Батыс Қазақстан облыстық Полиция департаменті «Орал – есірткісіз қала» атты жаңа бағдарламаны іске қосты. Департамент басшысының айтуынша, бағдарлама аясында жыл соңына дейін нашақорлыққа қарсы кешенді іс-шаралар қолға алынбақ.
Қазіргі таңда облыста есірткіге тәуелді 722 адам есепте тұр. «Өкінішке қарай, нашақорлар тізіміндегі адамдар жасарып барады, олар – орта есеппен 30 жасқа дейінгілер. Өңірдегі ең жас нашақор – 14 жаста», дейді облыстық полиция департаментінің басшысы, полиция полковнигі Арман Оразалиев.
Шынында да есірткіге қатысты қылмыстар қанатын кеңге жайып барады. Былтыр Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарының, Алматы мен Шымкент қалаларының 8 тұрғынынан құралған қылмыстық топ ұсталып, өңірде 1,5 тоннадан астам «көкнәр сабағы» тәркіленген. «Мұнда 150 млн доза бар, ал оның құны 14 млрд-тан астам теңгені құрайды», дейді полиция басшысы. Қазір бұл қылмыстық іс сотқа жолданған.
Жыл басынан бері өңірде 162 құқық бұзушылық анықталыпты. Оның 54-і – есірткі қылмысы, соның ішінде 26 факті есірткіні өткізуге қатысты болып отыр.
«Заңсыз айналымнан 32 кг есірткі тәркіленді, оның 25 килосы – марихуана, 600 грамы – гашиш. Орал қаласының 5 тұрғынынан құралған қылмыстық топ ұсталды, олар 2 интернет-дүкен ашқан. 2500 дозадан астам «гашиш» тәркіленді, құны 6 млн теңгені құрайды».
Осынау хабарларды естігеннің өзінде көңілді алаң билейді. Өйткені бұл дәл қазір, айналамызда болып жатқан оқиғалар. Ал бұл қоғамда біз, біздің балаларымыз, қорғансыз сәбилер де жүр ғой.
– Нашақорлық – болашағымызға қауіп төндіретін аса қатерлі індет. Сондықтан Орал қаласындағы зиялы қауым, белсенді ортамен арнайы кездесіп отырмын. Есірткімен күрес – тек полицияның міндеті емес. Бұл бүкіл қоғам болып атқаратын ортақ жұмыс. Алдын алу жұмыстарын бастауыш сыныптан бастау керек. Бірінші кезекте педагогтермен бірге есірткінің зияны туралы сабақтар жүргізіп, көрнекі ақпараттарды көрсете отырып түсіндірген жөн. Балаға есірткіні қолданған адамның денсаулығы ерте нашарлап, кеміс, мүгедек болатынын, ата-ана болу қабілетінен айырылатындығын, тіпті 5 жылдың ішінде қиналып өмірден өтетінін түсіндіріп, санасына құя беру керек. Егер біреу баланы мұндай әрекеттерге мәжбүрлесе, ол ата-анасына, мұғалімдеріне ескерту қажет. Бұл жұмысқа нарколог-дәрігерлерді де тарту ұсынылады. Қазір түрлі интернет желілері арқылы кәмелетке толмағандарды есірткіні таратуға шақыратын хабарландыру көбейді. Ата-аналар балаларының әлеуметтік желідегі іс-әрекетін үнемі бақылауы керек. Себебі мұндай әрекет үшін қылмыстық жауапкершілік 14 жастан басталады. Сот практикасы бойынша 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған, – деді Арман Оразалиев осы тақырыпқа орай өткізілген баспасөз конференциясы кезінде.
2020 жылы Теректі ауданында Қазақстанда бірінші рет синтетикалық есірткі зертханасы әшкереленген болатын. Мұнда Украина азаматтары есірткі жасаумен айналысқан, олар бүгінде 17, 18 жылға бас бостандығынан айыру жазасына сотталып кетті. Көршілерінің айтуынша, сол үйдің қасынан өткір иіс шығып тұрған. «Егер көршілері полицияға иісті сезген уақытта хабарласқанда, олар ертерек ұсталатын еді. Өйткені лабораторияларды жағымсыз өткір иісі арқылы да білуге болады», дейді полиция басшысы.
Бір қиыны – синтетикалық есірткіні дайындау қиын емес екен. Ол үшін арнайы жабдық (колба) және конструктор (прекурсор) ғана қажет көрінеді. Бірақ мұндай лабораторияны анықтаудың бір жолы – коммуналдық қызметтер бойынша есептеуіш құралдарды зерделеу екен. Егер нысанда газ немесе электр жарығы тым көп пайдаланылған болса, онда бұл жерде зиянкес зертхана болуы әбден мүмкін. «Сондықтан коммуналдық мекемелер, саяжай бірлестіктерінің төрағалары, пәтер иелері кооперативтері осы мәселеге мұқият болғаны дұрыс», деді Арман Оразалиев.
Бүгінде есірткіні әлеуметтік желілер арқылы тарату жолға қойылғаны өтірік емес. Есірткіні сатушылар «Телеграм» мессенджері арқылы интернет-дүкен ашып, есірткіні ұсынады. Клиент ақшасын жібереді, сатушы есірткіні жасырған орынның фотосуретін жібереді. Полиция мұндай орындарға бейне камералар орнатып, есірткіні жасырған адамдарды анықтауға тырысып жатыр.
Есірткі сатушылар әдетте осы іске кәмелетке толмаған жасөспірімдерді тартады. Интернеттен «оңай әрі тез табыс таба аласың» деген хабарландыруды көріп, әлеуметтік желіде көбінесе отыратындар жас балалар осы хабарландыруға алданып қалады.
Кейінгі 6 ай ішінде облыста есірткіні жасырушы 14 адам полицияға ұсталған екен. Оның біреуі – 10-сынып оқушысы, үшеуі – колледждің 1-2 курс студенті. Олардан «Мефедрон» синтетикалық есірткі заты бар 40 ZIP-пакет тәркіленген. Ақыр соңында 1 жасөспірім 7,5 жылға бас бостандығынан айыру жазасына сотталды, колонияға қамалды.
Былтыр да өңірде кәмелетке толмаған 3 адам: 11-сынып оқушысы мен колледждің 2 студенті 7,5 жылға сотталған болатын. «Бұл балалар тұрмысы жақсы отбасында тәрбиеленген, тіпті 10-сынып оқушысы есірткіге қарсы акцияларға белсене қатысып жүрген, тек оның адасқаны – өздігінен ақша табамын деп ойлаған. Бұл жерде ата-ананың және мектеп мұғалімдерінің кінәсі бар», дейді Арман Оразалиев.
Полиция департаментінің басшысы кейінгі кезде өзекті болып отырған тағы бір мәселеге назар аударды. Ол – «Смешарик» немесе «Веселящий газ» деп аталатын психотроптық препараттар.
Бұл N2O – азот оксиді, түссіз жанбайтын газ, тәтті дәмі, жағымды иісі бар, оны қолданған адам өзімен-өзі күле береді, эйфория, тілінде атрофия болады, есте сақтау қабілетін жоғалтады екен. Орал қаласына бұл зат көршілес Ресей мемлекетінен медициналық, тамақ және өнеркәсіп саласында сату үшін әкелінеді. Ресейдің өзінде 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап мұны медициналық мақсатта қолдану үшін тыйым салынды, елімізде де қолданылмайды. Алайда бұл заттар Орал қаласының көңіл көтеру орындарында еркін сатылымда екен, оны ешкім бақыламайды да.
«Сондықтан санитарлық-эпидемиологиялық станса, фармацевтикалық бақылау және басқа да қызметтер шұғыл түрде бірлесе дабыл қағып, осы проблеманы шешуіміз керек. Егер бұл газ түрі бақылаусыз қала берсе, есірткіге тәуелді адамдар санының көбеюіне әкеліп соғады», дейді Арман Оразалиев.
Ресей мен Ұлыбритания елдерінде бұл үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған болса, Қазақстанда әкімшілік жауапкершілік қана көзделген. Қазіргі уақытта қылмыстық жауапкершілікке тарту жөніндегі мәселе Парламент Мәжілісінде қаралып жатыр. Айтпақшы, биыл 20 маусымда вейпті өткізуге тыйым салу туралы заң күшіне енген болатын. Бұл үшін 200 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салу немесе 60 тәулікке дейін қамауға алу көзделген. Осы заң қолданысқа енгелі бері, шілде айында Орал қаласында 2 адам ұсталды. Оның біреуі 14 жастағы жасөспірім «Телеграм» мобильді қосымшасы арқылы электронды темекі сатып алған, екіншісі – сатушы, оның үйін тексеру кезінде 90 шылым, оны пайдалануға арналған 137 құрал тәркіленген.
Әрине, Полиция департаменті бастаған жаңа бағдарламаны жиынға қатысқан құқық қорғау және мемлекеттік органдардың өкілдері, еріктілер, депутаттар, спортшылар, психологтер, нарколог-дәрігерлер бір ауыздан қолдады.
– Бұған дейін біз нашақорлыққа қарсы күресу бойынша қысқамерзімді іс-шаралар, акциялар, рейдтер өткіздік. Нәтижесінде, белгілі бір ақпарат бойынша жұмыс істеп, күдіктілерді ұстап құрықтадық. Ал енді жаңа бағдарламаның ерекшелігі қанатқақты жоба ретінде – ұзақмерзімді іс-шаралар жыл соңына дейін жүргізіледі. Бұл бағыттағы жұмысқа барлық мүдделі қызметті, педагогтерді, ата-аналарды, жалпы қоғамды жұмылдыру көзделіп отыр, сондықтан барша азаматтарды бейжай қарамауға шақырамыз.
Жыл соңында бағдарламаның әрбір тармағы бойынша атқарған жұмыстарға талдау жасап, тиімділігі мен кемшіліктерді анықтаймыз. Барлық құқық қорғау органымен, мемлекеттік мекемемен, қоғамдық бірлестікпен бірге 2025 жылға арналған жоспар құрып, талдау нәтижесі бойынша бағдарламаны жетілдіретін боламыз, – деді Арман Оразалиев бағдарламаны таныстыра келіп.
Жиынға қатысқан облыс прокурорының орынбасары Азамат Сәтбаев, облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Дархан Қадыралиев, облыстық психикалық денсаулық орталығы директорының орынбасары, дәрігер-нарколог Ерлан Шомбалов, облыстық арнайы мониторингтік топтың жетекшісі Мұрадым Қошқарбаев және басқалар бағдарламаны қолдап, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Әрине, бір кездесуде есірткіге қатысты барлық мәселені айтып тауысу мүмкін емес. Сондықтан есірткімен бүкіл қоғам болып күресуге, бірлесе жұмыс істеуге шақырды. Өңірде құрамына қаланың құрметті азаматтары, белсенді блогерлер, жастар кіретін жұмыс тобы құрылады. Олар жаңа жобаның нәтижелерін ай сайын талдап, талқылап отырмақ.
Батыс Қазақстан облысы