• RUB:
    5.07
  • USD:
    522.63
  • EUR:
    548.66
Басты сайтқа өту
Тағзым 10 Желтоқсан, 2024

Сөз сыры мен сынын саралаған

73 рет
көрсетілді

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті мен Тіл ғылымы зерттеулерін үйлестіру орталығы бірлесіп, көрнекті ға­­лым, ҰҒА ака­демигі Рәбиға Сыздықтың туғанына 100 жыл толуына орай «Сөз сыры мен сынын саралаған ғалым» атты дөңгелек үстел өт­кіз­ді.

Алқалы жиынға ға­лым­ның өмір жолы мен бірегей зерттеу еңбек­тері арқау болды.

Жиын тізгінін Тіл ғылымы зерт­теулерін үйлестіру орталығы­ның президенті, академик Кәрімбек Құр­­манәлиев ұстады. Ол биыл елімізде ғасырлық мерейтойын атап өтіп жатқан, саналы ғұмырын қазақ тіл білімі ғылымының дамуы­на арнаған академиктер Әбдуәли Қай­дар, Рәбиға Сыздық және ке­лесі жылы туғанына 100 жыл тола­тын Шора Сарыбайұлының мұра­ла­рын өскелең ұрпақ арасында дәріп­­теудің маңызы зор екенін айтты.

«Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде ұлт­тық құндылықтарға үлкен мән беру керектігін айтқан болатын. Бұл жаңа тұрпатты жастар тәр­биелеу, отаншылдықты, тілге, тәуелсіздікке деген құрметті жас ұрпақ бойында қалыптастырудың маңызын көрсетеді. Академик Рәбиға Сыздық қазақ тіл білімін түркі әлеміне танытты. Түркі әлемінің академигі атанды. Өзі түлеп ұшқан қара шаңырақта ғалымның ғасырлық тойын атап өтуде үлкен мән жатыр. Осы мақ­сат­тағы жиындар әлі жалғаса түссе деймін. Өйткені еліміздегі жүзден астам жоғары оқу орындарында академик Рәбиға Сыздықтың еңбектері насихатталуы қажет», деді К.Құрманәлиев.

Басқосуда Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұр­бектің құттықтауын Тіл саясаты коми­тетінің төрағасы Ербол Тілешов оқып берді. Онда мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту және дамыту мақсатында жасалып жатқан игі бастамаларға академик Рәбиға Сыздық еңбектері негіз болғаны жазылған. Комитет төрағасының айтуынша, өркениет­ті елдерде орфографиялық емле, ережелер бес жылда жаңартыла­ды. Бұған дейін Әзербайжанда жеті рет, Татарстанда үш мәрте, Ресейде бес-алты рет жаңартылған. Біз әлі күнге дейін 1983 жылы Қазақ КСР жоғары кеңесі бекіткен орфографиялық ережені қолданып жүрміз. Сондай-ақ Е.Тілешов сөй­леу, жазу мәдениетіндегі өзге­рістерді басшылыққа ала отырып, жоғары оқу орындарының ғалым­дары жиналып, бірқатар ел­дің тәжірибесіндегі орфогра­фия­лық емле-ережені жаңартуға бай­ла­нысты қолға алынған жұмыс­тар туралы аз-кем тоқталып өтті.

Биыл Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық универ­си­тетінде академик Рәбиға Сыз­дықтың еңбектерін жастар арасында дәріптеуге бағытталған көптеген іс-шара атқарылды. Соған орай аталған жоғары оқу орнының ректоры Болат Тілеп қазақ тіл білі­мін жаңа белеске көтерген академик шығармашылығына кеңірек тоқталды. Ол өз сөзінде ардақты тұлға еңбектерінің жас ұрпаққа білім азығы ғана емес, тәрбиелік құндылығы мол екенін жеткізді.

Бүгінде Р.Сыздықтың шәкірт­тері елімізде ғана емес, шетелде де табысты еңбек етіп жүр. Осы орайда ғалым еңбектерімен ғана емес, шәкірттерімен ұзақ жасайтынын айтқан «Ұлттық ғылым академия­сы» РҚБ президенті, ака­демик Мұрат Жұрынов: «Рәбиға Сыз­дық тіл білімі ғылымында тіл­дің дамуы, әдеби тілді, көркем сөз өнерін, аударма ісін дамытуға бай­ла­нысты мол мұра қалдырды. Осы қара шаңырақты тәмамдап, өз мек­тебін қалыптастырды. Көптеген шә­кірт тәрбиеледі. Бүгінде олардың көп­шілігі академик дәрежесіне жетті. Ол ғалым­дығымен де, қара­па­йым­ды­лы­ғымен де ерекшеленетін. Өзіне тән биязылығы бар, мәдениеті жо­ға­­ры жан еді. Ғылымға келген қан­­­­ша­ма жасқа қолдау көрсетті. Бү­­гін­­де академиктің шәкірттері оның зерт­теу ісін одан әрі жалғап, ғы­­­лым­­да өзі сүрлеуін салды», деді ол.

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжанның айтуынша, академик Рәбиға Сыздық тіл білімінде 59 сала бойынша қалам тартып, 10 бағытты дамытқан. Осы еңбектері 12 томға арқау болған.

«Академик қазақ әдеби тілінің негізі жазба тіл емес, ауызша тара­ғанын айтып, теорияны бекемдеп, шегендеп кетті. Ғалым өзі еңбек еткен кезеңде оның оппоненттері кеңестік конюнк­тураның күшімен «әдеби тіл тек қана жазба тіл болса ғана дамиды. Жазба тіл пайда болған кезден бастап халықтың әдеби тілі дамиды» деген теория­ны ұстанып, қазақ тілінің әдеби формасы Қазан революциясынан кейін қалыптасты», деген ұғымды алға тартты. Міне, осыған орай Р.Сыздық Абай тілін тұңғыш рет лингвист ретінде жүйелі зерттеп, кандидаттық, докторлық диссертациясын қорғады. Абайға дейін де қазақ әдеби тілінің негізін берік қалыптастырған авторлық әде­биет болғанын «соның жарқын өкіл­дері кімдер?» деген сұраққа жауап іздеді. Ноғайлы дәуіріндегі жы­раулар тілінің мысалдарын, сол замандағы қазақ әдеби тілі­нің көріністерін зерттеді. Ғалым­ның үлкен жаңалығы орта ғасыр ес­керт­кіштерінің тілін зерттеумен бай­ланысты екенін де айтқан жөн. Ол кісі өз зерттеулерінде кеңес за­манынан бұрын да қазақ тілі мем­лекеттілікті сақтаудың құра­лы болғанын дәлелдеді», деді А.Фазылжан.

Сондай-ақ дөңгелек үстелде ҰҒА академигі, тарих ғылым­да­ры­ның докторы Мәмбет Қой­гелді «Ака­демик Р.Сыздықтың Қа­дыр­ғали Қосымұлы мұрасын зерттеу­де­гі рөлі» туралы баяндама жасады. Академиктің шәкірті, филоло­гия ғылымдарының докторы, про­фессор Қалбике Есенованың біре­гей ғалымның өмір жолына тоқталып, қайсар мінезі мен адал­дығын сөз етті. Педагогика ғылым­дарының докторы, профессор Жаңалық Балтабаева қазақ тіл білі­мінің әліппесін жастар­ға үйрету­дегі Рәбиға Сыздық ең­бектерін цифр­­лы ресурстар арқылы пайдалану тәжірибе­сін ортаға салды. Фило­логия ғы­лым­дарының докторы Жамал Манкеева қазақ сөзі­нің сыры мен сынына үңіл­ген академиктің адами болмысы, ғылымдағы жолы тура­лы есте­лі­гімен бөліссе, профессор Айман Қобланова, Бибайша Нұрдәулетова ғалымның ғылыми зерттеулерінің мәнін ашып берді.

 

АЛМАТЫ