Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен селекторлық кеңес, артынша Үкімет отырысы болып өтті.
Селекторлық кеңесте Елбасының құқық қорғау қызметі мен сот жүйесінің тиімділігін арттыру туралы Жарлығын жүзеге асыру жөніндегі Үкімет әзірлеген тиісті қаулының жобасы қаралды. Бұл жөнінде баяндама жасаған Қаржы министрі Болат Жәмішевтің айтуынша құқық қорғау қызметін жүзеге асыратын мемлекеттік органдар құрылымына бірқатар өзгерістер енгізілмек. Соның ішінде Ішкі істер министрлігінің аясында көші-қон полициясы комитеті құрылатын болады. Осыған байланысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің аталған мәселеге қатысты бірқатар функциялары Ішкі істер министрлігіне беріледі. Сонымен қатар Ішкі істер министрлігінің көліктегі департаменттері біріктіріле отырып, қайта ұйымдастырылатын болады. Ендігі кезекте медициналық айықтыру қызметі Денсаулық сақтау министрлігіне, ал кәмелетке толмағандарды уақытша оқшаулау, бейімдеу және оңалту орталықтарының қызметтері Білім және ғылым министрлігіне тапсырылады. Ерекше қорғалатын маңызды стратегиялық нысандарды қорғау функцияларын қоспағанда басқа күзет қызметтерінің функциялары бәсекелестік ортаға берілмек.
Қабылданған қаулыға байланысты Үкімет басшысы бірқатар тапсырмалар берді. Атап айтқанда, Ішкі істер министрлігі қарамағында көші-қон полициясының құрылуына орай Ішкі істер министрлігі мен Төтенше жағдайлар министрлігі бірлесе отырып нақты жоспарлар әзірлеп ұсынуы қажеттігін айтты. Көші-қонның кейде жоспарлы, кейде жоспардан тыс жүргізілетіндігін еске сала келе аталған мәселеде нақты бағыттарды айқындап, тиісті шараларды әзірлеуді тапсырды.
Осының алдында Үкімет еліміздің аумағында, орманды-дала алқаптарында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесін қараған болатын. “Жұт жеті ағайынды” деп халқымыз айтқандай, түрлі табиғи апаттар өрт қаупімен ғана шектелмейтіндігі белгілі. Мұны биыл жазда болған бірқатар оқиғалар айқындап берді. Еліміздің оңтүстік-шығысындағы су тасқынына байланысты бірқатар елді мекендер зардапқа ұшырап, мемлекеттің экономикалық қуатының арқасында олар жедел қалпына келтірілуде. Сондықтан Үкімет селекторлық кеңесте осындай оқиғалардың алдын алу, қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін кешенді түрде қарастыруға мүмкіндік беретін азаматтық қорғаныс саласын нығайтуға бағытталған шараларды белгіледі. Оқиға орын ала қалған жағдайда халыққа хабарландыру қызметін нығайту, өрт сөндіру құралдарын жаңарту, су қоймаларын бекіту жұмыстарын күшейту, апаттан құтқару қызметінде ерікті жасақтар құру, жер сілкінісі орын ала қалған жағдайда одан аз шығынмен шығу үшін түрлі ғимараттардың беріктігін арттыру, осыған қатысты нормативтерге өзгерістер енгізу, құрылыс жұмыстарының сапасына бақылауды күшейту секілді шараларды кешенді түрде қарастыру жөнінде ұйғарым жасалынды.
Селекторлық кеңес аяқталысымен Үкімет отырысы жалғасты. Онда елімізде химия өндірісін және мәшине жасау саласын дамыту жөніндегі бағдарламалардың жобалары қаралды. Бұл екі мәселе жөнінде де Индустрия және жаңа технологиялар министрінің орынбасары Альберт Рау баяндама жасады.
Химия өндірісін дамыту бағдарламасы 2010-2014 жылдар аралығын қамтиды. Ол – бағдарламаны жүзеге асыру үшін негізгі ресурстарды әзірлеу, яғни салаға қатысты табиғи байлықтарды барлау, іздестіру жұмыстарын нығайту, саланы табиғи газбен, электр қуатымен қамту, химия өнімдерінің экспортына қолдау жасау, осыған дейінгі әзірленген нормативті базаларды ретке келтіру, өнім әзірлеуде Еуроодақ стандарттарын енгізу, саланы білікті кадрлармен қамту секілді бірнеше бағыттан тұрады.
Ал мәшине жасау саласын дамыту бағдарламасы негізінен осы сектордағы қазақстандық үлесті арттыру мәселесін қарастырады. Альберт Раудың айтуынша қазіргі күні мәшине жасау саласы өнімдерінде елімізде экспорттың көлемі импорттың көлемінен 6 есе төмен болып отыр. Қазақстан жылына 15 миллиард доллардың мәшинелері мен оған қажетті бұйымдарды импорттайды екен. Ендігі кезекте осы олқылықтың орнын толтырып, қолдан келетін өнімдерді өз ішімізде жасауымыз қажет. Мұның жақсы мысалдарын “Қазақстан темір жолы” АҚ-тың импорт алмастыру бағдарламасының жүзеге асуынан аңғаруға болады. Енді осындай белсенді әрекеттерді еліміздің мұнай-газ, ауыл шаруашылығы мәшинелерін жасау өндірістеріне де тереңірек енгізуіміз қажет.
Аталған мәселеге байланысты бірқатар Үкімет мүшелері мен сарапшылар сөз алып, әзірленіп отырған бағдарлама жобаларының мақсаты, орындау тетіктері айқын екендігін айтып, оларға қолдау білдірді. Екі бағдарлама да қабылданды.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ.
* * *
Қызметтестік қырлары қаралды
Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Тәжікстан Республикасының Сыртқы істер министрі Хамрохон Зарифимен кездесті, деп хабарлады Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.
Кездесуде екіжақты сауда-экономикалық қызметтестікті дамыту, соның ішінде бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін Қазақстан-Тәжікстан тікелей инвестициялар қорын құру мәселелері талқыланды.