• RUB:
    6.13
  • USD:
    514.94
  • EUR:
    583.74
Басты сайтқа өту
Экология 02 Сәуір, 2025

Орман шаруашылығы аумақтарында зерттеу жұмыстары басталды

50 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы қойған міндеттер аясында Экология және табиғи ресурстар министрлігі Үкімет атынан жоспарлы жұмыс жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев атап өткендей, бүгінде республикада материалдық-техникалық жабдықтар жаңартылып, орман өрт сөндіру техникасы сатып алынған. Сондай-ақ өртті ерте анықтау жүйелері енгізіліп  және жаңа орман тәлімбақтары құрылып, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар кеңейтіліп, қалдықтарды кәдеге жарату жобалары жүзеге асырылып жатыр. Ал сирек кездесетін жануарлар – жолбарыстар, құландар және Пржевальский жылқылары табиғатқа қайтарылады.

«Ормандарды қорғауды күшейту және материалдық-техникалық жаңарту үшін орталық бюджеттен өртке қарсы және орман өрт сөндіру техникасын сатып алуға 5,4 млрд теңге бағытталды, жергілікті құрылымдардан 6,7 млрд теңге бөлінді. Орман өрттерін тиімді сөндіру үшін тракторлар, арнайы техника мен жабдықтар сатып алынып жатыр. Орман өрттерін ерте анықтау жүйесі «Қазақтелекоммен» бірлесіп жүзеге асырылуда. «Жасыл аймақ» пен «Семей орманы» сияқты 24 орман шаруашылығы аумақтарын зерттеу жұмыстары басталды», деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.

Сонымен қатар 6 өңірде жаңа орман тәлімбақтарын құру жұмыстары жүргізіледі. Жалпы бюджет 21,2 млрд теңгені құрайды, әрбір тәлімбаққа 3,5 млрд теңгеден қаралған. Оның қуаты – 6 млн көшет. Құрылыс 2025 жылы басталады. Биоалуантүрлілікті сақтау тұжырымдамасын әзірлеу басталған.

«Жаңа ерекше қорғалатын табиғи аумақтар (ЕҚТА) – «Мерке» өңірлік паркі (86 мың га), «Арал» (471 мың га) және «Жайық орманы» (46,9 мың га) резерваттары құрылуда. Үш аумақты – Үстірт, Қаратау, Іле-Балқаш, 648 мың гектарға кеңейту жоспарлануда. 6 ЕҚТА-да бақылау өткізу пунктерін автоматтандыру және электрондық төлем жүйесі енгізілуде. Орманшыларға арналған білім беру орталығы ашылады», делінген хабарламада. Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылдан бастап Президенттің «Таза Қазақстан» бастамасы жүзеге асырылып жатыр. Экологиялық қозғалысқа 6 млн адам, оның ішінде 230 мың ерікті қатысқан. 1,1 млн тонна қоқыс жиналып, 1,6 млн ағаш отырғызылған. Экомәдениетті дамытудың 2029 жылға дейінгі Тұжырымдамасы бекітіліп, өңірлік жоспарлар мақұлданды. Экологиялық бастамалар қоғам тарапынан белсенді қолдауға ие болып отыр. «2 млрд түп ағаш отырғызылып жатыр. 2021 жылдан бастап 1,145 млрд ағаш егілді. Сондай-ақ Арал теңізінің құрғаған табанын көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде – 1,1 млн гектарға сексеуіл отырғызу жоспарланған.Қатты тұрмыстық қалдықтарға қатысты мәселелерді шешу мақсатында 238 млрд теңгеге 94 жобадан тұратын пул қалыптастырылды. Заманауи полигондар салу, қайта өңдеуді дамыту және қалдықтарды бөлек жинауды енгізу негізгі бағыттар саналады. Сирек кездесетін жануарларды табиғатқа қайта жіберу жұмыстары жалғасуда. Жолбарыстарды, құландарды және Пржевальский жылқыларын қайта жерсіндіру бағдарламалары жүзеге асырылып отыр», делінген хабарламада.
Соңғы жаңалықтар