• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
24 Тамыз, 2010

Қызылжар өңірін аралады

535 рет
көрсетілді

Парламент Мәжілісінің Төрағасы, “Нұр Отан” ХДП фракциясының жетекшісі О.Мұхамеджанов жұмыс сапарымен Солтүстік Қазақстан облысында болды. Орал Байғонысұлы алдымен Абылай хан кешенді мемориалдық мұражайында болып, тарихи жә­дігерлермен танысты. Одан кейін академик М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің профессор-оқы­ту­шылар құрамымен кездесті. Мәжі­ліс Төрағасының Нұр Отан” ХДП облыстық, аудандық, қалалық де­путаттар фракциясының мүшелері­мен, түрлі деңгейдегі халық қа­лаулыларымен, қоғамдық ұйымдар мен жастар өкілдерімен кездесуі ашық пікір алысу жағдайында өтті. “Жол картасы” және үдемелі ин­дустриялық-инновациялық даму бағдарламаларынан туындайтын өзекті мәселелер әңгіме арқауына айналды. Оған Парламент Мәжі­лісі­нің депутаттары И.Чиркалин, Р.По­лищук, Ж.Сүлейменов, П.Дми­­­триенко, Р.Мәдинов қа­тысты. Жиынды аймақ басшысы Серік Біләлов ашып, бірінші сөзді саяси партияның облыстық мәсли­хаттағы фракциясының жетекшісі Қанат Мыңжасовқа берді. Ол елі­міздегі жетекші партия тұғырна­масының жергілікті жерлерде орындалуы жайынан баяндады. Елбасының Жолдауынан туын­дайтын міндет­тер­ді жұртшылыққа жеткізу мақ­са­тымен тек биылдың өзінде 200-ге тарта кездесулер, 131 түсінік жұ­мыс­тары жүргізілген. 8 “дөңгелек үстел”, 17 рейд шара­лары ұйым­дас­тырылған. Облыстық мәслихаттың хатшысы Қ.Еді­ресовтің Түмен облыстық дума­сымен іскерлік бай­ланысты ны­ғайтуға бағытталған ұсы­нысы қолдау тауып, мемо­ран­думға қол қойылған. М.Лұқпа­нов­тың әлеу­меттік салаға қаржылық қолдау көрсету жөніндегі үндеуіне орай ауыл шаруашылығы құры­лым­дарына былтыр 645 миллион, биыл 114 миллион теңге құйылған. Саяси бюро мәжілістерінде Ә.Жү­ні­сов, И.Коровин, С.Кащен­цева, В.Ковшов, тағы басқа депу­тат­тар­дың есептері тыңдалып, іс-тәжірибелері таратылған. Есіл аудандық мәслихатының хатшысы Бауыржан Шериязданов өз сөзін атқарушы билік орган­дары­мен тығыз бірліктегі жұмысқа арнаса, облыстық пәтер иелері ассоциация­сының төрағасы С.Ху­дя­ков 2020 жылға дейін арналған тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шы­лық бағдар­ламасын әлі де жетілдіре түсуді, талқылау мерзімін ұзартуды ұсынды. Парламент Мәжілісінің Төр­аға­­сы жиналғандарды еліміз бой­ынша Президент Нұрсұлтан На­зар­баевтың тікелей қолдауымен жү­зеге асып жатқан “Жол картасы” және үде­мелі индустриялық-инно­вациялық бағдарламалардың орын­далу бары­сымен  таныстыр­ды. Тәуелсіздік алғаны­мыз­ға 19 жыл ғана. Тарих үшін қас-қағым сәт ішінде қаншама ұланғайыр істердің тынды­рыл­ға­нына бәріміз де куәміз. Еліміздің әлеуеті артып, эконо­ми­касы серпінді дамып келеді. Көп­теген мемлекеттер дүниежүзілік қаржы дағдарысына төтеп бере алмай тұралап жатқанда, Қазақстан зейнетақыны, әлеуметтік өтемақы­ларды, жалақыны ұлғайта алған бірден-бір елге айналды. Соңғы он жылды алып қарайықшы. Орташа айлық жалақы – 5, зейнетақының орташа мөлшері 3 есеге өсті. Өмір сүрудің ең төменгі деңгейінен аз табысы бар халықтың үлесі 4 есеге азайды. Күтілетін өмір ұзақтығы 65-тен 68 жасқа дейін ұлғайды. Енді 72 жасқа дейін ұлғайтуды меже етіп отырмыз. Ана өлімі кеміп, бала туу көрсеткіші жақ­сар­ды. Он жылда 652 мектеп, 463 ден­саулық сақтау нысаны салын­ды. Бұрындары ауылдықтарды жол, сапалы ауыз су жайы қатты қинаса, енді бұл салаларға қаржы мол құйыла бастады. Алдағы жыл­да жол жөндеу жұмыстарына 2 трил­лион теңге жұмсалатын болады. Өңдеуші кәсіпорындар саны 18,3 пайызға көбейді. “Таза су” бағдарламасы бойынша екі мыңнан астам ауыл қамтылды. Әу баста бір жылға ғана бағдарланған “Жол картасы” бағдарламасы өзінің өміршеңдігін көрсеткеннен кейін мерзімі ұзартылды. Биыл бұл бағытқа 13 миллиард теңге қа­рас­тырылып, 130 мың жаңа жұмыс орындарын ашу көзделген. Қысқа мерзімде қол жеткізген толағай табыстарымызды санамалап жет­кі­зу мүмкін емес. Ұлттық қор 50 миллиард АҚШ долларын құрай­ды. Кезінде оның айналасында айғай-шу тудырып, арзан бедел жинауға ұмтылғандар қатты қате­лес­кенін өздері де мойындайды. Саяси аренадағы жеңістерімізді таразылайтын болсақ, ол өз ал­дына бөлек әңгіме. Қысқа қайыр­сақ, қай жағынан болсын өрке­ниетті мемлекеттермен тереземіз теңесті. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымын басқару, мәртебелі миссияны ат­қа­ру Елбасының әлем алдындағы зор бедел-абыройын көрсетсе керек. О.Мұхамеджанов мемлекеттің ел тұрғындары алдындағы әлеу­мет­тік міндеттемелерінің абырой­мен орындалуына Мәжіліс депу­тат­тарының, “Нұр Отан” ХДП фракциясының да зор үлес қосып отыр­ғанын, алда тұрған міндет­тер­дің ауқымдылығын атап көрсетті. Астанада ЕҚЫҰ Саммитын өткізу – елімізге, Елбасына көрсетілген зор құрмет. Сонымен бірге, үлкен жауапкершіліктер жүктейді. Пре­зи­денттің қатысуымен өтетін па­латалардың бірлескен сессиясы­ның күн тәртібіне іргелі мәселелер ұсынылып отыр. Солардың бірі – құқық қорғау жүйесін реформа­лауға қатысты. Мемлекет басшысы “Қазақстан Республикасында құқық қорғау қызметі мен сот жүйесінің тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар туралы” Жар­лыққа қол қойды. Онда құқық қор­ғау органдарының қазіргі құ­рылымы мен басқару жүйесін оң­тайландыру, функцияларына өзге­рістер енгізу, қоғамды ізгілендіру секілді маңызды міндеттерді жү­зеге асыру қарастырылғанын айта келіп, алдағы жұмыстарға табыс тіледі. Іссапар бағдарламасы аясында Мәжіліс Төрағасы Аққайың ауда­нындағы Қайырбек Оразов атын­дағы Аралағаш орта мектебінде болып, ұстаздармен жүздесті. Бұл жерде білім беру саласының мәсе­лелері жөнінде ой қозғалды. Кездесу соңында Мәжіліс Төрағасы мектеп ұжымына компьютер сыйлады. Өмір ЕСҚАЛИ. Солтүстік Қазақстан облысы.