Сәрсенбі күні Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың төрағалық етуімен Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету мәселелері жөніндегі Мемлекеттік комиссияның отырысы болды. Басты мәселе Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 16 тамызда Ақордада 1-2 желтоқсанда Астана қаласында болатын ЕҚЫҰ Саммитіне дайындық мәселелерін қарастырған кеңесте берген тапсырмаларын орындау барысына арналды.
Отырыста сөз сөйлеген Қанат Саудабаев: біздің ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуіміз және Ұйым Саммитін Астана қаласында өткізуге барлық мүшелердің бірауыздан дауыс беруі – әлемдік қоғамдастықтың Қазақстанның тәуелсіздік алған жылдарда әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси дамуда қол жеткізген толымды табыстарын толық мойындайтынын көрсетеді, деді. Бүгінгі күні Қазақстан табысты мемлекет ретінде ғана қалыптасып қойған жоқ, сонымен бірге, ол жаһандық қауіпсіздік пен ынтымақтастықты қамтамасыз етуге сүбелі үлес қоса алатын беделді аймақтық державаға айналып отыр. Осының бәрі жаңа Қазақстанның құрылысшысы және архитекторы болып отырған Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қайраткерлік істерінің тамаша жемісі және оның әлемдік ауқымдағы лидер ретінде танылуының дәлелі, деді Қ.Саудабаев.
Осыдан әрі ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы ретінде Қанат Саудабаев Ұйымның қазіргі ахуалы туралы айтты. Ол қазір жаһандық қауіптер мен дағдарыстық кезеңдерді бастан кешуде. Сондықтан да Саммит өткізу уақыт тудырған аса өзекті қажеттілік болып табылады, дей келіп, оның Қазақстанда өткізілуі біз ғана емес, бүкіл ТМД елдері үшін мақтаныш екеніне екпін түсірді.
Астана Саммиті – дайын шешімдердің саммиті болмайды, мұнда, ең бастысы, біз жалпыадамзаттық құндылықтарды басшылыққа ала отырып, бір тоқтамға келуіміз керек. Соның ішінде ЕҚЫҰ-ның жауапкершілік аймағында біртұтас және бөлінбейтін қауіпсіздігі бар қауымдастық құру жолында стратегиялық бағдарлар мен “жол картасын” анықтауымыз қажет, деді шешен.
Сөзінің соңында ол Мемлекеттік комиссияның негізгі міндеті Елбасының Ақордада 16 тамызда болған кеңесте берген тапсырмаларын бұлжытпай орындауды қамтамасыз ету екенін атап өтті. Осыған байланысты отырыста Астана Саммитін өткізуге байланысты тиісті мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар берілді. Саммитке Ұйымға мүше барлық 56 елдің лидерлерімен қатар, ЕҚЫҰ-ның 12 әріптес елдерінің басшылары да қатысады деп күтілуде. Сондай-ақ барлық беделді халықаралық ұйымдардың жетекшілері де болатыны сөзсіз. Оның үстіне барлық мүше елдермен қатар, көптеген қызығушылық танытушы елдердің БАҚ өкілдері де Астана қаласына келері анық. Бір сөзбен айтқанда, бұл тәуелсіз Қазақстан топырағында осы заманға дейін болып көрмеген ең маңызды әлемдік шара болғалы отыр.
Жақсыбай САМРАТ.