• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Халық 18 Қазан, 2024

Татулық пен келісімнің жемісі

116 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстан: Заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында хал­қымыз қашанда кең пейілімен, толеранттылығымен ерек­ше­ленгенін, еліміздің ынтымағы ең алдымен осы қасиет­тер ар­қылы сақталып отырғанын айтты.

18 қазан – Рухани келісім күні. Бұл күн елімізде дүниежүзілік дең­­гейдегі теңдессіз оқиға – руха­ни келісімнің алғашқы әлемдік конг­­ресі өткен 1992 жылдан бастау ала­ды.

Қазақ халқы бейбітсүйгіш қасие­ті­мен, ұлттық бірегейлігімен елі­міз­дегі та­тулық пен келісімнің кепілі бо­лып ке­ле­ді. Себебі 20,1 млн тұрғынның 71%-ы – қазақтар. Үлкен жүкті көтеру жа­уап­кер­шілігі – барлығымызға артыл­ған зор міндет. Оны атқару үшін өзі­мізді-өзі­міз танып-білуіміз керек. Біз кімбіз, қай­дан шықтық, мем­ле­кеттігіміз, жеріміз жөніндегі мағ­лұмат әрқайсымыздың жадымызда сайрап тұрғаны ләзім.

Бірін­шіден, түп-тамыр тарихымызды білмей, өлкемізді танымай ел болу қиын екенін алға тартқан Прези­дент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ елінің көне заман, өткен дәуірлерден басталған тарихын зерттеп, 7 томдық кітап дайындау­ды ғалымдарға тапсырды. Ол мәсе­ле оң шешімін тауып жатыр, сон­дай-ақ барша халық тарапынан қол­­дау тапты.

Қазақ елінің батыс қақпа­сындағы Құрманғазы ауданының тұрғындары да дүбірлі өзгеріс­терден кенже қалмай, өлкеміздің өткені мен бүгінінен сыр шертер 3 томдық кітапты жарыққа шы­ғар­ды. Ауданымызды жан-жақ­ты толық тану жолында округ­тердің шежіресін тиянақты дайындау – алдағы қомақты ісіміз. Ол еңбекте қоян-қолтық өмір сүріп жүрген барлық этнос өкілі қам­ты­луға тиіс. Көпұлтты мемлекет ре­тінде, әсіресе орыс халқымен талайлы тағ­дыр жазуында төрт ғасырға жуық уақыттан бері тарих жүгін бірге көте­ріп келеміз. Бұқара жұрт бір-бірін жат­сынбай, сыйласып өмір сүргені – шындық.

Екіншіден, Мемлекет басшысы енгізген «адалдық», «әділдік», «халық үніне құлақ асатын мемлекет» идеяларын жүзеге асыру керек. Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында «Жаңа Қазақстан­ды Адал адамдар құрайды» дегені – іс басын­дағы басшыларға, мем­лекеттік қызмет­­кер­­лерге әр кезеңде де адал болуды тапсырғаны.

Мемлекет қаржысын сақтау – сол қаржыны бөлетін, жұмсай­тын басшы­лардың ғана қолында. Сондықтан зор сенімге ие болған жо­ғары лауазым­дағы адам­­­дар­дың тазалығы бүкіл ұлтқа әсер ететінін сезінгенде, халқымызда да саналы түрде өзгеріс орын алады.

Атырау қаласында өткен Ұлт­тық құрылтайдың үшінші отырысында әділдікке баса назар аударылды. Әділдік барлық халыққа ортақ болса да, оны жүзеге асыратын – билік басындағы адамдар. Кадрларды тәрбиелеу, сайлауды әділ өткізу сол кісілердің оң ниетіне, тазалығына тікелей байланысты. Қолы таза, пиғылы ақ басшы – еліміздегі адалдық пен келісімнің кепілі, яғни алға өр­леудің негізгі шарттары.

Үшіншіден, дініміз – діңгегіміз. Асыл дініміздің пәктігін сақтай алмайтын кездеріміз жоқ емес. Бұл тұрғыда ел тұрғындарының діни сауатының аздығы салдарынан жат ағым­дардың тайраңдауына жол беріп аламыз. Имамдардың жама­ғаттың діни сауатын ашар уағыздары тапшы. Әсіресе мүр­дені жөнелтудегі айтары 4 парыздан аспайды. Жаназа алдында 2-3 минут дініміздің артықшылығын жеткізіп, ой салар сөздер айтуға болмас па еді? Оның да бір септігі тиері анық.

Төртіншіден, мемлекеттік тіл – бас­ты байлығымыз. «Мен қазақ­пын» деген әрбір адам үшін тәңір сыйлаған осы бай­­лықты шұбарламай келер ұр­паққа жеткізу – парыз. Өнер мен мәде­ниет­те ұлттық нақыш ай­­қындалып тұруы, салт-дәс­түрді сақтау – өз болмысымызды биік­тетіп, ел алдындағы қары­зымызды өтеуге бастар жол.

Қазақ халқы осы айтылған ұлт­тық құндылықтарын тұғырына қондырса, әлемдегі дамыған ұлт­тардың қатарынан табылады. Республикадағы өзге ұлттарды татулық пен келісім жолында жан-жағына ұйыстырып, жетекшілік ететін жаңа деңгейге шығады. Қазақ елі жерімізге қоныстаған барлық этнос өкілінің тең дәрежеде өмір сүріп, салт-дәс­түрін, өнерін дамытып, хал-ахуа­лын түзеуіне толық жағдай жасады. Өз кезегінде олар да қа­зақ халқының тілін, дінін, ділін да­мы­туға, жақсылыққа жақсы­лық­пен жауап беріп, қомақты үлес қосуға міндетті. Сонда ғана этностар арасындағы келісім гүлдейді.

 

Өмірзақ ҚАЖЫМҒАЛИҰЛЫ,

Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты