• RUB:
    5.58
  • USD:
    474.72
  • EUR:
    515.17
Басты сайтқа өту
25 Тамыз, 2010

Көз көрген

979 рет
көрсетілді

Өмірдің біраз белесінен өткен соң, әрине, біраз нәрсені көресің, біраз адамдарды танып-білесің. Әрқилы оқиғалар ой-санаңа тізбектеліп, адамдар сұлбалары жадыңда жаттала береді. Әйткенмен, уақыт өте келе соның дені көмескі тартып, ұмытыла беретіні де шындық. Соны жадыңда қайта жаңғыртып отырудың бір тәсілі – қағазға түсіру. Қазір кейбір адамдардың жазған естеліктерінде ішінара өзің де көріп, куә болған жәйттер мүлдем бұрмаланып, болмағанды болды дейтін әдеттер шықты. Меніңше, сол көргеніңді мейлінше дәлме-дәл, айнытпай қағазға түсірген ләзім. Жазғаныңмен біреулерді тұқырту немесе асыра мақтап, данышпан қылып жіберу де дұрыс емес деп ойлаймын. Мына қысқаша естеліктерімде сол қағидатты сақтауға тырыстым. Көзбен көріп, құлағыммен естігендерімді ғана ақ қағаз бетіне өрнектеп отырмын, ағайын! Заманбек ӘБДЕШЕВ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Зайсан ауданының құрметті азаматы.

* * *

................СӘБЕҢ Өз басым Сәбит Мұқанов­ты бір-екі-ақ рет көріппін. С.М.Киров атындағы Қазақ университетінде оқып жүр­ген­де Үкімет үйі мен Бас пош­та­ның арасындағы саябақтың ішіндегі отырғышта тынығып отырған жерінен сыртынан бір көрдім. Сол кісі екенін кітапқа басылған суреттерінен, теледи­дарда сөзін тыңдаған сәттерінен айна-қатесіз жазбай танып тұрсам да, қасына жақындауға батылым бармады. Ауылдағы сүйекке сіңген жасқаншақтық оған ырық бермеді. Тағы бірде Алматы медициналық институты­ның үлкен акт залында ақын-жазушылармен кездесу болады дегенді естіп, достарыммен сонда бардық. Атшаптырым үлкен залда ине шаншар орын жоқ. Көпшілігі Алматыдағы түрлі оқу орындарының студенттері. Ол кездегі жұрттың әдебиетке, ақын-жазушыларға деген ілтипаты қандай еді! Төрдегі үстел басында Сәбит Мұқанов бастаған қазақтың небір дүлдүл қаламгерлері. Солардың ішінде марқұм Қасым Тоғызақов, Тұманбай Молдағалиевтердің отырғаны есімде. Ол кезде біршама жастау саналатын Тұмағаң шетке жайғасыпты. Алғашқы сөзді Сәбең алды. Асықпай орнынан тұрып, мінберге келді. Басында тақиясы бар. Қолына таяқ ұстаған. Қарлығыңқы дауысымен біраз сөйледі. Содан есімде қалғаны... – Владимир Маяковский бір сөзінде менің творчествомды толық игеруге Госпланның шамасы келмейді деген екен. Сол айтқандай, менің жазған-сызған жүз томға жететін шығармаларымнан “Жазушы” баспасы шүмитіп, он алты-ақ том етіп, зорға шығарды, – деп демін бір алды. – Ал енді не жазып жүрсің деген сұрақтары­ңа келсек, соңғы уақыттарда қартайдық, денсаулық сыр бере бастады, сондықтан өлеңнің де қысқалау формасына көштім. Бағзы замандарда парсы-иран әдебиетінің классигі Омар Һайям деген ақын болған. Сол көбіне рубаяттар жазып, әлем әдебиетінде аты қалған шайыр. Мен де кейінгі уақыттарда сондай рубаят жанрына біршама қалам тартып жүрмін. Қазір сендерге сол жазып жүргендерімнен бірер өлеңдер оқып берейін. Залда кілең жастар отырғандықтан, сендердің жүректеріңе жақын махаббат тақырыбына жазғандарымды оқимын, – деп жымиған Сәбең алдымен жұртты бір күлдіріп алды. Сонсын әлгі жазғандарын оқыды. Сол рубаяттарынан есімде қалғаны: “Мен дағы жас боп көрдім өзге жұрттай, Аңсадым махаббатты өзге жұптай. Түсіндім шөлдеген жан қанбайтынын, Үлбірек қыз ернінің балын жұтпай”, – деген шумағы ғана. Зал дүркірете қол соғып, ақын атаға ризашылығын білдірді. Бұдан соң Сәбеңнің аяулы жүзін театрда соңғы сапарға шығарып салғанда бір-ақ көрдік. *** ҒАБЕҢ............... Ал Ғабит Мүсіреповті көбірек көрдім. Өйткені, ол кісі мен университет бітіріп, “Жазушы” баспасында қызмет істеп жүрген кезімде көзі тірі еді. Бірақ ол кезде зейнеткер болғандықтан, Жазушылар одағына сирек келетін. Университеттің жоғары курсында жүргенде Әуезов атындағы әдебиет институтының жанында ғалым Рахманқұл Бердібаев басқаратын кешкі университет жұмыс істеп, апта сайын белгілі ғалымдар, ақын-жазушылар сонда келіп, түрлі тақырыптарға дәріс оқитын. Бір күні сонда Ғабит Мүсірепов келеді екен дегенді естіп, сонда бардық. Ғабең келді. Түр-келбеті өзіміз оныншы сыныптың әдебиет оқулығынан көріп жүрген етене таныс суретінен аумайды. Үстінде қыры сынбаған қаракөк костюм-шалбар. Көзінде көзілдірігі бар. Қолыма қағаз-қалам алып, бәрін жазып отырмағаныма әлі күнге қатты өкінемін. Есімде қалғаны тек бір күлдіргі әңгімесі ғана. “Бірде Сәбит бір шетелге барыпты, – деп бастады әңгімесін асықпай бипаздай сөйлеп. – Содан қайда барғысы келгенін қайдам, бір трамвайға мінеді. Үлкен шаһарда әлгі трамвай Сәбитті өзі нысанаға алған тұсынан басқа жерге алып кетсе керек. Көлік ішінде келе жатыр, біреуден бірдеңе сұрайын десе, тілі құрғыр жетпейді. Содан әй, енді адасқан деген осы ғой деп, не істерін білмей шарасы таусылған Сәбит қазақтың бір боғауыз сөзін жұртқа естірте айтып жіберсе керек. Сонда жақын маңда отырған қараторы біреу орнынан атып тұрып: – Ой, сіз қазақпысыз?! – деп мұны құшақтай алады. “Бұл қазақтың жүрмейтін жері жоқ, әне, көрген шығарсыздар”,– деп бір жымиып қойып еді қайран Ғабең. * * * БАУКЕҢ......... Бауыржан Момыш­ұлын алғаш Жазушылар одағының алдыңғы жағындағы саябақтан көрдім. Қасымда інім Бақытбек келе жатқан. Кенет сол Ленин ес­керт­кіші тұрған тұсты көрсетіп, “аға, ана кісі Бауыржан Момышұлы емес пе?” – деп сұрады. Қарасам, шынында да, сол кісі. Жазғытұрымғы кез еді. Күн әжептәуір жылы. Бірақ Баукеңнің үстінде күздік пальто, басында дөңгелек бөрік. Қолына таяқ ұстаған. Өзі Ленин ескерткішін айналып жүр. Анда-санда тұра қалып, ескерткішке ұзақ-ұзақ тесіліп қарайды. Біз сырттай сәл қарап тұрдық та, жөнімізге кеттік. Неге сонша ұзақ қарады екен деп ойлап қойдық. “Жазушы” баспасының аударма редак­ция­сында істеп жүрген кезім. Баспамыз Жазушылар одағы ғимаратының бірінші қабатына орна­ласқан. Ғимараттың кіре берісінде кітап сататын дүкен болушы еді. Сатушысы Валя дейтін орыс әйелі. Бір күні редакция бөлмесінен шығып, сол дүкен маңына келсем, сөренің алдында төрт-бес кісі тұр екен. Біреуі Бауыржан Момышұлы. Қасындағылар Әбділда Тәжібаев пен Жұбан Мол­дағалиев. Алдында ғана баспадан Баукеңнің екі томдық жинағы жарық көрген. Бұл кісілер соны қызықтап тұр екен. Жалма-жан Валядан сол екі томдықты сатып ала қойдым. Ойым Баукеңе қолтаңба жаздырып алу. Қолымда әлгі кітаптар, ағалардың қасына жақындап: – Аға, мына кітабыңызға қолтаңба жазып беріңізші? – дедім. – Сен тоқта, – деді Баукең маған қарап. – Алдымен мына көкеңе жазып берем. Бұл кісі бәрімізден үлкен, – деді Әбділда Тәжібаевты нұсқап. – Тоқтай тұрыңдар. Кітапты да өзім әперем. Мынадан да ақша алма, – деді Валяға мені көрсетіп. – Бұл ақшасын төлеп те қойған, – деді Валя. Баукең қалтасына қолын салып, бір уыс ақша шығарды. “Әй, сендерге кітап әперем деп, үйдегі сұлуыма беретін ақшам қалмай жүрмесін”, – деп жұртты бір күлдіріп қойды. Маған жазған қолтаңбасын баданадай ірі әріптермен “Заманбекке” деп жазып, әрі қарай араб әріптерімен өрнектеп, аяғына кириллицамен “Бауыржан Момышұлы” деп қолын қойды. Арабшасы “Заманбекке. Естелік үшін” деп жазылғанын Жұбақаң маған дереу аударып берді. Баукеңнің сол қолтаңбасы бар кітабы өз көзіндей боп, кітап шкафымда тұр. *** ЖЕКЕ ПІКІР....................... Жазушылар одағында жыл қорытындысы жүріп жатқан. Бұл жиынға Баукең де қатысып отыр еді. Бір жылдық поэзия жинақтары жөніндегі баяндама жасау Тәкен Әлімқұловқа тапсырылыпты. Тәкең марқұмның бұл іске мұқият даярланбағаны көрініп-ақ тұрды. Төрт-бес өлеңдер кітабын ғана үстірт атап өтті. Онша талдаған да жоқ. Сол жылы жарық көрген жыр жинақтарының көпшілігі аталмай да қалды. Қысқаша ғана сөйлеп, мінберден түсіп кетті. Жарыссөзге шыққан Жарасқан Әбдірашев мұны дұрыс көрсетті. “Биылғы жыр жинақтары жөніндегі баяндама болған жоқ деп есептеліп, баяндаманы басқа біреуге беріп, жиын қайта өткізілсін”, – деген ұсыныс жасады ол. Жыл қорытындысының соңына қарай сөз алған сол кездегі Жазушылар одағының бірінші хатшысы Әнуар Әлімжанов биылғы жылғы өлең жинақтарына баяндаманың шынында да дұрыс жасалмағанын айтып келе жатыр еді, кенет залдың орта тұсында отырған Баукең: “Это Ваше личное мнение. А мнение аудитории иное!” – деп сөзін бөлді. “О ком говорите?” – деді Әнекең де орысшалап. “О том, о чем только что Вы говорили”, – деді Баукең отырған орнынан. “Тогда это тоже Ваше личное мнение”, – деді де, Әнуар сөзін әрі қарай жалғастырып әкетті. * * * Жетім қыздың тойындай....... Әкем марқұм Баукеңді бір көруді армандап жүруші еді. Бірде Лермонтов атындағы орыс драма театрында Бауыржан Момышұлының жетпіс жылдық мерейтойы аталып өтетін болды. Әкемді сол театрға ертіп келдім. Той кеші баста­лар қарсаңында театр алдында тұрғанбыз. Бір кезде сол жерге бір ақ “Волга” келіп тоқтады. Қарасақ, жүргізушінің қасында Баукең отыр екен. Әйнектің сыртынан көріп тұрмыз, ол кісі қолын шекесіне қойып, жүргізушіге бірдеңелер айтып жатты. Бір кезде машинадан түсті. Басында қаракөл сеңсең бөркі бар. Қарсы алып амандасқандар арасынан сол кездегі сыртқы істер министрі Михаил Есенәлиев пен “Жетісу” газетінің редакторы Пернебек Бейсеновті таныдым. Бірақ, неге екені белгісіз, Орталық партия комитетінен де, үкіметтен де, қала басшыларынан да лауазымды ешкім көрінбеді. Жалпы, Баукеңнің жетпіс жылдығы жетім қыздың тойындай өткенін айта кету керек. Бес-алты адам сөйледі, үш-төрт шапан, құттықтау жазылған папкелерден басқа көрнекті сый-сияпат та жасалған жоқ. Ақырында той иесіне сөз берілді. Бұл кешке Баукеңнің шашын қырықтырып, мұртын басып, тәуір костюм кигізіп, мойнына лента-галстук салып әкелген екен.  Сондағы сөйлеген сөзінде де, қимыл-қозғалысында осы кешке көңілі толмағаны, қоңылтақсығаны білініп-ақ тұрды. * * * Аспан жылаған күн............ ...Баукең қайтыс болған күндер “Қазақ­станның Ресейге өз еркімен қосылғанының” екі жүз елу жылдығымен тұспа-тұс келді. Алдымен сол ұлы тойды өткізіп алайық деген шығар, әйтеуір, Баукеңнің жерлеуі содан кейін болғаны, мәйітті үш күндей ұстағаны, есімде. Ол кездегі Қазақтың М. Әуезов атындағы драма театры (қазіргі Ғ. Мүсірепов атындағы жасөспірімдер мен балалар театры) алды қарақұрым адам. Қоштасу екі-үш сағатқа созылса да, адам аяғы толастар емес. Және сол күні аспан да жылап тұрғандай ағыл-тегіл нөсер тоқтамай жауды. “Баукеңнің қазасына бүгін Құдайдың күні де ағыл-тегіл жылап тұр ғой” деді біреу. Бір кезде катафалк машина келіп тоқтады. Баукеңнің сүйегі сол машинаға салынды. Бір қарасам, біздің нағашымыз Қадылбек машина­ның үстіне шығып, Баукеңнің басын жөндеп жатқызып жатыр екен. Нөсер әлі құйып тұр. Қаралы керуен Кеңсайға бет алды. Сондағы биік төбенің бір шетінде қабірі қазылыпты. Өкімет басшыларынан Қазақстан Орталық партия ко­митетінің хатшысы Кәкімжан Қазыбаев, Алма­ты облыстық партия комитетінің бірінші хатшы­сы Кеңес Аухадиевтер жүрді. Нөсер әлі толастар емес. Кәкімжан Қазыбаев марқұм қолында ша­тыр, тас мүсін секілді қатып қалған. Селт етпей­ді. Қаралы жиында сөз алған жазушы Тахауи Ахтанов кейін жұрт аузында қалған сөзін сонда айтқан еді. “Он был нестандартным человеком своего стандартного времени”, – деп еді. Қазір “ноқтаға басы сыймаған” деп аударып жүр ғой. Табытты қабірге түсірерде бір топ солдаттар автоматтан аспанға оқ атып, салют берді. Жұрт жапа-тармағай топырақ салды. Қаладағы қаншама ұйым-мекемелерден келген азагүлдер қойылып жатыр. Зираттан ұзай беріп қарасам, Баукеңнің жас топырағы қызылды-жасылды гүлдерге оранып қалған екен. * * * ҚАСЫМ АҒА....... Қасым аға Қайсенов мен “Жазушы” баспасында редакторлық қызметте жүр­генде, Одақта кеңесші бо­лып жұмыс істеді. “Жазу­шы” баспасы Гагарин мен Абай даңғылының қиылы­сындағы “Баспалар үйіне” көшкенше бір жылдай күнде дерлік кездесіп жүр­дік. Кейін ол кісі зейнетке шықты. Сонсын Жазу­шылар одағында аракідік жолығатын болдық. Ол кісінің бір әдеті өзінен жасы кішілерге “енеңді ұрайын” деп әзілдейтін. Әрине, “ұрайын” деген сөз ол кісінің аузынан басқаша, қышқылдау шығатын еді. Бірде Жазушылар одағының екінші қаба­тындағы терезе алдына қойылған отырғыштарда бір топ кісі әңгімелесіп отыр екен. Ортасында Қасым аға. Бір кезде бірінші қабаттан көтеріліп келе жатқан бір жігіт отырғандарға сәлем беріп, үшінші қабатқа қарай кетті. – Әй, ана жігіт әлгі Н. ғой, – деді Қасекең. – Осы мені бір қатырды. Сендерге соны айтып бе­рейін. Бірде үйреншікті әдетіммен мұны да “енеңді ұрайын” деп жібергем. Ол бір жымиды да, кете барды. Өзім баспа директорының орынбасарымын. Бірде кабинетімде отырсам, есік ашылып, Мә­риям Хакімжанова апай кірді. Соңынан әлгі Н. іле­сіп келеді. Ойымда түк те жоқ, “ой, апай, келі­ңіз, төрлетіңіз” – деп жігіжаппар боп жатырмын. “Айналайын, Қасым, аманбысың? Халің қалай?” – дейді апай. – Сенде түк жұмысым жоқ, Одақтың бір қызметкеріне келіп едім, мынау (Н-ді көрсетіп) осы жерде Қасым ініңіз отырады. Ақыры кеп қалған екенбіз, кіріп, сәлемдесіп шығайық деп болмады. Айтпақшы, сен, бәлкім, білмессің, бұл менің күйеу балам ғой”, – дейді. Ал ана пәле апайдың ту сыртынан сол кісіні нұсқап, “енем осы” дегендей жымың-жымың етеді. Маңдайымнан суық терім шығып кетті. Сасқанымнан: “Апай, келгеніңіз дұрыс бопты. Бұл баспадан алатын қаламақыңыз бар ма еді, дереу алдырып берейін”, – дей беріппін. Әйтпесе ақын апамыз “Қайнар” баспасынан, қаламақы алушы ма еді? Н. мені осылай бір қатырғаны бар, – деп қарқ-қарқ күліп еді Қасым аға. *  *  * Тағы бірде сол екінші қабаттағы отырғыштарға Қасым мен Сырбай (Мәуленов) ағалар жайғасыпты. Екеуінің де шау тартқан кезі. Сырағаң алдында ғана қатты сырқаттанып, ауруханада жатып, енді айығып келген беті екен. Екеуі ұзынсонар әңгімеге кірісті. Оны-мұныны іліп-қағып, шалып біраз отырды. – Анада осында жыл қорытындысы болып­ты, – деп әңгімесін бастады Қасекең. – Маған қатысқан жігіттер айтып келді. Сонда Сәкен (Жүнісов) мені жақсы жазушы деп айтыпты. Сәкен де оттайды екен, дедім мен. Мен қайдағы жазушымын... Мен тек әлгі қырғын соғыста көрген-білгендерімді қағазға түсіргенім болмаса... – деп бір тоқтады Қасым аға. – Қалай болғанда да мақтапты ғой, енді жумаймысың? – деді Сырағаң. – Жуайын, жүр, ішемісің? – деп Сырағаңның қолтығына жабыса кетті Қасекең. Ақын Жарасқан айтқандай, “ақырған ащы су түгілі, сырадан да татпай” жүрген Сырағаң кеңкілдеп күліп, зорға құтылды. * * * ҒАЛЕКЕҢ.......... Бұл әңгімені “Жазушы” баспасында жүрген кезімде бастығым ақын Жаппар Өмірбеков айтып еді. – Марқұм Ғали Орма­нов бізде редакция мең­ге­рушісі болып жұмыс істе­ді, – деп бастады Жапекең. – Мен ол кезде жап-жас редактор жігітпін. Бір күні мені Орталық партия комитетіне шақырды деп Ғалекең кетіп қалды. Ет пісірім уақыттан кейін түтігіп Ғалекең жетті жұмысқа. Әліптің артын бағып біз отырмыз. – Әй, бұлар қандай адамдар ей, қандай адамдар?! – деп кейиді Ғалекең әлдекімге. – Жайшылық па, әйтеуір? – дейміз. – Қайдан жайшылық болсын. Ана Ғабиден Мұстафиннің “Миллионер” шығармасын әңгіме ғып жатыр ЦК-да. – Сен неге антисоветтік повесті баспадан шығарғалы жатырсың? – дейді хатшы. – Ойбай-ау, оның қай жері антисоветтік екенін айтыңызшы? – деймін мен. – Ана егіс даласында арбаның үстіндегі екі-үшеу неге алысып ойнайды? Егін жинау науқанында ол қандай дарақылық? Советтік сана деген қайда? – деп бұрқылдайды хатшы. Мен өз дәлелдерімді айтып бағамын. Оған көне­тін хатшы жоқ. Шығарманың қорғасынмен тері­ліп қойған наборын тарқатасың дейді. Ақырында мен: – Жолдас хатшы, олай болса, мені пар­тия­дан шығарыңыз, қызметімнен алыңыз, орныма басқа біреуді отырғызыңыз, наборды сол тарқат­сын, – деп, шығып жүре бердім, – дейді Ғале­кең. – Әй, дегенмен өзін де бір боқтадым-ау! – дейді Ғалекең әлденеге қарадай айызы қанып. Біздің көзіміз шарадай боп, бақырайып кеткен. – Ойбай, Ғалеке, сонда хатшыны сол жерде боқтадыңыз ба? – дейміз қарадай шошынып. – Әй, баламысың деген! ЦК-да кісіні кісі боқтай ма екен? Былай шыға бере боқтадым ғой, – дейді Ғалекең жарықтық мырс-мырс күліп. * * * МҰҚАҒАЛИ...... Осындай жыл қоры­тындысы әдетте екі-үш күнге созылып, әде­биет­тің барлық жанр­лары жөнінде әңгіме қозғалып, осы сылтау­мен бастары қосылған ақын-жазу­шылар да бір жырғап қалатын. Оның үстіне Жазушылар ода­ғындағы “Қаламгер” дәм­хана-бардың да жұмысы қызып жататын кез. Бұл жолғы жиынды да Ілияс Есенберлин жүргізіп отырған. Ол жылдары Мұқағали марқұм жұмсартып айт­қанда біршама жайсыздау жүрді. Бірақ осы жиынға сап-сау келіпті. Үстінде қа­рақоңыр костюмі бар. Ақ көйлегіне галстук сал­ған. Сөзін жайлап бастады. Біркелкі үнмен асық­пай жайлап сөйледі. Өлең оқығанда маң­дайы буса­нып, үні шығыңқырап кететіні болушы еді. Бұл жолы өйткен жоқ. Және қағазға қарап тұ­рып сөй­леді. Айтарын алдын ала жазып әкелген сияқты. – Бізде таланты таудай болғанмен, бағы жанбай жүрген ақындар бар. Солардың бірі – Тоқаш Бердияров, – деп бір тоқтады. – Рас,– деп басын изеп қойды төрдегі үстел басында отырған Қалижан Бекхожин. Бұдан кейін Мұқаң Тоқаш ақынның ақындық дарыны жайында бірер пікірін түйіндеп тастап, оның әлі күнге үй-күйсіз жүргеніне қынжылыс білдірді. – Мұқағали, – деді сол кезде Ілекең басын көтеріп, – тоқтай тұршы. Айтқаныңның бәрі дұрыс болсын-ақ. Бірақ өздеріңнің осы істеп жүрген қылықтарың жөн бе? Тоқаш та, сен де ішіп алып, жұртқа тиісесіңдер. Боқтайсыңдар. Мына отырған жұрт та әдебиетке хал-қадерінше азды-көпті еңбек етіп жүргендер. Мысалы, мен қазақ халқының үш жүз жылдық тарихын жазған адаммын. Бірақ сонымды ешкімге бұлдап жүрген жоқпын. Ал сендер бірер жақсы өлең жазған екенбіз деп, араққа салынып, жұртты балағаттағандарыңды қоймайсыңдар. Ілияс аға осы қарқыннан танбай байыппен біраз нәрсені айтып тастады. Мұқағалида үн жоқ. Мұныңыз теріс, не дұрыс демеді. Мінберде сол күйі мелшиіп, бір сәтке үнсіз тұрып қалды. Сонсын қағазын жинастырып, жайымен залға түсіп кетті. Сөзге тоқтайтын, аға сыйлайтын мінезге сонда бір сүйсінгенім есте. * * * ҚАЛЕКЕҢНІҢ АШУЫ............. Төрт-бес жігіт Жазу­шылар одағының екінші қабатында оны-мұныны әңгіме ғып тұрғанбыз. Қа­расақ, баспалдақпен Қали­жан Бекхожин көтеріліп келеді екен. “Ассалаумағалейкум!” деп қолымызды ала жүгірдік. – Әлейкумсалам! – деп қолымызды алған соң қарт ақын: “Әй, анау кетіп бара жатқан Қ. па”? – деді баспалдақтың арғы бетінен екінші қабаттан түсіп бара жатқан біреулерді нұсқап. Әйтеуір, бірер кісінің түсіп бара жатқаны рас еді, бірақ олардың арасында айтқан адамы бар ма, жоқ па, онысын біле алмадық. – Совминнің ауруханасынан кеше шықтым. Алдыңғы күні Қ. біреудің көңілін сұрап, сонда барыпты. Көрші палатада жатқан менің халімді сұрауға жарамады. Итке талай жақсылық жасап едім! – деп кейістік білдірді, мұрты жыбырлап кеткен Қалекең. – Қалеке-ау, әнеугүні “Қазақ әдебиетіне” Қ-ның өлеңдерін мақтап көлдей мақала жазған өзіңіз ғой, – деді біреу қарап тұрмай. – Иә, оның рас, – деді Қалекең, – жазуын жазып жіберіппін, бірақ Қ-ның поэмалары нашар, соларын сынап мақала жазамын әлі, – деді де кете барды. Әй, аузын ашса жүрегі көрінетін ақкөйлек ағаларым-ай! * * * САРЫАҒАШТЫҢ СУЫ............. Тегінде Ғафу Қайырбеков жай­ында жұрт аузында әңгіме көп. Ол кісі ту­ра­лы талай қы­зық­ты хикая­лар­ды тіпті бая­ғыда ауылда жүрген кезімізде де еститінбіз. Әдебиеттің айтулы майталмандары жөніндегі ондай аңызға бергісіз хикаяларды аузымыздың суы құрып тыңдайтын едік. Кейіннен тағдырдың жазуымен “Жазушы” баспасында редактор болып істеген кездерімде ол кісімен бір ғимарат ішінде жұмыс істеу бақытына да ие болдық. Сөйтіп, Ғафекеңнің өз аузынан да сан алуан әңгімелер естігенбіз. Қазір мен “Жазушы” баспасының поэзия редакциясында қызмет істеп жүрген кезімде тамаша ақын, марқұм Тоқаш Бердияров бізге бір келгенде айтқан Ғафекең жайындағы бір хикаяны қағазға түсіріп отырмын. Айтпақшы, бұл менің Тоқаңды ең соңғы көруім екен. Артынша ол кісі аяқ астынан дүние салды. – Алпыс жылдық тойыма Келес ауданының бас­шылары елге шақырды, – деді Тоқаң. – Жа­ныма жолдас ретінде Ғафуды бәйбішесімен ерт­тім. Обалы не керек, аудан басшылары жігі-жапар болып қарсы алды. Ауылдың бір жағында аудан­дық партия комитетінің қонақ күтетін ме­кен-жайы бар екен. Айналасының бәрі қалың ағаш, қызылды-жасылды гүлдер, шалғын көк шөп. Содан кешкісін аудан басшыларымен, со­лар­дың іріктеп шақырған адамдарымен басқос­тық. Горбачевтің араққа қарсы күресінің нағыз қызып тұрған кезі. Дүкен біткеннен ішімдікті емге таппайсың. Бірақ, біздің отты суды аса жек көрмейтінімізді естіген немесе білген басшылар оны да тапқызып қойыпты. Шәйнектің ішіне құйып беріп отырды. Қысқасы, ол жолы еште­ңе­ден кенде болған жоқпыз. Содан таң ата тар­қа­дық. “Ертең аудан орталығындағы мәдениет са­райында сіздермен аудан жұртшылығының өкілдері кездеседі, оған дейін тынығып алы­ңыз­дар” деп басшылар үйлеріне қайтып кетті. Әлбетте, ертесін оятқан кезде жайсыздау едік. Кешегі тау жыққандай екпіннің бірі жоқ. Тұла бойымыз ауырлап, ештеңеге зауқымыз болмай отыр. Басшылар тарапынан қатаң тап­сырма алған болар күтушілік міндет атқарып жүрген жігіттер шай-судан басқа мәнді ештеңе ұсын­бады. Әне-міне дегенше жетіп келген же­ңіл машина бізді тиеп алып, аудан орталығына қарай ағыза жөнелді. Мәдениет сарайына за­матта келіп жеттік. Содан әй-шайға қаратпай, бірден ішке алып кірді. Халық залға жиналып қалыпты. Байқаймын, Ғафекеңнің екі шекесі тырысып отыр. Әрине, менің де жағдайым мәз емес. Бірақ Ғафу мына жиналғандардың ал­дын­да менің шығармашылығым жайында сөз сөйлеуі керек. Шын шабытына мінгенде Ғафе­кеңнің ешкімнен сөз сұрамайтыны өзіме мәлім. Әйткенмен, кешегі отырыстан кейінгі қы­сылып тұрған тамырларын сәл жібітіп алма­са, сөз шіркін ойдағыдай ағытылмайын деп тұрған сияқты. Қарасам, сахнадағы үстелде екі-үш кәрлен құмыра тұр екен. Қасында тос­таған. Әлекедей жаланып жүрген аудандық пар­тия комитеті қызметкерлерінің жастау бірінен: “Мынау не?” – деп сұрадым. “Шұбат қой, аға” деді ол. “Ендеше, мына шұбатың­ның  орнына толтырып арақ құйып әкел”, – дедім әлгіге түсімді суы­тыңқырап. Бетіме таңдана бір қарағанмен сөзге келген жоқ, әлгі кәрлен құмыраның бірін алып шыға жөнелді. Әлден уақытта алып келіп, қақпағы жабық құмыраны менің алдыма қарай жылжытты.  Ашып қарасам, шүпілдеп тұр екен. Қасымда қабағы келіспей Ғафу отыр. Жалма-жан тостағанның біріне әлгіден лақылдата құйдым да, Ғафудың алдына жылжыттым. “Бұл не?” – деп сұрады ол. “Сарыағаштың суы ғой, ішіп жібер, тамағың жібиді” – дедім. Ол сенімсіздеу кейіппен тостағанды өзіне қарай ұмсына берді. Сонсын мұның не екенін іші сезді-ау деймін, дем алмастан тартып жіберді. Байқап отырмын, маңдайынан тері бұрқ етті. Құрыстанып отырған бет-жүзі тегістеліп, жүзіне қан жүгірді. “Түу, Тоқа, көзім шырадай жанды ғой”, – деді сонсын. Істің оңға басқанын ішім сезіп отыр. Жиналыс та басталды. Басқарушы жиынды ашып, алғашқы сөзді Ғафуға берді. Сонсын Ғафекең бір сөйлеп берсін. Таудан аққан бұлақтай тасқындатсын сөз легін. Зал толы халық сілтідей тынып, қос құлақтарын толығынан Ғафудың билігіне берген. Сөйлеген сайын өрлеген Ғафудың тіптен арқасы қозды. Арқасы қозды дегенше сөздің небір мәйегі ақтарылды дей бер. Мені Абайдан кейін де қойды. Абайдың туған інісі де етті. Абайға жетеғабыл ғып жіберген жері де болды. Пушкиндер жеткен биікті де бір жағалап қайттық. Расында да тап сондай дарын екеніме өзге түгіл өзімнің көзімді де жеткізгендей күй кештім. – Мына Сарыағаш қасиетті мекен, қазақтың әулие тұтқан жері, бұл жерден шыққан ақын Тоқаштай болмағанда, қандай болушы еді? Мынадай шипалы сулы жерде кіндігі кесілген Тоқаштың осындай ақын болмауға қақысы да жоқ қой. Айналайын, қасиетіңнен айналдым, Сарыағаш! Тоқа, әлгі Сарыағашыңның суынан тағы бір құйып жіберші! – деді сонсын. Жұрт жапатармағай қол соғып, өліп-талып жатыр. Бұл кезде “Сарыағаштың” тағы бір тостағанын тартып жіберген Ғафекеңнің де ұпайы түгел еді. *  *  * Ғафу Қайырбековті соңғы рет көргенімде Одақта бір жиын болып жатқан. Сахнаға Ғафекең көтерілді. Алдында ғана моншада құлап мертігіп, біраз уақыт ауруханада жатып шыққан. Қолына таяқ ұстап жүр екен. “Баяғыда біздің елдегі біреу: “егер мен күлсем, сендердің жынданғандарың далада қалады”, – деген екен. Сол айтқандайын, мен сөйлесем, біразға кетіп қалармын, одан да сендерге бір өлең оқып берейін”, – деп жіп­сіген маңдайының терін сүртті. Шы­нында қара сөзге келгенде де асқан жүйрік еді ғой, жарықтық. Сырбай Мәуленовті еске алуға арналған мақаласының бір жерінде: “Мен саған арқамды тіреп қойып сөйлегенде, аузыммен құс тістеуші едім”, – деп жазыпты. Мұнысы таза шындық.