• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
27 Тамыз, 2010

ҮКІМЕТ «Егемен Қазақстанның» апталық қосымшасы

508 рет
көрсетілді

Шеберлікті шыңдайтын бағыт Үкімет мәшине жасау саласын дамыту бағдарламасын қабылдады Мәшине жасау саласында қазіргі күні дамыған батыс елдері мен Жапония алда келеді. Осы елдердің жасаған жеңіл мәшинелері бүкіләлемдік рынокты жаулап алды десе де болады. Бұл әртүрлі жолдармен жүзеге асуда. Мәселен, біздің өңірде мәшине жасау саласы жетілген деп есептелетін Ресейдің өзінде қазір шетелдік мәшинелерді шығаратын өн­діріс орындары уақыт өткен сайын кө­бей­іп келеді. Ол қазірдің өзінде Ресейдің өз маркілерінен басым түсе бастады. 2010 жылдың бірінші жартыжылдығындағы мәліметке көз жүгіртетін болсақ, Ресейде осы уақыт аралығында сатылған мәши­нелердің 31,5 пайызын осы елдің отан­дық маркілері құраса, 32,8 пайызын Ре­сейде шығарылатын шетелдік маркілер құраған екен. Шетелдік маркілерді сату­дан түскен пайда 4,7 млрд. долларды құ­рап, ресейлік маркілерден түсетін пай­дадан 2 есе асып түскен. Дегенмен, осыған қарап, яғни әлемдік мәшине жасау өндірісі мен рыногы бөлініп қойды, енді одан орын жоқ деп қарап отыра беруге болмайды. Мәшине жасау өндірісін қалай дамытуға бола­тындығының бір үлгісін көршіміз Қытай елі көрсетіп отыр. Бастапқы кезде батыс­тағы өндірістерді өз ішіне көшіру, ба­тыстық мәшинелердің үлгісін өз іште­рінде шығару арқылы осы саланы да­мытқан қытайлықтар ендігі кезекте әлем­дік рынокқа солардың жолымен, бірақ неғұрлым арзандау етіп шығарыл­ған өз маркілерін де ұсына бастады. Біздің Қазақстанда да мәшине жасау өндірісі жалпы айтқанда жақсы дамыған деп айтуға болады. Еліміздің әр өңір­лерінде түрлі салаларға арналған бөлшек­тер жасайтын зауыттар жұмыс істейді. Дегенмен, еліміз өз тәуелсіздігіне ие бо­лып, нарық қатынастары алғаш орынға бастаған, ал бұрынғы экономикалық байланыстар үзілген тұста бұл саланың жағ­дайы нашарлап кетті. Екіншіден ал­ғанда қазіргі әлемдік техникалық про­грестің жедел дамуына байланысты олар шығарған құрал-жабдықтар да мораль­дық тұрғыдан тозды. Сөйтіп, тәуелсіз елімізге өзінің мәшине жасау өндірісін сан түрлі салалар бойынша қайта құруға, түбегейлі қайта жаңғыртуға тура келіп отыр. Бұл өте күрделі де қиын міндет. Бір­ақ, осыған ұмтылмасақ, біздің эконо­микамыз алдағы уақытта жан-жақты дамы­маған, шикізат өндіруге ғана қабі­летті тұтыну экономикасы деңгейінде қала бермек. Экономиканың басқа са­лаларынан түсетін аса мол қаржы көлемі шетелдік техникалар мен құрал-жаб­дықтардың импорты үшін сыртқа кетпек. Мәселен, Қазақстан қазірдің өзінде осындай заттарды сатып алу үшін жыл сайын шамамен 15 млрд. доллардың қаржысын сыртқа жібереді екен. Ал бұл біздің біржылдық республикалық бюджетіміздің кірісімен шамалас қаржы. Әрине, біз өндірістің түрлі салалары­на қажетті техникалар мен мәшинелерді және олардың қосалқы бөлшектерін шы­ғаруда дамыған елдермен теңесе алмауы­мыз мүмкін. Бірақ өзімізде шығаруға бо­латын заттарды өндіруіміз қажет. Мұның өзі Елбасы алға қойып отырған асқаралы міндет экономиканы әртараптандыру үшін қызмет етеді. Екіншіден, алғанда көптеген адамдарға жұмыс береді. Қазірдің өзінде еліміздің мәшине жасау саласында 79800 адам еңбек етеді екен. Көптеген салаларға қарағанда бұл салада еңбек ететіндердің жалақысы да жоғары болып келетіндігін еске алатын болсақ, дәл осы өндіріс түрін дамытудың үлкен маңызға ие екендігіне көз жеткіземіз. Міне, осы тұрғыдан алғанда, еліміздің мәшине жасау өндірісін дамыту деген сөз – отандық кадрлардың біліктілік қабі­летін шыңдау деген сөз. Қоғамға аса қа­жет болып отырған инженерлер мен техниктер, техникалық интеллиген­ция­ның өкілдері нақ осы салада өсіп-жеті­ліп, қоғамымызды алға сүйрейтін бола­ды. Қысқасын айтқанда, мәшине жасау ісінің елдің экономикасы мен өркениетті деңгейін жетілдірудегі маңызы өлшеусіз. Осы аптада Үкімет отырысында елі­міздің мәшине жасау саласын дамыту­дың 2010-2014 жылдарға арналған бағ­дарламасының жобасы қаралып, бекі­тіл­ді. Онда біз жоғарыда сөз қылған мәсе­лелердің барлығы екшелінген.  Премьер-Министрдің орынбасары, Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешевтің айтуынша, бұл жобаны әзірлеуге еліміздегі барлық мүдделі мемлекеттік органдар мен мәшине жасау салаларының өкілдері қатыстырылған. Жо­баны жасамас бұрын арнайы топ жасақталып, олар ел өңірлерінде болып, мәшине жасау саласының қазіргі жағдайы мен проблемаларын айқындаған, жергілікті жер­лер­дің ұсыныстары мен пікір­лерін жинақтаған. Әлем­дік тәжірибелер сарапқа са­лынған. Содан кейін шетел­дік білікті сарапшылардың қатысуымен осы жоба әзір­ленген. Отырыста негізгі баян­да­маны жасаған Индустрия және жаңа технологиялар министрінің орынбасары Альберт Раудың айтуынша, алдымыздағы бесжылдық мерзімге арналып отырған бағдарламаның негізгі мақсаты ішкі рыноктың сұранысын мейлінше қанағаттандыру және қосымша құны жоғары болып келетін мәшине жасау саласы өнімдерінің өндірісін ынталандыру, бірте-бірте олардың экспортын қалыптастырып, дамыту болып табылады. Осыған қол жеткізудің төрт міндеті айқындалған. Олар: технологиялық жаңғыртуды ынталандыру және жаңа өндірістер қалыптастыру; ішкі рыноктың мүмкіндіктерін тиімді пайдалану; мәшине жасау өнімдері экспортына қолдау жасау және дамыту; саланы қажетті кадрлармен қамтамасыз ету. Жоғарыда айтып кеткеніміздей, әзірге Қазақстанның мәшине жасау өнімдеріне деген сұранысы түгелге жуық шетелдік техникалар мен олардың қосалқы бөлшектері есебінен өтеліп келеді. Олардың импорты біздің ішкі өнімдерімізге қарағанда 6 есе артық. Жалпы, Қазақстанға келетін импорттың 40 пайызға жуығын мәшине жасау өнімдерінің импорты құрайды. Осындай жағдайда отандық саланың негізгі проблемалары ретінде олардағы құрал-жабдықтардың тозғындауы жоғары деңгейге жеткендігін, отандық мәшине жасау өндірісінің бәсекелестік қабілетінің төмен екендігін, өндірістік қуаттардың толық пайдаланылмайтындығын, мәши­не жасау салаларында конструкторлық бюролардың саны өте аз екендігін, ин­жинирингтік компаниялардың әлі қа­лыптаса қоймағандығын, кәсіпорындарға басшылық жасайтын білікті кадрлардың тапшылығын айтуға болады. Осы проб­лемалардың шешімін табу үшін еліміздегі мәшине жасау кәсіпорындарына техно­логиялық аудит жүргізілуі керек. Салаға технологиялық трансфертті енгізіп нығайту, инновациялық гранттар беру, инженер­лік инфрақұрылымдарды қалып­тастырып жетілдіру секілді сан түрлі шаралар да осы міндет үдесінен туын­дайды. Бағдарламада аталған міндерттерді шешудің түрлі жолдары белгіленген. Солардың бастыларының бірі ретінде экспортты қолдау саясатын айтуға бо­лады. Осы саясат аясында өнеркә­сіптің өңдеу саласында экспорттық өнімдер шығаруға ұмтылушыларға сервистік және қаржылық қолдаулар ұсынылады. Соны­мен қатар тәжірибелік-конструкторлық әзірленімдердің ғылыми-зерттеу жұмыс­тары үшін корпоративтік табыс салы­ғының 150 пайызына дейін салық жеңілдіктері беріледі. Кадрлар әзірлеу үшін Өскемен қаласынан 700 орындық өңіраралық орталықтың құрылысы жүргізіледі. Семей, Саран, Петропавл қалаларынан техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындары салынады. Жалпы, мәшине жасау саласы бойын­ша 19 жобаны жүзеге асыру міндеті алда тұр. Олардың жалпы құны 159 млрд. 555 млн. теңгені құрайды. Қазіргі күні мәшине жасау саласын дамыту ісі еліміздегі ұлттық компаниялар арасында “Қазақстан темір жолы” АҚ-та біршама жолға қойылған деп айтуға болады. Бұл компания өзінің импортты алмастыру бағдарламасының аясында жүк және жолаушылар вагондарын, тепловоздар өндірісін ашып, жолға қой­ды. Сонымен қатар, темір жолдағы жыл­жымалы құрамға қажетті көптеген құрал-жабдықтар мен қосалқы бөлшектер шығару ісін қолға алды. Енді осы тәжі­рибенің басқа компаниялар мен сала­ларға тереңдей енгізілуіне мән беру қажет. Жалпы, елімізде соңғы жылдары мәшине жасау саласында бірқатар жаңа жобалардың жүзеге асып келе жатқан­дығын байқауға болады. Мәселен, Өске­менде шетелдік жеңіл көліктерді құрас­тыратын өндіріс орны пайда болса, Семейде автобус шығару қолға алынды. Павлодарда “Беларусь” тракторлары құрастырылуда. Қостанайда комбайндар құрастыратын өндіріс орны бар. Міне, елімізде осындай жаңалықтар жылдан жылға көбейе түсуде. Енді оларды одан әрі тереңдете беруіміз керек. Аталған бағдарлама осы мақсатты көздейді. Бағдарлама жобасын әзірлеушілер ол жүзеге асқан жағдайда еліміздің қол жеткізетін жетістіктерінің деңгейіне дейін есептеген екен. Мәселен, 2015 жылы те­мір жол саласында мәшине жасау өнім­дерінің өндірісі 11 есе артатын болса, электр құрал-жабдықтарында 70 пайызға, тау-кен металлургия саласына арналған мәшинелер мен жабдықтар шығаруда 2,7 есе, мұнай-газ мәшине жасау саласында 2,5 есе, ауыл шаруашылығы мәшине жа­сау саласында 2 есе, ал түрлі автокөлік­тер шығару ісінде 12 есе артатын болады. Осының негізінде елімізде 2014 жылға дейін қосымша құнға қосылатын үлес 74 пайызға артып, сала бойынша әр адам­ның еңбек өнімділігі 52 мың долларға дейін өседі. Жалпы, өндірістің көлемі қа­зіргі 2 млрд. доллардан 4 млрд. долларға дейін жетеді. Сұңғат ӘЛІПБАЙ. * * * Тәні саудың жаны сау немесе “Саламатты Қазақстан” бағдарламасының ерекшелігі неде? Өткен аптада Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалық етуімен өткен Үкімет отырысында еліміздің денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған “Саламатты Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасының жобасы талқыланды. Жаңа бағдарламаның мазмұнын баяндап берген Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев аталмыш құжаттың Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясында, сондай-ақ Президент Жолдауында көрсетілген міндеттерді іске асыруға бағытталғанын атап өтті. Құжат еліміздің 2010-2014 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық даму бағдарламасымен сәйкестендіріліп жасалып отыр. Көп толғау мен талқы­лау­дан туған байыпты бағдар­лама енді алдағы уақыттарда табысты жүзеге асатын болса, ол еліміз азаматтарының денсаулықтарын айтарлықтай нығайтумен бірге әлеуметтік-демографиялық дамудың барысына нақтылы ықпал жасай алатыны анық. Айта­лық, 2015 жылға қарай Қа­зақ­стан халқының өмір сүру ұзақтығы 70 жасқа дейін жетуге тиіс. Ал өршіп тұрған өкпе құрты індетіне шалды­ға­тындар саны бірден 10 пайызға тө­мендейді. Сонымен қатар инновация мен кәсіби біліктілікті арқау еткен мем­ле­кет­тік бағдарлама жұрттың да өз денсаулы­ғын күтуге деген көзқарасын түбегейлі өзгертеді деп күтілуде. Былайынша “бірінші байлық — денсаулық” деп біліп өскен халықтың ұрпақтары “тәні саудың жаны сау” болатынын айқын сезіне түсетін болады. Осының негізінде 2015 жылы дене шынықтыру мен спортты серік ететін көпшіліктің саны 25 пайызға артады. Бағдарлама осындай пәрменді шаралардың арқасында өлім-жітім көрсеткіші мың адамға шаққанда 1,19 пайызға дейін азаятынын межелеп отыр. Құжатта медициналық инновациялық технологияларды дамытып, дәрі-дәрмек сапасын арттыру мен оның қолжетім­ділігін қамтамасыз ету жағы жақсы қарастырылыпты. Сонымен қатар, көлік медицинасын дамыту арқылы қиырдағы ауыл-аймаққа заманауи медицинаны жеткізу көзделіп отырғанын мәлімдеген республика бас дәрігері тасымал кезіндегі әрекет жеделдігін, медициналық көмекті шұғыл көрсетуді және шалғайдағы ауыл-аймақтарға дәрігерлік көмекті қам­та­масыз ететін жүйе құрылатынын хабардар етті. – Мемлекеттік бағдарламаның басты мақсаты – Қазақстан азаматтарының денсаулығын жақсарту және еліміздің тұрақты әлеуметтік-демографиялық дамуын қамтамасыз ету үшін денсаулық сақтау саласының бәсекеге қабілетті жүйесін қалыптастыру, – деді министр өзінің сөзінде. – Бұл өз кезегінде аза­маттардың ден­сау­лығын сақтау мә­селелері бойынша сектораралық және ведом­ство­аралық өзара іс-қимылдарды арт­тыру, профилак­ти­калық іс-шаралар мен скринигтік зерт­теулерді кү­шей­ту, негізгі әлеуметтік елеулі ауру­лар­дың диагностикасын, емдеу және оңалту тәсілдерін жетілдіру, санитарлық-эпи­де­мио­логиялық қызметті жетілдіру секілді негізгі мақсаттарды көздейді. Бұған қоса Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйе­сінде медициналық көмекті ұйымдас­ты­руды, басқаруды және қаржыландыруды жетілдіру, медициналық және фармацев­тикалық білімді арттыру, медицинадағы инновациялық технологияларды дамыту және енгізу, халықтың дәрілік заттарға қолжетімділігін және сапасын көтеру жоспарланған. Мемлекеттік бағдарламаны 2011-2015 жылдарда іске асыруға мем­лекеттік бюджеттен 449,3 млрд. теңге жоспарланған. Министрдің баяндауынша, бағдарла­маның халық, медицина қызметкерлері және мемлекет үшін тиімді жақтары көп. Оның халық үшін тиімділігі әрбір аза­маттың дәрігерді, стационарды және емхананы еркін таңдау мүмкіндігінен көрініс береді. Мұның арғы жағында әрбір азаматтың отбасылық дәрігер мен мейір­бикеге қолжетімділігі кеңінен қамтамасыз етілуі, сондай-ақ жүрек-қан тамырлары ауру­лары болған жағдайда облыс орталығында операция жасатуы, ұршық буындар мен тізе буындарды протездету мүмкіндігі тұр. Салаға әлеуметтік қызметкерлер институтын енгізу негізінде медициналық-әлеуметтік проблемаларды (гигиена, тамақтану, аурулардың алдын алу және т.б) шешуге айрықша назар аударылады. Сол сияқты дәрі-дәрмектерді жеңілдікпен беру және олардың монетизациялануы қамтамасыз етіледі. Жасалу тегі күмәнді дәрілер мүлдем қолданыстан шығарылып, қауіпсіз дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету 100 пайызды құрайды. Ұлттық скриниг бағдарламасы шеңберінде толық профи­лактикалық тексеруден (қантты диабет, қан аздық, онкологиялық аурулар және т.б) тегін өтуге мүмкіндік туады. Пневмококты жұқпаға қарсы жаппай, соның ішінде балаларға вакцинация жүргізу толығымын орындалып тұрады. Әрбір үй аумағында спортпен айналысуға арналған алаңшалар жасалады. Ауылдағы халықтың уақтылы медициналық көмек алуына мүмкіндік беретін ұтқыр медицина құрылып, сани­тарлық авиация әлеуеті күшейтіледі. Әйелдердің бала күтімі бойынша жәрдем­ақылары көбейтіледі. Ұнның фортифика­циясын, тұздың йодттануын қамтамасыз ету арқылы тағам өнімдерінің теңдестігі жасалады. Пациенттердің құқығын қорғау институты қалыптастырылады. Медицина қызметкерлері үшін жа­са­латын тиімділік жұмыс көлемі мен нәти­же­сіне байланысты еңбекақыны айтар­лықтай көтеру мүмкіндігінен басталады. Жас  мамандарды ауылда бекіту тетіктері, ауылдағы медицина қызметкерлеріне нақты жеңілдіктер беру іске асырылады. Барынша сапалы медициналық білім алуға, соның ішінде шетелде кәсіби білік­тілікті арттыруға мүмкіндік беріледі. Бастапқы медициналық-санитарлық қызметкерлерге, соның ішінде дәрі­гер­лердің өздеріне тән емес функциялардан арылуы арқылы жүктемелер азаяды. Денсаулық сақтау саласын ақпараттандыру есебінен медицина персоналы қағаз жұмысынан босатылады. Қазіргі заманғы жабдықтармен жұмыс істеуге және жаңа технологияларды кеңінен қолдануға мүм­кіндік туады. Медицина қызметкерлерінің кәсіби бірлестіктерінің белсенділігі және нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру арқылы олардың құқықтарын қорғау жақсарады. Медицина қызметкерлерінің ауруханаларды басқарудағы рөлі мен дербестігі арта түседі. Осылардың бәрі, ай­на­лып келгенде, бағдарламаның мемлекет үшін де тиімді жақтарын сұрыптап шы­ғара­ды. Министр осы ретте қолға алынып отырған реформалардың ғаламдық бәсе­кеге қабілеттілік индексі көрсеткіш­терін жақсартатынын ауызға алды. Ең алдымен, азаматтардың аурулардан, мүге­дек­тіктен және мезгілінен бұрын қайтыс болуларына байланысты қоғамның тікелей және жанама зияндарын қысқарту арқылы Қазақстан экономикасын көтеруге ай­тар­лықтай үлес қосылады. Нәтижеге бағыт­талған тегін медициналық көмектің ке­пілдік берілген көлеміне бөлінген қара­жат­ты тиімді жұмсауға қол жетеді. Тәуекел­дер­ді басқарудың жаңа жүйесін енгізу нәтижесінде санитарлық-эпидемиология­лық, медициналық және фармацевтикалық қызмет саласындағы бақылау оңтайлан­ды­рылады. Денсаулықты сақтау және ны­ғайту мәселелерінде азаматтардың, жұмыс берушілердің, медициналық қызметтерді ұсынушылардың жауапкершілігі мен мүд­де­лігінің оңтайлы теңдестігі қамтамасыз етіледі. Денсаулық сақтау саласын қар­жы­ландырудың қосымша көздері (мемлекет жеке меншік серіктестігі еркін меди­циналық сақтандыру және т.б) тартылады. Денсаулық сақтау жүйесі қызметін тиімді экономикалық талдау қалыпты орын алады. Саладағы айқындық пен болжам­дыл­­ықты барынша көтеруге жол ашылады. Отандық дәрі-дәрмектердің, соның ішінде иммунобиологиялық препараттардың өндірісі дамиды және кеңейеді. Бәсекеге қабілетті отандық фармацевтикалық өн­діріс дамиды. Осы арқылы жаңа бағдарламаның мемлекеттің ұлттық эко­номикалық док­тринасының бір бөлшегі екені байқалады. Демек, денсаулық сақтау саласы еліміздің  стра­тегия­лық даму жоспарын іске асы­рудың аса маңызды бағыттарының бірі ретінде қарастырылып отыр. Ол Прези­дент Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, елдің стратегиялық мақсатта табысқа жетуінің басты кепілі болмақ. Бұл жәйт, сөз жоқ, практик дәрігерлер мен халық тарапы­нан қызу қолдау тауып, сан-алуан меншік түрінің дамуы мен меди­ци­налық қызметтің өркениетті ры­ногын құруға мүмкіндік әпереді. Осыған қарай қазір бағдарлама еліміз тәуелсіздігін алған жыл­дардан бері көп айты­лып, шешімін таба алмай келе жатқан медицина саласына қатысты көп­теген мәсе­ле­лердің шешілуіне ұйытқы болады деген үміт бар. Серік ПІРНАЗАР.