Астанада он шақты жылдан бері тұратын бір таныс бар еді. Кеше ол «Жиһаз алаяқтары» қалай тақырға отырғызып кеткенін баяндап берді. Оның өзегін өртеген әңгімесін тыңдап отырып, заңы салтанат құрған құқықтық мемлекетте «жиһаз алаяқтарын» неге тайраңдатып қойғанымызды түсіне алмай дал болдым.
«Қармағы» – Instagram
Кейіпкеріміз он жыл бойы баспаналы бола алмай, пәтерден пәтер жағалап, күнелтіп жүрді. Дүниеге іркес-тіркес келген тете төрт бүлдіршіні келіншегінің мұғалімдік қызметіне шығуына жар бермей, жалғыз өзі бірнеше жұмысты қатар істеп, бала-шағасын асырады. «Отбасы» тұрғын үй жинақ банкіне жылдар бойы тірнектеп жиған ақшасының үстіне ипотека жамап, Есілдің сол жағалауынан екі бөлмелі баспана алды. Маңдай тері ақталып, санатқа қосылғанына туған-туыс, дос-жаран, тамыр-таныс – бәрі шын қуанды. Енді пәтер жалдауға ақы төлемейтіні шабыттандырып жіберсе керек, келіншегінің атынан несие рәсімдеген. Несие алғандағы басты ойы – той. Заманауи үйін жаңа жиһазбен әрлеп, үлкен ұлды сүндеттетіп, кіші қыздың тұсауын кесіп, дүркіретіп тұрып қоныстой жасамақ.
Жаңа үйге жаңа жиһаз жарасады. Келіншегі екеуі шат-шадыман көңілмен жиһаз сататын дүкендердің, өндіріс орындарының Іnstagram парақшаларын бірнеше күн ақтарады. Әлеуметтік желінің алгоритмі қандай тауар іздесең, соны тауып бере қояды ғой. Қызылды, жасылды сансыз жарнамалардағы арзан жиһаз ұнамайды, қымбатын қалта көтермейді. Сөйтіп сансырап отырып, жиһаз өндіретін фирманың парақшасын тапқан. Түрлі эскиз, заманауи дизайн, кәсіби мамандардың ұтқыр шешімі, жұтынып тұрған «өнімдер»... Жаңа үйге керектің бәрі бар. Әдеттегі бағадан сәл арзан. Жиһаз өндіретін компанияның Іnstagram-дағы жеке парақшасына 20 мыңнан аса оқырман тіркелген. Өнімдерін мақтап, пікір жазған тұтынушыларда да есеп жоқ.
Кейіпкеріміз жарнамада көрсетілген телефон нөміріне хабарласқан. Тұтқаны даусы сыңғырлаған қыз көтеріп, ресми тілде аузы-аузына жұқпай, қандай мүлік керегін сұрап, жиһаз өлшемдерін алуға екі күннен кейін шеберді жіберетінін айтады. Ерлі-зайыптыларға екі тәулік дегенің тым ұзақ болып көрінсе керек, маманның ертерек келуін өтінеді. Телефондағы қыз тапсырыстың тым көптігін, шеберді мейлінше асықтыратынын жеткізіп, телефон тұтқасын қояды.
Шебер дегені – «ұлы әртіс»
Жиһаз өлшемін алатын маман кешікпей, уәделі уақытта келген. Шебер дегені тапал бойлы, қараторы қазақ жігіті екен. Үстіне арнайы фирманың аты жазылған форма киіпті. «Аяқкиімін шешкенде еденге сау етіп ағаш жаңқалары төгілді. Шұлығына жабысқан қоқымды қағып қойып, адымдай алға озды. Бір қолын ақ дәкемен байлап алыпты. Ақ дәкенің алақан тұсы қызғылттанып тұр. Жұмыс сәтінде жарақаттанғанына күмәнім болмады», дейді кейіпкеріміз.
Сосын әлгі шебер бұлардың алдына қолынан шыққан жиһаздардың суреті жапсырылған қалың альбомды жайып салған. Ағаш ұстасының мінсіз мүліктері жалт-жұлт етіп, көздің жауын алған. Іnstagram әлеуметтік желісіндегі жарнама жолда қалып, жары екеуі таңғалғаннан таңдай жұтқан. Сосын саудаласу басталыпты.
Таныстың айтуынша, таңдаған жиһаздарының құны жоспарлаған бағадан әжептәуір қымбат болып шыққан. Алаяқ жиһазға қажетті ағаш, бояу, шеге, бұранда сынды материалдарды қайдан, қанша ақшаға алдыратынына дейін жіпке тізіп, бағаны бір тиын да төмендете алмайтынына сендірген. Нарықтағы құнынан әжептәуір арзан жиһаз тауып қуанған екеуі «ұлы әртіске» имандай сеніпті. Оған мүліктерді қоятын жерді көрсетіп, өлшем жасатқан.
Өлшем жасаған кезде шебер жиһазды бұдан да жетілдіріп жіберуге болатын бірнеше идеясымен бөліскен. Бөлменің орналасуы, мүлік тұратын жер, шебердің өлшемдері ұсынысқа дәл келіп тұрған соң, оның жаңалығы ерлі-зайыптыларға ұнайды. Олар әр ұсыныс тауарды қымбаттатарын біле тұра бас тарта алмаған. Шебер клиенттерінің қиналғанына уайымдаған түр көрсетіп, «үйдегі кішкентайларға сыйлығым болсын» деп бір ұсынысын тегін жасап та жіберген. Қиялдағы жиһаз елесімен арбалған ерлі-зайыптылар алаяқтың мәрттігіне риза болып, төлем мен келісімшарт мәселесін шешу жайын сұрайды.
Шебер фирмаға келіп, келісімшарт жасап, төлем құнының елу пайызын алдын ала төлеу керегін, тауар бір ай, он күнде дайын болатынын ескертеді.
«Фирманың мекенжайын интернеттегі «2gis» қосымшасынан тауып беріп, кетуге ыңғайланып, табалдырықты аттай бере «айтпақшы» деп іркіліп тұрып қалды. «Айтпақшы, менде дайын келісімшарт болуы керек» деді сосын сөмкесін ақтарып жатып. Келісімшартқа бола ертеңгі жұмыстан кешігерімді ойлап, уайымдап тұр едім, көктен іздегенім жерден табылып, қуанып кеттім. Үйге қайта кірдік. Директордың қолы мен мөрі басылған дайын құжатты үтір, нүктесіне дейін қарап, асықпай оқып шықтым. Жиһаз фирмасының ресми тіркеуінен бастап, үкіметтік онлайн платформалардағы жеке сәйкестендіру нөмірлеріне дейін тексеріп, келісімшарттағы нұсқамен салыстырдым. Бәрі тура болған соң, қол қойдым. Сосын келіншегім 1,7 млн теңгені санап тұрып қолына ұстатты. Жылы жүзді, аласа бойлы жігітті құшақтап, арқасынан қағып тұрып қоштастым», деді кейіпкеріміз «ұлы әртіс» туралы әңгімесін сәл іркіп.
Күтумен өткен күндер
Жұтынып тұрған қымбат мүліктердің үйді табар күн туды. Кейіпкеріміз жиһазды әрі кетсе екі-үш аптада орнатармын деп ойдан-қырдан келетін қоныстой қонақтарын шақырып тастаған. Шыдамсызданып шеберге үш рет қоңырау шалыпты. Ол еш алаңсыз сөйлескен. Жиһаз дәл уағында дайын болатынын, жұмыс қызу жүріп жатқанын сүйіншілейді. Жұмыс барысын таспаға түсіріп, whatsapp-қа жібереді. Қысқасы, межелі күн жетті. Сол сәттен бастап шебер «екі-үш күндік жұмыс қалды, бояуы кеппей жатыр» деген сияқты әңгімелерді көбейтіп, әрнені сылтауратуды бастайды. Танысым алып ұшып, фирманың мекенжайына барады. Қалқайып цех секілді ғимарат тұр. Бірақ келімді-кетімді ешкім жоқ. Шеберге телефон соқса, туысы қайтыс болып, Алматыда жүр екен. «Бір аптадан кейін қалайда жиһазды орнатып беремін» деп кешірім сұрап, кезекті уәдесін үйіп төгеді. Бір апта соңы айға, ай жылға созылады.
Ақыры қоныстой жиһазсыз тойланған. Танысым алаяққа қоңырау шалудан, ол өтірік уәде беруден шаршамаған. Цехтың мекенжайы деген ғимаратқа неше рет барып, есік тұтқасын сипап қайта берген. Үміт шіркін сөне ме, алданғанына сенгісі келмеген. Біреу келіп қалар деп күн ұзаққа бос ғимараттың есігін де күзеткен кездері болыпты. Бір күні сол маңда серуендеп жүрген ақсақалмен сөйлескен. Сөйтсе, аласа бойлы, фирма атауы жазылған форма киген қара жігітті іздеп жүргендер тым көп көрінеді.
Келіншегінің атынан алған несиенің жабылмаған қарызы қамыт болып, мойынға ілінді. Тапа тал түсте қолындағы барын алаяқтарға ұстата салған танысым заң орындарына шағымдануға барғанда алаяқтардың тұзағына түскен өзіндей жүздеген, тіпті мыңдаған адам бар екенін білген. Интернеттегі әлеуметтік желілер арқылы тағдырлас жандарды тауып, өз шарасыздығын олардың оқиғаларымен салыстырып, саралаған. Бәрінің басынан кешкен, кейбірі әлі де кешіп жатқан жайттар ұқсас екен. Кейінгі 3-4 жылда «жиһаз алаяқтарының» елімізде тым еркінсіп кеткен себептерін де анықтаған. Заң орындары «жиһаз алаяқтарының» үстінен қолданыстағы заңдарымызбен қылмыстық іс қозғай алмайтынын, олар азаматтық сотта жеңіл жаза алып, жауапкершіліктен сытылып кететінін түсіне алмай дал болған.
Алаяқтардың көбеюіне не себеп?
Алаяқтар құрған торға түсіп, алданып қалғандардың ісін саралаған заңгерлер «жиһаз алаяқтарының» көбеюіне төмендегі жайттарды басты себеп ретінде атайды. Біз оқырманға жалпы картина түсінікті болу үшін оған өз тарапымыздан бірер фактіні де қосамыз.
Бірінші себеп – сұраныстың тым жоғары болуы. Ресми деректерге қарасаңыз, елімізде 2024 жылғы қаңтар мен шілде айлары арасындағы жиһаз өнімдерін өндіру көлемі 53,3 млрд теңгеге жетіп, былтырғы есеппен салыстырғанда 18,3 пайызға артқан. Яғни жыл сайын жақсы мүлік алуға деген сұраныс артпаса, кеміген емес. Сауданың көрігі қызған жерде алаяқтардың жүруі – заңды құбылыс.
Екінші себеп – жиһаз құнының қымбаттығы. Мысалы, биыл жиһаз бен тұрмыстық заттардың нарықтағы бағасы 11,8 пайызға шарықтаған. Сондай-ақ бір ғана жиһаз миллиондаған теңгеге сатылатындықтан алаяқтардың алдын ала төлемнің құны ретінде алдап алатын қаржының өзі қомақты болатыны анық.
Үшінші себеп – жиһаздың дайын болу мерзімінің ұзақтығы. Үй мүлкін ала салып, бөлмеге қоя салатын баяғы заман өткен. Қазір кез келген мүлік үйдің жайы мен бөлменің ыңғайына қарай арнайы тапсырыспен, ерекше дизайнмен, жинақы үйлесіммен жасалады. Дайындау мерзімі айларға, тіпті одан да ұзақ мерзімге созылуы мүмкін. Мұндай ұзақ уақыт алаяқтардың қылмыстық ізін жасырып үлгеруіне, жауапкершіліктен оңай жалтаруына орай туғызады.
Төртінші себеп – бұқараның құқықтық сауатсыздығы. Құқықтық сауатсыздықтың бір мысалы, тараптардың өзара келісімшарт жасасуы екен. Келісімшарт – азамат пен заңды тұлға арасында жасалған құқықтық құжат. Бұл құжат ең алдымен құрбандардың алаяқтардың сөзіне илануына жол ашады. Одан соң тараптардың жауапкершілігі мен міндеттері, құжаттың жарамдылық мерзімі секілді шарттар біржақты мүддеге ғана бейімделіп жасалуы мүмкін. Сондықтан да тергеушілер бір компанияның үстіне бірнеше жәбірленуші бір мезетте шағымданбаса, мұндай істерді қылмыстық іс ретінде танымай, азаматтық сотқа жолдай салады. Осылай келісімшарт алаяқтың қорғанына айналып шыға келуі әбден мүмкін.
Құқықтық сауат – қорған
Заңгер Сырымбай Ермек бұл мәселе жөнінде: «Қазір интернеттегі онлайн платформалардан «жиһаз алаяқтарының» аз емес екенін көріп отырмыз. Солай екен деп күдікті азаматтарға алданып қалған бірнеше істі жинап, бәріне ортақ, тең дәрежеде баға беруге болмайды. Әр фактіні жеке қарап, қылмыстық құрамның бар-жоқтығын зерделеу керек. «Оқиға қалай басталды, қалай өрбіді, кім не айтты, қандай әрекеттер жасады, соңында не болды?» деген сияқты әр фактіні анық сараламай, біржақты пікір айтуға болмайды. Мысалы, сіз «зат сатып аламын» деп жиһаз дүкені директорымен келісімшарт жасастыңыз ба, бұл азаматтар арасындағы құқықтық қарым-қатынас болып есептеледі. Сіздің қолыңыз қойылған, екі жақтың орындауға тиіс міндеттемелері көрсетілген, заңдық негізге ие құжат бар. Тіпті стандартты келісімшарт болса да, тергеуші оны автоматты түрде «азаматтық құқық бұзушылық» деп таниды. Егер 4-5 жәбірленушіден шағым түсіп, іс бірнеше эпизодты құраса, оны Қылмыстық кодекстің 190-бабымен, яғни алаяқтық жасады деп айыптауға болады. Егер күдікті ешқандай келісімшартсыз, «жиһаз жасап беремін» деп ақшаңызды алдап алса, телефонын бұғаттап қашып жүрсе, т.б. фактілеріне қарап, оны қылмыстық іс ретінде өндіріске алғызуға мүмкіндік жоғары болар еді. Сондықтан азаматтарымыз заңдық тұрғыда сауатты болып, келісімшарт жасағанда заңгерлердің көмегіне жүгінгені жөн деп ойлаймын», дейді.
«Жиһаз алаяқтарына» алданғандар басқа жол болмай, амалсыз азаматтық сотқа жүгінеді. Азаматтық сот келісімшарттағы шарттарға қарап, тараптарды медиацияға, ортақ бітімге келуге шақыруы мүмкін. Жәбірленуші жолы болып, жақсы заңгерлер жалдап, азаматтық соттан жеңіп шыққанның өзінде «жиһаз алаяқтары» келтірілген шығынды өтеуге ғана міндеттеледі.
Құдай сақтасын, бұл іс сіздің басыңызға түссе, ең соңында тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кеткен қаржыңызды қайтарту үшін сот орындаушыларға жүгінесіз. Олар келісімшарт жасасқан компанияның шоттарын бұғаттайды. Ол шотқа бұғау салған сіз ғана емес екеніңізді, фирманың басқа да миллиондаған қарызы мойнында тұрғанын естисіз. Алаяқ ескі әніне салып, банкрот жағдайдағы компаниясының төлем қабілетті жоқтығын айтып зарлайды. Бірақ ол заңдық құжаттары бар фирмасын банкротқа жіберіп, біржола жауып тастамайды. Өйткені жұртты алдап, жанын баққызып отырған шырмауық секілді торын өз қолымен үзгісі келмейді.
Ресми мәліметтер 2024 жылы елімізде 15,5 млн шаршы метр тұрғын үй салынып, 145 мың отбасы баспаналы болатынын айтады. Ескіні жаңалағыш ағайынды былай қойғанда, биыл уысына баспананың кілтін қысатын 145 мың отбасының біразы осы мақала кейіпкерінің күйін кешуі әбден мүмкін екенін жоққа шығара алмаймыз. Сол үшін де қулығына құрық бойламайтын «жиһаз алаяқтарының» айласына жаза қолданар төте жолды құқықтық органдар табуы керек. Ал біздің міндет – әр өңірде жалғанды жалпағынан басып, жұртты зар қақсатып жүрген «жиһаз алаяқтарының» көп екенін бұқараға естірту.