• RUB:
    5.58
  • USD:
    474.72
  • EUR:
    515.17
Басты сайтқа өту
25 Тамыз, 2010

Бекет ата және біз

2164 рет
көрсетілді

Ел аузында “Мединеде – Мұхаммед, Түркістанда – Қожа Ахмет, Маңғыстауда – Пір Бекет” деген сөздің айтылғанына аз уақыт болмағандығы анық. Осы бір сөздегі Пір Бекет атаның басына барып, тәу ету бүгінде иісі қазақтың игі дәстүріне айналғандығы шындық. Маңғыстау облысының орталығы Ақтау қаласынан 300 шақырымға жуық жердегі Оғыланды тауының баурайындағы Бекет ата кешеніне күн құрғатпай еліміздің түкпір-түкпірінен зиярат етіп келушілердің көп болуы осының айқын бір дәлелі іспетті. Биыл туғанына 260 жыл толатын қасиетті әулиенің қоныстанған жерін Алланың айрықша назары мен ниеті түскен жері демеске болмас. Әрине, Отанымыздың қай қиырындағы қандай да бір тарихи-мәдени ескерткіштері мен киелі орындарын аралағанда сол жерлер жайындағы жазба деректер өз алдына, өңірдің абыз қарттары мен өлкетанушы мамандарының өз жаныңнан табылғанын қатты қалап тұрасың. Құдайға шүкір, мұндай азаматтар ел арасында кездесіп жатады. Солардың бірі – маңғаз Маңғыстау маңайы мен оның қатпар-қатпарын жете зерттеп, келген қонақтарға өңір кере­меттерін асқан ыждағатты­лықпен түсіндіріп жүрген өлкетанушы Отын­шы Көш­байұлы. О.Көш­байұлының ресми қызметі Маңғыстау облыстық тари­хи-өлкетану мұражайының бөлім меңге­рушісі екен. Пайғамбар жа­сындағы ақсақалдың Бекет ата басына бізбен бірге жүріп, жолай жер-су аттарымен таныстыра отыруға келісім бергені бізді ерекше қуантып тастады. Өңірдің ми қайнатар аптап ыстығында бізге жол бастаушы болған оның азаматтығына тек алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Отыншы ақсақал Бекет атаға баратын біздің арнайы көлікке мінісімен-ақ сан тақырыптағы әңгіменің тиегін ағыта берді. Көрінген қырат пен сай-сала таңсық болған біздер ақсақалды үстін-үстін сұрақтың астына ала бердік. Маңғыстау – елге оралғандар ең көп қоныстанған аймақ екені белгілі. Сол себепті де бізді ең алдымен осында қоныс аударып жатқан қаракөз қандастарымыздың жай-күйі, тыныс-тіршілігі қызықтырған еді. Отыншы ақсақалдың айтуынша, бүгінде елге оралғандар Маңғыстауға көбіне Өзбекстаннан, Қарақалпақстаннан келеді екен. Олардың ішінде Ираннан келетіндері де бар көрінеді. Алайда, соңғы уақытта ол жақтан қоныс аударатындар қатары сирей түскен. Оған бір себеп, алғашқы жылдары “ата жұртым” деп келген қандастарға тұратын баспана берілсе, қазір ондай мүмкіндік азая түскен. Бүгінде адам басына бірнеше мың доллар қаражат ұстатады. Алайда, бұл қаржы бәрібір де баспанаға жетпейді екен. Отбасының мейлі 5-6 мүшесі болса да баспана сатып алуға ол қаржы аздық ететін көрінеді. Соның өзінде Маңғыстау топырағына табан тіреушілер легі еш толастамапты. Бұған Иран мен Маңғыстау арасына салынып жатқан темір жолдың да демеу болып отырғанын айтқан ләзім. “Мен Иран жерінде екі рет болдым. Бір атап өтерлігі, Маңғыстау қазақтарының көбісі баяғы аласапыран жылдары осы Иранға кетіп қалған ғой. Бүгінде олар Иранның үш қаласында тұрады. Яғни, Бендер Түрікпен, Гүмбетхауыс және Горган дейтін қалаларда қазақтар көптеп шоғыр­ланған. Бұл жерлерге алғашында азып-тозып барған азаматтардың ішінде Маңғыстауға белгілі азаматтар да болған”, дейді Отыншы ақсақал. Осылай дей келе, ол кезінде бұл қалалар жан-жаққа бытырып кетуге шақ қалған қазақтардың басын біріктірген мекен болғанын атап өтті. “Ал бүгінде өздеріңіз білетіндей, Маңғыстау өңірі жалпы Қазақстан бойынша елге оралғандардың ең көп қоныстанатын аймағы саналады. Жақында бұл өңірде қандастарға арналған, оларды алдын ала дағдылан­дыратын бейімдеу орталығы ашылған болатын. Өткен жолы Елбасының өзі сол орталықты арнайы келіп ашып, көріп кеткен еді”, – дейді жолбастаушы ағамыз. Киелі өңірдің топырағын басып, қадір-қасиетін бар түйсігімен сезініп жүрген ақсақалдың аузынан бұдан кейін Бекет ата туралы аңызға бергісіз мағыналы әңгімелерді естіп, қасиетті мекеннің кереметіне іштей қаныға түскендей болдық. Бекет атаның 1750-1813 жылдары өмір сүргені белгілі. Ол Бұқара жаққа оқуға аттанар алдында әке­сінен рұқсат алған кезде, ол кісі “Алдымен Шопан атаның басына бар, қарағым. Соның рұқсатын ал”, деген екен. Ал Шопан ата XІІ-XІІІ ғасырларда өмір сүрген осы өңірдегі киелі әулиелердің бірі. Қожа Ахмет Ясауидің шәкірті. Оны Маңғыстауға келіп, ислам дінін таратқан жандардың бірі десе де болады. Бізге жеткен аңыздарда: Бекет ата сол Шопан атаның басына барып, бір күн түнейді, екі күн түнейді, түсінде үнемі Шопан атаны көреді. Үшінші күні түнегенде ғана Шопан ата аян береді. Содан кейін барып Хиуаға оқуға аттанған екен деп айтады. Маңғыстау жерінде Бекет атаның өзінің мүрдесі жатыр. Жалпы, Атаның салған 4 мешіті бар. Бірі осы Оғыландыда. Екіншісі, Ескі Бейнеуде, тағы бірі Бозашы түбегіндегі Мәстек жеріне таяу Тобықты дейтін ойда орын тепкен. Сосын Үстірттің үстінде, Өзбекстанға жақын Баялы дейтін жерде де оның салған жерасты мешіті бар дейді. Кезінде Бекет ата сол мешіттердің бар­лығында өз шәкірттеріне дәріс берген деседі. “Осыдан-ақ оның қандайлық қасиет қонған дарын иесі болғанын аңғару қиын емес”, – дейді Отыншы ақсақал тарихтың сан қатпарынан сыр шерте отырып. Тарихи өлкетану мұражайында жемісті еңбек етіп жүрген Отыншы Көшбайұлы өзінің әсерлі әңгімесін Бекет атаның басында да үзбей жалғастыра берді. Әрине, Пірдің діни қайраткер де болғандығы, жаулары тайсалған батырлығы да әмбеге аян екендігі басы ашық шындық. Бұл жерге басы ауырып, балтыры сыздаған, қандай да дертіне шипа іздеп, әуелі Алладан, сосын Пірден демеу тілеген жандардың көптеп ағылып жатқанын көзбен көріп, біз де Бекет атаның құдіретіне тағы бір бас игендей болдық. “Егер оның жаудан жасқанбаған батырлығын алатын болсақ, қандай аңызда да, қай өңірде де Бекет атаның орынсыз қантөгіске бармағандығы туралы көп айтылады. Қайта елді ауызбіршілікке, бірлікке жұмылдырып отырған екен. Мұны оның қадір-қасиетін, қайырымын көрген жандар көп айтады деседі аңыздарда. Міне, бүгін де өздеріңіз куә болып отырғандай, Алланың мейірімі түскен бұл жерге халық тек Маңғыстаудан ғана емес, Қазақстанның бүкіл өңірлерінен арнайы келіп, зиярат етіп жатады. Атаның басына түнеп, дертіне шипа іздеушілер көп”, – дейді О.Көшбайұлы тағы бір сөзінде. Осындайда Бекет атаның басына келу­шілер ол туралы, жүргізген ілімі жөнінде, өмірінде айнымаған ұстанымдары хақында біле ме екен деген ой келеді. Егер білсе – ғанибет, егер білмекке құштарлық танытса – бұл да жақсылық дей отырып, жуырда жарық көрген “Бекет ата” кітабына жөн сілтегіміз келеді. Бар-жоғы 4 мың дана таралыммен шыққан кітап бүгінде тіпті таптырмайды. Оның 4 данасын облыс әкімдігі бізге әрең тауып бергенін айта кеткен жөн. Бекет ата ерекше дарын иесі болған­дықтан, оның жерасты мешітінде ғылыми тұрғыдан алғанда екі-үш заңдылық байқа­латын көрінеді. Мәселен, сондай заңды­лықтардың бірі – ондағы акустикалық ерек­шелік. Ол – жерасты мешітінің бір бөл­месіндегі дұға оқушының я болмаса азаншы­ның дауысының барлық бөлмелерге бірдей, анық естіліп отыруында. Тағы бір атап өтерлігі, Бекет ата мешіттерінің барлығының киіз үй пішіндес етіп салынғандығы. Бұл турасында ғалымдар “бұрышта шайтан ұялайды” деген исламдық ұғымды, мұсылман дінінің түсінігін алға тартады екен. “Жерасты мешіттерінің ішінде қума желдің болмауы да олардың бір кереметін байқатады емес пе?” – дейді Отыншы ақсақал бізбен әңгімесінде. Әрине, бұлардың барлығы киелі жердің тылсым құдіретінің айғағы ғана емес, жерасты мешіттерінің тұнып тұрған тарихынан аз да болса сыр шерткендей әсер қалдырары сөзсіз. Ал біз Оғыландының басында жүріп, киелі де қасиетті өңірдің кереметін әр басқан қадам сайын жақын сезіне түстік. “Атаның аруағы” аталатын арқарларды Үстірттің үстінен көзбен көруіміз – біздің бұл әсе­рімізді тіпті де күшейте түсті. “Балаларым, сендердің жолдарың болып тұрған секілді. Арқар – осы бір жердің киесі іспетті. Ол көзге көп көріне бермейді. Сондықтан мұны жақсылыққа балағандарың жөн”, – деген Отыншы ақсақалдың сөзі бізді де қанаттандыра түскендей болды. Оның: “Мен Маңғыстау жерін көп аралап жүрген уақытта бір нәрсеге көзім анық жетті. Ол – мұндағы Бекет ата, Шопан ата, Қараман ата секілді қасиетті әулиелері бар жерлердің ешқайсысынан да мұнайдың шықпаған­дығы. Мәселен, Қараман атаның басында бір компания қондырғысын қойып, қазба жұмыстарын жүргізген екен. Бірақ, қон­дырғы сына беріпті, сөйтіп, компания жұ­мысын тоқтатуға мәжбүр болған. Осыған қарап, сол аталардың ерекше бір қасиетіне көз жеткізуге болатын секілді”, – деген сөзі де көп жәйтті аңғартатындай. Бекет Мырзағұлұлының туғанына 250 жыл толуына арналған мереке осыдан тұп-тура он жыл бұрын Шопан атаға жақын тұстағы Сенек-Сұмса деген жерде республи­ка көлемінде кеңінен аталып өткені белгілі. Сол жылы 400-дің айналасында үй тігілген екен. Ал биылғы жылдың қыркүйек айында Маңғыстау ауданындағы Отпантаудың етегінде Пірдің 260 жылдығы аталып өтпек. Осыған орай 260 үлкен киіз үй тігу көзделіп отыр екен. Олардың арасында киіз үйлерді өздері әкеліп, өздері тігетін азаматтар да бар болатын көрінеді. Біз тойға дайындық жұмыстарының қызу қарқында жүріп жатқанын көрдік. Мәселен, Бекет атаның басына апаратын жаяу жүргіншілерге арналған жолды қалпына келтіру жұмыстарының басы-қасында көп азамат жүр. Жетібайдан тасымалданатын тастарды белгілі бір қалыпқа келтіріп, кесетін олардың еңбектерінің біршама екендігі көзге көрініп тұр. Әрқайсысы 60-70 кило тартатын тастарды 600 метр биіктіктен түсіріп, күннің шыжыған ыстығына қарамай жұмысты соңына дейін жеткізуге өңірдегі түрлі мекемелердің қызметкерлері жаппай жұмылыпты. Бұл жұмыстар Бекет атаның 260 жылдық тойына дейін толық аяқталмақ. Бекет атаның Оғыландыдағы мешітінде болғаннан кейін оның алдындағы орын­дықтарда отырып, Үстірттің қия беткейіне әу баста Пір Бекеттің өзі салған соқпаққа көз тастадық. Ата мешітінде шәкірттер дәріс алған, жұма намаз өткізілгенін ескерсек, сол адамдардың осы Ата жолымен түсіп шыққаны ойға оралады. Бәлкім, үлкен шаһарлардағы үлкен мешіттерге бармастан бұрын біз мешітке не үшін келе жатырмыз, онан не табамыз, біз мешітке не әкелеміз деген сұрақтарға өзімізден жауап алғанымыз жөн болар. Сонда барып қана біз дін жолына қандайлық адалдық танытып жүргеніміз, Пір Бекет сынды әулиелердің аманатын орындай алған-алмағанымыз анықталатын болар. Бекет ата аманатына адалдығыңызды тексеріп көргіңіз келсе, Пірдің өзі көзі тірісінде көп айтатын “Тек жүрсең тоқ жүресің”, “Бейнетіне сабырлық қылсын, ал рахатына шүкірлік қылсын”, “Жақсыны өзің үшін, ал жаманды мен үшін сыйла”, “Ниетің жолдасың болсын” деген сөз тіркестерінің мәніне бойлап байқаңызшы. Егер үлкен мағынада алсақ, осы сөз тіркестерінің әрқайсысы бүгінгі күнгі өмірімізді айқындап тұратын ұғымдар екеніне күмән келтірмессіз. Үшінші тіркесті оқи отырып, бар қазақ менің жалғызым дегеннің қайдан шыққанын түйіндеуге болатындай. Ал ниетің жолдас болуы үшін оған адал болуды, ойға алған жақсы ниетті қалайда орындауға ұмтылуды, үлкен тұрғыдан алғанда бүгінгі еліміз жұмылған ортақ идеяға қалайда үлес қосуды түсінген абзал болар. Бекет ата бейітінен қайтарда жүргізуші жігіт Нұрлан бізге алғысын айтып жатты. Неге деп сұрасақ: “Өзім Ақтау маңында туып-өссем де, сіздер себепші болып, Ата басына тұңғыш рет ат басын тіредім”, – деп ағынан жарылды ол. Сосын тағы да: “Неге екенін қайдам, Маңғыстаудан кетуге қанша рет оқталып, өзге қалаларға барып жұмыс істедім. Алайда, ешқайсысы да маған Ақтаудай әсер ете алмады. Қай жерде жүрсем де туған топырақ тартты да тұрды. Ақыры киелі мекенге біржола табан тіреуге бел будым”, – деді. Иә, Нұрлан дос айтса, айтқандай-ақ болар. Әулиелер желеп-жебеген қасиетті қоныс Маңғыстау жері таза ниетті жандарды қашан да өз шуағына бөлей беретініне, имани істерге жетелеп, рухани әлемімізді байыта түсеріне күмән тумаса керек. Бекет ата аруағы оған зиярат еткен барша жұртқа жар болады десек те жаңылыспаспыз. Үш жүз алпыс екі әулие мекен етіп, мәңгілік орын тепкен киелі Маңғыстау жері оның тарихынан біршама хабардар болғысы бар кез келген жанды қызықтырмай қоймайтыны хақ. Аңызға айналған ақиқат пен ақиқатқа бергісіз аңыз астасып жатқан тылсым дүниелерге толы киелі аймақты көзбен көру біздің де арманымыз еді. Жуырда “Егемен Қазақстан” акционерлік қоғамының вице-президенті Ержұман Смайыл бастап осы жолдардың авторлары қостаған тілшілер тобына киелі мекенге табан тигізудің сәті де түсті. Еңбек демалысында жүрген оператор Айнұр Райымқұлова қосылғанда кәдімгідей делегация болып шыға келдік. Ақтаудан Оғыландыға дейінгі жол қашықтығын айтпағанның өзінде соңғы 30 шақырымдай жердегі жолдың жөнделіп жатқандығын ескерсек, “джип” секілді мықты жүрісті көліктердің ғана шыдас беретіндігі бұл сапарымызға марқасқа маңғыстаулықтардың қамқор болуын қажет еткендігі сөзсіз. Осы орайда сапарымыздың ұйытқысы болған облыстық “Маңғыстау” газетінің бас редакторы Маңдайлы апай Қосымбаеваға және қамқоршылық танытқан облыс әкімдігінің қызметкерлеріне айтар алғы­сымыз шексіз. Кезінде жастай дүниеден өткен Қы­дырбай Тұрмағамбетұлы деген маңғыстау­лық дарынды ақынның Пірдің құдіретін жырлап, қасиетіне табынған мына бір өлең жолдары да осының айғағындай көрінді: Басыңа келдім жағайыншы деп жасыл от, Төбемнен менің тірліктің дәнін тасып өт. Жұртыңды жебеп, халқыңды демеп жатырсың, Үш ғасыр бойы үш жүз алпыстың басы боп... Сан ғасыр бойы халқына берген керегін, Солмасын сенің сындарлы сеңгір терегің, Құс жолы жақтан қабыл алса егер тілекті Құдіретіңе қылау түспесін дер едім. Ата басынан Астанаға бет алғанда бізді де осындай ой алға жетеледі... Маңғыстау облысы. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.