• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 14 Қыркүйек, 2024

Әуе тасымалы: Жолаушы жайын кім ұғар?

386 рет
көрсетілді

Көктегі көлік көпке қол жеткізбей тұр. Жеткізсе де көп­шіліктің көңілі күннен-күнге күпті болып отыр. Әйткенмен әуе тасымалдаушылары жолаушылардың жанайқайын жылдар бойы құлағына қыстырар емес.

Араны ашылған әуе компаниялары

Тіпті елдегі әуе компаниялары мен жауапты органдар осыдан біраз жыл бұрын берілген Мемлекет басшысының тапсырмасын орындауға құлықсыз­дық танытып келеді. Салдары­нан тұтынушылар тарапынан шағым көп, ал мәселенің түйіні тар­қатылар түрі жоқ. Әуе рейс­терін кешіктіруді әдетке айнал­дырғаны былай тұрсын, миллиондап табыс табатын монополис­тер билет бағасын аспандатудан алдына жан салмайтын күйге жетті.

Кейінгі жылдары әуе компанияларына қатысты арыз-шағым жиілеген. Мәселен, Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің дерегінше, былтыр жарты жылдың өзінде әуе тасымалдаушыларына 49 арыз түскен. Ал биыл алғашқы алты айдағы шағымдар саны 68%-ға өсіп отыр. Оның ішінде жо­лау­шы­лар рейстердің кешігуі және тоқ­татылуы, билетті сатып алудан бас тарту және рейстен бас тарт­қаны үшін қолма-қол ақ­ша­ны қайтармау, билеттерді екі рет сату және рейстердің кеші­гуі кезінде шарттарды ұсын­бауға қатысты болған. Жалпы, был­тыр бір жыл ішінде әуе қызмет­терін­ің сапасына 50 мыңнан аса шағым түссе, бұл бұрнағы жыл­мен салыстырғанда 40%-ға артық. 

Елордалық тұрғын Кәусар Сатыбал­дықызы осыдан бір ай бұрын Алматыға жолаушылаймын деп біраз жүйкесін жұқартқанын жеткізді. Оның айтуынша, билетте көрсетілген уақыттың бақандай төрт сағат кешіккенін әуежайға келгенде бір-ақ білген. Алайда әуе компаниясы ұшу уақытын алдын ала хабарлағанын алға тартыпты. Оның өзінде жолаушы үйден бір сағат бұрын шығып кеткенде ғана хабарлама жібергені белгілі болған. Ал, керісінше, Алматыдан Астанаға би­лет алған Аманжол Нұрпейісов «Ел ішін­де қатынауым шекара сыртына шық­қан­нан қымбатқа түсті» дейді. Теле­фон қосымшасы арқылы жеңілдетілген баға­ға билет сатып алғанына оңбай өкінген ол да әуе компаниясының тойымсызды­ғы­на таңданысын жасырмайды.

«Билетті бір апта бұрын акция арқылы 17 мыңға сатып алдым. Бірақ елордаға ерте жету керек болғандықтан ертесі күні билет уақытын ауыстырып беруді сұрадым. Компания билетті өткізгеніме емес, ауыстырып бергеніме айыппұл төлетіп, екінші билетті алдыңғы билет құнынан екі есе бағаға қайта сатып алуыма тура келді», дейді.

Күні кеше Мәжіліс депутаты Ерболат Сатыбалдин қызмет көрсету са­пасы төмендегенімен, ұшақ бағасын күн санап аспандатып жатқан әуе тасы­малдаушыларының мәселесін көтерді. Оның айтуынша, Астана-Ақтау бағы­тында билет құны 60 мыңнан түспесе, жаңа­дан құрылған облыстар: Астана –Семей – 21-60 мың теңге аралығында Астана – Жезқазған – 21-60 мың, Астана – Талдықорған қаласына қатынаудың орташа бағасы – 40 мың теңге.

«Билет құнын әуежайдың алымдары мен жанармай шығыны 80 пайызына жуығын құраса, қалған 20 бөлігі – әуежай компаниясының табысы. Ал енді ұшу уақыты таянғанда «Қазақ эйр» компаниясының 21 мың теңге маңайында сатылатын билеттерді 60 мыңға дейін шарықтатып жіберетіні қалай? Жанар­май мен әуежай қызметі бағасы өзгермесе, өзінің табысын билеттің құнынан үш есе өсіріп, қысылтаяңды пайдаланып, ашкөздікпен пайда тапқаны ма? Бағаның бұлай динамикалық өсуі нарықтың сұранысымен түсіндірері хақ, алайда халықты кім ойлайды? Оқыстан өлім-жітімге, шұғыл шаруасы шыққан жандардың үстінен пұл айырып, қалтасын қағу адамгершілікке сай ма? Бұл баға жүйесі халықты қанауға ғана бағытталған», дейді депутат.

Сондай-ақ ол лоукостердің де нар­қы шарықтап тұрғанына қынжылыс біл­дірді. Мысалы, біздегі лоукостермен 1,5 сағат­тық ұшу көрші елдердің бағасынан екі есе қымбат. Оның үстіне жолаушылар ұшаққа билет бола тұра салонындағы орынды бөлек сатып алуға мәжбүр. Бір сөзбен айтқанда, әуе қатынасы халыққа қолжетімсіз екенін айтқан ол баға саясатын қайта қарап, әуе тасымалы сервисі мен қызмет көрсету сапасын жақсарту азаматтық авиация саласындағы құзыр­лы органның бағаларды реттеуді мемлекет­тік бақылауын үнемі жүзеге асыруын, бағаны ретсіз белгілейтін және сапа­сыз ұшақтармен қызмет көрсететін әуе компанияларына тиісті жазалар қолдануын, ұшаққа билеті бар адамдардың үстінен орынсыз алымдарды алуды тоқтатуын талап етті.

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек те жа­қын­да тұтынушылардың құқы­ғын қорғау мәселесі қаралған отырыста «Air Astana» және «Fly Arystan» компанияларының қай­тарылмайтын авиабилеттері туралы мәселемен бөліс­ті. Оның айтуынша, елдегі әуе компаниялары халықтың құқығын таптайтын әрекеттерге жиі жол береді. Тіпті бүгінде бұл сала лоббизмнің ордасына айналды. «Air Astana», «Fly Arystan» cияқты компаниялардың бассыздығы мен заңсыздығынан, былықтарынан халық шаршады. Соған қарамастан әуе тасымал­даушылар билеттерді қайтармайды, не рейстерді кейінге қалдырады. Сонымен қатар мәжілісмен мүгедектігі бар азаматтар мен жасөспірімдерді рейстен қалдырып отырғанын жеткізді. Айтуынша, лоббистер кезінде тұтынушыларды қор­ғауды көздейтін тексерістің бәрін алып тастады. Олардың құрығы әлі де ұзын. Енді олар көтерілген билеттің құнын қайтадан көтеруге тырысып жатыр.

 

Министрлік кімнің мүддесін қорғайды?

Әуе тасымалы сапасы сын көтер­ме­се де, жыл санап билет құнын қолдан шарықтатып жатқандарға келгенде заңы­мыз осал, айыппұл көлемі аз, билет бағасын бақылап отырған құзырлы органдар жоқ. Кейінгі жылдары әуе жолаушылар көлігі қызметі бірнеше есеге қымбаттаған. Айталық, былтыр бір жылда ұшақ билеттері 27%-ға қымбаттады. Алайда отандық авиакомпаниялардың бағасы мен сапасының сәйкессіздігі жиі сөз болады. Сондай-ақ бұл секторда заң бұзушылықтар да жиі тірке­леді. Мәселен, Алматы қаласының авиа­циялық көлік прокуратурасы «Fly Arystan» АҚ әуе ком­паниясы қызметіне жолаушылардың құқық­тарын сақтауына тексеру жүргізіп, халықаралық рейстерге билеттерді сату кезінде 2 жастан 12 жасқа дейінгі кәмелетке толмаған жолаушыларға 50% көлемінде арнайы жеңілдіктер қолданбағанын анықта­ған. Айтпақшы, авиакомпаниялардың ұшаққа мүгедектігі бар адамдардың санын екі адамнан аспайтын ережесі тағы бар. Есесіне, баға құнын өздері белгілейтін компаниялар жолаушыларға келгенде түрлі ереже ойлап тауып, қалауын тапса, қазақтың қара домбырасына да қосымша құн төлету үшін қолсөмке санатынан сызып тастай алады.

Бұл туралы Парламентте депутат Аман­жол Әлтай да қозғады. «Домбы­ра­ны ұшақ бортында алып жүруге шек­теу бар. Бұл біздің ұлттық намысымыз­ды қорлау деп түсінеміз. Қазақтың қасиетті домбырасы – қатардағы жүк емес, біздің ұлттық құндылығымыз. Сондықтан әбден тайраңдап кеткен әуекомпанияларын қашан тәртіпке шақырасыздар?» деп ашынған депутат сауалына Көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиев әуе кемелерінде музыкалық аспаптарды тасу олардың габариттеріне байланысты екенін еске салған. Демек министрліктің негізгі міндеті – жолаушыларға жайлылық сыйлау емес, отандық авиакомпаниялардың мүдделерін қорғау екені айтпаса да түсінікті секілді. Әйтпегенде киелі аспапқа келгенде әрбір ұсақ-түйекке мұқият назар аударатын министрлік әуе компаниясының қауіпсіздігін де солай қадағалар еді деп ойлайсың. Мәселен, ішкі нарықта көш бас­тап жүрген әуе компаниялары адам­дарға алғашқы көмекті ұсына алмай жүр. Есте болса, тележүргізуші Ләйлә Сұлтан­қызы «FlyArystan» әуекомпаниясына тие­сілі ұшақ ішінде жеңіл жарақат алған. Компания қауіпсіздік шарасын сақтамағанын былай қойғанда, алғашқы көмек көрсетуге қажетті қобдишалары бос тұрған.

Халықтың жағдайына қарайласуға тиіс министрлік Жолдауда айтылған тапсырманы орындаудың орнына, жергілікті әкімдіктің жұмысын өз атына таңуды әбден меңгеріп алғанға ұқсайды. Авиасарапшы Абыл Кекілбаевтың айтуынша, осыдан бес жыл бұрын берілген тапсырманың соңы сиырқұйымшақтанып кетті.

«Бізде тозығы жеткен әуежайлар көп. Тіпті Астана мен Алматыдағы әуе­жайдың жағдайы көңіл көншітпейді. Қазір өзін-өзі асырай алмай жатқан әуе­жай­ларды шетелдіктерге беріп жатыр. Бір қызығы, күні кеше ғана ашылған Түркістан әуежайын Вьетнам инвесторларына бергелі жатқаны туралы естідім. Алайда арада қандай келісімшарт жасасып жатқаны ашық айтылмайды. Министрліктің не ойлағанын білмеймін, бірақ техникасы, жаңа терминалдары бар, кем дегенде бес жыл ішінде қосымша ақша құюдың қажеті жоқ Түркістан әуе­жайын шетелдік инвесторларға беру қан­шалықты дұрыс? Оның орнына Көкше­­тау, Петропавл, Мемлекет басшысы айтып отырған Балқаш әуежайына инвес­­тор тартып бермейді ма? Себебі инвес­тор тартудың негізгі мақсаты – жұмысты алға жылжыту және сол жұмысқа көп қар­­жы құю. Ал біздікілер дайын тұрған әуе­жай­ды беріп, көзбояушылыққа барып отыр», дейді А.Кекілбаев.

Сөзінің жаны бар. Себебі Президент инвестиция тарту дегенде су жаңа әуе­жайды беруді айтып отырған жоқ. Ескі әуежайлардың жағдайын жақсартып, ішкі рейстердің сапасын арттыруды міндеттеген жоқ па?

 

Табысты санаулы компания көреді

Қарап отырсақ, қазір ішкі нарықта санаулы ғана компания түгел саладағы табысты өзі тауып, әуежайларды жа­лаңаш қалдырды. Осылай деген сарапшы маман: «Әуежайлардың жағдайы жү­ректі ауыртады. Техника жетіспейді, қыз­меткерлердің жалақысын төлей алмайды. Маусым кезінде ұшақтар жет­пей­ді. Сол үшін билет бағасын қолдан көтеріп жібереді. 20 жылдан аса уақыт бойы әуе компаниясы ғана табыс тауып, әуежайлар табыссыз қалды. Өйткені әуе компанияларының артында лоббистік топ мықты жұмыс істеп жатыр. Қызығы сол, қазір Азаматтық авиация комитеті «дайын асқа тік қасық» болып, жергілікті әкімдік пен жеке инвесторлардың істеген жұмысына ортақтасып отыр. Келесі аптаның ішінде Мемлекет басшысы Шымкенттегі әуежайдың терминалын ашады. Осы терминал кәсіпкерлердің өз ақшасына салынған. Керісінше, кезінде Үкімет тегін беремін деген жерін сатқызып, 2-3 жұмысты кідіртіп қойды. Қызылорда қаласында да жекеменшік меценаттар әуежайға жаңа терминал салып берді. Бұл да меценаттар мен әкімшіліктің келісімі нәтижесінде жүзеге асқан. Ал жұмыс нәтижелі біткенде Көлік министрлігі «біз салып бердік» деп көзбояушылыққа барып отыр. Атырауда да осындай жағдай қайталанып жатыр», дейді.

Сарапшының сөзіне сенсек, Мемле­кет басшысының туристік бағыттағы әуе­жайларды салу туралы тапсырмасы алаңдатады. Өйткені тиісті министрлік облыс пен қалалардағы әуежайдың жағ­да­йын жасай алмай жатқанда туристік ба­ғыт­тарды қосуға қауқары жетеді дегенге сену қиын.

«Бес жыл бұрын Ақтөбе әуежайында мультимодельді хаб жасалу керек болған. Әлі көрген жоқпыз. Қазір ішкі рейстердің бағасы шарықтағаны былай тұрсын, ел ішінде бір қаладан бір қалаға тіке рейс жоқ. Өткен жолы Қызылордадан Павлодарға ұшу үшін Алматыға удай қымбат билет алдым. Қызылордадан Павлодарға тез арада ұшып бару құны Түркістаннан Түркияға баратын билеттен қымбат. Жол мұраты – жету. Сондықтан қымбат болса да алуға мәжбүрсің. Ішкі нарықты «Air Astana»-ға тапсырдық. Себебі басқа әуе компанияларды ішкі нарыққа кіргізбейміз. Қолдан жасаған қымбатшылыққа көндігуден басқа амалы жоқ», дейді авиасарапшы.

Ал шетелге шығатын рейстердің 70 пайызын әуекомпаниялар алдын ала сатып жібереді де, қалған 30 пайыз билетті қолдан қымбаттатып, халықтың қалтасынан алып отыр. Тіпті қазір бес килодан асқан жүгің үшін бір билеттің құнын сұрайды. Сондықтан шетелге ұшу тиімді. Ал ішкі нарыққа қанша ұшақ қойсаң да уақытында ұшпайды. Әуе тасымалында бәсекелестік жоқ. Мысалы, «Air Astana» мен оның еншілес компаниясы «Fly Arystan»-ның» ішкі нарықтағы үлесі – 70, «Скат» – 29, «Қазақ эйрдің» табысы – 4 пайыз ғана.

 

Қолданыстағы заңды қолдануға құлықсыз

Мәжіліс депутаты Самат Мұсабаев осылай дейді. Оның айтуынша, 2022 жылы бір топ депутат көлік тасымалына қатысты заңға түзету енгізіп, сол жылы Мемлекет басшысы қол қойған. Осы заңда егер әуе тасымалдау компанияларының кінәсінен кешігу болған жағдайда жолаушыға әрбір сағаты үшін компания билет құнының үш пайызын төлеуге міндеттелді. Яғни бір сағат кеш қалса, билет құнының 3 пайызы, екі сағатқа 6 пайызы, үш сағатқа 9 пайызы төленеді. Пайыз көлемі кешіккен сағат сайын қосылып отырады. Мәселен, билет құны 70 мың делік, жолаушы – 10 сағат кеш қалса, компания билеттің 30 пайызын төлейді. Бұл заң ұшаққа ғана емес, пойыздар мен автобустарға да қатысты.

«Осы заңды Көлік министрлігі орын­датуға құлықсыз. Бір жолы Астанадан Ақтауға ұштым. Ұшақ үш сағатқа кеш қал­ды. Арыз жаздым, алайда бұл ұзақ уақытты алды. Себебі арыз жазу төрт ке­зең­нен тұрады. Мұндай бюрократия­лық кедергілерден өтуге жолаушы жүйкесін жұқартқысы келмейді, кейбірінің сауаты жетпейді. Бұл үшін тиісті заңды орындатуды оңайлатып, телефон қосымшасын іске қостыру аса қиын жұмыс емес. Барлық жолаушы бір мезгілде қосымша арқылы арыз түсірсе, компания миллиондаған шығынға жатады. Әр рейстен шығын көрсе, шырылдаған халықты түсініп, тасымалдаушы компанияларда тәртіп орнайтын еді», дейді депутат.

Мәжілісменнің сөзінше, қолда­ныстағы заңда кешігу хабарламасын жіберу, екі сағат кешіксе, су мен шай, балалы аналар мен мүгедектігі бар адамдарға бөлме тауып беру керек. Ал жеті сағат кеш қалғанда қонақүйге орналастыруға міндетті. Сондай-ақ кешігудің салдарынан жолаушы діттеген жеріне барудан бас тартса, компания билеттің түгел бағасын қайтару керек. Бір елден бір елге, бір қаладан екінші қалаға ұшуда да осындай кедергілер болған жағдайда, билет құны бір пайыз ұсталмай тұтынушыға төленуге тиіс. Бірақ бұл да орындалып жатқан жоқ. Себебі ақшаны өндіріп алудың жұмысы көп. Ал өздері бір қағазбен-ақ айыппұлын қағып алады.

«Билет сағат сайын қымбаттайды. Бағаны қадағалайтын мемлекеттік мекемелер қалғып кетті. Шын мәнінде, мем­ле­кекеттің қарамағында компания­ның 50 пайыз үлесі бар. Әйтсе де жолау­шы мүддесін орындатуға келгенде күші жетпейді. Сондықтан билет құнын бағаны бақылаушы органдар компания шығынын есептеп, көретін пайдасына қарай бекітіп беруі керек», дейді С.Мұсабаев.

Экономикасы көш ілгері кеткен елдер­ді қойшы, кеше ғана бізбен қатар егемендік алған Әзер­бай­жанның Бакудегі әуежайы мен ішкі рейс­теріндегі сапа көрсеткі­шін бізбен салыс­тыруға келмейді. Ал бізде алтын уақы­тын әуе компанияларына ұрлатқан жолау­шылар жүктерін де сағат­тап күтуге мәж­бүр. Осыған қарағанда, әуежайдың аумағына көлікпен кіргеннен бас­тап халықтың қалтасын теспей соруды тез меңгергендерге Мем­лекет басшысының бәсекелестік орта қалыптастыру туралы тапсырмасын орын­дамаған әлдеқайда оң шешім болып тұр­ған секілді.