған құс балапандарын өсіріп, жыл сайын табиғатқа елу-алпысын жіберіп отыру қолға алынды. «Қызыл кітапқа» енген бұл құстарды заңсыз аулаумен айналысатындарға Қылмыстық кодекстің 339-бабында қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.

«Біздің облыс осы құстардың миграциялық жолында жатыр. Жаңақорғаннан бастап Арал ауданының Сексеуіл стансасына дейінгі тік жарлы аумақтарды мекен етеді. Оларды өңірлік филиалдағы 30 инспектордан жасақталған 5 мобильдік топ қорғайды. Қазір 3 бағытта тосқауыл бекеттерін қойып, жұмыс істеп жатырмыз. Алғашқы қар түскенге дейін қарақанаттанып үлгеретін балапандарды аулайтындар бізде де, көршілес Түркістан өңірінде де бар. Мысалы, былтыр біздің өңірден аулап, Түркістанға өтіп кеткендерді 2 сұңқар, 8 дуадақпен ұстадық. Табиғат байлығын қорғау бағытындағы жұ­мыс­та­рымызға полиция қызметкерлерінің көп көмегі тиіп отыр», дейді өңірлік филиал басшысы Расул Маханов.

«Охотзоопром ӨБ» РМҚК Қызылорда өңірлік филиалы басшысының орынбасары Нұридин Қасымов сұңқарлар туралы көп дерек айтты. Біздің аумақ миграциялық жолы саналғанмен, осы арада тұрақтап қалатын түрлері де бар. Қыс жылы, азығы мол болса тіпті қыстап та қалатындары кездеседі. Сібір жақтан келетін ителгі, лашынмен салыстырғанда Үстіртті, одан бергі Бозой мен Сексеуілді, Созақты мекендейтін жергілікті құстар шағындау келеді. Бірақ бұлардың жылдамдығы ересен болатын көрінеді. Жорға дуадаққа салу үшін сырттан келіп аулайтындардың көбіне Үстірт пен оңтүстікті жағалайтыны да содан болса керек.

Бұрын жылына шекарадан сұңқарды білдірмей сыртқа алып кетуге оқталғандардың бірнешеуі ұсталып жататын. Қазір бақылау күшейгендіктен, мұндай көріністі байқай бермейміз. Зеңгір көк төресінің тыныштығын қорғайтын мамандар талай браконьерді қолға түсірген. Бірақ көп ретте солардың қылмысын дәлелдеу мүмкін болмай қалады.

«Бұрын еркіндеу қимылдайтын бра­конь­ер­­л­ердің жолы қазір кесілді деуге болады. Бірақ ұсталар сәтте құсты көлік терезесінен ұшырып жіберетін қаскөйлерге қылар қайранымыз болмай тұр. Олардың арнайы дайындаған тұзағын, аулау құралдарын тауып алсақ та, ештеңе жасай алмаймыз. Зардабы олардан да асып түсетін тағы бір келеңсіздік туралы айта кетейік. Бұл құстарыңыз далалықта ұясын өрмелеп адам, жорғалап жылан шыға алмайтын жоғары кернеулі электр бағаналарына салады. Өрт қаупі жоғары болғандықтан, электриктер бұл ұяларды бұзып кетеді. Бұл олардың жұмысы дегенмен де жыл сайын жүздеген балапан осылайша опат болып жатыр. Бұл мәселені талай мәрте көтердік. Бірақ шешімін таппай келеді», дейді Нұридин Қасымов.

Сұңқар тектес құстарды қорғау шаралары әр елде әртүрлі болып келеді. Бірақ солардың ішінде еліміздің тәжірибесі көп мемлекеттен алда тұр.

 

Қызылорда