Ұлттық мектептің ұлы мұраты
Болон процесі аясындағы студенттердің академиялық ұтқырлығына үлкен мән беріледі. Болон декларациясы студенттердің басқа оқу орындарына ауысуына және сәйкесті қызметтер алуына ерекше көңіл бөле отырып, бұл ауысудың еркіндігін тиімді жүзеге асыруда кедергілерді ескеру арқылы ұтқырлығына жағдай жасау мақсатын жариялайды. Болон процесінің міндеттері: жұмысқа тұру мүмкіндігімен азаматтардың ұтқырлығын дамыту бағытының негізгі кілті ретінде жоғары білімнің еуропалық аймағын құру; Еуропаның интеллектуальды, мәдениетті, әлеуметтік және ғылыми-техникалық әлеуетін қалыптастыру мен нығайту; дүние жүзінде жоғары мектептің беделін көтеру; басқа білім жүйелерімен еуропалық жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету; жоғары білімнің ұлттық жүйелерінің үлкен үйлесімділігі мен салыстырмалылығына қол жеткізу; білім сапасын арттыру; мәдени құндылықтарды дамытуда өздерін жаңа гуманистік сана түсінікті қолдаушы, таратушы ретінде санайтын университеттердің орталық рөлін көтеру.
Болон Декларациясына қосылған мемлекеттер өздеріне белгілі бір нақты міндеттер алады, атап айтқанда, Болон процесінің негізгі талаптарына сай ұлттық білім жүйелерін реформалау міндеті.
Болон процесінің міндетті параметрлері жоғары білімнің үш деңгейлік жүйесі, – ЕСТS академиялық кредиттерінің жүйесі, жоо студенттерінің, оқытушыларының және әкімшілік қызметкерлерінің академиялық ұтқырлықтары, дипломға еуропалық қосымша, жоғары білімнің сапасына бақылау, бірыңғай еуропалық зерттеу кеңістігін құру болып табылады.
Болон процесінің факультативті параметрлері: дайындау бағыты бойынша білім мазмұнын үйлестіру; таңдау курстары, студенттерді оқытудың сызықтық емес траекториясы, модульдік жүйе, қашықтан оқыту, электронды курстар; оқытушылар мен студенттердің академиялық рейтингілері.
Болон жүйесін Қазақстанда енгізудің мақсаттары деп төмендегі жайлар айтылады: білім, оқу сапасын қамтамасыз ету; Қазақстанның жоғары білім жүйесінің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету және оның еуропалық жоғары білім кеңістігіне интеграциялау; студенттердің академиялық ұтқырлануларына алғышарт жасау; халықаралық үлгілерге сәйкес келетін жоғары оқу орындары дипломдарының мойындалуы мен баламалылығы; ұлттық және халықаралық деңгейдегі еңбек рыногында отандық университеттер дипломдарының мойындалуын қамтамасыз ету; құзыреттілікті қалыптастыру; өздігінен білім алу деңгейін өсіру мен үзіліссіз оқуды қамтамасыз ету.
Сонымен, академиялық ұтқырлық Болон процесінің негізгі бір құраушысы болып табылады. Академиялық ұтқырлықтың маңызды ерекшелігі – студенттерге оқу үрдісі аяқталғаннан кейін басқа жоо-да, базалық жоо-да оқыған пәндері есептеледі немесе олар бір мезгілде білімі туралы екі құжат алуына мүмкіндік беріледі.
Болон процесінде академиялық ұтқырлықтың екі түрі ажыратылады: тігінен және көлденеңінен. Тік ұтқырлықты студенттің шетелдік жоо-да толық білім алуы, көлденеңді сонда тек белгілі бір шектелген уақытта оқуы (семестр, жыл, бөлінген сағат) деп түсіну керек.
Теориялық тұрғыда студент оқығысы келетін жоо-ны өзі таңдай алады. Тәжірибеде студенттің ұтқырлығы олардың дербестігімен жүзеге аспайды, өйткені барлық жоо-лар оқуға қабылдауды ұлттық заңнамаға сәйкес жүргізеді. Сірә, алғашқы кезде ұтқырлықты жоо деңгейінде қамтамасыз қажет болар. Себебі жоо екі университетте де оқылатын пәндердің өзара мойындалуы мен баламалылығы және алынған академиялық нәтижелер туралы келісім-шарт жасауға, біріккен оқу бағдарламаларын жасауға құқылы. Студенттердің шетелдерде оқуына және шетелдік жоо-ның білім туралы диплом алуына заңды негізі болып жоо-лар арасындағы келісім-шарт саналады. Сонымен академиялық ұтқырлықтың маңызды шарты жоо-лардың халықаралық ынтымақтастығы болып табылады. Оқу бағдарламаларының, пәндердің өзара саналуы тәртібінің келісімі білім траекторияларын сақтауға, мамандықтар шеңберінде мамандандыруды қалыптастыру, рынок пен жұмыс берушілердің талаптарын ескеруге шақырады.
Шетелдегі жоо-да оқытылатын пәндер ынтымақтасты жақтардың мемлекеттік білім стандарттарының ғылыми-теориялық деңгейлеріне сәйкес келуі керек. Бұл жерде міндетті пәндермен бірге осы үрдісте жоо-ның белсенді рөлін пайымдайтын эллективті құрауыштарға да байланысты.
М.Өтемісов атындағы БҚМУ-де шетелдегі жоо-лардың жоғары білікті оқытушыларын тарту арқылы білім бағдарламаларын бірігіп жүзеге асыру тәжірибесі кең көлемде қолданылып келеді.
Білім бағдарламаларын бірлесіп жүзеге асыру БҚМУ-ға серіктес жоо-лар оқытушыларын шақырумен де, сонымен қатар серіктес жоо-ға БҚМУ-дың студенттерін жіберу арқылы да орындалады.
Біздің университеттің студенттері жекелеген мамандықтардың бірқатар пәндерін оқып үйреніп, мамандану үшін Германияға, Польшаға, Ресейдің Мәскеу, Ульянов, Саратов, Волгоград қалаларына барады.
Магистранттардың сынақ ісіне де үлкен мән беріледі, атап айтқанда, 2008 жылы Ресейдің мемлекеттік туризм және сервис университеті БҚМУ-дың 22 магистрантын ғылыми сынақ ісінен өтуге қабылдады. 2009 жылы біздің университеттің 38 магистранты Мәскеу қаласындағы Ресейдің Халықтар достығы университетінде ғылыми сынақ ісінен өтті.
М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті Түркия үкіметімен халықаралық алмасу бағдарламасын жүзеге асырып келеді. 2005 жылдан бастап БҚМУ-дан Түркия оқу орындарына магистратураға оқуға 8 бітіруші түлек, аспирантураға – 1, ал PhD докторантураға 1 адам жіберілді. Ал Түркиядан университетке оқуға 6 студент алынды.
Гази университетімен (Ыстамбұл, Түркия) келісім-шарт бойынша “Туризм”, “Шет тілі: екі шет тілі” мамандығында оқитын БҚМУ студенттері Түркияда туристік кешендер мекемелерінде тәжірибеден өтуге жіберіледі.
М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде бакалавриат және жоғары оқу орнынан кейінгі білім бағдарламаларын жүзеге асыруға қатысу үшін жақын және алыс шетелдерден оқытушы-ғалымдар шақырылады. Олар доктор Карл Кайнер (Майнц қаласы, ГФР); доктор Герхард Бикес (Майнц қаласы, ГФР); тарих ғылымдарының докторы, профессор, РАЕН корреспондент-мүшесі Д.А.Кисилева (Мәскеу қаласы, Ресей); саясаттану ғылымдарының докторы, профессор А.К.Магомедов (Ульянов қаласы, Ресей); физика-математика ғылымдарының докторы, профессор А.А.Чибилев (Орынбор қаласы, Ресей); тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Г.Б.Голуб (Самара қаласы, Ресей) және тағы басқалар.
Академиялық ұтқырлықты жүзеге асыру мақсатында М.Өтемісов атындағы БҚМУ серіктес жоо-мен келісім-шартқа қол жеткізу негізінде қос дипломды білім бағдарламаларын белсенді түрде жетілдіріп келеді, бұл бірлескен қос дипломды білім бағдарламасын жасауды және жүзеге асыруды, алынған академиялық нәтижелерді және екі университетте оқылатын мамандықтардың баламалылықтарын, сәйкестігін мойындау жақтарын қарастырады.
Қос дипломды білім беру төмендегідей жолдар арқылы жүзеге асырылады. Білім беру бағдарламаларына сәйкес және серіктес жоғары оқу орнына студенттерді қабылдау мүмкіншілігі, сонымен қоса оқытудың әртүрлі формаларын пайдалана отырып екі жоғары оқу орнында білім алу. Мысалы, Н.Г.Чернышевский атындағы Саратов мемлекеттік университетімен қол қойылған келісім-шартқа сәйкес бакалавриат бойынша 3 курсты бітірген және толық емес жоғары білімі бар М.Өтемісов атындағы БҚМУ студенттері келісім-шарт негізінде Н.Г.Чернышевский атындағы Саратов мемлекеттік университетіне сырттай оқу түрі бойынша оқуға қабылданып, екі университетте бір уақытта оқуға мүмкіндік алады.
Сонымен қатар, мамандықтардың ұқсастығы негізінде М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың “Биология”, “География”, “Тарих”, “Халықаралық қатынастар”, “Математика”, “Әлеуметтану”, “Физика”, “Аймақтану”, “Химия”, “Заңтану” мамандықтарындағы бакалавр-түлектерді Н.Г.Чернышевский атындағы Саратов мемлекеттік университетіне келісім-шарт бойынша магистратураға қабылдау қарастырылған.
М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті қос дипломды білім беруде бірлескен бағдарламаларды келесідей модельдер бойынша жүзеге асырып келеді: екі серіктес жоғары оқу орнында бір мамандық бойынша білім алып екі жоғары оқу орнының тең дәрежелі дипломын алу; серіктес жоғары оқу орындарында бір-біріне жақын мамандық бойынша білім алып екі жоғары оқу орнының тең дәрежелі дипломын алу; БҚМУ-да бір мамандық бойынша білім ала отырып серіктес жоғары оқу орнында қосымша біліктілігін артыру негізінде БҚМУ-дың негізгі дипломы мен серіктес жоғары оқу орнының қосымша біліктілігінің дипломын алу.
“Менеджмент” мамандығы бойынша магистрлерді бірлесе дайындау мақсатында РХДУ-мен (Ресей Халықтар достастығы университеті) келісім-шартқа қол қойылды. Және де оқу жоспарындағы 24 пәннің ішінде 7-еуі БҚМУ-дағы бағдарламаға қатысушылар оқитын магистратураның “Экономика” мамандығының оқу жоспарымен өзара сәйкес келеді деп есептеліп отыр. Оқуды аяқтағаннан кейін бағдарламаға қатысушылар “Экономика” мамандығының БҚМУ магистрі және “Менеджмент” мамандығы бойынша РХДУ магистрі деген академиялық дәрежесі бар дипломға ие болады.
Экономикалық мамандықтар бойынша бакалавриатта білім алушыларға арналған РХДУ-мен “Мұнай-газ бизнесінің менеджері” қосымша біліктілігін алу үшін бірлескен білім бағдарламасы құрастырылды. Оқуды аяқтағаннан кейін түлектер БҚМУ бакалаврының дипломын және РХДУ-ның қосымша біліктілік дипломына ие болады. Оқу РХДУ-дың профессор-оқытушылар құрамының көмегімен М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің негізінде жүргізіледі.
БҚМУ-дың білім беру бағдарламаларына сәйкес университет студенттерді серіктес жоғары оқу орнының дипломын және қосымша біліктілік алу мақсатында сол оқу орндарға да оқуға жіберіп отырады. Халықаралық туризм және мәдениет институтында (Быдгощ қаласы, Польша) БҚМУ-дың бір топ студенттері “Туризм” мамандығы бойынша білім алуда. Студент өз еркімен 1 курс қана оқып, “Туринформатор” қосымша біліктілік дипломын ала алады немесе барлық курсты аяқтап, жоғары білімі бар “Туризмді ұйымдастыру маманы” дипломына ие бола алады.
Сонымен қоса, студенттердің академиялық белсенділіктерінің осы уақытқа дейін кең ауқымды дамымағанын атап өткен жөн. Бұған төмендегідей факторлардың әсерін атап кетүге болады.
Біріншіден, академиялық белсенділіктің қазіргі таңда көбіне студенттердің басым бөлігі негізінен Қазақстаннан шетелдерге шығу арқылы жүзеге асуда. Ал, керісінше, шетелдерден Қазақстанға келіп жатқан студенттердің саны әзірге аз.
Екіншіден, бакалавриатқа қарағанда магистратураға қызығушылықтың көп екендігін атап өткен жөн.
Үшіншіден, қазақстандық студенттердің шетелдердің тілдерін меңгеруінің әлі де нашар болуы бірден-бір үлкен кедергі болып табылады. Алайда студенттердің қазақ-орыс тілдерін жетік меңгеруі Ресей оқу орындарымен тығыз ынтымақтастықта болуға зор септігін тигізуде.
Төртіншіден, студенттердің академиялық белсенділіктері халықаралық деңгейде тегін жүзеге аспайтындығы да анық. Шетелде білім алып жатқан студентке өзінің тамақтануына, жол шығынына, тұрғылықты орнына көлемді қаражат қажет екені анық. Бұл өз кезегінде қаржылық мәселенің туындауына әкеліп соқтырады.
Демек, академиялық белсенділік тұжырымдамасын нақты анықтау қажет. Соның ішінде, нормативтік құқықтық база құрастырып, Болондық жүйенің қатысушы елдерімен және Қазақстанның білім беру саласында қарым-қатынас жасайтын елдерімен келісе отырып, талқылау керек. Осыған орай университетте ұтқырлық үрдісін жүзеге асыратын ұйымдастырушыларды дайындау және олардың қызметін республика деңгейінде қарастыру, қабылдау шарттарымен, академиялық күнтізбе құрумен айналысатын топтарды құру, шетелдердің жоғары оқу орындарынан алынған біліктілікті мойындау және шетелдік жоо дипломдарын нострификациялау жүйесін әрі қарай жетілдіру; студенттердің тілдік дайындықтарын түбегейлі жақсарту; жазғы университеттер ашу, қашықтан оқыту жүйесін дамыту, қазақстандық жоғары оқу орындарының базасында шетел жоғары оқу орындарының дипломын алу мүмкіндігін кеңейту, шетел жоғары оқу орындарының оқытушыларын шақырту арқылы академиялық ұтқырлықты жүзеге асыруды түрлендіру қажет.
Академиялық ұтқырлықтың жүзеге асу қағидасының түр-сипаты әртүрлі болуы мүмкін, бұл өз кезегінде аталған үрдіске кедергі тудырмайды, керісінше оның оң жақтары да бар. Қазіргі таңда әр елдің білім беру жүйесінде маңызды өзгешеліктердің болуына байланысты студенттердің академиялық белсенділігін жүзеге асыру көбіне жоғары оқу орындары арқылы жүргізуге болады. Негізгі мәселе, жоғарыда аталып өткендей, мобильді бағдарламалар базасының жоқтығы, әр елдерде білім беру жүйесінің нормативтік-құқықтық базасының алуандылығы және қаржылық мүмкіншіліктің шектеулілігі болып табылады. Алайда, бұл үрдіс кеңейтіліп, әрі қарай дамуы қажет, өйткені отандық білім беру жүйесі бүгінгі таңда халықаралық талаптарға сай сапалы жетілуге бағытталған. Ең бастысы, бұл көлемді үрдіс, бірінші кезекте, білім алушылар мен жұмыс берушілердің мүделеріне бағытталған.
Тұяқбай РЫСБЕКОВ, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор. Орал.