Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев облыстағы жұмыс барысына осындай баға берді
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қостанай облысына сапарында жылына отыз мың тонна өнім шығаратын жаңа ірі макарон фабрикасының ашылу салтанатына қатысып, жұмысшылармен кездескенін газет оқырмандарына бұдан бұрын хабарлаған едік. Келесі күні ертеңгісін Нұрсұлтан Әбішұлы Меңдіғара ауданына келді. Осы аудандағы “Раскөл” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің астық алқабында аймақ басшыларымен және шаруашылық жетекшілерімен, кәсіпкерлермен кездесіп, әңгімелесті.
Биыл елімізде болған қуаңшылық Қостанай диқандарына да сын болды. Өңірде ала жаздай көктен тамшы тамған жоқ. Бірақ аңқасы кеуіп жатса да, жер-ананың төсінде алтын астық жайқалады. “Раскөл” шаруашылығының жетекшісі Рафаил Файзуллин Елбасына өз шаруашылығы туралы баяндады. Дәнді дақылдар өсірудің заманауи технологиясын үйрену зор табыс әкелді. Мысалы, биылғыдай қуаңшылық жылы құр қол қалмай, қамбаға астық құю озық технологияның тамаша қайтарымы болып табылады. Көптеген шаруашылықтар ылғалдың аз түсуіне қарамастан, бидайды гектарына 13-14 центнерден жинауда. Ал облыс бойынша орташа көрсеткіш гектарына 8 центнерден кем болмайды.
– Биыл жыл өте ауыр болды. Қуаңшылық деген жылдардың өзінде жазда бір-екі рет жаңбыр жауып өтетін. Биыл күннің ыстығы 30 градустан түскен жоқ. Соның өзінде бүгінде гектарына он центнерден айналдырып жатырмыз. Бұл – ылғал жабу технологиясын сақтағанның арқасы. Егер жаңбыр болғанда гектар түсімі 27 центнерге дейін баратын еді,–деді осы кездесуге келген Сарыкөл ауданындағы “Ақкиік” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Амангелді Жалғасов.
Егін алқабы жаңбырдан қалса да, қырманы астыққа толған шаруашылықтың бірі – Қазақстанның Еңбек Ері Сайран Бұқанов басқаратын “Қарқын” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Жаңа техника мен озық технология жаңбырдың аздығын білдірмей, қайта күннің ыстығы дәннің сапасын да көтеріп жіберді.
– Техника паркін жаңарттық. Озық технология өзінің қайтарымын берді. Соның арқасында гектарына 14 центнерден астық жинап жатырмыз. Дәннің қамырлылығы – 31! Бұл – біздің шаруашылықта бұрын-соңды болмаған нәрсе. Мемлекеттің қамқорлығын диқандар жақсы сезініп отыр. Астық пен майлы дақылдарға субсидияны жыл сайын аламыз. Бұл – үлкен көмек. Сізге рахмет. Биыл гербицидке субсидия алдық, сонымен қатар, арзан жанар-жағар майға да үйреніп алғандаймыз, – деді Сайран Бұқанов.
Президентпен әңгімеге белгілі агроном ғалым, Ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Валентин Двуреченский, шаруа қожалығының жетекшісі Ыбыраш Естаев қатысты.
– Биыл жаңбыр жаумаса да озық технологияның, заманауи техниканың арқасында астық жинап жатырмыз. Оның үстіне мына кәсіпкерлердің барлығы да жердің иесі емес пе? Өзімдікі дегенде өзгеше қуат танытады. Ауыл шаруашылығының осылай түбегейлі өзгеруіне Сіздің ықпал, қолдауыңыз көп болды. Ал 1975 жылы дәл осындай қуаңшылықта мұндай табыс тұрмақ, кеусен болмаған,–деді Валентин Иванович.
Облыс әкімі Сергей Кулагин биылғы қуаңшылықтың әрі ұзақ, әрі тым ыстық болғанын, табиғаттың 1975 жылғы осындай құбылысынан да асып түскенін айтты. Жаңбырсыз жазда шөп те күйіп кетті. Сондықтан қазір оның тапшылығы да, қымбатшылығы да қатты сезіледі. Осы жайды сұрағанымызда Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев биыл шөптің өзіндік құнының қымбаттап кетуіне байланысты асыл тұқымды және жалпы мал ұстап отырған шаруашылықтарға субсидия мәселесінің Қаржы министрлігінде шешіліп жатқандығын айтты. Әр малдың басына 16-17 мың теңгеден көмек беріледі. Биылғы ауыл шаруашылығындағы міндеттің бірі де осы, мал басын пышақтан аман сақтап қалу.
Табиғаттың биылғы қаталдығына қарамай, Қостанай облысында орта деңгейде астық шығымы Президентті риза етті. Облыста дән сіңірілген 4,3 миллион гектар жердің 80 пайызы нөлдік технологиямен өңделген. Нұрсұлтан Әбішұлы мұны зор табыс деп бағалады. Президент еліміз бойынша астық өндіруді дамыту үшін жасалған үш жұмысты бөле-жара айтты. Алдымен техниканы жаңартуға көңіл бөлінді. Қазіргідей қуатты тракторлар мен комбайндар Қазақстанның тарихында болған емес. Екіншіден, озық технология батыл енгізілді. Үшіншіден, мемлекет шаруашылықтарды қаржылай қолдап отыр.
Кездесуде Президент шаруашылық жетекшілеріне жерді күтіп ұстауды, өңдеуді айырықша тапсырды. Фосфор, азот, газ өзімізден шығып жатқанда, болашақта тыңайтқышты да өндіруге болатындығын еске салды.Қазақстанда астық алқаптарының гектарынан 20 центнерден өнім алатындай мүмкіндік жасау керек. Бұл үшін жермен айналысқандар оның күтімін ұмытпағанда ғана табысқа жетеді, ал бұл – қаржыны талап ететін жұмыс. Нұрсұлтан Назарбаев ауыл шаруашылығы кәсіпкерлеріне тапқан табысты қалтаға сала бермей, үш қабатты зәңкиген үйлер жарысына жібермей, жерге жұмсау керектігін айтты. Игілікті іске жұмсалған қаржының қайтарымы болмай қалмайды.
– Нұрсұлтан Әбішұлы, Сіз техника жөнінде айттыңыз. Біздің облыс 80 миллиард теңгеге 9 мың дана ауыл шаруашылығы техникаларын алды. 645 кешенді техникалар, 2400 өнімділігі жоғары комбайн алғанбыз. Біз күніне 200 мың гектар алқаптың астығын жинай аламыз. Бар-жоғы 10-15 күннің ішінде науқанды бітіреміз,–деді облыс әкімі Сергей Кулагин.
Нұрсұлтан Әбішұлына облыста жүзеге асырылған инвестициялық бағдарламалар таныстырылды. Жылдың бірінші жартысында Қостанайда алты ірі жоба өндіріске жол тартты. Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігінде металл прокаты зауыты ашылды, ал қалған бес жоба да ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған. Қостанай ауданында ірі ет өңдеу кешені, осы ауданның Садчиков ауылы мен Федоров ауданындағы Таза Шаңдақ ауылында тауарлы сүт фермаларының тұсауы кесілді. Қостанай ауданының Жданов ауылында ашылған қоңды тауық фабрикасы базар молшылығын жасайтын болады. Сондай-ақ Қостанай қаласындағы зығыр майын сығатын цех пен диірмен кешені де ауыл шаруашылығы өнімдерін ұқсатудағы жетістіктің бірі. Енді жылдың екінші жартысында тағы да бес инвестжоба жүзеге аспақ. Осы сапарында өзі тұсауын кескен макарон фабрикасы осы инвестжобаның бірі болатын. Ал оның қуаты мен өнімінің сапасы жөнінен Орталық Азияда әзірге теңдесі жоқ. Ал 2015 жылға дейін облыста 475 миллиард теңгеге бағаланатын ірі 17 инвестициялық жоба тағы жоспарланып отыр. Осы жұмыстардың барлығы алақандағыдай кішкентай макетке сыйғызылып, Елбасына таныстырылды. Нұрсұлтан Назарбаев аудан әкімдері және кәсіпкерлермен кездесуінде ауылды әлеуметтік жағынан дамытуды міндеттеді.
Президенттің облысқа сапары аясында “Қазақтелекомның” EV-DO технологиясы негізінде сымсыз қатынас желісін құру жөніндегі қанатқақты жобасын іске қосуы осы міндет үдесінен шығудың жарқын көрінісі еді. “Қазақтелеком” АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев EV-DO технологиясын пайдалана отырып, кеңжолақты қатынас қызметтерін Нұрсұлтан Әбішұлына таныстырды. Осы жобаның арқасында Қостанай облысында бірден үш ауданда Меңдіғарада, Сарыкөлде, Қостанайда ауылдық жерлердегі байланыс қызметтеріне деген сұраныс толық қанағаттандырылатын болады.
– Сымсыз интернет жүйесін республикамыздағы қала тұрғындары әлдеқашан пайдаланып отыр. Енді байланыстың осы түрін дәл сондай сапада ауылға да алып келді. Оны орнатуды Қостанай облысының үш ауданында бастадық. Алдағы үш жылдың көлемінде бүкіл елімізді қамтимыз,– деді Қуанышбек Есекеев.
Облыс әкімі Сергей Кулагиннің айтуынша, “Жол картасы” бағдарламасы облыста биыл да жақсы жалғасын тапты. Ол үстіміздегі жылы республикалық және жергілікті бюджеттен бөлінген 7,6 миллиард теңге қаржымен толықтырылды.
Кездесу соңына қарай Нұрсұлтан Назарбаев журналистерге сұхбат берді. Онда Елбасы ауыл шаруашылығына жасалып отырған мемлекеттік көмек және жүзеге асырылған жұмыстар туралы айтып берді. Бұл салаға мемлекет 225 миллиард теңге қаржы бөліп отыр. Соның арқасында егін және мал шаруашылығының дамуы үшін субсидиялар бөлінуде. Ұқсату кәсіпорындары ашылуда.
– Мен Қостанай облысында атқарылып жатқан істерге ризамын. Биылғыдай күрделі жылдың өзінде мұнда 4 миллион тоннадай астық жиналатын болады. Айналамыздағы көптеген елдерде қуаңшылыққа байланысты күрделі жағдай қалыптасып отыр. Ал Қазақстанның қамбасы астыққа толады, ол сыртқа сатуымызға да, ішкі қажеттілікке пайдалануымызға да, қорға, тұқымға қалдыруымызға да жетеді. Ең бастысы – халық тоқ болады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Журналистер сұрағына берген жауабында Елбасы бидайдың бағасын нарық реттейтінін айтты.
– Биыл ішкі рыноктың өзінде бидайдың тоннасы 180 АҚШ долларына тең. Ол сыртқы рынокта 230 доллардан кем болмайды. Баға былтырғыдан екі есеге дейін жоғары болғандықтан, ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің табысы да кемімейді, маңдай терді ақтайды, – деді Президент.
Кездесу соңында Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қостанай халқын алда келе жатқан Конституция күнімен құттықтады. Қазақстанның табысы халқымыздың бірлігінде, татулығы мен достығында екенін тағы да еске сала отырып, денсаулық, береке, дәулет тіледі.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА. Қостанай.
----------------------------------
Суретті түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.