Кейінгі жылдары интернет-алаяқтық пен көлеңкелі экономикада «дроппер» деген сөз жиі кездеседі. Бұл терминді киберқауіпсіздік тақырыбында да, қылмыстық жаңалықтардан да жиі естиміз. Дроппер деген кім және оның қызметі неге заңсыз? Осыған қатысты Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі былай дейді.
Дроппер кім?
Дроппер – алаяқтық жолмен алынған ақшаны өз шотына қабылдап, оны қолма-қол ақшаға айналдыратын немесе басқа есепшоттарға аударумен айналысатын адам. Басқаша айтқанда, дроппер – ақшаны жылыстату тізбегіндегі делдал. Көбіне дропперлер фишинг, аккаунтты бұзу, банк картасының деректерін ұрлау немесе басқа да алаяқтық әдістер арқылы алынған ақшамен жұмыс істейді. Олардың міндеті – ақшаның шыққан көзін жасыру үшін оны басқа шоттарға тарату немесе қолма-қол ақшаға айналдыру.
Дропперлер қылмыстық схемаға қалай тартылады?
Көп жағдайда дропперлер алаяқтыққа бейсаналы түрде тартылады. Олар қылмысқа қатысы барын кеш түсінуі де мүмкін. Дропперлерді алдау немесе тартудың бірнеше әдісі бар:
«Табысы жоғары, қашықтан істейтін жұмыс». Интернетте жұмыс туралы хабарландырулар жарияланады, яғни тек ақша қабылдап, әрі қарай аудару қажет деп айтылады. Банк шотын ашу үшін сыйақы ұсыну. Жастарға банк картасын немесе электронды әмиян ашып, оны «жұмыс берушіге» тапсыруға ұсыныс жасалады. «Шетелге ақша аударуға көмектесу». Алаяқтар шетелдегі туыстарына немесе серіктестеріне ақша жіберуге көмектесу керек деп сендіреді, бірақ шын мәнінде бұл ақшаны жылыстату әрекеті болады.
Дроппер заң алдында қалай жауап береді?
Көптеген дроппер өздерін жай ғана орындаушы деп ойлайды. Бірақ заң бойынша олар қылмыстық схеманың қатысушылары болып саналады. Мұндай әрекеті үшін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Дроппер болмас үшін не істеу керек?
Ақша аударымдарына байланысты күмәнді ұсыныстарды қабылдамау. Өз банк картасы мен шот мәліметтерін бейтаныс адамдарға бермеу. Жұмысқа орналасар алдында компанияны мұқият тексеру.Дроппер – жай делдал емес, ол заңсыз қаржылық операциялардың қатысушысы.
Егер сізге оңай әрі жылдам табыс табу ұсынылса және ол ақшаны аудару немесе қабылдаумен байланысты болса, бұл алаяқтық болуы мүмкін. Мұндай ұсыныстан бас тарту – өзіңізді қылмыстық жауапкершіліктен қорғаудың ең сенімді жолы.