Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы маймыл шешегінің таралу ауқымы ұлғайып келе жатқанын ескертіп дабыл қақты. Африка құрлығында, Еуропа елдерінде тіркелген маймыл шешегі инфекциясының таралуына жол бермей, сақтық шараларын күшейту маңызды болып тұр. Бүгінде елімізде қатерлі індет тіркелген жоқ.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев маймыл шешегі қатерлі дертінің елде пайда болмауына күш салып, қажетті шаралар қабылданып жатқанын жеткізді. Қауіпсіздік мақсатында әуежайлар мен шекаралық өткелдерде санитарлық-карантиндік пункттерде бақылау қызметі күшейтілген режімге көшті. Әсіресе маймыл шешегі індеті тіркелген елдерден келетін азаматтарға баса назар аударылып, жіті тексеруден өткізбек. Денсаулық сақтау министрлігі инфекцияның таралуына жол бермеу мақсатында эндемиялық елдерге сапарға шығуды жоспарлап отырған азаматтарға үндеу тастап, сақтық шарасын қатаң ұстануды ескертіп отыр. Аса қажеттілік туындамаса, маймыл шешегі тіркелген мемлекеттерге ахуал бәсеңдегенше бармауға кеңес береді. Қатерлі инфекцияның алғашқы белгілері пайда болса, бірден дәрігердің кеңесіне жүгінуді ұсынады.
14 тамыздан бастап Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Африканың бірнеше мемлекетінде маймыл шешегі індетінің өршуіне байланысты төтенше жағдай жариялаған еді. Әлемді алаңдатып отырған маймыл шешегі инфекциясы тек Африка елдерінде ғана емес, басқа да мемлекеттерге таралып жатыр. Екі жылдың ішінде 100-ден аса елде осы індет тіркелген. 100 мыңға жуық адам жұқтырған індеттің алдын алмаса, өте қауіпті екенін дүйім ел жете түсініп, қатерден қорғанудың қамына кіріскен. Маймыл шешегі індетін мониторинг жүргізу мақсатында елімізге келімді-кетімді азаматтарды бақылау жүзеге асады. Әуежайда, теміржол бекеттерінде автомобиль жолдарындағы кедендік бақылап өткізу пункттерінде арнайы құрылғы орнатылған. Маймыл шешегінің негізі симптомы – дене қызуының көтерілуі, теріде түрлі дақтың пайда болуы. Қатерлі дерттің арнайы емі, профилактикалық емдеу де әлі айқындалмаған, тіпті екпе де әлі шығарылмаған. Сақтық шарасын күшейту үшін қажетті ПТР тест сатып алынған.
«Коронавирус індеті көрші Ресейде, Еуропаның өзге мемлекеттерінде қайта бас көтеріп, өршіп келеді. Маусым айымен салыстырғанда шілде айында қатерлі вирус індетін жұқтырушылардың саны артқанын жеткізді. Бірақ былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда әлдеқайда төмен, нақты айтқанда 8 есе азайған. Кеселге байланысты эпидемиологиялық ахуал тұрақты», деді вице-министр.
Жыл сайын санитарлық бас дәрігер мемлекеттік қаулы қабылдайды. Биылғы жеті айдағы дерек бойынша 1 290 адам коронавирус инфекциясын жұқтырған. Науқастардың барлығы – ересек, 18 жастан асқан. Бұл індеттен биыл елімізде өлім дерегі тіркелмеген. Қыркүйек айынан бастап маусымдық тұмауға қарсы екпе егу басталмақ. 2 миллион 200 мың доза вакцина сатып алынған. Ең алдымен, осал топ санатына жататын созылмалы сырқатқа шалдыққандарға, декреттік демалыстағы әйелдерге, балаларға салынбақ. Вице-министр медициналық қызметкерлерге де тұмауға қарсы екпе егілетінін айтты.
Коронавирус індетінің өршуіне байланысты медициналық маска тағу жалпыға бірдей міндеттелмейді, тек медициналық мекеме қызметкерлеріне үнемі тағып жүру жүктеліп отыр.
Сонымен қатар Т.Сұлтанғазиевтің айтуынша, МӘМС жүйесі бойынша медициналық қызмет түрлеріне қатысты тарифтердің өзгеруі науқастарға әсер етпейді. Қажетті медициналық көмек түрін алады. Медициналық қызмет түрлерінің ішінде компьютерлік томография (КТ), МРТ-ға түсудің бағасы қалтаға айтарлықтай салмақ салып келгені анық. Биылғы 1 қыркүйектен бастап 20 пайызға КТ мен МРТ тарифтері арзандамақ.
Облыс орталығы былай тұрсын, аудан орталығынан шеткері қоныстанған шалғай ауылдарда жедел жәрдем бригадасы жеткілікті ме деген сауалға жауап берген министрлік өкілі стандарт бойынша 10 мың адамға 1 жедел жәрдем бригадасы бөлінетінін айтты. Яғни аудан орталығынан 50-90 шақырым қашық жатқан екі-үш ауылдың халқына 1 жедел жәрдем бригадасы бөлінеді деген сөз. Денсаулық сақтау министрлігі амбулаторлық емханалық және жедел жәрдем басқармасының басшысы Әсел Қыдырәлиеваның айтуынша, елімізде 1 504 жедел жәрдем бригадасы бар. Бұл бригаданың 80 пайызы – фельдшерлік, 20 пайызы – дәрігерлік бригада. Басқарма басшысы жедел жәрдем стансалары орталықтандырылғанын атап өтті. Яғни аудан, облыс орталықтары мен қалаларда шоғырланғанын жеткізді. Барлық елді мекен жедел жәрдем бригадасымен қамтылғанын ескертті.
Брифингте Т.Сұлтанғазиев кадр тапшылығын оңтайлы шешу, қажетті құрал-жабдық, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жайын қозғады. Кейінгі үш жылда медицина қызметкерлеріне деген зәрулік айтарлықтай азайып, кадр тапшылығын реттеуде оң үрдіс байқалып келеді.
Қазақстанда басқа елдердегідей медициналық кадрлармен қамтамасыз ету проблемасы демографиялық, географиялық және социалды экономикалық факторларға тікелей байланысты. Биылғы қаңтар айындағы статистика бойынша денсаулық сақтау саласында 270 мың медициналық қызметкер еңбек етеді. Оның ішінде дәрігерлер – 81 мың, орташа медициналық персонал – 191 мың.
Биыл денсаулық сақтау мамандарының жас буыны рекордтық көрсеткішке жетті – 10 500. Олардың басым көпшілігі медициналық жоғары білімді тегін алып отыр. Медициналық жоғары оқу орны түлектерінің үштен екісі, яғни 4 мыңнан аса маман кадр тапшылығын жабу үшін медициналық ұйымдарға жұмысқа орналасқан. Министрлік жыл сайын білім берудің барлық деңгейі бойынша 5 600 грант мөлшерінде мемлекеттік білім беру тапсырмасын орындайды. Биыл өңірлердің қажеттілігіне сай орналастырылған 2 500 резидентура гранты бөлінді.
Медицина қызметкерлерінің тапшылығын азайту үшін республикалық бюджет гранттары шеңберінде оқыған түлектердің 46 пайызына арнайы бағыт берілді. Яғни 4 мыңға жуық жас маман деген сөз. Бұралдың ішінде 2 800 кадр қалаға, ал ауылдық жерлерге 1 200 маман бөлінген. Қабылданған шаралар медицина мамандарының тапшылығын 84 пайызға азайтуға мүмкіндік берген. Әсіресе аудан орталығында, ауылдық жерлерде 98 пайызға дейін, ал қалаларда 76 пайызға дейін кадр тапшылығын азайтқанын атап өтті вице-министр.
«Бұл ретте грант иеленушілердің 22 пайызы бірқатар дәлелді себептер бойынша жұмыс өтеу міндетінен босатылды. Денсаулық сақтау министрлігі өңірлерге жұмысқа орналасу және білім грантын өтеу үшін түлектердің тізімін де жібермек. Биылғы 14 сәуірде Мемлекет басшысы кейбір заңнамалық актілерге денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңға қол қойды. Бұл құқықтық және қаржылық қорғау, кәсіби қызметке кепілдік беруді енгізуді көздейді. Ең алдымен, медицина және фармацевтика қызметкерлерінің мәртебесін, сондай-ақ халыққа көрсететін медициналық қызметтің сапасын арттыруға бағытталған», деді вице-министр.