Мемлекеттік мәселе
Қазақстан тәуелсіздігін алған кезден бастап еліміздегі құқықтық реформа нақты жетістіктерге жетті, сондай-ақ олардың сот-құқық қорғау жүйесіндегі қызметін жетілдіру мәселелері жалғасуда.
Елбасымыздың “Қазақстан Республикасының құқық қорғау және сот жүйесінің тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар туралы” 2010 жылғы 17 тамыздағы №1039 Жарлығымен құқық қорғау органдарын және сот жүйесін модернизациялау қарастырылған.
Жарлықтың негізінде жүргізілген қайта құрулар мемлекеттік органдар арасында қызметтерінің қайталануын болдырмауға және олардың қызметтерін нақты бөлуге, нәтижесінде, ең алдымен азаматтардың құқықтары және заңды мүдделерін қорғауға, олардың мемлекеттік билік органдарына сенімін арттыруға бағытталғандығы күмәнсіз.
Жарлықта әр мемлекеттік органның қызметінде шешуші болып табылуы тиіс алдын алу мақсаттары белгіленген. Сол себепті халыққа жүргізіліп жатқан қайта құрулардың маңыздылығын, құқықтық білімді түсіндіру және насихаттау жұмыстарын жалғастыру қажет.
Заңнаманы жетілдіруге, оны түзетуге, қылмыстық нормаларды ізгілендіруге бағытталған шаралар қабылдануда. Бас бостандығынан айырумен байланысты емес, баламалы жазалау шараларының және бұлтартпау шараларының, сондай-ақ татуластыру процедураларының, оның ішінде медиация институтын дамыту арқылы қолдану аясын кеңейту туралы тапсырма заңнамалық тұрғыда қойылған. Сондықтан, қолданылған шаралардың арқасында облыстағы соттарда қылмыстық істер бойынша да, азаматтық істер бойынша да татуластыру процедураларын қолдану деңгейі облыс бойынша қазірден-ақ жоғарылағанын ескере кеткен жөн. Мәселен, ағымдағы жылда барлық аяқталған қылмыстық істердің жалпы санынан 824 немесе 35,9% қылмыстық іс жәбірленушімен татуласуына байланысты қысқартылған, ал 288 азаматтық іс бітімгершілік келісімін жасаумен аяқталған, бұл 2%-ды құраған (2009 жылы – 497 немесе 3,35%).
Соттарды кадрлық қамтамасыз ету мәселесі өзекті болып қала береді: сот жүйесінде судьялар мен судьялыққа кандидаттарға жоғарылатылған талаптар қою және стандарттарды енгізу қарастырылған. Белгіленген тапсырмалардың басымдылығын ескере отырып, судьялыққа үміткерлердің тағылымдама жетекшілерінің және жас судьялардың кураторларының жеке жауапкершіліктерін арттыру жолымен бұл бағыттағы жұмысты одан ары жетілдіру қажет.
Мемлекет басшысы айқындаған басымдықтар мен стратегиялық мақсаттарды біз барлық құқықтық жүйені дамытудың шешуші сатысы ретінде қабылдаймыз. Бұл әркімге шешілуі сот органдары мен құқық қорғау органдарының тиімділігін арттыратын жаңа тапсырмаларды жүзеге асыруға байланысты міндет жүктейді.
Қылмыстық іс жүргізудің сотқа дейінгі сатыларын реттеуді түбегейлі өзгерту бойынша шешуші қадам жасалынды. Жарлықта қарастырылған жаңғыртулар қылмыстық істер бойынша өндірісті жеңілдетуге және оның жеделдігін көтеруге мүмкіндік береді. Бұдан әрі олар сот өндірісінің жаңа моделін қалыптастыру негізі болып табылмақ. Бұл тағы да Қазақстанның алдыңғы қатардағы өркениетті елдердің тәжірибесін қолдану арқылы құқықтық жүйені жетілдіруге ұмтылысын байқатады. Ең алдымен, азаматтардың және бизнес субъектілерінің құқықтарын қорғау жоғары деңгейге қойылған.
Құқық қорғау органдары құзыреттерінің нақты бөлінуінің болмауы іс жүзінде қызметтерінің қайталануына, жөнсіз бәсекелестікке және басқа да олқылықтарға алып келді. Мемлекет басшысы ұсынып отырған қылмыстардың баламалы тергелу реттерін азайту болашақта құқық қорғау органдары құрылымдарының өзара келісімді іс-әрекеттерінің жоғарғы деңгейін қамтамасыз етеді. Бұл құқық қорғау органдарымен тергеу жүргізудің және соттарда істердің қаралуының жеделдігіне, толықтығына және жан-жақтылығына қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Мемелекет басшысы экономикалық саладағы қылмыстарға ерекше көңіл бөлуді, заңсыз бизнес пен меншікті басып алуға (рейдерлікке) тосқауыл қоюды тапсырды.
Бас бостандығынан айырылған адамдар санын азайтуға байланысты мәселе, Жарлықта көрсетілгендей, заңнаманы декриминализациялау және ізгілендіру шаралары арқылы шешімін тапты. Ондаған қылмыс құрамдарын қылмыстық істер санатынан әкімшілік істер санатына ауыстыру көзделіп отыр. Бұл сияқты құқық бұзушылықтарға жоғары әкімшілік жауапкершілік белгіленетін болады. Бұдан басқа, олардың алдын алу мақсатында әкімшілік преюдицияны, яғни бір жыл ішінде олардың қайталап жасалынғаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастыру ұсынылуда.
Тағы бір жаңалық, мемлекетке залал келтірілген кездегі тараптардың татуласуына байланысты қылмыстық істі қысқарту мүмкіндігі болып табылады. Бүгінгі күні қылмыстың қайталануы кезінде жаза тағайындауды реттейтін нормаларды өзгерту керектігін жүргізілген талдау көрсетті, себебі қолданыстағы тәртіп бойынша судья елеусіз қылмыстардың қайталап жасалғаны үшін де бас бостандығынан айыруға – соттауға мәжбүр болып отыр. Келешекте ауырлығы онша емес қылмыстар бойынша тек айыппұлды ғана еселей отырып, жаза тағайындау ұсынылып отыр.
Шағын және орта бизнеске қысымды жою үшін жеке және заңды тұлғалардың салық төлеуден жалтаруы туралы нормаға өзгерістер енгізу ұсынылады. Қылмыстық жауапкершілікке әкелетін төленбеген салық сомасын оншақты есе ұлғайтудың қарастырылуы өте орынды іс.
Жалпы, реформада жоспарланған іс-шаралар құқық қорғау және арнайы органдардың қызметін тиімді ұйымдастыруды қалыптастырады. Бұл оларды бір мезгілде өздеріне тән емес қызметтерді орындаудан босатады. Олардың қызметін бағалаудың басты көрсеткіші халық сенімі болып табылып отыр.
Мейрамбек ТАЙМЕРДЕНОВ, Алматы облыстық сотының төрағасы.