• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Тағзым 05 Қараша, 2024

Әлемнің Әбдіжәмілі

232 рет
көрсетілді

Әлемнің әйгілі жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісов – 100 жаста. Қазақ­­станның Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, соғыс ардагері Әбдіжәміл Кәрімұлының шығармашылығы ғасыр шеңберіне сыймайды.

Әбдіжәміл Нұрпейісов – қазақ әдебиетіне, әлем әдебиетіне өлмес шығармалар ұсынған дара дарын иесі. Әбеңнің шығармашылықтағы асқан жауапкершілігі, жан аямас қайсарлығы аңызға бергісіз. Лев Толстой «Соғыс және бейбітшілік» романына 12 рет өзгеріс енгізіп, қолымен көшіріп жазса, Әбең «Қан мен тер» трилогиясын 13 рет көшіріп жазып тезден өткізген. Бұндай ерлік екінің бірінің қолынан келе бермесі анық. Бұлай жасау оқырман­дар мен рухани әлем алдындағы шексіз адалдықтан болар.

Мен Әбеңнен құмды шөлде, сортаң жерде өсетін өміршең қасиетке ие жұп-жұмсақ, жап-жасыл жыңғылдың, шөлде, түзде құмды тосып қасқайып тұрған сек­сеуілдің, мың жылдармен мұңдас тораңғының бейнесін көрем. Әбеңнің шы­ғар­маларында тіршіліктің нәрі – тұздың, дәннің, теңіздің қасиеті бар... Қара қосқа жылу сыйлап, таңға жететін сексеуілдің шоғындай қызу, шынайы өмір бар.

Әлемдік шығармашылық тәжіри­беден қарағанда жазушылар кесек туындылар, әсіресе ауқымды роман жазардан бұрын кішігірім шығармалар жазып, жазу машығынан өтетіні белгілі. Әбдіжәміл Нұрпейісов бұл қағиданы бұзып, шығармашылығын бірден романнан бастаған жазушы.

Әбең соғыстан кейін 1949 жылы «Курляндия» романын бас­тап 1950 жылы жарыққа шығарды. Кейін «Күткен күн» деген атпен жарияланып, Қазақ КСР-нің сол кездегі Жамбыл атын­дағы республикалық сыйлығына ие болды. Бұндай жетістік екінің бірінің қолынан келетін іс емес.

Қазақстанның Еңбек Ері, әлем әдебие­тіндегі қайталанбас қаламгер Әбдіжәміл Нұрпейі­сов­тің шығар­ма­шылығы ғасыр­лар бойы қалың оқыр­манның рухани азығы болатыны айдай анық.

Өзінің бояуы қанық, көркем де шырайлы тілмен кестеленген прозалық туын­дыларымен дүние жүзіндегі атақты жазушылар қатарына енген Әбдіжәміл ағамызды түркі тектес елдердегі ба­уырлары Түркі дүниесінің тарлан таланты ретінде мақтанышпен ауызға алып отырамыз. Әлемнің көптеген тіліне аударылған классикалық шығар­малары әдебиет тарихынан ойып орын алды деп сеніммен айта аламыз.

Кезінде «Курляндия» романымен жарқ етіп көрінген жазушы ағамыз қалың оқырманды бірден баурап алды. Байқап отырсақ, әдебиеттегі тұңғыш қа­дамын бірден романнан бастаған жа­зу­­шылар өте сирек көрінеді. 4-5 жыл та­бан аудармай жазып шыққан бұл шы­­ғар­ма оқырмандар мен әдебиет сын­шы­­лары тарапынан жоғары бағаға ие болды.

Қазақтың көрнекті жазушысы, зерт­теу­­ші ғалым Рымғали Нұрғали «Қан мен тер» ро­маны туралы былай дейді: «Тари­хи-ре­во­­­люциялық тақырыпқа жазыл­ған қа­зақ ро­­ман­дарының ішінде жанр­лық-ком­­­по­­зи­циялық, стильдік тұрғыдан «Қан мен тер» трилогиясының өзгешеліктері мол.

Біріншіден, шығармада дәуір тынысын 1916 жылғы ұлт-азаттық көте­рілісінен бастап, Колчак, Дулатов армия­ларының талқандалған шағына дейінгі мерзім кең қамтылып суреттеледі.

Екіншіден, «Қан мен терде» басқа туын­дыларда аталып қана өтетін патшашыл ақ әскердің тіршілік келбеті мейлінше толыққанды бейнеленеді.

Үшіншіден, романдағы авторлық мақсат, сюжеттік арналар, көркемдік зерттеу нысаны жаңа.

Төртіншіден, Ә.Нұрпейісов сан алуан­ қасиеттерімен қалыптасып бол­ған әлеу­меттік-психологиялық талдау өнері­нің қазақ топырағындағы жетілген өресін таны­тады» деген пікір айтады. Осы ай­тыл­ғандай Әбеңнің «Қан мен тер» трило­гиясы толқулы, толқынды дәуірдегі ескі мен жаңаның алмасқан, жаңа-жаңа ғана жолға түсіп жатқан өліара кезеңдегі адам тағдыры, күн­көрісі, әлеуметтік ахуа­лы, махаббат сезімі, кейіпкердің ішкі толғанысы арқылы ашылған, ұлттық мінез көрініс тапқан – замана айнасы.

Әбдіжәміл Нұрпейісов қазақ әде­бие­­тінің ұлы тұлғасы ғана емес, әлем­дік әдебиеттің ұлы тұлғасы, түрік әде­бие­тінің шолпан жұлдызы. Қанын­да, жанында қазақ рухы, ұлы дала фи­ло­софия­сы, оның бүкіл өмірімен тағ­дыр­лас, тамырлас, «Қан мен тер» рома­ны аса символикалық роман. Жазу­шы ұлы қазақ еліне қанын арнаса, тағ­дырын арнаса, өмірін арнаса, тұла бойына тері қонса, осы терімен, шығармашылығымен халқының ұлы. Ол өзінің әділ, пәк, дара болмысымен, адамгершілігімен қазақ халқына өнеге, үлкен сабақ қалдырды.

Жазушы үшін алты Алаш елі – орны бөлек ұлы халық! Ол қазақ әдебиетін биік аренаға шығарды, қазақтың зиялы дүние­сін әлемге танытты. Жазушының халқы алдындағы ұлы миссиясы да осы биік қасиет еді.

Әбдіжәміл Нұрпейісов қазақ әдебие­ті­нің ғана жарық жұлдызы емес, бүкіл түр­­кі әлемінің мақтанышы, шығар­машы­лық шеберлігі қайталанбайтын әлем­дік дең­­гей­дегі біртума талант, бірегей құ­бы­лыс.

Бүгінгі мерейтой – тек жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің ғана емес, әлем әдебиетінің де айтулы іс-шарасы.

 

Сұлтан РАЕВ,

Қырғыздың халық жазушысы,

Тоқтағұл атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты,

ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бас хатшысы