• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Руханият 07 Желтоқсан, 2024

Өршіл рухты тілден іздеген тұлға

292 рет
көрсетілді

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Тіл – адамның адамдық белгісінің зоры» деп айтыпты. Осыған орай адам болмысының жан-дүниесі мен ой-санасын бейнелейтін сөздің мәні қазіргі тіл біліміндегі адамтанымдық білімнің арқауына айналды.

Шын мәнінде, табиғатпен астаса өмір сүрген ата-баба­ларымыз күнделік­ті тұр­мыста сөздің қоғамдық-әлеуметтік, тәр­биелік, елтұтастырушылық мәнін ерте түсінді. Соған байланысты қазір­гі тіл білімінде адам – қоғам – мәдениет сабақтастық негізі қалыптасты. Сон­дай-ақ «ғаламның тілдік бейнесінде» код­талған мәдени-тілдік деректердің жасам­паздық үдерісі, тіл иесінің өмір сүру және дүниені тану тәсілдерінің өзегіне айналды. Тілдің терең құрылымында іштей ұйымдасып, реттелу жүйесін зерттейтін антропоөзектік үрдіс, лингво­синергетикалық бағыт өріс алды.

Төл этномәдениетіміздің қызме­ті­не сәйкес қалыптасқан бұл тұжы­рым­дама негізінде тілдік санадағы руха­ни-әлеуметтік стереотиптер мен ког­ни­тивтік жүйелер арқылы ұрпақтан-ұрпаққа берілетін синергетикалық қуат сөз мәніне енді. Соның негізінде этно­мәдениетті игеру үдерісі тіл иесінің рухын қалыптастыратын рухани жаңа қуатпен толықтырылды. Осымен байланысты тіл иесі санасының даму үде­рісіндегі тіл қызметін жасампаздық қуат көзі ретінде анықтады. Әсіресе «тіл – адам рухын бейнелеудің тәсілі» деп тұжырымдаған В фон Гумбольдтің, «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоға­лады» деген А.Байтұрсынұлының лингво­философиялық қағидаларына сай, қа­зақ сөзінің рухани-танымдық, жасам­паздығындағы тіл мен рух сабақтастығын біртұтастықта қарап, ұлт рухын тілден іздеген академик Әбдуәли Қайдардың ғылыми мұрасын осы үлгіде зерделеу – заңдылық. Олай болса, тіл тек қарым-қатынас құралы ғана емес, дүниетаным мен сананы қалыптастыратын ұлттық мәдениетті құрап, жүйелеп, жетілдіре­тін негізін «Тіл – Мәдениет (өркениет) Қоғам – Жаһаният» сабақтастығында тануға академиктің ғылыми мұрасы толық дәлел.

Себебі академик Ә.Қайдар қазақ сөзі­нің түбіріне терең бойлады. Тіл иесінің болмысы мен өмірінің айғағы болған сөз құдіретін тануда алдыңғы толқын ағалардың (А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, Х.Досмұхамедов, т.б.) аманатын, кейінгі толқын ұстаздарының (І.Кеңесбаев, М.Балақаев, т.б.) қазақ тіл білімінің негізін қалыптастырған ғылыми еңбектерін одан әрі жалғады. Сондай-ақ ана тілін зерттеуді асыл мұраты деп ұстанған әріптестерімен қанаттаса жүріп (Р.Сыздық, Ш.Сарыбаев, Т.Жанұзақов, Е.Жанпейісов, Қ.Өмірәлиев, т.б.) ерен еңбек етті. Қазақ тіл білімін кәсіби дең­гейге көтерді. Өрісінің кеңеюіне өлшеу­­сіз үлес қосты. Ғұлама ғалым ретінде ғана емес, ғылымды ұйымдастырушы ретін­де әлемдегі қазақ тілін зерттейтін жал­ғыз мекеме – Тіл білімі институтын 30-жылдан аса басқарып, ұлт руханиятына мол ғылыми-танымдық, ақпараттық мұра қалдырды.

Бұл сабақтастық тіл қазынасын ұлт болмысымен сабақтаса зерттеуді саналы ғұмырының темірқазығына айналдырған Ә. Қайдардың ғалымдық тұлғасын да, ел ағасы ретіндегі азаматтық болмысын да ашады.

Егемен еліміздің дүниежүзілік аре­на­дағы саяси-экономикалық, мәдени­аралық байланысының сұранысына сай «қазақ дүниесінің тілдік бейнесінде» айшықталған төл мәдениеттің белгілерін танытатын тілдік зерттеулерді кеңейту қажеттілігі туындағаны белгілі. Мұнда бай тілдік деректерде сақталған этно­мәдениеттің жан-жақты мазмұнын ашу тілдің халықаралық қатынастар аясын­дағы қызметіне ғана қатысты емес, за­манауи қазақ қоғамындағы тіл тұтыну­шылар үшін де елтанымдық қызмет атқарады. Көп тілді еліміздің жағдайында тіл арқылы дәстүрлі мәдениетті таныту мемлекеттік тілдің ұлтаралық қызметіне де тиімді ықпал етеді.

Тіл мен мәдениеттің өзара байланысын біртұтастықта қарастыру негізінде қазақ ұлтының этностық табиғаты­на сай қалыптасқан мәденитанымдық ерекшеліктерді бойына жинаған қазақ тілі қазақы шындық болмысты сипаттайды. Демек, тіл ақиқатты сезіну, қабылдау тәсілдерінің бірі ретінде этникалық бір ұжым мүшелерін тек тілдік жағынан ғана емес, мәдени-танымдық жағынан да өзара жақындастырады.

Осындай зерттеу нысанына сәйкес өзіндік әдіс-тәсілдер негізінде жасал­ған, қоғамдық-әлеуметтік сұранысқа ие, ана тілінің құдіреті мен қазынасын, құндылығын кешенді сипатта, сол тілді тұтынушы ұлт өкілінің (қазақтың) болмысымен, тарихымен, тұрмысымен, әлеуметтік қызметімен бір тұтастықта қарастырған академиктің «Қазақтар ана тілі әлемінде» (Адам. Қоғам. Табиғат) атты үш томдық этнолингвистикалық еңбегі қазақтану аясындағы кешенді танымдық-ақпараттық қазынаға айналды. Бұл еңбектің арқауын құрайтын қазақ этнолингвистикасы – бүгінде жеке ғылым саласына айналған дербес пән. Қазір «Этнолингвистика» пәні жоғары оқу орындарында оқытылады.

Осымен байланысты академик Ә.Қайдар өзінің «Қазақ этносының ұлт­тық бейнесін, өзіндік болмысын толық та тү­бегейлі түрде тек оның тіл байлығы (тіл әлемі) арқылы ғана жан-жақты танып-білуге болады» деген тұжырымын былайша таратып түсіндіреді: «Этностың басып өткен сан ғасырлық даму жолы, оның белгі-бейнелері біздерге тас мүсіндер мен жартастарға қашалған сына жазулар арқылы, мәдени ескерткіштер мен әртүрлі ғимараттар түрінде жетуі мүмкін. Бірақ бұлардың бәрі – этнос өмірінің мың да бір үлесі ғана. Оның шын мәнісіндегі даналығы мен дүниетанымы тек тілінде ғана сақталады. Әрбір дәуірде өмірге қажет болған құрал-сайманның, қару-жарақтың, киер киім мен ішер тамақтың, тұрмыстық заттар мен салт-санаға, әдет-ғұрып, наным-сенімге, ойын-күлкі, той-томалаққа байланысты ұғымдардың аты-жөні, сыр-сипаты, т.б. тек тіл фактілері ретінде ғана, яғни жеке сөздер мен сөз тіркестері, фразеологизмдер мен мақал-мәтел арқылы ғана бізге жетуі мүмкін».

Демек, Ә.Қайдардың түсіндіруінде, тіл әлемі дегеніміз этнос болмысын құрайтын, түсіндіретін мол тіл­дік деректер мен тарихи-мәдени, этногра­фия­лық, мифологиялық, сакралды, оно­мас­тикалық, диалектологиялық, сим­волдық, фольклорлық және тағы басқа мағ­лұматтар. Ал соларды өз бойына сиғы­зып, сары майдай сақтап, шашпай-төк­пей тілдің құрылымдық жүйесінде келесі ұрпаққа жеткізген тіл құдіреті ғалым зерттеулерінің өзегін құрайтын – тілдің мұрагерлік (кумулятивтік) қызметі.

Ғалым А.Байтұрсынұлы дәстүрімен осы көрсетілген тіл әлемінің ұшан-те­ңіз байлығын тек түгендеп қоймай, «сөз мұ­хитының түбіне терең бойлап, оның сан ғасырлар бойы сақтап келе жат­қан сырын ашу үшін «тіл тамыр­шысы» болу керек деп санайды. Яғни әр­бір сөздің «үстіңгі қабатында» көрі­нетін лексикалық мағынасын ғана емес, та­рихи-мәдени, кәсіби, әлеуметтік, т.б. мағы­наларының астарында жатқан де­рек­ті тамыршыдай тап басып, кешенді зерт­теу арқылы танып білу, осы жолдағы зерт­теушінің бұлжымас қағидасы болуға тиіс.

Сонымен бірге ғалым ұлт болмы­сына қатысты деректерде бейнеленген тіл әлемінің мазмұнын ашуда «ін­дете зерттеу» деген әдісті қолдануды ұсы­нады. Шын мәнінде, «індете зерттеу» – аңшы­лар қолданатын әдіс. Ғалым оны шартты түрде «шеті көрініп тұрған, я ұмыт болған тіл фактілерінің «ізіне түсіп», лексикалық қордың қойнауынан іздеп тауып, түп-тамырымен қопарып, түбегейлі айқындауға тырысу», деп анықтайды.

Сондай-ақ Ә.Қайдар тіл арқылы ұлт болмысын, төл мәдениетінің терең маз­мұнын, тұлғалық ұстаны­мы­ның тұғы­рын белгілейтін тұжырымда­масының негізін «Қаңлы: тарихи шежіре», «Халық даналығы», «Қазақ қандай халық?», «Қазақтар ана тілі әлемінде» атты үш том­дық этнолингвистикалық сөздігі секілді еңбектерінде қарастырған.

Осы орайда, академик Ә.Қайдардың қайраткерлік, тұлғалық болмысын қазақ тілінің мемлекеттік мәртебеге ие болуын дәлелдеп жүзеге асыру жолындағы ерен еңбегі ашады. Атап айтқанда, қа­зақ тілі әлеуетінің мемлекеттік мәрте­бе­ге сай қоғамда толыққанды қызметі­не жеткілікті екенін дәлелдейтін өзек­ті мақалаларын жариялады. Сонымен бірге осы мәселені талқылаған қоғам­дық жиындардағы тартысты белсен­ді­лігі ғалымның ғұмырлық ұстанған қа­ғидасына адалдығын көрсетті.

Академиктің қазақ терминологиясын қалыптастырудағы бағдарламалық еңбегі де – бір төбе. Сонымен қатар оның «Қазақ тілі қоғамын» құрып, «Ана тілі» газетін ашудағы қызметі қоғам қай­раткеріне тән тұлғасын сипаттайды.

Мұндай қайраткерлік сол кезеңдегі рухани сана жаңғыру үдерісін бастан кешіріп жатқан еліміздің тұлғатану ісіне арқау боларлық үлгі. Ардақты ұс­та­зымыздың ғалымдық мұраты мен аза­­маттық тұлғасы секілді егіз өріл­ген болмысы – таразылауда сүйенетін бой­тұмарымыз.

Осындай тұлғалардың арқасында тәуел­сіздік тұғыры бекіп, рухани-әлеу­меттік өремізді өсірген ана тіліміз мем­ле­кеттік мәртебеге ие болды. Соған байланыс­ты тәуелсіздік және тілдің егіз өрі­ліп, тіл өрісінің қанат жаюы, ана тілінің бойындағы бар әлеуетінің тіл қызметі­не «жаратылуы» (А.Байтұрсынұлы), қоғамдық қажеттілігінің кездейсоқтық емес, заңдылық екенінің дәлелі академик Ә.Қайдар көшбасшылық жасаған ғалымдар мен қоғам қайраткерлерінің істері мен еңбектерінде көрініс тапты.

Тіл иесінің бойындағы ежелден қа­лып­тасқан өр рухы, табиғатпен астас өзі өмір сүрген даласындай кең өресі, соған сай сөзді «өнер» деп та­ны­ған поэтикалық, философиялық дүние­танымы тәуелсіздік кезеңінде жан-жақ­ты ашылды. Ана тілімізді өртеңге шық­қан гүлдей қайта түлетіп, ұлт рухын көтерді. Ә.Қайдар шығармашылығының арқауы – Тіл-қоғам сабақтастығында жан-жақты ашуға негіз болды.

Қазіргі жаһанданудағы қоғамдық-әлеуметтік даму үдерісінде төл мәдениет­тің ерекшелігін таныту ісі аса маңызды. Жаһандану заманындағы ұлттық имму­нитетті сақтап қалудың рухани өзегі – құндылық. Тіл арқылы сақталған бұл қа­зынаны келесі ұрпақтың санасы­на сі­ңі­ріп, оның бойында рухани қазығын қа­лыптастырып тәрбиелеуде танымдық-зерт­теушілік ерен еңбегімен, бар күш-жі­ге­рін жұмсаған ғалымдардың еңбегі ерек­ше. Себебі қазіргі кезең қазақ қоға­мы мен мемлекетінің рухани-әлеу­­мет­тік дамуының үрдісі адамдар ара­­сын­­дағы қатынастардың жаһан­дану­ға бет алған күрделі сипатымен ерек­шеле­не­ді. Сондықтан бүгінгі қоғам­ның рухани жаңғыру үрдісіне сай тілді тарих­тың дерегі, тәрбиенің тамыры, мә­де­ниет­тің мәйегі ретінде өзекті «Жаңа Қазақ­станның» кеңістігінде қазақ лин­гвис­тикалық ойын кең де терең жаңа сапалық деңгейге көтерген академик тұлғасының ұлықталуы, оның ғылыми мұрасының кешенді сипатта танылуы заңдылық.

Жалпы, академик Ә.Қайдардың зерт­теулері мен онда жасалған тұжырым­дамаларының мәні тек қазақ тіліне ғана емес, басқа да туыстас түркі тілдеріне тікелей қажет болды. Ол түркітану әле­мінде де аты мәшһүр ғалымға айналды. Мәселен, ғалымның «Структура односложных корней – основ в казахском языке» (Алматы, 1986) атты монографиясын түркітанушы ғалымдар жо­ғары бағалады. Академиктің зерттеу нәтижесінде ұсынған: «Бір буынды түбірлер мен негіздер – қазақ тілінің, сондай-ақ барлық түркі тілдерінің ба­йырғы сөздік қорының ұйытқысы, не­гізгі өзегі» деген тұжырымы арқылы ғалым түркі тілдерінің тамырын, тілдік қарым-қатынасқа арқау болатын сөздің түптөркінін ғылыми негізде дәлелдейді.

Қазақ тіл білімінде академик Ә.Қай­дар зерттеулерінен бастау алып, кең арнаға айналған тіл арқылы ұлт болмы­сын тану бағыты тілді зерттеудің мазмұ­нын тереңдетті. Соған сәйкес ғылыми-әдіснамалық тұғырын инновациялық технологиямен жетілдіру мәселесі өзек­ті болып отыр. Оның өзектілігі, бірін­шіден, қазіргі жаһандану үдерісінің ке­ңіс­тігіндегі ұлтаралық қатынастар мен мәде­ниеттердің өзара ықпалдастығы­­мен үндессе, екіншіден, дамудың адам­зат­тық үлгісін меңгерумен бірге ұлт­тық мәдениеттің ерекшеліктерін таныту­мен сипатталады.

Қорыта айтқанда, қазақ дүниесін тіл арқылы тану қағидасын ұстанған академик, ардақты ұстазымыз Ә.Т.Қайдар­дың бізге аманат еткен ғылыми-таным­дық мұрасын жан-жақты, кешенді си­патта зерделеу қажет. Оны В.Гумбольд­­тің, А.Байтұрсынұлының, Қ.Жұбанов­тың лингвофилософиялық ілімдері­мен үндескен, жалғасқан және Қайда­ров мектебінің антропоөзектік парадигма аясында қалыптасқан лингвистика­лық танымның жаңа деңгейі деп бағалау­ға негіз бар. Ең бастысы, «танымдық өзек» деп танылған тіліміздің өмір­шең­дік, жасампаздық қабілетін жаһан­дану заманында мемлекеттік тілдің ком­муникативтік қызметінің кеңеюін зерт­тейтін ғылыми-әдіснамалық базасы ре­тіндегі академиктің зерттеу тұ­жы­рымдамасы бүгін де А.Бай­тұр­­сын­ұлы атындағы Тіл білімі инс­титутының ба­сым бағыты болып отыр.

 

Жамал МАНКЕЕВА,

филология ғылымдарының докторы, профессор,

Анар ФАЗЫЛЖАН,

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, филология ғылымдарының кандидаты