• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Шымкент 21 Қараша, 2024

Заманауи студенттер үйі

109 рет
көрсетілді

Жақында Шымкенттегі Жұмабек Тәшенев атындағы универ­си­те­тінде Студенттер үйі ашылды. Білім алушылардың игілігіне арналған бұл нысан мемлекет-жекеменшік серік­тес­тігі аясында салынды. Төрт қабатты жаңа үлгімен бой көтерген Студенттер үйінде бағасы қолжетімді әлеу­меттік дү­кен, ­асхана, би алаңы, кір жуу бөлмесі және интернет желісімен жаб­дық­талған оқу залы қамтылған. Сән-сәулеті келіскен ғимарат ішіне күн сәулесі молынан түседі. Бәйдібек би даңғылы бойында биыл шілде айында қолдануға берілген 150 орындық жатақханаға сту­дент­тер тамыз айынан бастап орналасты.

Студенттер үйінің салтанатты ашылуына Ж.Тәшенев атындағы университеттің басқарма төрағасы, ҰҒА академигі, педагогика ғылым­дарының докторы, профессор Оңалбай Аяшұлы, университет ректоры профессор Қанат Байболов, Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік педагогикалық университетінің ректоры міндетін атқарушы Гүлжан Сүгірбаева, Стратегиялық даму және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректор Баршагүл Исабек, сондай-ақ жеке кәсіп­кер­лер Қасымбай Жаханұлы мен Хиллола Анарметовалар қатысып, білім алушы жастарға ізгі тілектерін жеткізді.

«Білім ордасындағы бар игілік студенттер үшін арналып отыр. Университетте білімпаздардың ілім тоқып, өз бетінше ізденуге бар жағдай жасалған. Оқытушылардың да біліктілігі жоғары. Ұстаздардың көпшілігі шетелде оқыған. Адал еңбек пен сапалы қызметтің нәтижесінде бүгінде студенттердің де білім дәрежесі артып келеді. Сонымен бірге таяуда Студенттер күніне орай «Tashenev tandauy-2024» атты кеш ұйымдастырдық. Оған шәкірттермен бірге университеттің ұстаздары, басшылық құрамы түгел қатысты. Сол кеште тәрбиесімен, білімімен өзгелерге үлгі болған үздік студенттер марапатталды. Бұл кеш тек көңіл көтеру іс-шарасы емес, жастардың өз өнерлерін ортаға салатын, талантын ашатын, сондай-ақ шәкірт пен ұстаз арасындағы байланысты жақындата түсетін мереке», деді университет ректоры Қ.Байболов.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес елімізде білім саласы дамып келеді. Бұл ретте еліміздің үшінші мегаполисі – Шымкент қаласы да өзге өңірлерден қалыспай, білім сапасын жақсартуға күш салып отыр. Ал шырайлы шаһарда болашақ педагогтерді даярлайтын маңызды оқу орынның бірі – Ж.Тәшенев атындағы университет. Оның тарихы 90-жылдардың аяқ кезінен басталады. 1998 жылы қазіргі Түркістан облысының Жеті­сай қаласында жастарды жоға­ры біліммен қамтамасыз ету мақ­са­тында аталған университет «Сыр­да­рия» деген атпен ашылған бола­тын. Осы уақыт аралығында білім ордасы өз дәстүрі мен тәжіри­бесі қалыптасқан, алдыңғы қатар­лы жекеменшік жоғары оқу орын­дарының біріне айналды. Осыған қарай бүгінгі таңда университетті еліміздің оңтүстік өлкесіндегі сан алуан оқыту бағдар­ла­маларын ұсы­нып отырған білім мен ғылым ордасы деуге болады. 2022 жылы Ғылым және жоғары білім министрлігінің ұйғары­мымен университет Шым­кент қаласына көшірілді. Кейін оқу орнына көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Тәше­невтің есімі берілді. Қазір аталған жоғары оқу орнында төрт факультет, он бес кафедра бар. Білім ордасы жастардың қоғам өмірінде белсенді болуына мүмкіндік жасап, бағыт-бағдар сілтеп келеді.

Университет қазір заманауи әдіс­те­мелер бойынша педагог мамандарды даярлайды. Материалдық-техникалық базасы студенттерге білім мен тәжірибені бірге ұштастыруға үлкен мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда елімізде білім­ді де жан-жақты мұғалім мамандарына сұраныс жоғары. Ал еңбек нарығын өз мамандығына сай педа­гог мамандармен толықтырып отыр­ған оқу орнының бірі – Тәше­нев университеті. Бұл оқу ордасын ұстаздар ұстаханасы деп атауға болады. Бүгінгі студенттер арасында пәтер жалдап тұратындар бар. Бұл, жалпы алғанда, әлеуметтік мәселенің қоғамдағы бір көрінісі. Осы орайда Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жоғары оқу орындары студенттердің жатақхана мәселесін біртіндеп шешіп келеді. Бұл әрі университеттің толыққанды қалыптасқанын көрсетеді. Біліммен қоса материалдық базасының жақсы екенін білдіреді. Осындай дәрежеге жеткен Тәшенев университетінің табыстарына, әрине, қуану керек.

Ел болашағы бүгінгі жас­тар қолында. Сондықтан жас­тар тәр­биесі қоғамда ерекше мәнге ие. Өске­лең ұрпақтың тәрбиелі болып қалыптасуына ұстаздардың да ай­рықша рөлі бар. Жастарға жол­даған үндеуінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Мен бұған дейін «Адал азамат» ұғы­мын ұсындым. Осы орайда жас­та­ры­мызға арнайы үндеу жолдағым келеді. Елімізде жүзеге асырылып жатқан әрбір бас­тама, ең алдымен, сіздерге арналады. Қазіргі реформалардың игілігін көретін де, елдік істерді жал­ғастыратын да – сіздер. Шын мәнін­де, кез келген мемлекетті тұрғын­да­рына қарап бағалайды. Яғни біздің қан­дай ел боларымыз өске­лең ұрпаққа байланыс­ты. Сондық­тан жас­тарымыз отаншыл, білім­паз, еңбек­қор, үнемшіл, әділ әрі жа­нашыр болуы қажет. Жастар спорт­пен, дене шынықтырумен айналы­суы керек. Мен мұны үнемі айтып жүр­мін. Осы құндылықтарды барын­ша насихаттап, тарату қажет. Сон­да жеке адамның қасиеті тұтас ұлт­­тың қасиетіне айналады», деген еді. Өз кезегінде Тәшенев уни­вер­си­теті жастарды білім мен тәрбие нәрі­­мен сусындатуда үлкен іс атқа­рып келеді.

Жалпы, биылғы оқу жылының нәтижесіне үңілсек, 20 – Алтын белгі, 50 – үздік аттестат, 14 халықаралық және рес­пуб­ликалық олимпиада жеңім­паз­дары, 12 IELTS сертификаттарын иеленген озат мектеп түлектері осы университетке студент ретін­де қабылдануға таңдау жасаған. Қазіргі таңда аталған оқу орнында мемлекеттік грантпен – 96, «Тәшенев тартуы» бо­йынша – 150, «Қазақстан халқына» қоры қаражатына – 5, қала әкімінің грантымен – 49 студент білім алып ­жатыр.

 

ШЫМКЕНТ