Жылдағы статистикаға жүгінсек, жаңа жылды мерекелеу қарсаңында өрт жағдайлары жиілей түсетінін байқаймыз. Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында журналистермен жүздескен алматылық төтеншеліктер тұрғындарды салғырттықтың салдарынан болатын осындай апаттардың алдын алуға шақырды.
Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Кәрімжан Рахманның айтуынша, жыл сайын Алматыда жаңа жылды мерекелеу кезінде орта есеппен 11 өрт оқиғасы тіркелетін көрінеді. Оқыс оқиғалардың басым бөлігі пиротехникалық бұйымдарға байланысты болады. Соңғы бес жылда осындай себеппен 57 өрт тіркелгенін алға тартқан маман, мегаполис тұрғындары сақтық шараларына салғырт қарамаса дейді.
«31 желтоқсан отшашусыз өтпейтіні белгілі. Алайда осы фактордың себебінен денсаулығына түрлі деңгейде зақым келтіріп, тіпті үйін немесе көлігін өртке орап алып жатқандар аз емес. Былтыр мереке күні Алматыда 18 адам, оның ішінде 11 бала пиротехниканы дұрыс пайдаланбау салдарынан алған жарақаттарына байланысты медициналық көмекке жүгінді. Олардың арасында көру қабілетіне зиян тигендер де бар. Біз балаларға отшашулар мен петардаларды ұшыруға жол бермеуді ұсынар едік. Бұл қайғылы оқиғаларды болдырмауға көмектеседі», дейді қалалық жедел жәрдем қызметі директорының орынбасары Андрей Ложкин.
Тәртіп сақшылары Алматыда «Пиротехника» операциясы жүріп жатқанын хабарлады. 19 желтоқсандағы жағдай бойынша пиротехникалық өнімдердің 141 қорабы және бірнеше рет атылатын «VIP Салют» отшашуларының 125 данасы тәркіленген. Пиротехниканы заңсыз сатудың 22 фактісі анықталған болса, тәркіленген өнімнің жалпы салмағы 365 кг құраған. Полицейлер бұл бағыттағы жұмыс жалғаса беретінін жеткізді.
«Заңсыз сауда айналымы сапасыз тауарлардың жаппай сатылуына әкеледі. Салдарынан түрлі келеңсіз оқиғалар орын алуы ықтимал. Осы себепті бақылауды барынша күшейтіп, әріптестеріміз қаланың әр нүктесін мұқият қадағалайды. Қала аумағында 145 мобильді топ жұмыс істейді. Біздің міндетіміз — қауіпті өнімдерді сатудың алдын алу және әсіресе кәмелетке толмағандар арасында жарақат алу қаупін болдырмау», дейді Әкімшілік полиция басшысының орынбасары Тимур Серікұлы.
Жауапты мамандар қаладағы 72 шырша мен 17 мұз айдыны аумағына тексеріс жүргізіп, меншік иелеріне өрт қауіпсіздігі шараларын күшейту бойынша ұсыныс берген. Қайғылы жағдайларды болдырмау үшін Алматы тұрғындарын Жаңа жылды мерекелеуге жауапкершілікпен қарауға шақырған мамандар пиротехникамен қауіпсіз жұмыс істеудің негізгі ережелерін еске салды. Мамандар кеңесіне мән берсек, өнімдерді тек арнайы дүкендерден сатып алу, қаптаманың тұтастығын және жарамдылық мерзімін тексеру, пиротехниканы жылу мен ылғалдан алыс ұстау, отшашуды тұтатар кезде адамдардан, ғимараттардан және ағаштардан 50 метр қашықтықты сақтау, фитильді тұтату кезінде өнімге еңкеймеу, 16 жасқа дейінгі балалардың өз бетінше тұтатуларына жол бермеу оқыс оқиғалардың алдын алуға ықпалын тигізеді.
Дегенмен кейінгі жылдары пиротехникалық отшашуларды тұтыну деңгейі төмендеген. Соған сәйкес, зардап шегушілер саны да сиреген. Айталық, 2017 жылы жаңа жыл түнінде пиротехникадан зардап шеккен 117 тұрғын ауруханаға жүгінген болса, 2018 жылы 120-дан астам алматылық түрлі деңгейде жарақат алған. Олардың арасында денесінің 50 пайыздан астамын күйік шалып, өкінішті жағдайда қалғандар бар.
АЛМАТЫ