• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Тұлға 06 Қараша, 2024

Әдебиет алыптарын әйгілеген

108 рет
көрсетілді

Қазыналы қуатты, шұғылалы шуақты оңтүстік өңірі қазақ әде­бие­тіне қаншама классик қаламгерлер мен ғалымдарды мыр­за­лық­пен сыйлады. Солардың бірі Қансейіт Әбдезұлы десек, ешкім та­ласа қоймас.

Қансейіт Әбдезұлының есімі атал­ғанда, есімізге классик Тәкен Әлімқұлов түсетіні белгілі. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің өзі «Менен кейін қаламыма ие болатын бес қа­лам­гер...» деп Тәкен Әлімқұловты алғаш ата­ғанын бұрынырақ естігенбіз. Ол Әуезов ізба­сары болған қаламгердің өмірі мен шығар­ма­шылығына қатысты бес кітап жазды.

Әдебиеттануда орны бар ғалымның таяу­да ғана «Атамұра» баспасынан «Алаш перзенті» кітабы жарық көрді. Кітаптың беташар сө­зін жаз­ған әдебиетта­нушы ғалым, жазушы Нұр­дәулет Ақыш Қансейіт Әбдезұлының шығар­машылығын жан-жақты зерттегені бір­ден аңғарылады.

Кітап нағыз әдеби-сын зерттеулерге­ арналған. Меніңше, жаңаша жазылған мемуарға да ұқсай­ды. Себебі ғалым тек қана жеке тұлға туралы қа­тып қалған қағидаттарды онша елемей, ха­лыққа ұғы­нықты кең тыныс­пен толғапты. Әде­биет алып­тарымен қалай кездескені, ондағы көңіл күйді тамаша жаза білгенін аңғармау мүм­кін емес. Жалпы саны 24 зерттеудің қай­сысын алсаңыз да, алғашқы сөй­лем­дерінен-ақ өзіне бау­рап алады.

Профессордың «Алаш перзенті» атты зерттеу публицистикасы тек қана ел ертеңі үшін еңбек етіп, сол жолда құрбан болған Алаш алыптары туралы. Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Мұстафа Шоқай, Смағұл Сәдуақас­ұлы, Қ.Кемеңгерұлы сынды Алаш ардақ­тыларының мәдени һәм ғылыми майданда еткен еңбектеріне әдеби тұрғыдан тереңірек тоқталады.

ХХ ғасырдың 90-жылдарының басында жарық көрген әйгілі профессор Темірбек Қожакеевтің «Жыл құстары», «Көк сеңгірлер», «Сара сөздің сардарлары» атты еңбекте­рінде толықтай тарихи әділ бағасын алмаған Н.Төреқұлов, С.Қожанов, Т.Рысқұлов, С.Сейфуллин, Т.Жүргенов, Б.Сүлеев, И.Тоқтыбаев, М.Жолдыбаев, Ш.Тоқжігітов, А.Асылбеков сынды қазақ әдебиеті мен мәде­ниетіне еңбегі сіңген ұлт қай­раткерлерінің шығармашылығына ғылыми тұрғыда алғаш­қылардың бірі болып жан-жақты зерттеу жүргізілгенін айрықша атап өтеді.

Жанғара Дәдебаев, Қан­сейіт Әбдезұлы, Дандай Ысқақ­ұлы, Нұрдәулет Ақыш, Бекен Ыбырайымұлы секілді бірқатар сын сарбаздары расында әде­биет­тану ғылымындағы сынды жаңаша жолмен жалғастырғаны мақалаларынан анық байқалады. Бүгінгі сын мен кешегі сынды салыстырсақ, анағұрлым айырмашылықты аңғарамыз. Бүгінгі әдеби сын өткенге қарағанда өзгеше бір жаңа арнаға бұрылған сияқты. Кез келген шығарманың осал тұсы мен олақ сөйлемдерін қарапайым ғана сөзбен сынап, мақтамен ба­уыздайды. Ондай қасиет жоғарыда аты аталған әдебиет сыншыларының шығармашылығынан анық байқалады. Қансейіт Әбдезұлының да әдеби портреттері, ғылыми баяндамаларынан біз айтқан әдеби сынның ерен үлгісі көрінеді.

Сөз басында атап өткеніміздей, бұл кітап жаңа бір «ғылыми ме­муарға» ұқсайды. Себебі көп­те­ген зерттеуінің алғашқы сөй­лемдерін өз кейіпкерімен қалай жолық­қандығынан бас­тайды. Сонымен қатар автор сол әдісі арқылы оқыр­ман­мен сұхбаттасудың тамаша бір тәсілін тапқандай көрініс береді.

Көрнекті ғылым және дін қайраткері Әбсаттар қажы Дербісәлі туралы тебіреніп жаз­­ған «Үміт шырағын ұстап өткен ғұлама» атты есте­лігін де тың мағлұматтармен әдіптеген.

Әрісі Мұхтар Әуезов, берісі Бейсен­бай Кенжебаев, Зей­нолла Қабдо­лов­тар­дың мекте­бі­нен түлеп ұш­қан әдебиеттанушы ғалым, профес­сор Қан­сейіт Әбдезұлының «Алаш пер­зенті» атты кітабы­ның тұ­сау­кесер рәсімі Ұлттық кітапханада өтті.

Тұсаукесер кешінің тізгінін ұстаған ақын, ҰҒА академигі, филология ғылым­дарының докторы, профессор, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Бауыржан Жақып іс-шараның маз­мұнды өтуіне мұрындық болды. Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов құттықтау сөзімен ашты.

Сыртқы мұқабасымен қатар типография­лық мүмкін­діктерді шебер қолдана білген «Атамұра» баспасының президенті, белгілі бас­пагер, Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері Рақымғали Құл-Мұхаммед пен шараның өтуіне ықпал жасаған мәдениет май­талманы, Ұлттық кітап­хана­ директоры, Қазақстан кітап­ханалық одақ төрағасы Бақыт­жамал Оспановаға автор алғыс айтты.

 

Қанат АЛТЫНБЕК,

Ұлттық кітапхананың ­ғылыми-әдістемелік қызметі маманы