• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
01 Қыркүйек, 2010

Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде

3715 рет
көрсетілді

Саламаттылық салты Еліміздің Президенті Нұрсұлтан Назарбаев халықтың дамуына үлкен әсері бар жол ретінде оның білімі мен денінің саулығына үнемі назар аударып келеді. Соның ішінде саламатты өмір салтын насихаттау, “ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде” дегендей, жастардың спортпен айналысуына, бос уақыттарын мәнді өткізулеріне жағдай туғызып отыру – бүгінгі Қазақстан мемлекетінің әлеуметтік саладағы басты мәселелерінің біріне айналғандығына көз жеткіземіз. Жуырда ғана Қазақстан Үкіметі денсаулық сақтау саласын дамыту­дың 2011-2015 жылдарға арналған жаңа мемлекеттік бағдарламасын бекітті. Бұл бағдарлама “Саламатты Қазақстан” деп аталады. Бағдарламаның аты айтып тұр­ғандай, онда ауырған адамдарды емдеуден гөрі аурудың алдын алу дұрыс болатындығы атап көрсетіліп, осы қағидат басшылыққа алынған. Енді осы бағдарламаның аясында спорттың бұқаралық түрлерін дамы­туға, Қазақстан азаматтарына, әсі­ресе, жастарға спорт алаңдарының қол жетімді болуына баса мән бе­ріл­мек. Әрбір ауылдан адамдар, әсіресе жас­тар бос уақыттарында шұғыл­да­нып, денсаулықтарын нығайтуы үшін спорт алаңдары салынатын болады. Егер әлемдік тәжірибелерге на­зар аударатын болсақ, адамдардың бос уақыттарын мәнді өткізуге деген ұм­тылысы, соның ішінде өз ден­сау­лығын сақтауға ерекше жауапкер­ші­лікпен қарап, спортпен шұғылдануы, денсаулығына зиян тигізетін әдет­тер­ден аулақ жүруі көбінесе білімі мен мәдениеті дамыған қоғамдар мен елдерге тән екен. Мұның жақсы белгілерін Батыс Еуропа адамдары­ның бойынан байқауға болады. Қолдары бос уақыттарында олар елдерді аралап, табиғаттың көрікті жерлерінде болуға тырысады. Яғни, саламатты өмір салтын сақтауға ерекше мән береді. Осындай жақсы дәстүр енді біздің Қазақстанымызға да келе бастағандай. Қазіргі күні жан-жақты толысқан адамдардың, сонымен қатар алдағы болашаққа сеніммен қарайтын жастардың спортпен көбірек шұғылданатындығын, дұрыс тамақтанып, дұрыс ұйықтауға мән беретіндігін байқап жүрміз. Енді осы жағдайды жаппай ел жағдайына енгізу талаптары байқалады. Мұны Елбасының тапсырмасымен Үкімет пен жергілікті атқару органдары жүзеге асыруға кірісті. Аталған іске бизнес-қауымдастықтар да атсалысу үстінде. Мәселен, еліміздегі ірі ұлт­тық­ компаниялардың бірі “Қаз­Мұ­най­Газ” АҚ еліміздің әр өңірлері­нен, түрлі қалалардан спорт алаң­дарын ашу жобасын жасап, оны іске асыруда. Қазірдің өзінде бірқатар мектептердің қасынан осы жоба бойынша жақсы жабдықталған жаңа спорт алаңдары бой көтеріп үлгерді. Саламатты өмір салтын нығайту мәселесі көбінесе мекемелер мен ұйымдарда осы іске басшылықтың қаншалықты көңіл аударатындығына байланысты екендігі түсінікті. Міне, осы тұрғыдан алғанда Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универсиетінің ректоры Бақытжан Жұмағұловтың басшылығымен көп жұмыстардың тындырылып жатқан­дығын айтуға болады. Ректордың өзі университет қабырғасында бұқара­лық спорттың жандануына көп көңіл бөледі. Білім ордасында түрлі спорт жарыстары, мәдени және саламатты өмір салтын насихаттауға арналған шаралар, елімізге есімдері танымал мәдениет және өнер қай­рат­керлері, ғалымдар, ақын-жазушы­лармен кездесулер жиі өтіп тұрады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың түлектері республиканың барлық аймақтарында, тіпті, әлемнің басқа елдерінде де еңбек етуде. Солардың ішінде биология факультетінің адам және жануарлар физиологиясы, биофизика кафедрасының түлегі – Байқошқарова Салтанат Берден­қы­зын ерекше атап өтуге болады. Био­логия факультетінің қазіргі деканы, профессор Шалахметова Тамара Ми­нажқызы және адам және жа­нуар­лар физиологиясы, биофизика кафедрасының меңгерушісі, профес­сор Сұлтан Төлеуханұлының айту­ла­ры бойынша, Салтанат Берденқызы студент кезінде факультеттің және университеттің қоғамдық өміріне белсенді қатысқан. Дәл қазіргі уа­қытта Салтанат Берденқызы елімізде бірінші “Экомед” медицина орта­лы­ғының басшысы. Экомед орталығы 1995 жылы Салтанат Байқошқаро­ваның басшылығымен құрылған. Орталық посткеңестің кеңістікте бедеулік мәселесін алға тартып, ең алғаш денеден тыс ұрықтандыруды, яғни пробиркада бала өсіруді жүзеге асырған мекеме болып табылады. Сол жылы клиника еліміздегі тұң­ғыш экоорталық ретінде Фран­ция­дағы дүниежүзілік экорегистріне қосылды. Осы орталықтың нәтижесі 1996 жылы 31 шілдеде пробиркада бала өсіріп, дүниеге әкелуден кө­рін­ді. Көршілес еліміз Ресейде осындай жолмен алғашқы сәби 1986 жылы про­фессор Б.Б.Леоновтың басшы­лығымен дүниеге келсе, ал әлемде осындай бала 1987 жылы Англияда дәрігер Ричард Эдварстың лабора­ториясында дүниеге келген. “Экомед” клиникасы әрдайым бе­деуліктен арылу жолдары жайлы кеңестер береді. Сонымен қатар диаг­ностика және емдеу кезінде ең соңғы үлгідегі жоғары әсерлі әдіс­тер­ді қолданады. Осындай еңбектердің нәтижесінде Салтанат Берденқызы факультетіміздің, университетіміздің ғана емес, еліміздің мақтанышына айналды. Сондай-ақ факульте­ті­міз­дің биология мамандығын ойда­ғы­дай тәмамдаған студенттерін жұ­мыспен қамтамасыз етіп жатыр. Біз еліміздің осындай білімді де білікті қызда­рының бар болғанына қуанамыз. Салтанат Берденқызы денсау­лық­тың зор байлық екендігін ай­тады. Оны қадірлеп сақтай білу қажет. “Ауырып ем іздегенше, ау­ыр­майтын жол ізде” дегендей, денсау­лықтың қадірін адам шынайы ауыр­ған кезде бір-ақ біледі. Оның үстіне адам үшін әр минөті есептеулі бү­гінгі бәсекелестік заманында денсау­лықтың маңызы мен қадірі қанша­лықты арта түскендігін екінің бірі аңғара бермейтіндігі де рас. Бо­ламын деген болашағы бар жастар үшін ең маңыздысы оның бойында мықты денсаулық пен сапалы білім­нің болуы. Университет қабырға­сын­да осы екеуін қатар ұштастыру дәстүрін игеріп шыққан жастардың жолы жарқын. Салтанат Байқошқарова секілді кешегі университет түлегі, бүгінгі білікті басшы маманның, әрі елі­міз­дегі денсаулық сақтау ісін ұйымдас­ты­руға белсене қатысып, осы салада табысқа жетіп отырған жанның аузынан айтылған осындай сөздер бізге маңызды естіледі. Біздің университетте саламатты өмір салтын сақтауға қолайлы жағ­дай жасалған және ол барынша на­сихатталуда. Мұны біз халықтың дұ­рыс білім алып, денсаулығын ны­ғай­туына барынша мән беріп отырған мемлекетіміздің қамқорлығы мен университет басшылығының іскер­лі­гі мен ізденістерінің нәтижесі деп түсінеміз. Зура ЕСІМСЕЙІТОВА, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті, биология ғылымдарының кандидаты.