• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 05 Қараша, 2024

Тұрғынжай: оң өзгеріс, ойланарлық ұсыныс

199 рет
көрсетілді

Еліміздегі тұрғынжай құры­лысының қарқыны айтар­лықтай. Ұлттық статис­тика бюросының ақпарына қарағанда, былтыр кейінгі он жылдың ішіндегі рекордық көрсеткішке қол жеткізіліп, жалпы көлемі 17,5 млн шаршы метр тұрғын үйлер пай­далануға берілген. Соған қарамастан, баспана кезегін­де тұрған азаматтар саны әлі де көп.

Қазіргі таңда 4,5 млн отандасымыз, оның ішінде 1,3 млн жас адам пәтерге мұқтаж. Құрылыс компаниялары уәде еткен тұрғынжайға уақтылы қол жеткізе алмай, жанайқайы шығып жүрген үлескерлер де бар. Осы орайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы «Әділетті Қазақстан: Бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасында алдағы 7 жылдың ішінде 111 млн шаршы метр, яғни әр жыл сайын орта есеппен 15,7 млн шаршы метрден астам тұрғынжай салу, үлестік қатысуы бар проб­лемалы үйлердің құрылысын аяқтау, 40 мыңға жуық апатты және тозған тұрғын үй иесін жаңа үймен қамтамасыз ету, ипотекалық несиелендіруді жалғастыру міндеттерін алға қойғаны белгілі.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Үкімет былтыр «Қазақстан Республикасының кей­бір заңнамалық актілеріне тұрғын үй саясатын ре­фор­малау мәселелері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірлеп, Мә­жілістің қарауына енгізген еді. Мәжіліс депутат­тары оны ұзақ талқылап қабылдады. Қазір бұл заң­­на­малық құжатты Сенат депутаттары қарап жатыр.

Аталған заң жобасында көздел­­ген елеулі реформа – «От­ба­сы банк» толыққанды даму инс­ти­тутына айналдырылып, оған мұқтаж азаматтарды есепке қою, тұрғынжайды бөлу функция­лары берілетіндігі. Бұл іспен осыған дейін жергілікті атқарушы органдар айналысып кел­ді. Енді олар­дың міндеті – тұр­ғын үйлер салу, сатып алу ғана болмақшы. 

Сон­дай-ақ заң жобасында аза­маттарды әлеуметтік қорғау­дың қосымша шаралары да қа­рас­тырыл­ған. Нақты айтсақ, әске­ри қыз­мет атқару, құқықтық тәртіпті қорғау кезінде, сондай-ақ адам өмірін құтқару кезінде қаза тапқан адамдардың отбасыларын бір жылдан кешіктірмей тұрғынжаймен қамтамасыз ету туралы жаңа норма енгізіліп отыр. Тағы бір маңызды жаңашылдық – азаматтарға бұрын сатып алу құқығысыз жалға алған тұрғын­жайларын жекешелендіру құқы­ғы берілетіндігі. Қазір мұндай пәтерлерде халықтың әлеуметтік осал топтарына жатқызылған 51 мың адам тұрып жатыр. Тиіс­ті заң нор­масы қабылданса, олар жал­ға алған баспанасын қал­дық құнымен сатып алатын болады. Бұдан бөлек, апатты деп таныл­ған жалғыз баспанасының орны­на берілген тұрғынжайды да жекешелендіру құқығы берілмек­ші. Оны 1,6 мыңнан астам азамат пайдалана алады.

Тұрғын үй саясатын реформалау аталған заң жобасын қабыл­даумен аяқталмайтын сыңайлы. Себебі, бұл салада түпкілікті ше­ші­­мін таппаған түйінді мәселелер әлі де жетерлік. Бұған жуырда Мә­жі­ліс депутаты Нұргүл Таудың Өнер­кәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевқа жолдаған депутаттық сауалы айғақ.

«2023 жылы Қазақстандағы үлестік құрылыстың көлеңкелі нары­ғының үлесі шамамен 70 пайыз­дай болды. Мыңдаған салымшы қашан бітетіні белгісіз құрылыстың азабын тартып жүр. Бұған бір мысал – Алматы облысындағы екі жыл­дан бері жаңа пәтерлеріне кіре алмай жүрген 200 отбасының дау-дамайы. Осы мәселенің шешімін табу үшін құрылыс саласына «Эскроу-шот» ұғымын енгізуді ұсынамыз. Негізі, ол еліміздің заңнамасына жат ұғым емес. Алай­да бұл тетік тек «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» заң аясында ғана қолданылып келеді. Егер оны тұрғынжай құрылысы саласына қолданатын болсақ, салым­шылардың қаражаты құрылыс компаниясы нысанды пайдалануға берген­ге дейін арнайы эскроу-шотта сақталатын болады. Құрылыс компаниясы шартты міндеттемесін орындамаған жағдайда салымшы ақшасын қайтарып ала алады», деді депутат.

Өнеркәсіп және құрылыс ми­нистрі­нің мінде­тін атқарушы Иран Шархан оған берген ресми жауабында «Эскроу-шот» тетігін енгізу мүдделі мемлекеттік органдардың егжей-тегжейлі пысық­тауын талап ететіндіктен, министрлік Ұлт­тық Банкке, Қаржы нарығын реттеу және дамы­ту агенттігіне, Қаржы министрлігіне өз ұстаным­дарын беру туралы хат жолдағанын хабарлапты. Сонымен қатар И.Шархан: «Эскроу-шотты пайдалану тұрғын үй құрылысы нарығына тікелей әсер етеді, кейін бастапқы нарықта жылжымайтын мүлік бағасының өсу тәуекелдері пайда болуы мүмкін. Бұл үлестік құрылыстың инвестициялық тартымдылығын айтарлықтай төмен­детеді, сатып алу қабілетіне теріс әсер етеді», деген ұстанымын да білдіріпті.

Сала басшылығының тұрғын­жай құрылысының қарқынын тө­мендетіп алмауды ойлайты­нын түсінуге болады. Алайда эскроу-шотты қолдану мыңда­ған үлескердің мүддесін қор­ғай­тындығын, нәтижесінде қоғам­дағы бір наразылық ошағы жойылатындығын да ескерген жөн.

Н.Тау көтерген келесі мәселе –  отандастарымыз әуелі тұрғынжай сатып алуға бір несие алса, одан кейін сол баспанасын әрлеуге тағы да қарызданатындығы. Мәселені шешу мақсатында депутат көппәтерлі тұрғын үйлерді то­лықтай да­йын еткеннен кейін ғана пайдалануға беруді ұсынды. Мұн­дай тәжірибе Аустрия, Герма­ния, Франция сияқты елдерде қол­данылады. Осы ұсынысқа орай Өнеркәсіп және құрылыс ми­нис­трінің міндетін атқарушы биыл Отбасы банкі іске қосқан «Отау» және «Наурыз» ипотекалық бағдарламалары бойынша беріле­тін несиенің нысаналы мақсаты – бір банктік қарыз шарты аясында бастапқы тұрғынжайды сатып алу және жөндеу екендігін мәлімдепті. Оларды іске асыруға мемлекет қазынасынан бөлінген қаражаттың жалпы сомасы – 450 млрд теңге. Әрине, аталған бағдарламалардың баспанаға мұқтаж жандарға қан­ша­лықты тиімді екенін  уақыт көрсетеді.

Мәжіліс депутаты қазіргі кезде елімізде 2 мил­лионнан астам азамат пәтер жалдап тұрып жат­қа­нын, олардың біразы студенттер екенін айта келіп, шарықтап бара жатқан жалдау бағасын мемлекеттік реттеуді де ұсынған. Бұл үшін пәтерлерді жалға берудің шекті бағасын белгілеу, жалға берушілердің бірыңғай тізілімін құру, жалға алу және беру шартының типтік жобасын бекіту қажет. Бұл ұсынысқа байланысты И.Шархан қазір халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына тұрғынжайды жалға алу ақысының 50 пайызы мөлшерінде субсидия төлеу бағдарламасы жүзеге асырылып жатқанын, ал жеке тұрғынжайды жалға беру нарығын реттеу ми­нистрліктің құзыретіне жатпайтынын айтыпты. Шынтуайтында, осы мәселенің түйінін заң шығару бас­тамасы құқығына ие Мәжіліс депу­татта­рының өздері тарқата алады.

Тағы бір өзекті мәселе – кейбір құрылыс компаниялары «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» заңды айналып өту үшін тұрғынжайды сатып алудың алдын ала шарттарын жасасатындығы. Бұдан қазір 6800-ге жуық үлескер зардап шегіп жүр. Депутат Н.Тау аталған  шартты жасасуға ты­йым салуды ұсынған-ды. Оған ден қойған Өнеркәсіп және құрылыс министрінің міндетін атқарушы қазіргі уақытта Мәжілісте қара­лып жатқан «Қазақстан Респуб­ликасының кейбір заңнамалық актілеріне құрылыс саласын же­тілдіру және тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы аясында тұрғынжайды алдын ала сатып алу, яғни брондау (резервтеу) шарттарын жасасуға тыйым салу көзделіп отырғандығын жеткізді.

Сонымен, тұрғынжай құрылы­сы саласында қордаланып қал­ған көкейкесті мәселелердің шешім­дерін табу Мәжіліс депутаттарының ұстанымына да байланысты. Пар­ламенттің ықпалы қаншалықты екені де содан байқалады.