• RUB:
    5.58
  • USD:
    474.72
  • EUR:
    515.17
Басты сайтқа өту
25 Тамыз, 2010

Сүлеймен қарақшы

8423 рет
көрсетілді

Шымкентіңізден шығысқа қарата шықсаңыз, Сайрам аймағын аралап өтіп, Машаттайын майсаң асудан асарсыз. Содан сәл биіктеп барып, Сазтөбені бүйірлей оңға бұрылсаңыз, Қарақшы атырабы басталар. Қарақшының қара желі құтырынса, жазда да жаман-ақ. Ал қыс айларындағы алапат боранына тап болғандар ешқашан естен кетіре алмас. Қарақшы деген атауды әркім әртүрлі түсіндірер. “Әзелгі кезеңдерде ұрылар, қарақшылар, жол торыған жауыздар көп жү­ретіндіктен, осылай аталған”, – дейтіндер аз емес. “Жо-о-оқ, ол – жай сөз. Ана-а-ау дөңес тұмсықты көрдіңіз бе? Пойыз ирелеңдеген? Шойын жол салынғанға дейін сол тұс Қарақшы дейтін құзар-тұғын. Түркісіб темір жолы жет­кен­де түннел жүргізілді. Кейіннен Қарақшы құзары түгел талқандалды”, – дейтіндер де баршылық. Екінші пікірдегілердің пайымдауына құлақ қойсаңыз, Қарақшы құзары қалқайып, жабыққан жолаушылар үшін дәтке қуат беріп тұратын болған. Небір нөпір ағынды борандарда да адаспақтан арашалап, ақ түтектің арасынан қылаңыта қарауытып көрінеді екен. Биікте бұлаңытып, бағыт бағдарлауға болысқан. Қаншама рет Қарақшының қара жолымен ерсілі-қарсылы өтіп жүріп, қайбір жылғы ақпанның аяғында бұлғақты боранын бастан кешкенбіз. Оның қандайлығын сіз сұрамаңыз, біз баяндамай-ақ қоялық. Әттең, жүрек жұтқан киногерлер табылып, түсіріп алса ғой. Дейсің. Голливудыңыз қайран қалар еді. Қарақшы құзары жоқ қазір. Алайда, қарақшы ұғымы, қарақшы адамдар хақында алуан-алуан аңыз-әңгімелер айтылады. Қарақшы деген сөздің әуелгіде жағымды мағынада ұғынылғанын дәлелдегісі келетіндер табылады. Қарақ дегеніңіз, шынымен-ақ шырақтайын, қалқадайын түсініктермен түбірлес, тамырлас. “Көзі қарақты” дегенді де көп қолданамыз. Жылы жағыңызда “түркі шайыр” атанып жүрген ақын, зерттеуші Сәрсенбек Сахабатты тыңдасаңыз, қарақшыдайын ұғымды тұтас ақтап алмаққа құмбыл. “Жұрт жанарының қарашығы – қарақшысы, елдің елдігін, ата-бабаның салт-дәстүрін сақтайтын сардар-сақшысы”, – деп бой бермейді. Түсіндірме сөздіктерге қарасаңыз, қарақшының бірнеше мағынасын мәністейді. Біріншісі – ит-құсты, ұры-қарыны шошыту үшін қотанның, бау-бақшаның басына қойылатын адам пошымдас бейне. Екіншісі – меншікті жердің шекарасын білдіретін арнайы белгі. Үшіншісі – бәйгеге түскен аттар жетіп тоқтайтын мәре. Төртіншісі – жол торып, керуен тонаушы. Бесіншісі – елді тонаушы, қаныпезер, жауыз. Көрдіңіз бе, қалай-қалай? Әдетте қарақшылар және қарақшылық жайындағы әңгімелер жиі-жиі айтылып жатады. Сондай-сондай әңгімелердің, пікірталас­тардың не басында, не аяғында міндетті түрде қарақшы және қарақшылық туралы ұғымдарға анықтамалар берілмей қалмай­ды. “Ой, ол кісі ондай емес, шын мәнін­дегі текті қарақшы еді ғой”, “Қарақшыда да қарақшы бар”, “Пәленшеңіз баукеспе емес, халықтың қамына қамқоршы болған қарақшы дә”, “Қойыңдар-ей, ол қарақшы қайда, бұл қарақшы қайда?” – дегендейін таластарға талайыңыз куә болған шығарсыздар. Осы Оңтүстігіңізде, оның ішінде Қаратау мен Қазығұрт, Сайрамсу мен Сыр бойы, тіпті Ташкентіңіз төңірегінде аттары аңызға айналған алақшылар мен қарақшылар ғұмыр кешкен. Алақшыларға алаңдамай-ақ қоялық. Әзірше. Әрине, қарақшыларыңыз хақындағы хикаяла­рыңыз да қайшылықтарға толы. Біреулер оларды оңдырмай даттайды. Екіншілері тұтас-түгел мақтайды. Үшіншілері қаралап алып, ақтайды. Төртіншілері тұқырта тұра, көп жағынан жақтайды. Тыңдап-тыңдап отырып, ойға батасыз. Қарап-қарап оты­рып, қорытындылар топшылайсыз. Қалай қарасаңыз-дағы, шын қарақшыларыңыз қарабайыр қымқырғыштар мен жымқыр­ғыштар емес. Қарақшыларыңыздың басым бөлігінде қараниеттілік пен қарабайлық, шық бермес шығайбайлық болмаған секілді. Нәрмәрттіктен гөрі жомарттық жағына жақын сияқты. Бар-баршасының қарақшылығы ә дегенде, әуелгіде әділет­сіздікке төзбеушіліктен туындағандай. Қазақ әдебиетінің классигі, қазақ қара­сөзінің зейін-зергері Тәкен Әлімқұлов Ықылас, Тәттімбет, Махамбет, Сейтек, Ақан сері сынды саңлақтар турасындағы туындыларында таланттар табиғатын өзгеше өрнектеген. “Ерке болмыстың тәуелсіздігі” атты асыл арна – Тәкен Әлімқұлов ашқан айшықты жаңалық. Көркемдік құпиясы арқылы. Мейлі му­зыкаңыз, оның ішінде ән мен күй болсын, мейлі ақындық болсын, қай-қай салада да шынайы өнер иесінің ерке болмысы тәуелсіз болмайынша, ол оңды дүние жа­рата алмақ емес. Мінекиіңіз, жалпыламалау жайбағыстағанда, Тәкен тоқыған және тоқытпаққа тырысқан тылсымыңыз осы төңіректен табылады. Белгілі бір мөлшерде қарақшылары­ңызға да Тәкен Әлімқұлов негіздеген “ерке болмыстың тәуелсіздігі” мәселесі келің­кірейтіндей. Қарасаңыз, қарақшыла­ры­ңызға да тексіздікке төзбеушілік тән. Аңғар­саңыз, олар-дағы адалдыққа, табиғи тазалыққа, адамның ар-ожданына жаса­латын жауыздыққа шыдай алмайды. Шарт кетеді. Қиянат пен қорлыққа, зорлық-зом­былыққа, басынушылыққа, сайып кел­ген­де, әділетсіздікке төзе алмайды. Төзбейді. Қарсы шығады. Қарсы шабады. Күрес жолында қауіп-қатерлерге бас тігеді. Бәрі бірдей болмаса-дағы, басым бөлігі сондай. Қараман қарақшы. Парманқұл қарақ­шы. Тағы да Парманқұл қарақшы. Дауқан қарақшы... Деп жалғасып кете береді. Олар онша көп те емес. Аз да дей алмайсыз. Солардың бірі әрі бірегейі – Сүлеймен қарақшы. Ел аузында ең көп айтылатын да осы Сүлеймен қарақшы. Аты-жөні, іс-әрекеттері, ерліктері жұрт аузында аңыз боп жүр. Жергілікті жазушы Момбек Әбдіәкімұлының “Сүлеймен қарақшы” деген кітабы шыққан. Көлемді. Отыз баспа табақтай. 2008 жылы. Шымкент шаһа­рындағы “Ғасыр-Ш” баспасынан. Хикаят делінеді. Алғысөзін айтулы ақын Әбілда Аймақ жазған. Осы алғысөздің өзі біраз нәрсені байқататындай. Кіріспесін Әбілда мырзаңыз “Сүлеймен – қарақшы ма, әлде елге қараушы ма?” деп атапты. Сөйтіп, оқырманға бірталай маңызды мағлұматтар береді. Ақын Аймақтың айтуынша, Сү­леймен 1898 жылы Шымкент ояздығына қарасты Жоғарғы Бадам болыстығында дүниеге келіп, 1967 жылы бақиға аттанған. Балғын шағынан-ақ бала балуан атанған. Алғашқы мүшелінен аса бере жиырмадағы жігіттеріңіз жасқанатынға айналған. Жиырма үш жасында орыс шіркеуіндегі поптың тарапынан жасалған қиянатқа шыдамай, оны өлтіріп қойған. Абайсызда. “Орыстар “бандит” деген ат берсе, қазақтар батыр санаған. Батыр санай отырып, қарақшы деп ныспылаған. Ерен күштің иесі Сүлеймен өз ғұмырында қазақ намысын қорғау жолында зорлықшылармен аянбай күреске түскен. Біреудің айдауына жүріп, айтағына көнуге арланған. Сол себепті де, Кеңес өкіметі орнаған кезде қызылдардың тәртібіне бағынбай, Өзбекстан мен Тәжікстанның тауларына кетіп қалады. Бірақ тауда да оған жаулар табылады”, – дейді Әбілда Аймақ. “Сүлеймен қарақшы” атты қалың кітапты дүниеге келтірген Момбек Әбді­әкімұлы Қазығұрт тауының баурайындағы атақты Атбұлақ ауылында, 1959 жылы туған. Белгілі шежіреші. Талай-талай шежірелік шығармалар мен жинақтар құрастырған. Сондай-ақ, “Зобалаң”, “Ақпан батыр”, “Қараман қарақшы”, “Қазақстандық “наркобаронның” ақыры”, “Разборщиктің жан сыры” сияқты бірқатар кітаптары жарық көрген. “Естемес би” деген тарихи рома­нына алаштың ақтаңгер суреткері Мұхтар Мағауин алғысөз жазған. Осы кітабы үшін Момбек мырза 2007 жылдың қорытындысы бойынша “Облыстың ең үздік жазушысы” атағын алған. Айтып отырса, осы Момбегіңіздің өзі де өмір­дің небір өткелектерінен өтіп, тағдыр­дың теперіштерін тартқан. Қилы-қилы қиындықтар көрген. Тәртіптің тезіне көнгісі келіңкіремей, көп бұлқынған. Ақырында жазу жолына түскен. Сүлеймен қарақшының тарихын танымаққа жиырмашақты жылын арнаған. Тау асып, тас басқан. Ауылдан ауыл, қаладан қала қоймаған. Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, тағысын-тағы елдерді ерінбей аралаған. Ташкент төңірегін, Қоқан айналасын, өзіміздің Өгем мен Сайрам жықпылдарын, анау Алай мен Хоженд тауларын жалықпай шарлаған. Біз-дағы Момбек Әбдіәкімұлының кітабын қайталап оқыдық. Өзімен сұхбат құрдық. Қазығұрт бауырындағы ауылдардың адамдарымен тілдестік. Киелітастың қырларына, тау-тастарына, бұлақтарына қарап, Сүлейменіңіздің сырына қаныққан­дай күй кештік. Сонымен, Сүлеймен қа­рақшы кім? Ол қалайша қарақшылық жолға түсті? Қандай қарақшы еді? Сүлеймен есі­міне ел сүйіспеншілігі неліктен басымырақ? Осынау сауалдарға аз-кем ғана жауаптар келтірсек дейміз. Төле бидің бес әйелінен он екі ұл, сегіз қыз туғанын, сол он екі ұлдың сегізінен ұрпақ қалып, ең кенжелері Қожамжардың бірінші әйелінен Дербісәлі, Мұратәлі, Сүгірәлі, Дауылбай атты перзенттер өргенін білгір шежіреші Әбдіәкімұлы Момбек жоғарыда аталған кітабында талдап таратқан. Дауылбайдан Олжабай, Құлжабай, Кенжебай атты ұлдар дүниеге келген. Құлжабайдың үшінші ұрпағы Мәменнен Сүлеймен туған. Сүлейменнің шешесі Жұмакүлдің жерік болғаны да бөлекше. Төрт аюдың жүрегіне де қанбай қойыпты. Жерігі. Ақырында Қырыққыздың үстіндегі қырғыз асуынан, қысқы ұйқыдан жаңа оянған ожар-одырлау еркек аюдың ерекшелеу жүрегін жеткізеді. Жарына. Мәмен батырыңыз. Жұмакүлдің жерігі сонда ғана бірден басылады-ай. Әттең-ай, әттең. Басқаша туған бұ бала он жасқа жетпей шешеден, оннан асар-аспаста әкеден айырылады. “Жетім қозы тасбауыр, отығар да жетілер” дегенді малсақ қазақ мә­ністеген ғой. Тұлдыр жетіміңіздің тағдыры белгілі. Не-е-е кежегесі кейін кеткен кежір, жасық, ынжық боп қалады. Не-е-е намысын таптатпас, өжет-өжең жолға түседі. Сүлейменнің түп нағашысы Көбек қарақшы-тұғын. Титтейінен-ақ түрі бөлек, денесі ерек, сұсты боп өскен Сүлеймендей жиеншарының болмыс-бітіміне көп таң­данатын Көбек. Жетімдіктің тақсыретін тартып, ауылдың айналасынан шыға алмай қалған жиеншарының жарлы-жақыбайлар қатарына қосылғанына күрсінетін Көбек. “Балуан бала” атағына ие бола бастағаннан-ақ назарынан тыс қалдырғысы келмеген Көбек. Жиеншарын жанына жиірек ертетін. Бірақ, өзі секілді барымташы болғанын ті­лемейтін. Баукеспелікке баулығысы келмей­тін. Қарақшылыққа қарата икемделгенін қаламайтын. Алайда, нағашылы-жиенділер таңдай қоярлықтай жөндемді жол да жоқ-тұғын. Қалай қарасаң-дағы, қорлық пен зорлық. Қарашекпенділердің қорлығы. Соларға жағымпаздана жылпостанып, жаламырлық танытатындардың зорлығы. Күншілдік пен іштарлықтың зардабы. Ең ақыры Сүлейменіңіздей сормаңдайды да күндейді. Жетім қала тұра неге бәрімізден бойы биік? Қалайша елден ерек дәу боп жетілді, жетімек? Әке жоқ, шеше жоқ, сонда да неге ғана сүмірейіп, жәутеңдеп жүрмей­ді? Неліктен басын имейді бұ шіркін? Кім боса соның есігінде, не боса соны істеп неге қорлық көрмейді? Қалайша сондайға көнбейді? Деп күндейді. Суық та, сұсты сықпытынан, тау қопарардай тұрпатынан қорқа тұра іштері күйеді. Ет жақын туыс­тарының да. Асау тайларын, жабайыланып кеткен жылқыларын жуасытып, үйретіп берсе де. Жақтырмайтындар басым. Елдің елдігінен кенеу кеткен кезең екен де. Болыстар Сүлеймендей қара күштің иесін иліктіріп, өз мүдделеріне жұмсамақ ниетте. Атқосшы етіп, айтқанына көндіріп, айдағанына жүргізгісі келетіндер көп. Ақырында ақылы айран, ойы ойран болған он алты жасар жігіт түп нағашысы Көбек қарақшыға ілеспекке мәжбүрленеді. “Жылқыны айнала-төңіректен емес, алыстан айдап әкеледі екен. Тиісті үлесті алып, ты­ныш жүрермін. Қатты-қайырым қиянатқа, қатыгез қылмысқа бармаспын”, – дегендей түйін түйеді. Оның осындай-осындай ойларына, көңілін күптілеген күдіктеріне Көбек те: “Жылқы күзететіндерді өлтіруден Құдай сақтасын. Жымын білдірмей бас­салып, қолға түсіре алсақ, байлап-матап ке­теміз. Жүдә көнбесе, тобықтан қағып, аттан ұшыратын кездеріміз де болады...” – дейді. Сонымен, Сүлеймен Мәменұлы түп нағашысы Көбектейін қарақшыға біраз-біраз ілеседі. Біраз-біраз барымта-қарымталарға, жылқы үйірлерін үйірмелеп айдап әкел­мекке қатысады. Атақты Досалы бидің ұйғаруымен балуандыққа баулынып, орыстармен белдеседі. Жеңістерге жетеді. Атақ-даңқы кең жайыла бастайды. Жасы жиырмаға жетер-жетпестің өзінде “Сүлей­мен дәу”, “Сүлеймен балуан” деген аты Қазығұрт-Қаратау, Сайрам-Өгем, Билікөл-Жуалы жақтарына тарап үлгереді. Сөйтіп жүргенде, жылан жылының жұты жұртын ашаршылыққа ұрындырады. 1917 жылғы қазан төңкерісінің қарсаңы ғой, баяғы. Досалы би барша барымташыларына бас­қашалау бұйымтайын білдіреді. Бидің сөзін Момбек Әбдіәкімұлы былайша келтіреді: – Ал, Көбек! Бұрын “тойып секірсек, енді тоңып секірер” күн туды. Мына жұттан ашыққандарды аман алып қаламыз деп, қамбада астық, қорада мал таусылды. Ұрының кейде бір елге зияны болғанымен, бір елге пайдасы тиеді. Мына таудың ар жағындағы қырғыздың нәпақасын Құдай аспаннан да, жерден де тарықтырмай, ауыздарын аққа бөктіріп отыр. Енді сол жаққа аттанып, Күреңті мен Бозғыл шатқал төңірегіндегі бай-манаптарының жылқы­ларынан біразын бері қуып қайтыңдар. Қанша жылқы айдап әкелсеңдер де, олардың бәрін мына аштан сілесі қатып отырған жұртқа таратып береміз. Ырызды­ғымыз елмен бірге болсын. Аттаныңдар! Құдай жолдарыңды оңдасын! Текті Досалы бидің осынау амалсыз аманаты Сүлейменнің бүкіл қарақшылық өмір жолына арқау-арна боп тартылған­-тұ­ғын. Кейінгі ашаршылықтардың тұсында да Сүлеймен ылғи да ыңыранған еліне, ыңыршағы айналған жұртына жанкеш­тілікпен жанашырлық жасап, жанұшыра көмектескен. Бұл, әрине, бертініректе. Ал он жетінші жылғы жұт кезінде де, одан сәл кейініректе де Сүлеймен біржолата қарақ­шылық жолға түстім деп есептемеген еді. Ылғи да екіұдайлау, әрі-сәрілеу күй кешу­мен болған. Жиі-жиі ой-толғанысқа берілер еді. Заман өзгермекке кеткен. Заманына қарай адамы да құбылмаққа көшкен. Бірде Досалы би Сүлейменді салмақты, салиқалы сөзге тартып, әжептәуір әңгіме-дүкен құрған. Жаңа өкіметтің жай-жапсарын жайбағыстап, түсінігін кеңейте түскен. Баяғы Ордабектің Ноғайы Ташкенттен оқу оқып, осында оралыпты. Сол Ноғай Сүлеймен дәуді ұмытпапты. “Жолықсын. Қаласа, қанатымның астына алайын” депті. Өзі аудан басындағы “мілисаның нәшәндігі” көрінеді. Мінекиіңіз, Сүлеймен дәуіңіз Досалы бидің уәжіне көніп, Ноғайға бармаққа бе­кінген. “Бір ыңғайлылау қызметке тұрғыз­са, ұры-қарылықты сап тыйып, жылқы бақ­қан­нан құтылып, там салсам, қатын алсам, ба­л­а-шаға өсірсем, шіркін-ай. Сардар Но­ғайдың сарбазы боп кетсем, несі бар, әділдіктің жо­лында аянбас едім ғой”, – деп арман­да­ғанын кейіннен сыр етіп талай шертер-ау. Әттең-ай, әттең! Арманына жете алмады. Алып денелі арда жігіттің жолын қырсық кес-кестеді. Қарашекпенділердің ұрпақтары қаскөйлік жасады. Орыстар мекенінің маңайына жақындағаннан-ақ Қарагер оқыранып, оғаш тапырақтаған. Елемеген. Иесі. Елегенмен, айналып өтер жол жоқ-ты. Араларында мастары бар, саулары бар, олар жөн-жосықсыз килікті. Тұтқиылдан тиісті. Мазақтап, ауыздарына келгендерін айтты. Қорламақ болды. Пиғылдары теріс. Түстері суық. Атыңды бересің дейді. Тастап кетесің дейді. Өзің иттей боп, жаяу-жалпылыққа көнесің дейді. Көнсең әне, көнбесең, көресің дейді. Шылауына жармасты. Аттан аудармаққа әрекеттенді. Түк шығара алмады. Дәу қазақ бой бермейді. Біразына қамшы тиді. Бірқатарын Қарагердің омырауы қағып құлатты. Кенет алып қазақ қамшысын тү­сі­ріп алды. Қарсы жақ құтырынды. Қара­герді иемденбей тынар емес. Тас атқылап, кесек лақтырып, қоршалап келе жатқан. Ел-жұртқа кеңінен таралып кеткен, екінің бірі тәптіштеп әңгімелейтін осынау оқиға жоғарыда аталған “Сүлеймен қарақ­шы” атты кітапта да жан-жақты суреттеледі. Кенет шіркеуден поп шығады. Тобығына дейін ұзын шапанының етегі жапқан. Мойнына крест таққан. Күркірей дауыстай­ды. Қасқа поп. Жағдайды түсінген соң ол-дағы Сүлейменге сүзіле қарап, зорлықшы орыстардың сөзін сөйлейді. Мысқылдай күледі. “Атыңды бересің, жаяу кетесің”, – дейді. Аңқау, адал, аңғал қазекең, жиыр­мадан жаңа асқан жігітіңіз қайран қалады. “Мұндайда қазақтың молдасы қазылығын білдіріп, жөнін көрсетіп, тентегін тыйып тастар еді”, – деген мазмұнда мағлұмдама жасайды. Поп одан сайын кекетеді. Айқас қайта қызады. Орыстар қайта жабылады. Ашу-ызасы қозса, қара күші тас қопарардай тасқындайтын Сүлеймен тоқал тамның боғатындағы жуан ағашты құрық құрлы көрместен суырып, соғады-ай келіп. Содыр­ларды. Шатақты баспақтың орнына шақшия ыржиып, солардың арасында жүрген поптың қақ басынан қатты соққы тиеді. Тіл тартпай кеткен поптарын көрген орыстар алғаш аңтарылып, артынша азан-қазан у-шуын бұрынғыдан бетер үдетеді. Еркектері өкіріп, қатындары зарлап жылай бастайды. Әр жерден мылтық дауысы естіледі. Қарагер мен қара күштің арқасында құтылған Сүлейменіңіз де, әрине, мәз емес-ті. Адам өлтіремін деп ойлады дейсіз бе?! Поптың қазасы қазақтың қайтпас-қайсар жігітіне жеңіл тимеген. Бүкіл тағдырын түгелдей басқа бағытқа бұрған. Қамқорлық жасамаққа шақырып, күтіп жүрген “мілисә нәшәндігі” Ноғай енді мұны қолдай қоймас. Қолдағысы келгенмен, қолдатпас. Кері оралса, Ордабек болыс та жақтырмас. Болысқысы келгенмен, болыстырмас. Досалы бидің қолы да қысқарар. Жаңа өкіметтің қай жаққа, кімдерге бүйрек бұрары белгілі. “Өздері тиісіп, қорлаған соң қарсылық білдірдім, абайсызда өліп тын­ды”, – дегеніне кім иланып, кім сенер? Қазығұрттың Бадам жақ биігінде, бұлдыраған әлемге қарап тұрып, кеудесін күрсін кернеген Сүлейменіңіз сү­ле­соқтанып, ұзақ ойланған. Азап­қа қатты буылған. Ай­на­ла-төңірегінен тиек таппай суынған. Тиянақсыз тағды­ры­нан түңілген. Ақырында қат­қыл қорытынды түйген. Қа­тыгез байламға тоқтаған. Түн қатып жүріп, қасқырлардың қамауынан әзер құтылып, тамырлары Топыш пен Қасқабайларға қарата жол тартқан. Олар баукеспе барымта­шы­лар-тұғын. Көбектің кезінде танысып-табысқан. Ұғысып-жұғысқан. Уақытша ғана шығар деп ойлаушы еді. Тағы да тағдыр айдағанын қарасаңызшы. Қарақшылыққа қарата. Қасқабай қуанды. Топыш шаттанды. Дәу баланың қайта іздеп тапқанына. Сүлейменнің сырын ықыласпен тыңдасты. Алып адамның өз орталарында отырғанына мерейлері тасыды. Былайғыларға сұс пен сес секілді. Сүлейменнің сұрауымен Топыш сапарға аттанды. Поптың өліміне байла­нысты дау-дамайдың қалай қызып, қандай бағыттарға бұрылғанын білмек мақсат қой. Оншақты күннен соң оралады. Топыш. Талай әңгіме естіпті. Көп жәйттерге қаны­ғып­ты. Көп адамға жолығыпты. Орыстар Ордабек болысқа барыпты. Дау салыпты. “Мілисә нәшәндігі” Ноғайға да тыныштық бермей жүріпті. “Сүлейменді тауып бе­ріңдер” деп. Милициялар іздеген бопты. Болыстар мен билер жағы: “Көзге түскен мезетте байлап-матап беремізді” айтып құты­лыпты. Дау бір басылып, бір өршіп тұрыпты. “Сүлеймен қарақшы” деген лақап өрттей лаулап кетіпті. Жұрт аузында. Жа­н­­ашырлары: “Әзірше ізін білдірмей, дымын шығармай, сол жақта жүре бергей”, – десіпті. Өзінің қарақшылық жолға біржолата түскенін түсініп-түйсіне тұра, алыста қалып қойған туған жерінде, өскен төрінде “Сү­леймен қарақшы” атанып үлгергеніне өлер­дей өкініп, қатты қапаланған батыр балуа­ныңыз жер бауырлап жатып алған көрінеді. Қасқабай мен Топыш қоса жабылып жұбатыпты: “Уа, Сүлеймен балуан! Ондай атақ екінің біріне бұйыра бермейді. Кез келгенге қона қоймайды. Осы біздің өлкеміздің өзінде арғы-бергі замандарда Тұрап пен Сеңгір ғана қарақшы атағына жеткен”, – десіп, әзер басады. Әзірше еліне орала алмасын сезген Сүлеймен Елсапа дейтін ерді іздеп шығады. Көбекпен бірге жүргенде ерекше ұнаған Елсапа еді. Ол, бірақ, басмашылармен бірге екен. Деседі. Таудан-тауға, шатқалдан-шатқалға ауы­сып, алған бетінен қайтпаған. Басмашы­лардың неше түрін көрген. Өзбегін де, тә­жігін де. Қырғызын да. Сарт-сауанын да. Елсапаны таппаған. Тұтқынға да түскен. Зынданға да жабылған. Үңгірлерді де мекендеген. Қамауларды бұзып шыққан. Қамалдарды жарып шыққан. Сатқындықты да көрген. Опасыздардан да күйген. Адал серіктер, текті қарақшылар да тапқан. Сенгіш Сүлейменіңіз қателіктер де жіберген. Талай-талайлардың қанын да төккен. Нақақтан-нақақ емес, алайда. Басынған­дар­ды, қара бұқараға тізесін батырғандарды, сатқындар мен опасыздарды аямаған. Жылдар жылжып, еліне оралған. Орда­бек болыстың болысуымен Балдықыз атты қызға үйленген. Құлажандай перзент көрген. Бәрібір, қуанбаған. Қуана алмайтын болған. Отыздан асқан шағында тозғындап кеткен туған жерінде, өскен елінде ешқан­дай қуаныш жоқ секілді-тұғын. Досалы би қайтыс болып кеткен. Жаппай ұжымдасты­руы­ңызды жақтырмаған. Құлтан сияқты шолақ белсенділердің заманы туған. Ұжым­дастыру науқаны қызған. Бірақ малда да, жанда да береке жоқ. Тектілер түгел тәр­кіленіп, айдауға түскен. Сүлеймен, әрине, қарақ­шылығын қоя алмайды. Күнкөріс керек-дүр. Бәрінен Құлтандайын шәлтірең-шолақ белсенділердің ызасына шыдау қиын. Шы­дамайды. Сүлеймен. Ат бауырына алады. Тақымына басады. Аузы-мұрнын қан етеді. Құлтанның. Құлтан сияқтылардың. Қамалады. Сүлейменіңіз. Шошқабұлақтың түрмесіне. Тергеледі. Сотталады. Он жылға. Бұрынды-соңды қылмыстары “ескеріліп”. Шошқабұлақтан Шымкент шаһарына қарай әкетіп бара жатқанда, жол-жөнекей жақтастары шабуыл жасап, құтқарады. Құтылып кетеді. Қайтадан таулар. Қайтадан шатқалдар. Қарақшының жан-дүниесі азаттықты аңсайды. Еркіндікті жаратады. Тәуелсіздікке ұмтылады. Қамау-қапаста отыра алмас. Біреулерге бағынышты болмаққа көнбес. Басынуды көтермес. “Бәлшебекке бағын­баспын” деген қарсылық қарс ұрады. Қарақ­шының көкірегінде. Дүлейлігі басымырақ ділінде. Азаттықты аңсап, азапты жолға қайтадан белін буды. Ол осындайда ғана қуанатын. Қунайтын. Ерке, еркін болмысы бұғаудан босағанда. Қыспақтан құтылғанда. Қашып шықтым, пысып барам деп әсте ойламас. Бостандыққа ұмтылғанына шады­ман­данар. Сол жолы ол Ташкентті төңі­ректеп, Төрекелді мен Аязбек сынды сенімді серіктерімен сағыныса табысқан. Сонсоң Қоқанға қарай тартқан. Қоқаныңызда қазақтар аз емес-ті. Бірақ көрген күндері күн емес-ті. Қоқандағы қоқаңдаған күштілердің, ұры-қарылардың пәпігін басуға құлшынған. Сүлеймен қарақшы және оның серіктері. Бірақ Исламқұл құрбашы көпке дейін алдырмаған. Бүкіл мілисәні уысына кіргізіп, әмірін жүргізеді екен. Алаяқтығы мен айлакерлігі Сүлейменнің ызасын өршіткен. Ақырында Аязбек, Ажан, Төрекелдідейін батырлармен бірге Исламқұлға да ажал құштырған. Екі жыл бойы Сүлеймен қарақшыңыз Қоқанды һәм тітіретіп тұрған. Момбек Әбдіәкімұлы әбден зерттеген ғой. Енді бәрі біткен-ақ болар, зорлықшылар таусылған шығар, еліме жақындайын, жөнімді табайын деп ойлайды ғой, Сүлеймен. Сөйтсе, солай ойлағаны сол-ақ екен, қара халыққа жаудай тиген және бір қанішер жауыз пайда бола кететін көрінеді. Сондайдың соңына түсіп кеп-кеп береді Сүлейменіңіз. Тағы да тауыс-тәмам еткендей сезініп, алыстағы ауылын сағынып, қайтпаққа жиналып жатса, қағынған қаныпезер біреулер өзіне жаулық ойлап, Қоқаннан масқаралап қумақшы дегендейін сөз гулеп қоя береді. Сүкең сүйексіңді әдетіне басып, қайтадан қалып қояды. Әлгіндейін сумаңдаған сөздің ініне су құймай, жаңағыдайын жауыздардың қолдарын қайырып байламай тынбайды. Сөйтіп жүргенде, қазақ ашығып, қырыла бастапты деген қаралы хабар жеткен. Сүлейменнің жаны шырқыраған. Аңдыған қас-дұшпандарына қарайлауға мұршасы жетпей, Ташкентке тартады. Сөйтсе, қайран қазағы қор болған. Тоз-тозы шыққан. Ташкентіңіздің көшелеріндегі ісіп-кепкен қазақтарды көріп шошынды. Шаһардың айнала-төңірегіндегі қыстақтар мен ауыл­дарда да сорлап жүрген сорлы қазақтар. Қа­рақшылар ашаршылыққа қарсы атой салды. Бір қазақ болса-дағы, әсіресе, балаларды аман алып қалмақ жолда жанталасты. Сүлеймен қарақшыңызды тек сол ашар­шылық алапатына қарсы әрекеттері үшін ғана ақтап алуға әбден болатын сияқты. Ашаршылықтың алаш баласын жабық­тырып, қазақ ұлтының рухын жасытып, жадынан жаңылдырып кеткенін айтып та, жазып та жүрміз. Жер бетіндегі небір ұлттардың бастарынан небір-небір нәубеттер өтпеді дейсіз? Біреулерін қан-қасап соғыстар, екіншілерін енапат топан сулы тасқындар мен жойқын-жойқын жер сілкіністері, үшіншілерін жоқшылық жусата жайпаған. Сондай-сондай сұмдықтардан толықтай немесе жартылай жойылып кеткен жұрттар бар. Халықтық қадір-қасиеттерін, ұлттық өзгешеліктерін мұқым-мүлде мұнар­ландырып, тұтас-түгел тұмандандырып алғандар аз емес. Қазағыңыз шеккен қасіреттердің көпшілігі, оның ішінде, өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы ашаршылық та негізінен қолдан, қасақана ұйымдастырылғаны белгілі. Сүлеймендей халықшылдар ашаршы­лықтың себептерін сұңғылалықпен сезді. Жан-жақты, терең түсініп, талдай алмаса-дағы, қайран елдің рухын жасытып, халықтың санын азайтып, қасақана қырып-жойып жатқан саясаттың сайқалдығынан түңіле тіксінді. Ташкентте де, оның төңірегінде де қолдан келгенді де, тіпті келмеген әрекеттерді де істеді. Туған аймағына да жан ұшырып жетті. Жанындағы жолдастарымен, сенімді серік­терімен бірге. Қазығұрт пен Қаратаудың баурайларынан да, Алатаудың бөктерлерінен де иесіз, қаңыраған ауылдарды көрді. Кө­мусіз қалған, ісіп-кепкен адамдарды көрді. Естерінен танған, жадыларынан жаңылған кемпір-шалдарды көрді. Қарақшыңыздың жан-жүрегі қан жылады. “Жарылқаймын деген жаңа өкімет қайда-а-а? Қара бұқараны ұшпаққа шығарамын деген уәдесі қане-е-?!” – деп күркіреді. Кү­ңіренді. Елі тозған. Халқы азған. Іліп алар ізгілерді, бас көтерер беделділерді түгелдей қаралаған. Қамаған. Итжеккенге айдап жатыпты. Тек тексіз Тәңкілер мен қашанғы Құлтандар қалқоздардың қаймағын қал­қып, ашаршылықтың өзінен алаяқтықпен, аярлықпен пайда тауып жүріпті. Қара­пайым, қалың бұқара қайғыдан қайысып, қан жұтып, қырылып жатқанда Құлтан­дардың құтырып, Тәңкілердің тайраңдап кететіні неліктен екен? Қарақшылығында қара дақтар-дағы жоқ емес, алайда, адал­дығы мен аңғалдығы бөлекше, еркіндік аңсауы ерекше Сүлеймендеріңіз не істесін енді? Әрине, “әртелдікі” деп әр жерге пермелетіп, перделетіп қойған малды ашыққан ауылдарға тапа-тал түсте тарата бастайды. Шолақ белсенділердің семіз-семіз жылқыларын жығып салып, поршалап, баршаға үлестіреді. Ана жерде де, мына жерде де, қалқоздың қойы, сиыры мен жылқысы қарақшылардың арқасында қайтадан жекелердің жетегінде кете бастайды. Текірек қаққан Тәңкілерді, көкірек қаққан Құлтандарды сабасына түсіреді. Біреуін жалпы жұртқа жария жерде байлап қойғанда, қалың халық әлгінің бетіне түкіреді. Аз күн болса-дағы ашыққан ауылдар­дың реңі кіргендей еді. Балалар нанға той­ынғандай-тұғын. Бірақ бұл әрекет ұзаққа бармады. Кезекті бір пермеге шабуыл жасап жатқанда, қайран Қарагерге де, Төрекелдінің тұлпарына да оқ тиеді. Сү­леймен де, серіктері де жараланып, қолға түседі. Тағы да тергеу. Осыншама алып адам­ды, сұсы басым Сүлейменді сұраққа алмақ та оңай емес. ОГПУ сұрқияларының өзі сес­кеніп отырар. Көп тергемеді. Ұзақ сұра­мады. Бәрі онсыз да белгілі ғой. Көрініп тұр ғой. “Ашыққан адамдарға, қырылып жатқан халыққа қол ұшын создық” деген жауаптарын кім тыңдар?! Сүле­й­менге де, жанындағы үш батырына да жиырма бес жылдан үкім кесілген. Аудандағы қамақтан Шымкент түрме­сіне жеткізді. Бұл жолы жол-жөнекей еш­кім құтқара алмады. Содан Сібірге әкетті. Пойызбен. Шалонда да зорлық-зомбылық. Күштінің әлсізді қорлауы. Сүлеймен қа­рақ­шы шыдай ма? Шыдамайды, әлбетте. Ата­мандыққа ұмтылған жирен шашты­ларды жойқын күшімен жайпап салады. Жол-жөнекей және бірталай баскесерлерді бұған қарсы әдейі айдап салады. Біреулер. Оларға да дес бермес. Осман деген ожарды жеңеді. Әзер дегенде. Қара Иванның қара дүлейлігін шегіндіреді. Түрменің тылсым заңына қанығып, тұңғиықтарынан сыр тар­тады. Сібірдің түрмелерінде отырған талай-талай текті қазақтарды көреді. Тіпті өзінің бауырлары қатарында саналатын білгір Бекмырза мен сөзі салмақты, көзі қа­рақты Қаппарларға дейін сонда екен ғой. Сүлейменіңіз Сібіріңізден де құты­лады. Ташкентіңізден табылады. Бұл Сі­бірде қамалып жатқан жылдары тас қаланың жықпылды жақтарына жарық түсіріңкіреген, жапа шеккендерге қорған болыңқыраған атақты қарақшылар Парманқұл мен Қараман-тұғын. Келіп сұрастырса, екеуі де қамалып қапты. Жөйіттер дейтін жойқындардың қозып тұрған кезі екен. Қазақтың қыздары мен балдырған балғындарын қорлап, қандарын ішетін көрінеді. Көп ұзамай-ақ Сүлей­мен­нің көзі бұған айқын-анық жетеді. Қаны басына шапшып, шыдай алмай, ашық айқасқа кірісіп кетеді. Сонау Қоқандағы қоқаңдағандармен шайқасып жүрген шағында-ақ жөйіттердің жауыздығынан хабардар-тұғын. Олардың көсемі Бекаба жауыз жансыздары арқылы өзіне деген өшпенділігін де білдірген. Қастандығы жүзеге аспай қалған. Мейірімді милиция бастықтарының бірі Мамажандай үлкен жүректі, ұлтжанды азаматтар болыспаса, шынайы жанашыр­лық танытпаса, әрине, қаншама қаһарлы қарақшы, қара күштің иесі, көзсіз батыр болғанымен, Сүлеймендерге, Парманқұл­дар­ға, Қарамандарға қиын соғар еді. Ма­мажан Бердібекұлы – 1937 жылы атылған абзалдардың бірі. Сол Мамажандарға арқа сүйеген Сүлеймендер, Парманқұлдар, Қарамандар Ташкентіңізде, Қоқаныңызда қайтадан қанаттанады. Біресе тас қалада, біресе хас шаһарда қайтадан салтанат құрады. Өздерінің, қарақан бастарының қамы үшін емес, әділдіктің, адалдықтың, адамдықтың аз да болса теңдік алған салта­натын меңзеп отырыппыз. Жөйіттердің басында құтырынып, құтыртып отырған, қаншама қазақ қыздарының қанын сорған белгілі Бекабаға да ажал құштырады. “Бұл – мыңдаған істің біреуі ғана. Сүлейменнің айтылмай, жазылмай жатқан үлкен ерлігі бар. 1929 жылы Бостандық аймағында да Созақтағыдай көтеріліс бұрқ еткен. Сол көтерілісте Сүлеймен сардарлардың бірі болған. Қараман қарақшы да”, – дейді Момбек Әбдіәкімұлы. Бүкіл өмірі, әсіресе, қырықтың қырқа­сына дейінгі жылдары қарақшылықпен, қанқасап қырқыспен, күреспен өткен Сүлеймен Мәменұлының тағдыры күрделі. Қиын. Қызық деуге аузыңыз бармас. Сү­лейменнің өзі, сайып келгенде, қарақшы деген сөзді көп естігісі келмеген деседі. Қабағын қарс жауып, жақтырмайтын мінез танытқан. Көптеген жылдар бойы қалқоз басқарған, көзі қарақты, көкірегі ояу Дүйсенбек Үмбетәліұлы дейтін кісіге көбірек келгіштеп, сыр бөлісетін болған. Өлер шағында да сырласыпты. Өткен өміріне өкініпті. Өкіне отырып, басқаша ғұмыр кеше алмасын мойындапты. Жұрттың аузында аңыздар аз емес. Сүлейменнің ерліктері туралы. Жеңбеген адамы қалмағаны хақында. Күш атасы Қажымұқанмен әбден қартайғанда ұшы­расып, ұстасқан деседі. Қажымұқанның өзі Сүлейменнің тым кеш кездескеніне қатты қапаланып, бармағын шайнаған деседі. Бауыржан Момышұлындай батырыңыз-дағы сөйткен екен. “Ашаршылықта да, одан бұрын да, кейін де Сүлеймен қа­рақшы Ташкентте таңертең қос қор­жынбас толы қаржыны алып шығып, қаракеуім ымыртқа дейін тарыққандарға таратушы еді”, – дегендейін аңыздар көп. “Ерке болмыстың тәуелсіздігін”, азат­тықты аңсаған, сол жолда алапат азаптар мен тозақтарды бастан кешкен, адасқан, қателескен, қан төккен, алайда, адалдық пен әділдік үшін күрестің күре жолын үнемі қайта тауып отырған ардалардың арасынан Сүлеймен қарақшының тұлғасы тау тұрпаттанып көрінеді. Мархабат БАЙҒҰТ. ---------------------------------- Суреттерде: Сүлеймен қарақшының қартайған кезі. Көп мекендеген, көп жортқан, жақсы көрген жері – Қырыққыз.