• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
28 Тамыз, 2010

Демократияның жоғары мектебі

584 рет
көрсетілді

30 тамыз күні елімізде Ата Заңымыз – Конституцияның қабылданғанына 15 жыл толуына орай үлкен мерекелік шаралар ұйымдастырылуда. Өйткені, мұны ұлы мереке десек, қателеспейміз. Осыдан 15 жыл бұрын, яғни 1995 жылы 30 тамызда өткен рес­пуб­­ликалық референдумда бүкіл­ха­­лықтың дауыс беруімен Қазақ­стан Республикасының қолданыс­тағы Конституциясы қабылданды. Онда референдумға қатысқан ха­лықтың 90 пайызы Ата Заңымыз­дың қабылдануын жақтап дауыс берген еді. Сол кезден бастап бұл күнді мемлекеттік мереке – Қа­зақ­стан Республикасының Конс­ти­ту­ция­сы күні ретінде атап өтіп келеміз. Алайда Ата Заң күнін 1995 жыл­мен ғана байланыстырсақ, қателік болар еді. Өйткені, бұ­рынғы кеңестік жүйеден кейінгі кезең біздің еліміздің егемендігін жоғары құқықтық дәрежеде нығайтуды талап етті. Тәуелсіз Қазақстанның Конс­титуциясына қалыптасқан әлемдік стандарттарға, адам құқықтарын қорғау жөнінде декларация мен басқа да халықаралық актілерге жауап беретін, дамыған елдердің құқықтық кеңістігінде орын алған озық нормалар мен ережелер ен­гізілді. Сондай-ақ, Қазақстанның мемлекеттік егемендік алған сә­тінен бастап қабылданған нор­ма­лар – мемлекеттің тәуелсіздігі, биліктің бөліну қағидаттары, қазақ тілін мемлекеттік тіл деп, Прези­дентті Мемлекет басшысы ретінде тану, сонымен қатар мемлекеттік билік органдарының арасында тепе-теңдік және тежемелік жүйесі мен адам және азамат құқықтары мен бостандықтарын қорғау секілді мәселелер де енді. Мемлекетіміз жыл сайын ау­қым­ды әлеуметтік міндеттерді қа­былдап келеді. Кедейшілікпен, жұмыссыздықпен күрес жүргізіл­у­­де. Бұл кешенді шаралар адам әле­уетінің дамуын тиімді қалыптас­ты­руға және өмір сүрудің сапасын арттыруға тұрақты негіз болуда. Мемлекет пен қоғам үшін Конс­титуция басқа заң актіле­рі­мен салыстырғанда негіз қалаушы сипатқа ие. Ол қоғамның барлық мүшелерінің, барлық азаматтары­ның мүдделерін қорғап қана қой­май, реттеп те отырады. Яғни, мем­­лекеттік құрылыстың негізін, оның ұлттық-аумақтық құры­лы­мын, адам мен азаматтың негізгі құқықтарын, бостандықтарын және міндеттерін, мемлекеттік билік пен басқарудың ұйымдас­ты­рылуы мен жүйесін бекітеді, құ­қық­тық тәртіп пен заңдылықты орнатады. Сондықтан, конститу­циялық нормалар – мемлекеттік органдардың, саяси партия­лар­дың, қоғамдық ұйым­дардың, лауазымды тұлғалар мен азамат­тардың қызме­тінде негіз қалаушы болып табылады. Қазақстан Республикасының Конституциясы тек әрбір азамат­тың, әсіресе, жас ұрпақтың өмір сү­руіне қолайлы жағдай туғызып қана қоймай, сонымен қатар өз хал­қына тұрақтылықтың кепілі бо­лады.   Халық өзі дауыс беріп қа­былдаған заңын әрдайым әділ деп есептейді. Ата Заңға құрмет бол­май­ынша, оны қастерлеу ішкі қа­жеттілікке айналмайынша, заңның құдіреті кемшін болып келеді. Конс­титуция нормалары іс жүзін­де жақсы жұмыс істеу үшін оны бұлжытпай орындау азаматтардың күнделікті дағдысына, үйреншікті әдетіне айналуға тиіс. Ал, әртүрлі амал-айламен оны айналып өтуге тырысушылық өркениетті елдің мәдениетіне жатпайды. Бірақ, біздің қоғамымызда сыбайлас жемқорлықпен байла­ныс­ты қылмыстар, құқық бұзу­шылықтар жоқ емес, бар. Сы­байлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заң бекерден-бекерге шы­ғып отырған жоқ. Бұл қылмыстың дәрежесі қоғамға, мемлекетімізге едәуір қауіп төндіріп, алға басуы­мызға бөгет бола бастады. Сон­дық­тан, азаматтық қоғамға жат бұл құбылысқа қарсы күреске бар­шамыз атсалысуымыз керек. Конституцияны және заңдар­ды қабылдаған соң оларды мүл­тік­сіз орындау қажет. Әрине, қалың көпшіліктің заңды жаппай мой­ындауын, іштей түйсініп сезінуін, өз өмірінің басты ережесіне айналдыруын қамтамасыз ету оңай шаруа емес. Біздің Конституцияда қоғам дамуындағы барлық жағдай қарастырылған, біз тек оны өз мәнінде орындасақ болғаны. Конституция бір күндік құжат емес, оның мүмкіндігі бүкіл бо­лашаққа бағытталады. Ал, халық жұмыла қабылдаған Конститу­ция­ның өміршеңдігі уақыт өткен сайын барынша айқындала түсуде. Алайда, өмір ағыны қоғамның да­муына да түрлі өзгерістер әкеледі. Соған орай басты құжат – Конс­­титуцияның өзі өзгерістерді қажет етеді. Осыдан екі жыл бұрын, яғни 2007 жылы да Конституцияға аздаған өзгерістер енді. Сол кезде Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың былай дегені есімізде: “Ең әуелі қолданылып жүрген Конститу­ция­мыздың әлеуетін барынша пай­да­лануымыз қажет. Біздің Консти­туциямыздың демократиялық қоғамның міндеттеріне сәйкес ке­летіні әлемде танылып отыр. Де­генмен де оған өзгерістер мен толықтырулар енгізу – демокра­тиялық жолмен қадам басқан Қазақстан үшін уақыт талабы”. Сөйтіп, 1998 және 2007 жылда­ры ен­гізілген өзгертулер Ата За­ңымыз­дың тиімділігін арттырды. Парла­мент өкілеттілігін кеңейту, бас­шы­лардың кейбір санаттарын, соның ішінде өңір басшыларын сай­лау секілді өзгерістерді қазіргі таң­дағы билік институттарын де­мо­кратия­лан­дыруға да жатқызуға болады, саяси партиялар мен қозға­лыстар­дың қызметі мен елдің өміріне азамат­тық қоғам бірлестік­терінің белсенді араласуымен де байла­ныстыруға болады. Конс­титу­цияға тағы бір толықтыру 2010 жылы енгізілді – тәуелсіз Қазақ­станның қалыптасуы мен дамуына қосқан зор үлесі үшін елдің Тұңғыш Пре­зиденті Нұрсұл­тан Назарбаевқа заң жүзінде “Елбасы” деген атақ бекітілді. Мемлекетіміздің темірқазығы болып саналатын Конституция­мыз­дың кіріспесі “Ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан хал­қы” деген сөздермен басталады. Мұның өзі көпұлтты еліміз халқы­ның достығы, татулығы, бейбітшіл және өзара сыйласым қатынаста­рын қолдайтындығымен байла­ныс­ты. Осы тұрғыда Конституция қоғам мүшелерінің уайым-қай­ғысыз және бейбіт өмір сүруінің алғышарты болып табылады. Өйт­кені, Ата Заңда қоғам мүшелерінің әлеуметтік, саяси және экономи­калық құндылықтарға қатысты ең озық ой-пікірлері жинақталған. Ата Заңымыз бекітіп берген шектерден аспай, жалпыға бірдей сыйымды қалыптарды ұстана оты­рып, бейбіт және тату, тұрақтылық жағдайында өмір сүру – бұл бүгінгі күннің басты талабы. Осы ретте “демократиялап” ұрандап жүріп, адамның құқықтары мен бос­тандықтарына, ұлттық болмы­сымызға қарама-қайшы келетін демократиялық тетігімізден көз жазып қалмауымыз керек. Ата Заңымызда азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтары нақты көрсетілген және оларға шынайы кепілдік бе­ріледі. Конституцияда адам және оның құқықтары мен бостандық­тары жөніндегі ереженің бекітілуі әр азаматты қорғауға деген ұмты­лыстың көрінісі. Қазақстан Рес­пуб­ликасы адам құқықтарын рет­тейтін көпжақты халықаралық акті­лердің қатысушысы болып та­былады. Бүгінде елімізде қоғам­ның әр түрлі қоғамдық-саяси күш­тері арасында өзара сыйластық қарым-қатынас, саяси және эко­номикалық тұрақтылық, азамат­тық бейбітшілік, әлеуметтік, ұлт­тық бірлік пен келісім орнаған. Елбасымыздың Ата Заңда көр­сетілген конституциялық ауқымда жемісті жұмыс істеп отырғанына бүкіл ел куә. Оның дәлелі ретінде елі­міздегі саяси тұрақтылықты, кейбір қи­ын­дықтарға қарамастан макро­экономикалық деңгейдегі ілгері­леу­ді, отандық өнеркәсіпті жан­дан­дыруға шетел инвестиция­ла­рын көптеп тартуды, шикізат көз­дерін игеріп, жер асты байлықта­рын эко­номиканы аяққа тұрғызуға пайда­лануды, алыс-жақын шетел­дермен оңды қатынастар орнатып, еліміз­дің руханиятын, қорғанысын да­мы­туға күш салуды және басқа сан-салалы жетістіктерді айтуға болады. Кейінгі жылдары Конститу­циямыздың негізінде Қазақстанда өмірдің барлық салаларында ма­ңызды реформалар жүргізілді. Осы­ның нәтижесінде Қазақстан Рес­пуб­ликасы өз мемлекеттілігін қа­лып­тастырып, ұлттық тәуелсіз­ді­гінің негізін қалады, елдің тер­ри­ториялық тұтастығын, шека­ра­ның бұзылмауын қамтамасыз ете білді, әлемдік рынокқа кірді, осы за­манғы ақша-несие жүйесін енгізді. Ата Заңымыз қабылданған кезден бері өткен 15 жылда Қазақ­стан өмірдің барлық салаларында үлкен жетістіктерге қол жеткізіп, бүкіл ТМД елдері арасында же­текші орынға шығып отыр. Бірақ, сарап­шылардың пайымдауынша, 1995 жылы қабылданған Конс­ти­туция­ның ең маңызды жетістігі осы жыл­дары Қазақстан Респуб­ликасында бейбітшілік пен ты­ныштықтың берік орнығуы болып табылады. 15 жылдық белесті еркін еңсерген Ата За­ңы­мыз үшін алда әлі талай сынақтар тұрғаны анық. Сондықтан өткен­нен ой түйіп, жарқын болашаққа ұмтылатын кез келді. Ең бастысы, елімізге деген сүйіспеншіліктен, Ата Заң алдын­дағы ар-ождан таза­лығы мен адам­гершілік қасиеттер­ден ажырама­сақ, кез келген мұрат-мүдделеріміз орындаларына се­німіміз мол. Қоғамның қай сала­сында болма­сын моральдық жұ­таңдықтан сақ­танған жөн. Эко­но­микалық то­қы­рау мен саяси ыды­раудың, қоғам­дық азғындаудың астарында адам­заттың рухани жұтаңдануы жата­тынын естен шығармасақ абзал. Жалпы, 15 жыл бұл нақты қо­рытынды жасайтын уақыт емес, жасалған жұмыстарға баға беретін кезекті кезең ғана. Қазіргі таңда біз конфессияаралық келісімнің бо­луына, тұрақтылыққа, экономи­кадағы табыстардың барлығына да Конституцияның негізінде қол жеткіздік деп толық айта аламыз. Бұл таңдауды бағалауымыз және құрметтеуіміз қажет, Ата Заңмен өмір сүру – бұл демократияның жоғары мектебі болып саналады. Сондықтан да, барша отандас­тарымызды келе жатқан ұлы мереке – “Конституция күнімен” құттық­таймын! Ата Заңымыз ардақтала бер­сін, ел аман, жұрт ты­ныш болсын! Абу-Али САТТАР, Қарағанды қаласының прокуроры.