Кейінгі бес жылда елдің саяси өмірінде сең қозғалды. Мемлекеттің басқару жүйесіндегі жаңа реформа халықтың шешім қабылдау үдерістеріне қатысуына, қоғамға әлеуметтік оптимизм мен ынтымақтастықты қайтаруға тың серпін берді. Ең маңыздысы, реформалардың жүйелі әрі дәйекті жүргізілуі жұрттың айтарына құлақ түретін Үкіметтің өз бетінше шешім қабылдап, заң шығарушы палатаның да ықпалын арттыра түсті.
Жалпыхалықтық референдумнан кейінгі сайлау науқандары қоғамның саясилануына әкелді. Әрине, Конституцияға енгізілген өзгерістер бір күндік жұмыстың нәтижесі деп айтуға келмейді. Себебі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылдан бері төрт бірдей ірі саяси реформаның өмірге келуіне жол ашты. Саяси сарапшылардың пайымынша, бір ғана аралас сайлау жүйесінің артықшылығы мен мүмкіндігі мол.
Былтыр Мемлекет басшысы «Қоғамдық бақылау туралы» және «Қоғамдық бақылау, әкімшілік рәсімдерді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарға қол қойды. Бұл құжаттарды халық көптен күткен еді. Өйткені заң әділетті мемлекет құрудағы қоғамдық қарым-қатынастарды реттеуге нақты тетіктерді қарастырды.
Атап айтсақ, мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор жұмысының ашықтығы, азаматтардың мемлекет істерін басқаруға ұмтылу деңгейі өсті. Мемлекет пен қоғам арасындағы өзара сенімнің деңгейі артып келеді. Демек, азаматтардың қажеттіліктеріне ден қоюға жол ашылды деген сөз.
Елде жүріп жатқан саяси реформалардың басы – талай жылдан бері тәуелсіздіктің іргетасын қалап берген егемендік декларациясының қабылданғанын ұлттық мереке ретінде атап өту туралы қаулының қабылдануынан басталады. Қоғам қайраткері Мұрат Бақтиярұлы осылай дейді. Оның айтуынша, биыл еліміз егемендік декларациясын қабылдаудың 34 жылын атап өтіп жатыр. Өйткені декларация – тәуелсіздігіміздің іргетасын қалаған негізгі құжат.
«Өкінішке қарай, ел тарихындағы атаулы күн жұрт жадынан өше бастады, ал 2007-2008 жылдан бері жоғарғы билік толыққанды монополияға айналды. Бұл көрініске Парламентте жүргенде де талай куә болдым. Қабылдайтын заңдарымызға Президент әкімшілігі тікелей араласатын. Көптеген құжат Президент әкімшілігінің алдына апарған кезде Үкіметтің де сөзі өтпейтін, Парламенттің де қауқары жоқтығы аңғарылатын. Тіпті Президент әкімшілігі кейбір баптарды алып, орнына басқа баптарды қосып жататын. Бірлесіп қабылдаған заң жобалары олардың алдынан өтпейтін. Ал бұл, шын мәнінде, биліктің сол кезде барынша біртұтас монополияға айналып кеткенін көрсетті», дейді М.Бақтиярұлы.
Дегенмен Қасым-Жомарт Тоқаев билік басына келген жылдан бастап монополияға қарсы жұмыс жүріп, Ұлттық қоғамдық кеңес құрылды. Оның құрамына ашық пікір айтып жүрген белсенділер мүшелікке кіріп, жылына екі-үш рет жиналып қоғамда әбден тамырын кеңге жайып кеткен өзекті мәселелердің шешу жолдарын ортаға салып, талап ететін мәселелерді кең түрде талқылап, заңға өзгерістер енгізу қажеттігі жиі-жиі айтыла бастады. Бірақ мемлекетіміздегі қосарланған биліктің көрініс беруі министрлер мен әкімдіктердің кімге бағыну қажеттігін қиындата түсті.
Сондықтан қоғам қайраткері М.Бақтиярұлы кейінгі саяси реформаларды екі кезеңге бөліп қарастыру қажет екенін алға тартты. Бірінші кезеңде көрініс тапқан 2019-2021 жылғы реформалар талпыныс ретінде болды. Көп жағдайда белгілі бір топтардың ықпалымен кідіріске ұшырап жатты. Алайда осы серпілістің өзі қоғамдық сананы оятуға ықпал етті. 2022 жылдың қаңтарынан бастап реформалардың екінші кезеңі басталды. Бұл қазір де тұрақты жүріп жатыр. Ең өзектісі, алғаш рет Президенттің саяси партияда болмауы болды.
«Мұндай саяси бетбұрыс – диктатуралық немесе ірі тоталитарлық жүйеден шыққан Орталық Азия мемлекеті үшін саяси реформадағы ең маңызды қадам деп айтар едім. Екіншіден, Парламент пен Үкіметтің құзыретін кеңейту демократиялық жолдағы тағы бір басты қадамға айналды. Бұл мәселе бұған дейін жылдар бойы айтылып келді, бірақ іске аспады. 2022-2023 жылдардағы жасалып жатқан саяси реформаларда Парламенттің құзыреті біршама кеңейді. Сөйтіп, саяси жүйеге тағы жан кірді. Парламентке, оның ішінде Мәжіліске алғаш рет алты партия өкілінің шығуы, кезінде жылдар бойы қабылдата алмаған бір мандаттық округтен сайлану құқығы қайта жанданды. Конституциялық соттың қалпына келтіріліп, оның шешімін Президент те шеше алмайтындай құзырет беруінің өзі елдегі саяси жүйенің шын мәнінде өзгеріске ұшырағанын аңғартып берді», дейді ол.
Оның айтуынша, бұрын Үкімет бір шешімді қабылдау үшін Президент әкімшілігінің ең төменгі лауазымдарынан бастап Президент әкімшілігінің басшысына дейінгі аралықта жүріп уақытын сарп ететін. Ал қазір Үкімет көп жағдайда шешімді өзі шығарады, бірақ сол шешімге өздері жауапты болды. Ал әкімдер сайлауындағы формалды сипатта да сең қозғалған. Жергілікті жерлердегі әкімдердің сайлауына халықтың қатысуы – үлкен жетістік.
«Адамдардың бір нәрсені тез арада шешуі үшін пара беруі секілді саяси элитада да жаңа реформаларды қабылдауға кедергі жасап баққысы келетіндер жоқ емес. Парламенттің құзыры кеңейгенімен, қазір де заң жобаларының кейбір баптарын өзгерту туралы өтінішпен шығатындар бар. Бұл – сол ескіден қалған сарқыншақтардың әрекеті. Депутаттар өзекті сауалдарды мінберден жеткізіп жатыр. Бірақ Үкіметтің құлақ асуы кемшін. Әкімдер сайлауында да атқарушы органдардың іске араласуы секілді теріс әрекеттердің болып жатқанын естіп жатырмыз. Меніңше, реформалардың алға жылжуы адамдардың арұяты мен мемлекет органдары басшыларының әділеттілігінде жатыр», дейді М.Бақтиярұлы.
Саяси сарапшы Ерлан Ахмедидің айтуынша, 2019 жылы Қасым-Жомарт Тоқаевтың билікке келуі қоғамға үлкен үміт сыйлады. Мемлекет басына келген Президент халықтың үмітін ақтауға жұмыс істеуге белсенді түрде кірісті. Айталық, Ұлттық кеңес құрылды. Оның аясында елімізде саяси-демократиялық реформаларды іске асыруға бағытталған нақты бастамалар көтерілді. Сондай-ақ бағдарлама мен Жолдаулардың аясында саяси реформалардың төрт топтамасы іске асты.
«Әрине, мұндай саяси өзгерістер биліктегі әртүрлі топтарға ұнаған жоқ. Себебі демократиялық үдерістер ойынның ережелерін басқаша қарауға итермеледі. Ал Қаңтар оқиғасынан кейін демократиялық үдерістер одан сайын күшейді. Конституциялық реформаның нәтижесінде елдің саяси өмірінде көптеген өзгеріс іске асты», дейді сарапшы.
Жалпыхалықтық референдум жаңа саяси мәдениет қалыптастырып, халықтың үнін естіртуге бағытталды. Яғни Конституциялық реформаның нәтижесінде суперпрезидентік басқару жүйесінен дәстүрлі президенттік жүйеге көшу басталды. Президенттің лауазымдары қысқарды, Парламенттің рөлі күшейді, аралас сайлау жүйесі енгізілді. Бұл орайда Е.Ахмеди Президент институты жаңғырғанын айтып отыр. Демек, алдағы жылдары билік басына келетін Президент бірреттік жетіжылдық мерзімге сайланады. Мұндай жүйе Оңтүстік Корея, Мексика елдерінде бұрыннан қалыптасқан. Мемлекет басшысы айтып өткендей, алдағы 21 жылда үш президент ауысуы қажет. Бұл сөз саяси элита үшін жаңа ережелер мен демократиялық қағидаларға негізделген месседж болды.
«Әрбір мемлекеттің өзіндік саяси-демократиялық жолы бар. Мысалы, АҚШ пен Батыс Еуропада либералды демократия қалыптасқан. Бауырлас Түркияның да өзіндік тарихы мен мәдениетіне негізделген консервативті демократиясын атап өтуге болады. Сол секілді біздің де өзіндік демократиялық жолымыз болуы – заңдылық. Қазіргі жүргізіліп жатқан реформаларды байыпты түрде іске асыру маңызды. Тарихымызға қарайтын болсақ, ұлы далада демократиялық дәстүрлер болды. Біз хандарды құрылтайларда сайладық, ал ХХ ғасырда Дала демократиясы мен Батыс Еуропа синтезінің нәтижесінде Алаш партиясы, Алаш Орда үкіметі құрылған. Осы кезеңдерде қазақ саяси мәдениеті жаңа бағытқа қадам басты. Дәл сол секілді қазіргі кезеңде елдің саяси өмірінде жаңа реформа іске асып жатыр. Парламенттік реформа, Президент институты, әкімдердің сайлауы – үлкен саяси өзгеріс. Мәселен, жергілікті өзін-өзі басқару демократиялық дамуға жол ашты. Халық та әкімдерді сайлау арқылы өңірдің өркендеуіне жауапкершілік алды. «Күшті Президент, ықпалды Парламент, есеп беретін Үкімет» формуласын Қасым-Жомарт Тоқаев 2014 жылы Сенат төрағасы болып тұрған тұста халықаралық форумда ұсынды. Он жыл кеш қалып іске асырылып жатқанымен, жаңа саяси жүйе елдің өркендеуіне жол ашары анық. Алдағы жылдарда тағы бір үлкен саяси бағдарламалар қабылданарына сенімдімін», дейді саяси сарапшы.
Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты Саяси зерттеулер бөлімінің бас сарапшысы Дулат Өтеғали да еліміздің сайлау жүйесіндегі негізгі өзгерістер саяси жүйені демократияландыруға және сайлаудың ашықтығын арттыруға бағытталғанын айтады. Реформалардың мақсаты – саяси партиялардың рөлін нығайту, шешім қабылдауда азаматтардың қатысуын кеңейту және сайлаудың бәсекеге қабілеттілігін күшейту. Тұтастай алғанда, өзгерістер саяси бәсекелестік пен Парламентті алуан түрлі болуына және халықтың әртүрлі топтарының мүдделерін ескеруге ықпалын тигізді. Оның ішінде сайлаушылардың бір мандатты жүйемен өткендердің мандатын қайтарып алу мүмкіндігіне ие болуы көп нәрсені аңғартады. Бұл депутаттардың өз сайлауалды бағдарламаларын орындауына, жұмысы тиімділігінің және сайлаушылардың алдындағы жауапкершілігінің артуына әсер етуге тиіс.
Елімізде 2021 жылдан бері ауыл әкімдерін сайлау өткізіліп келеді. Сол кезден бері 1 700-ге жуық әкім сайланған. Олардың төрттен бір бөлігі өзін-өзі ұсынушылар болса, қалғаны – саяси партиялардың өкілдері. Статистикалық деректерге сәйкес, сайланған әкімдердің жартысынан астамы бұрын мұндай қызмет атқармаған. Бұл өз кезегінде жергілікті деңгейде саяси аренаға жаңа тұлғалардың келгенін айқындайды. Былтырдан бастап тұңғыш рет аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдері сайланды. 45 аудан әкімі лауазымына 125 бәсекеге түсті. Барлық 7 саяси партия өз үміткерлерін ұсынды. Бұл Орталық Азия мемлекеттері арасындағы алғашқы тәжірибе болып отыр.
Бұл ғана емес, әкімдерді тікелей сайлау жүйесі жаңа саяси күштер мен тәуелсіз үміткерлердің қатысуына мүмкіндік ашады. Бұл өз кезегінде саяси плюрализмнің дамуына және жергілікті деңгейде демократияның нығаюына алып келеді. Демек, сайлау жүйесіндегі өзгеріс пен қоғам пікірін ескере білген елдегі демократия әділдікке құрылатынын айғақтап береді.