Ұлттық құраманың Париж олимпиадасындағы сәтсіздігінен кейін Үкіметте үлкен жиналыс өтіп, қордаланған мәселелер талқыланды. Бірқатар маңызды шешім қабылданды. Соның бірі бұдан былай облыстардағы, сондай-ақ республикалық маңызы бар қалалардағы спорт басқармаларының басшыларын Туризм және спорт министрлігі жанынан құрылатын комиссия келісімімен ғана қызметке тағайындайтын тәжірибені енгізіп отыр. Бұл қадам Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп келе жатқан дебюрократизм мен децентрализм идеясына қайшы келмей ме?
Әрине, Париж олимпиадасындағы сәтсіздіктерден кейін жасалған қадам дұрыс па, әлде бұрыс па, оны уақыт көрсетеді. Алайда теориялық тұрғыда бұл шешім қолданыстағы мемлекеттік басқару тұжырымдамасына сай келеді деп айту да қиын. Елімізде 2004-2005 жылдан бастап атқарушы билік үш буынды бірыңғай модельге толықтай ауысты. Оларға министрліктер мен агенттіктер, ведомстволар (комитеттер) және қызметтер (мәселен, Шекара қызметі) жатады. Агенттіктердің ғана емес, кейбір министрліктің де аумақта органдары бар – облыстар бойынша департаменттер құрылып, жұмыс істеп келеді. Егер де шынайы қажеттілік бар болса, кез келген министрлік жергілікті атқарушы билік жүйесінде аумақтық департаментін құру арқылы тікелей жұмыс істеуіне болады. Бұдан басқа жағдайларда облыстардағы басқармалармен вертикал қарым-қатынас орнату ақталмайды. Атқарушы билікке қатысты қолданыстағы басқару моделі – осындай. Мұны бұзбаған абзал.
Орталық атқарушы органдар өзінің ішкі ведомстволық мүддесін бірінші орынға қоятыны анық. Сол себепті өңірлердегі мәселелер мен қоғамдық мүдделер тиісті дәрежеде ескерілмей қалуы ықтимал. Мәселен, министрлік үшін олимпиадаға баратын 80 спортшыны шығару басым көрсеткіш саналса, өңірлер үшін бұқаралық спортты дамыту маңыздырақ. Өйткені жасөспірімдердің қылмысы жыл өткен сайын өршіп келеді. Бұған еліміздің депутаттары да алаңдаулы. Егер 2022 жылы 1 735 қылмыс тіркелген болса, 2023 жылы бұл көрсеткіш – 1 925, ал 2024 жылдың тоғыз айында 1 267 бірлікті құрап отыр. Жастардың уақытын бос өткізбей бұқаралық спорт түрлерімен айналысуы қылмыстың алдын алуға, саламатты өмір салтын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.
Министрліктің жергілікті кадрлық саясатқа араласу тәжірибесі бір күнде пайда болған жоқ. Білім, мәдениет, денсаулық, енді міне, спорт саласындағы басқарма басшылары орталық атқарушы органның келісімімен тағайындалуда. Келісудің де ортақ бір тәртібі бекітілмеген. Әр министрлік әрқалай жүзеге асырып жатыр. Біреулері әңгімелесу нәтижесін жолдаумен шектелсе, екіншілері келісетін не келіспейтін позициясын ашық білдіреді. Сондай-ақ кейінгі жылдары елімізде жүріп жатқан дебюрократизация саясаты аясында басқарма басшыларын Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің келісімін ала отырып тағайындайтын тәжірибе қалыптасты. Мұның ұтымды жағы ұзын-сонар конкурстық рәсімді өтіп уақыт жоғалтпайды. Алайда мұндай жағдайда министрлік келіспей жатса, мәселе қалай шешілетіні еш жерде анықталмаған.
Бұған қоса қолданыстағы заң талаптарына сәйкес жалпы конкурстан өткен адамды министрлікке келісімге жіберу қаншалықты қисынды? Конкурстан өткен адам тек тағайындалуға жататыны баршаға аян.
Жалпы, министрліктердің тікелей басқаруға деген ұмтылысын әрі қарай қолдай берсек, онда Президент жүргізіп келе жатқан дебюрократизм мен децентрализм идеясына нұқсан келтіреміз. Өйткені уақыт өте келе салалық орталық атқарушы органдар – облыстағы басқарма басшыларын өздері қызметтен босатып, өздері тағайындау қажеттігі туралы мәселе көтереді.
Рас, күрмеулі мәселе қай салада болсын жеткілікті. Алайда мемлекеттік басқарудың тексеруден өткен өз заңдылықтары бар екенін ұмытпағанымыз жөн. Егер, айталық Оқу-ағарту министрі облыстардағы Білім басқармасының басшысы арқылы әрбір мектептің директорына дейін тағайындалуына араласу мүмкіндігін алса, онда өңірлерде жергілікті демократия қалай дамиды? Сол секілді Туризм және спорт министрлігіне беріліп отырған бұл өкілеттіктің де түпкі мәні һәм барар жолы – бюрократия. Ал бюрократия дегеніміз – коррупцияның басты факторы.
Бастапқы кезде мұндай тәжірибе сәтті көрінуі мүмкін. Уақыт өте келе кеңестік биліктен қалған централизм қағидасы қайта тіріліп, бюрократия салтанат құрары анық. Мұның зардабын батпандап тартамыз. Сондықтан артқа кетпей, керісінше қазір алға жүретін уақыт екенін ұмытпаған жөн.
Жалпы, кез келген орталық атқарушы орган басшысы өңірлердің ерекшелігін ескеремін және олармен тиімді жұмыс істеймін десе, қолында тұрған норма түзу функциясын дұрыс қолдана білуге тиіс. Министрлік бекітетін нормативтік-құқықтық актілер жергілікті атқарушы органдар үшін міндетті. Әдіснамалық нұсқаулықтар мен өңірлерге арналған стандарттарды әзірлеп, олардың орындалуын бақылауда ұстауға ешқандай кедергі жоқ. Сондықтан жеңіл жолы осы екен деп бюрократиялық централизмді қару етпей, нормативтік централизмге жеткілікті көңіл бөлгені жөн. Бұл ретте әзірленген құжаттардың орындалуын өз тарапынан тікелей, ал жергілікті мәслихаттар мен қоғамдық кеңестер арқылы жанама бақылауда ұстауына болады. Өкінішке қарай, БАҚ беттерінде қайсыбір министр мәслихатқа барып келіссөз жүргізіпті деген ақпаратты естіген емеспіз.
Министрлік жергілікті атқарушы орган жүйесіндегі салалық басқарманың тиімділігін арттырамын десе, біз мұны шешудің екі түрлі жолын ұсынамыз.
Бірінші жолы. Іріктеу комиссиясын министрліктің емес, облыстық мәслихат жанынан құру қажет. Бұл ретте оның құрамына мәслихат депутаттарымен бірге тиісті министрліктің өкілі, аумақтағы қоғамдық кеңестің мүшелері және басқа да мүдделі тұлғаларды енгізуге болады. Бұл тәжірибені әуелі облыста, сосын біртіндеп аудандарға таратқан жөн.
Екінші жолы. Облыстағы (аудандардағы) басқарма (бөлім) басшыларын тиісті мәслихаттың келісімімен әкімнің тағайындауы. Бұл ретте мәслихаттың салалық тұрақты комиссиясы оң қорытынды береді. Қазір осы тәжірибені Парламент Мәжілісі сәтті қолданып жатыр. Министр лауазымы салалық комитеттердің отырысында келісіледі.
Биыл мәслихаттардың құрылғанына 30 жыл толып отыр. Жергілікті мемлекеттік басқарудағы атқарып отырған қызметі қомақты. Алайда түрлі әрі негізді сындар да толассыз айтылады. Солардың бір парасы бақылау өкілеттігіне және оның тиімділігіне қатысты болып отыр. Кадрлық саясатты министрлер мәслихаттармен бірге жүргізетін болса, бұл мәслихаттың бақылау функциясын айтарлықтай жетілдірер еді, сондай-ақ министрліктің де мүддесі шетте қалмайтыны анық. Президент екіден кем емес үміткер ұсынып, оның қайсысы облыс немесе республикалық маңызы бар қала әкімі болатынын мәслихат депутаттары дауыс беру арқылы дербес анықтайды.
Біз централизм мен бюрократия емес, децентрализм мен дебюрократияға қарай жүріп, алдағы уақытта мектептің, аурухана мен емхананың директорына дейін жергілікті халық өзі таңдап қоятын жағдайға жетуге тиіспіз. Учаскелік инспекторлар мен бітімгершілік судьяларды да халық өзі тікелей сайлауы қажет. Бұл – ХХІ ғасырдың заманауи талабы. Біздің даму жолымыз – осы бағытта. Сондықтан саяси беталысымызға қайшы келетін түйткілдерге жол бермеген абзал.
Президент жергілікті демократияның дамуына басымдық беріп отыр. Жергілікті атқарушы органдар, соның ішінде барлық деңгейдегі әкімдер халықпен тікелей және жанама түрде сайланады. Ауыл әкімін жоғары тұрған әкімдер түгілі Мемлекет басшысы да орнынан қозғай алмайтын тәртіп жұмыс істеп жатыр. Олай болатын болса, кез келген министрлік жергілікті мәслихаттармен және қоғамдық кеңестермен ынтымақтастықта жұмыс істегені жөн.
Қазыбек ДӘУІТӘЛИЕВ,
Ұлттық құрылтай мүшесі, заң ғылымдарының кандидаты, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың аға оқытушысы