• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 17 Қыркүйек, 2024

Әлеуметтің әуелгі арманы – әуежай

97 рет
көрсетілді

«Катонқарағайда әуежай салынады» деген жаңалықты ресми жиындарда естіп келе жатқа­нымызға он жылдан асты. Кейінгі жылдары ел бұл ақпаратқа назар аударуды да қойған. Күні кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Катонқарағай мен Зайсан аудандарында туризмнің әлеуетін дұрыс пайдалану қажет екендігін айта келіп, қос ауданға әуежай салынады дегенді естіген ел, шын қуанды. Себебі Мемлекет басшысының аузынан шыққан сөздің орындаларына көздері жеткен.

«Катонқарағай, Зайсан және Кендірлі өңірлерінің де ту­ристік әлеуетін дұрыс пайдалану қажет. Осындай демалыс аймақтарында сапасы жоғары жол инфрақұрылы­мы бар әуе бекеттері мен әуежай­лар салу керек», деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев. Бұл сөзді есті­ген Катонқарағай, Зайсан, Тарбаға­тай тұрғындары бір-бірінен сүйін­ші сұрасып, құтты болсын айтысып кеткен. Мынау қарбаласқан заманда аудандарға ұшақтың ұшуы көпшіліктің қолын едәуір ұзар­та­ды. Ең бастысы, табиғаты әсем өңірлерге баратын туристердің саны еселенеді. Берел қорық-музейі­нің директоры Алмас Сарбасов­тың айтуынша, енді лек-легімен келетін туристерді қабылдап, сапалы қызмет көрсетілуге тиіс.

– Біздің музейге маусымында 11 мыңдай турист келіп, тамашалайтын. Енді әуежай салынып, үлкен әуе кемелері қатынайтын болса, бұл сан еселенеді. Сондықтан музейлер мен туристік орталықтар қызмет көрсетуді жетілдіруі керек. Туристік операторлар да жауап­­кер­шілікті сезінеді. Туристер ұшақ­пен келгендіктен, оларға мұнда қа­тынап тұруы үшін көлік қа­жет. Демек жергілікті жұрт олар­ға қыз­мет көрсетеді. Қара­пайым тілмен айтсақ, тір­ші­лік қай­най түседі, – дейді Берел қорық-музейінің басшысы Алмас Сарбасов. 

Иә, әуежай ашылып, жолдар жөнделсе, туризм мен кәсіпкерлік сөзсіз дамиды. Жергілікті тұрғын­дар­ға тек ерінбей еңбек ету керек. Оларға мемлекет тарапынан берілетін түрлі жеңілдіктердің ба­ры да рас. Дер кезінде пайдалана білсе, болғаны.

– Әуежай салынады деген­ді Президент аузынан естіп, қуа­ны­­шы­мыз әуелеп кетті. Ол деген ауданымыздың дамуына үл­кен серпін береді. Аудан ашыл­ған­да қалай қуансақ, бүгін солай қуа­нып жатырмыз, – дейді Катон­қарағайдың тұрғыны, ардагер спорт­шы Қабдол Мәмиев.

Дәл осылай Тарбағатай тұрғын­дары да алақайлап жүр. Зайсан ауданында ашылатын әуежайға олар неге малақайларын аспанға атты дейміз ғой. Сөйтсек, көршілес ауданның әуежайына Тарбағатай ауданының орталығы Ақжардан 30-40 минутта жетіп баруға болады екен.

– Мемлекет басшысының Жол­дауын тыңдап отырып, Зайсан ауданында әуежайдың бой көтеретінін айтқанда, төбеміз көкке жеткендей болды. Себебі бізге жақын. Мына тұрған жер. Қалалық жерде де әуежайға жарты сағат, кейде бір сағат жүріп барады. Ал бізге жар­ты-ақ сағаттық жерге ұшақ қонады. Бұл жаңалықты бұған дейін естісек те, арғы жағымызда күмән болған. Президент айтқан соң анық көзіміз жетті. Сенім білдіріп отырғанымыз, Қасым-Жомарт Тоқаев Күршімге көпір салынсын деді ме, әне, жел­тоқсанда ашылады. Елдің елу жылдан бері шешілмей келе жатқан мәсе­лесін бір-ақ сәтте шешкен Мем­­лекет басшысына мың алғыс, – дейді Тар­бағатай ауданының тұр­ғыны Гүл­нұр Болатова.

Әлеуметтің әуелгі арманы – әуежай Жолдауда айтылды. Халық қуанды. Ендігі мәселе – құрылысы қашан басталады? Бұл сұрақты Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмаділовке қойдық.

– Екі әуежай бойынша нақты тапсырма берілді. Жұмыстар 2025 жылдың көктеміне қарай басталады. Ұшу алаңдарының ұзындығы 2100 метр болады. Жобалау жұ­мыс­тары басталмас бұрын топогра­фия­лық аэротүсірілім жасалады. Айта кетейін, зерттеу нәтижесін­де Катонқарағай аулының өзінде ұшақтардың ұшып-қонуы қолай­сыз болса, Солдатов аулының тұ­сын­дағы жазықты қарастырамыз. Ал Зайсан ауданы бойынша Сәтбай аулындағы ескі әскери әуежай­дың орнын қарастырдық. Ол Тар­ба­ғатай ауданы тұрғындарына да жақын болмақ. Марқакөл ауданына да тиімді. Сонымен қатар әуе­жайдың жұмыс істеу кестесі, мамандар­ды жұмысқа тарту мәселесі де құ­зыр­лы органдардың наза­рында болады, – дейді Н.Жұмаділов.

Айтқандай, Омбы – Майқапша­ғай тасжолының құрылысы аяқ­талуға жақын. Демек шекара­дан шыққан жүкті тікелей ұшақ­пен басқа қалаларға тура әрі жедел жеткізуге болады. Иә, бұл – жекелеген аудандарға ғана емес, жалпы Шығыс Қазақ­станға қатынаудың оңтайлы жолы.

 

Шығыс Қазақстан облысы