• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
17 Қыркүйек, 2010

Жігіттің падишасы — бір өзіндей

1256 рет
көрсетілді

(эссе) Жігіттің падишасы — бір өзіндей Қыздарға арман болған қайран көкем! Автор Аты аңызға айналып әлемге тараған, халқымыздың даңқты ұлы Бауыржан Момышұлымен дастарқандас боламыз деген ой түске де кірмеген еді. Талай рет үлкен мінбелерден өр тұлғасын көріп, сұңқар үнін естігенмін. Қазақстан Жазушылар одағының пленумдарында, жиындарда әрі батыр, әрі жазушы ағамыз сөйлеп, ешкім айтпаған тың ойларды ортаға салатын. “Дәм-тұз жазса, патшамен де табақтас боласың” дегендей, Бауыржан ағамызбен кездесіп, дастарқандас болудың, риясыз сырласудың сәті түскені жай кездейсоқтық емес деп сенемін. Облыстық радиокомитетте тілші боп істеп жүргенмін. Дайындаған хабарымды үнтаспаға жаздырып, студиядан шыға келсем, дабыр­лаған дауыстар естілді. Бас редакторымыз — белгілі жазушы Қарауыл­бек Қазиев: “Бойжеткеніміздің барына шүкір, бізге сәлем беріп келушілер көп!” – деп сөйлеген күйі бір топ адамды бастап келеді. Өзім жақсы танитын ағалар: облыс­тық “Оңтүстік Қазақ­стан” газетінің безендіру­шісі боп істейтін Қасымбек Нұрбеков, қаладағы орталық фотостудияның ең таңдаулы фотографы Еркін Қалымбетов және бейтаныс екі ер адам. Еркін аға мені көре салып: “О, айналайын, қарындасым, сенің арқаңда мен Мәскеудегі Бүкілодақтық Халық Шаруашылығы Көрмесінің (ВДНХ) жүлдесіне, дипломына ие болдым. Осы қуанышымды ресторанға барып жумақшы­мын. Мына Қасымбек ағаңды және ауылдан келген достарымды ертіп шықтым, құрбыларыңды шақыр, кеттік ресторанға!” деп жарқылдай сөйлеп, арқамнан қақты. Мен “сенің арқаңда” деген сөзіне қайран боп, аңтарыла қарап ем, ол жалма-жан түсіндіре бастады. “Тұрсынай, есіңде ме, сені студияға шақырып, суретке түсірген едім ғой. Соны тағы басқа суреттермен қосып, сурет көрмесінің байқауына жіберген едім. “Поэтесса” деп ат жазылған сол суретке жүлде беріпті, міне, сенің арқаңда жеткен қуанышым!” деп мәз-мәйрам. Өзі ақкөңіл, қарапайым жан балаша қуанып тұр. – Еркін аға, құттықтаймын! – дедім асыға. Жарқын мінез аға аңқылдаған күйі  “Рахмет, рахмет! Ал, кеттік ресторанға,” деп қояр емес. Ол кездері ресторанға бару, демалу дәстүрге айналған. Ең аз жалақы алатын жандар да ай сайын жанұясымен, достарымен мейрамханаға бара алатын. Сонымен қала орталығындағы “Восход” (қазіргі аты “Ордабасы”) мейрамханасына бардық. Жолшыбай құрбым Хализаны жұмысынан сұрап алдық. Ол Қаракөл институтында кіші ғылыми қызметкер боп істейтін. Алматыдағы зооветеринарлық институтты зооинженер мамандығы бойынша бітірген. Сырт бейнесі әдемі жаратылған құрбымның мінезі сол кездегі теңеу бойынша “мужской характердің” нағыз өзі! Құрбыла­рымның арасында ең жақыны, бауырымдай боп кеткені – осы Хализа. Көлденең көк аттылардан қорғап жүретіні маған үлкен тірек еді. Үстелді жағалай жайғасқан соң, Еркін аға елден келген достарымен таныстырды да, даяшы қызға заказды үйіп-төгіп бере бастады. Хализа екеуімізге қызыл шарап алдырып, өздері ақаңнан тастап отырды. Қасымбек аға әзіл-қалжыңға шебер. Күлдіргі әңгіменің түр-түрін айтып, бәрімізді күлкіге қарқ етіп отыр. Жаз аптабы басыла қоймаған шақ. Кең залдың іші ысып кетті. Тізеден ғана келетін жұқа көйлектің өзінен жанып бара жатқандаймыз. Мына ішіп отырған ағалар қалай отыр екен? Қайтайық деуге аузым бармайды, көңілдеріне қараймын. Бір сәт көзім түсіп кетті, қонақ үй жақтан өтетін есіктен... Бауыржан аға кіріп келе жатыр. Әскери кителін желбегей жамылған, таяққа сүйеніп алған, әйтсе де тіп-тік басып келеді. – Көке, ассалаумағалайкум, – деп Қа­сым­бек аға қолын созды. Баукең Қасымбек ағаны танып: “Оу, бәрекелде, газетчиктер, мені тауып ала қоясыңдар, ә!”, деді. Ұсынған қолын алып, таныс адам кездеске­ніне қуанып қалғанын білдіріп, жадырап күліп тұр. Қуаныштың көкесі бізде ғой! Жарыса жамыраған бәрімізбен қол алысып амандасты. Қасымбек аға: “Бауке, сіздің келгеніңізді білмеген едік. Кездескенімізге қуанып тұрмыз. Біздің дастарқанға жүріңіз,” деп шақырды. – Тамақтануға келіп ем. Жарайды, сендермен отыру маған да керек шығар. Орындықты қойып әбігер боп жатқан жігіттерге: “Мені тым еркелетіп жібермең­дер, әскери адам екенімді ұмытып қалмайын”, деп жымиып қояды. Қайратты қою мұрты, бурыл шалған тікірейген шашы бет жүзіне сұс беріп тұрғандай. Жайғасқан соң батыр ағамызға кезектесіп көңіл айттық. Біраз бұрын Камаш жеңгеміздің қайтыс болғанын естіген едік. – Қарақтарым, бәріңе рахмет! Еркек адамға жасы келгенде жесір қалу қиын екен. Оның үстіне асқазан мазалап жүр. Аяқтағы оқтың орны да жанға батып, таяқ ұстауға мәжбүр етті. Сарыағаш санаторийіне жыл сайын келуші ем, тағы да сонда жатып емделмекшімін. Даңқы жер жарған, аңызға айналған ердің ері – Бауыржан Момышұлы бізбен сөйлесіп отыр. Бір кездегі ақ боз атын ойнатқан, жойқын жауды жайратқан батыр кәдімгі жай адам болып, хал-жайынан хабар етуде. Қуаныштан тасып тұрған көңіліме жай түскендей, жан дүнием қалтырап кетті. Миымда мың сан сұрақ: “Апырай, қайда қарайды біздің басшы азаматтар? Самолетке жеке өзін отырғызып, ең жақсы курорт, санаторийге апарып орналастырмай ма? Жанына күтушілер қоймай ма?  Халқы­мыздың біртуар ұлын қадірлеп, жағдай жасамай ма?” Шенеуніктерге деген ызадан жарылардай боп, алқымым ісінгендей тұншығып барамын. – Бауке, жесір қалсаңыз, сізді жалғыз­сыратпайтын ел-жұртыңыз бар. Сізге әлі талай қыз-келіншек таласып, тиіп алатыны даусыз. Мына отырған қос қыздың қайсысын қалайсыз? – деп Қасымбек аға мен Еркін аға жарыса айтып еді... – Молчать! – деп Бауыржан аға ай­қайлап жіберді. – Бұл қыздарым немере­лерімдей емес пе?! – деді де: – Қыздарым, мына жігіттер үшін сендерден мен кешірім сұраймын. Менің көңілімді көтерем деп ағаларың сендердің көңілдеріңді жүдетіп алатындарын ойлап отырған жоқ. – Сізбен кездесіп қуанып отырғанымыз үшін бүгін қандай сөз айтылса да ренжімей­міз, – деп Хализа екеуміз жарыса жауап бердік. – Вас кто-то обижает, товарищ полков­ник? Кто бы ни был, мы его выгоним, – деп орыс даяшы қыздар жиналып қалды. Біреуі ағаны арқасынан құшақтап: “Золо­той!” деп еркелетіп жатыр. Сол қыздарға риза болға­ным-ай! Бәрін де жақсы көріп кеттім! Ішімнен ойлап қоямын: осы орыстар не деген еркін халық, айтатынын тура айтады, қалағанын істейді. Біздер, қазақтың қыздары ағаны қаншама құрметтеп, төбемізге көтергіміз келсе де, дәл жаңағы қыздың қылығын жасай алмас едік... Бет моншағымыз төгіліп, ұялар едік. – Доченьки, спасибо всем! Не обра­щайте внимания! Не зря говорят: “Старость – не в радость”. Поневоле и голос повы­шаешь на молодых... Ладно, мои хорошие, если кто-то обидит меня, я позову вас. Әлгінде Еркін аға маған сыйлаған шоқ гүлді вазаға салдырып үстел үстіне қойған едік. Соған көзі түскен Бауыржан аға: – Бүгін біреуіңнің туған күнің емес пе? – деп сұрады. Еркін аға жиналу себебімізді баяндады. – Онда қуаныштарың құтты болсын! Аға бәрімізбен рюмка соғыстырды да, асқазаны мазалап жүргендіктен іше алмайтынын айтып, ауыз тиді. Қасымбек аға: – Мына жап-жақын жерде базар бар, сонан жүгіріп барып қымыз әкелейін, – деп еді, Баукең қымыздың да жақпай жүр­генін айтып, жібермеді. Газеттің жағдайын, облыста айтарлықтай өзгерістердің бар-жоғын сұрап, екеуі әңгімеге кірісті. Даяшы қыз шәйнекпен ыстық шай әкелді де менің алдыма қойды. Кесеге шай құйдым да: – Аға, шай ішіңіз, – деп Бауыржан ағаға ұсындым. – Қызым, сен мені ата де, – мейірімді, жұмсақ үні маған батылдық сыйлады. – Ата демеймін, себебі менің әкем сізден мүшел жас үлкен. – А, онда жөн, аға десең аға дей ғой. Әкең бар ма? — – Жоқ, әкем қайтыс болған. Даусым дір ете қалды. Үш жыл бұрын қайтыс болған әкемді еске алсам, ішім өртеніп кететін. “Кенжетайым” деп әкем мені қатты еркелететін. – Шешең бар ма? – Иә, анам бар. Ауылда, ағамның қолында тұрады. – Ендеше, анаңды маған бер. Ол да жесір, мен де жесір. Екеумізді қос та мені әке ғып ал! Мұндай тілек айтады деп күтпегем. Сасып қалдым. Анам Айқыз Баукемен түйдей жасты. Ал осындай даңқты жанға қарапайым, әрі жасы кеп қалған менің анамнан гөрі, жастау, сұлу әйел болғаны дұрыс қой... – Аға, менің анам қартайып қалды. Шайыңызды баптап беріп, күтуге шамасы келе бермес. – Онда болмайды. Менің жағдайымды жасайтын әйел керек. Хализа қарап отырмай: – Мамасы кәрі болса, басы бос әпкесі бар. Өзі өнер адамы. Музыкант-қобызшы, ал мінезі бала сияқты аңқау, адал жан, – деп шұбыртсын кеп. Бауыржан аға елеңдеп қалды. – Ертең сағат 12-де мәшине келіп, мені Сарыағашқа алып кетеді. Ал сағат 10-да әпкеңді ертіп кел. Танысайық, сөйлесейік. Келістік пе? Менің үнім шықпай қалды. Басымды шұлғи бердім. Бауыржан батырға әпкемді қуана таныстырар едім, екеуі үйленсе, шын шаттанар едім... Бірақ, әпкем не дейді? Күйеуден көрген тозақ өмірін ұмыта алмайды... Жұлдызы жараспаған жанмен екі балалы болғанда ажырасады. Өнер десе ішкен асын жерге қоятын әпкем “күйеуі құрсын, көрмегенім еркек болсын” деп жиі айтады. Асыр-тұсыр мінезі бар. Өзі аңқаудың аңқауы. Көрмес – түйені де көрместің нағыз өзі, орысша айтқанда – не внимательная. Гастрольге шыққан ұзақ сапардан оралғанда, бәріміз құрдай жорғалап, ханшаны күткендей мәпелейміз. Ал осындай қарағым Бауыржан Момышұлын қалай күтеді? Қомағайлар жиналса да тауыса алмай­тындай, тамақтың түр-түрін үйіп алдыртқан еді Еркін ағамыз...Бауке болса да аз жейді екен. – Жомарт көңілдеріңе, ұсынған дәмдеріңе көп рахмет! Тағамның ысырап болмағанын қадағалап жүріңдер, қарақта­рым, – деді аға. Сосын бәрімізді бөлмесіне шақырды. – Ой, аға, сіз демалыңыз, біздің топырлап барғанымыз болмас! – Жарыса жамыраға­нымызды қолын көтеріп тоқтатты. – Мен сендерге қолтаңбамды қойып, кітап сыйламақшымын. Кәне, жүріңдер! Өзі бастап алға түсті. – Еще раз приходите, товарищ полков­ник, будем рады! – деп шығарып салып тұрған даяшы қыздарға рахмет айтты да, біреуін шақырып алып сөйлесті. Даяшы қыз басын иіп, қолын кеудесіне қойып “болады” деген ишара жасады. Даяшы қыздар ағаның атын дұрыс айта алмайтын болған соң, полковник дей беретін сияқты. Ағаның бөлмесінде темекінің иісі аңқып тұр. Жорнал үстелінде үйілген кітаптар, қағаздар. – Ал, отырыңдар! – Аға бізге диванды, орындықтарды нұсқады. Біз тізіле жайғастық. Өзі бір орындыққа отырды да, үстелдегі кітаптарды көрсетіп: – “Москва үшін шайқас” деген кіта­бымды мына көрші өзбек ағайындар “Ортимизда Москва” деген атпен өзбекшеге аударыпты. Қарсы беттегі кітап дүкеніне түскен екен. Шымкентте біраз өзбек тұраты­нын біліп, осы жаққа жіберген ғой. Біразын алдырып ем, сендерге жазып берейін. Автордан естелік болсын. Осыған разы болыңдар. Аударып шығарған өзбектерге рахмет! Бірақ, қойған аты ұнамай тұр. “За нами Москваны” өзбекшелеген түрлері ғой, “Ортимизда Москва” деп Москваны арттарына тығып жіберіпті, – деді. Біз шулап күлдік. Аға да қосылып күлді. Қасымбек аға әдетінше қарқ-қарқ күліп бөлмені жаңғыртты. – Мен қолтаңба жазып болғанша, қыздарым, сендер ән айтыңдар, – деп аға қолқа салды. Хализа екеуіміз екі дауыспен қосылып, талай шырқап жүрген, жергілікті композитор Мұхамеджан Рүстемовтің “Қимаймын” деген әнін айттық. “...Желдей есіп, желдей есіп өтіп жатқан жастық шақ, Менен ерте кеткеніңді, кеткеніңді қимай­мын”, – деп бітіргенде, жазуын жал­ғас­тырған күйі Бауыржан аға: “Дауыс­тарың әдемі екен. Екі дауыста ән салу екінің бірінің қолынан келе бермейді, бұл орындауларың өте тамаша! Очень созвучно!” деді. Бұрын талай мақтауды естігенбіз, ал Бауыржан ағаның мақтағаны орден таққан­мен бірдей ғой. Біз қуаныштан гүл-гүл жайнадық. Батыр ағаны әнге көңіл бөледі, ықыласпен тыңдайды деп кім ойлаған. – “Қазақ вальсін” айтыңдаршы. Аға бұл қиын әнді, биік сопрано дауыс­тылар ғана айтатын әнді айта алады деп сенген сияқты, өйткені айта аласыңдар ма деп сұраған жоқ. – Аға, бұл әнді Тұрсынай жеке айтсын, – деді де, Хализа менің құлағыма: – Айтпақшы, бұл әнді айта аласың ба? – деп сыбырлады. Қобалжып, дірілдесем де әнді бастадым. Бала кезден әнші болам деп армандағаннан, мен білмейтін ән жоқ десе болар еді. Халық әндерінен бастап қазақ совет композиторла­рының, СССР халықтарының әндерін, шетел халықтарының әндерін, шынында көп білетінмін. Әнсіз күнім өтпейтін. Ән салып тұрып ағаға қарап қоямын. Байқаймын іштей қосылып отырған сияқты. Қайырмасына келгенде даусы жетпей қалар ма екен дегендей, маңдайы қатпарланып, мұрты жыбырлап, өзі қозғалақтады. Құдай абырой беріп, мүдірмей айтып шықтым. – Осындай даусың, әншілік қабілетің бола тұрып, неге әншілік жолды таңдамадың? – деп сұрады Бауыржан аға. – Аға, әнші болу бақыты бұйырмады. Алматы консерваториясының медкомиссия­сы ангинаң бар, мұндай диагнозбен документ қабылдамаймыз деп жолатпады. Ағаның көзінен ашу ұшқындары атылды. Жаймашуақ қалпы лезде өгеріп сала берді. “Қап, неге айттым” деп, өзімді тілде­дім. Ағаның ойын басқаға аудармақшы болған Қасымбек аға: – Оқасы жоқ, қазір не көп әнші көп, ал ақын қыздар аз. Біздің Тұрсы­най жақсы ақын. КазГУ-дің журналистика факультетінде оқиды. Бауке, енді ақын қыздың өлеңін тыңдайық. – деді. – Қызым, айта ғой, – деген ағаның түріне қарасам, шын тыңдағысы келген қалып байқалады. Тізелерім тағы да дірілдей бастады. Сол түре­геп тұрған күйімде жастық шақ жырларынан “Монолог” деген өлеңімді бастадым. Мүмкін талай сүріндім жастыққа тән, Арыным бар кеудемде бастықпаған. Не қиындық келсе де, жасымағам, Және ешкімді кінәлап қас тұтпағам... Кейбіреудің маған жат қатал қалпы, Сонан ғана шығардай атақ, даңқы, Паңданады. Мен жайнап, жарқылдаймын, Қайрымдылық – қашаннан ата салтым. Алты-жеті шумақты оқып болғанымда Бауыржан аға сондай мейірімді жанармен маған қарады да: – Қызыл сөзді төгіп мақтауға әбден болады! Қызым, сенің өнеріңе берген бағам, сыйым болсын, мына сағатты ал. Үкімет сыйлаған еді... Қолынан сағатын шешіп алды да, Қасымбек ағаға қарап: – Cаған өтініш, дәл қазір ювелирге барып, мына сағаттың астыңғы жағына “Бауыржан Момышұлынан қызым Тұрсы­найға” деп жаздыртып кел. Жұмсағаныма ренжіме, – деді. – О, аға, сіздің жұмсаға­ныңызға жарасақ, қуанамыз. — Қасымбек аға орнынан тұрды. Мен болсам әрі қуанып, әрі ыңғайсызданып әбігерлендім. – Ағатай, сізге рахмет! Сағатыңыз­ды өзіңіз тағыңызшы, мен ала алмаймын, – деп безек қағып жатырмын. – Қызым, сыйлық деп берген соң, алу керек.Тақпасаң, ағаның бергені деп сақтап қой, – деді де, сағатын Қасымбек ағаға ұсынды. – О, енді бұл сыйлықты Тұрсынайдың арнайы жуғанын күтеміз! – Қасымбек аға Еркін ағаны және қонақ жігіт­терді ертіп, шығып кетті. Ар­тын­ша есік қағылды да, даяшы қыз кірді. Үлкен подносқа салып, шәйнек пен шай мәзірлерін алып келіпті. “Сіз айтқан 20 минуттан соң, міне, келдім”.  Ағаның алғыс сөзіне риза боп, ізетпен басын иді. * * * Бауыржан ағамен оңаша шай ішіп отыр­мыз. Көп жыл араласқан адамдай еркінбіз, еркелеп қоямыз. Екі үлкен плиточный шоколад алдырған екен, соны жеп Хализа екеуміз жымың-жымың етеміз. Шоко­ладтың ашылмаған біреуін Хализа қолына алды да: – Бауыржан аға, мына шоколадтың қорабына менің балама арнап қолтаңба жазып беріңізші, ырым ғып балама жегізейін. Сізге құдай берген қасиеттердің ең болмаса бірі балама жұқсын деп тілеймін. – Жарайды, қарағым, балаңның атын айт, жазып берейін. — Аға қаламсабын алып жазуға ыңғайланды. – Ұлымның аты Марат. Мінезі өжет, тентектігі де бар. Әкесі қайтыс боп кетті. Ұл баланы әкесіз өсіру қиын екен. Үлкенім қыз бала, ол әрине, жанымның жалауы... Любовь, любовь деп тұрмысқа ерте шықтым, ерте балалы болдым. Мына Тұрсынайға маған ұқсап тұрмысқа ерте шыға көрме деймін, оның үстіне менен жасы кіші, – деп біраз жағдайды баяндап тастады. – Қалқам, бала кезде сотқар, тентек болғандар есейе келе салмақты, ақылды жігітке айналады. Уайымдама, балаң жақсы азамат болсын! Ал ақын қызыма айтарым – оқуыңды бітіріп ал. Өнер жолы – қиын жол. Талантқа да тірек керек. Кез келген уақытта көмек керек болса, мына ағаң дайын. Именбей, қысылмай хабарлас! “Балам Маратқа, Бауыржан атасынан”, деп жазып, арабша қол қойған сол шоко­ладтың қорабын Хализа әлі күнге сақтап келеді. Жақсыдан шарапат дегендей, дуалы ауыз Баукенің айтқанындай, ұлы Марат жақсы азамат боп өсті. Анасына да, жанұя­сына да қамқор, тірек әрі жүрген ортасына сыйлы. “Бауыржан атасының батасын алған” деп Хализа ылғи мақтаныш етіп айтып отырады. Шай үстінде көңілді отырған аға: – Жеңгелерің кеткелі, бүгін бірінші рет мына өмірге қайта оралғандай, құлазыған көңілім жадырады. Қыздарым, бүкпесіз айтқан әңгімелеріңе, ағалап отырған риясыз көңіл­деріңе көп рахмет! Ал енді үшеуіміз қосылып ән айтайық, егер дауысым барылдап кетсе, күлмеңдер. Бір кезде жап-жақсы дауыс бар еді, темекі құрғыр құртты ғой, – деді. Шай кесесін үстелге қойып, аға бізге қарады. – “Два берега” деген фильмді көрген бе едіңдер? – Иә, көргенбіз. – Басты кейіпкер Машаның әнін білесіңдер ғой? – Иә, білеміз, әдемі ән, ұнайды! – Маған да ұнайды. Сол әнді айтайық, бастаңдар, — деп аузымызды ашып, аңтарылып қалған бізге қолымен ишара жасады. Қалай таңданбасқа?! Кімсің – Бауыржан батыр! Лауазымы жоғары шенеуніктер рұқсатсыз телефон қоңырауын шала алмайтын айбынды ағамыз қарапайым фильмдегі лирикалық әнді ұнатады, соны айтайық дейді... “Здорово, просто чудо!” деп Хализа басын шайқап қояды. Әнді бастадық. Ночь была с ливнями, И трава в росе. Про меня, счастливую, Говорили все. Я ждала и верила, Сердцу вопреки. Мы с тобой два берега У одной реки. Аға бірге айтып отыр. Үні, ән айтуы жап-жақсы. Ритмге дәл түседі. Ән біткен соң, темекі шегіп келейін деп трубкасын алып, балконға шығып кетті. Аяғының қатты ауыратыны жүрісінен байқалады, бірақ білдірмеуге тырысады. Бір кездегі хас батыр! Не бір генералдар, маршалдар оттай жанған жанарынан тайсақтаған ағамыз! – Великий человек! – дейді Хализа . – Ағаны аяп, ішім күйіп тұр, – деймін сыбырлап. – Иә, мен сені түсінемін. Дегенмен, нағыз бақытты адам! Алла өзгелерден артық жаратқан. Особый экземпляр! Ағамен сөйле­судің, дастарқандас болудың өзі мақтаныш! – деп, досым тамсанып, “солай!” дегенді басының қимылымен көрсетіп жатыр. Темекісін шегіп болып, бөлмеге оралған ағаға төбеден түскендей ғып Хализа: – Аға, Машаның әні тегін айтылған жоқ шығар. Орыстың қыз-келіншектері сізге осы уақытқа дейін тыныштық бермеген деп талай естіп едік. Солардың көңілде қалып қойғандары бар-ау, сірә! За любопытство глубоко извиняюсь, – деп айтарын айтса да, өзі қып-қызыл боп кетті. Бірге табақтас болдық, әңгімелестік деп тым еркіндеп, лағып кеттік пе, қайдам? Бұған дейін Бауке туралы естіген әңгімелерде ағамызға әлемнің түкпір-түкпірінен қыз-келіншектерден келген хаттар 3 қап болған деп көп айтылатын. Сондай-сондайды кімнің болса да білгісі келетіні даусыз ғой. – Ну, что же, любопытство – это человеческое качество. Ал жарайды, сұраған соң жауап берейін. Біздің қазекең айтатын “жігітшілік-итшілікті” ұстанған жоқпын. Менің принципім – ондайдан жоғары болу. Мәрт мінез, мәрт қасиет, мәрт тірлік! Батысша айтқанда рыцарлық, джентльмен­дік қасиет. Абай аталарыңның “етекбасты көп көрдім елден бірақ” деген сөзін білесіңдер ғой. Етекбас, ойнасшыл болудан сақтандым. Беті жылтырағанның бәріне жабыса беруді арсыздардың ісі деп есептеймін. Періште емеспін! Қыз-келіншектердің көңілін аялап, ханшадай құрметтеуге тырысқанмын. Орыс жеңгелерің де болған... Тағы сұрақ бар ма? – Аға, сіз өмір бойы ғашық болып, армандаған жан – Камаш жеңгеміз ғой, солай ма? Мен де қарап отырмай сұрағымды айтып салдым. – Иә, қарақтарым, дәл солай... — Аға сәл үнсіздіктен кейін сөзін жалғастырды. – Камаш екеуміздің тарихымызды исі қазақтың бәрі естіген, сондықтан бәрін баяндамай-ақ қояйын. “Жазмыштан озмыш жоқ” деген халық пәлсафасын ескермей, біз тағдырды өзіміз жасаймыз деп кеш болса да табыстық... Табысудың рахатынан гөрі күйігі көп болды. Жүйкемізді тоздырып, жаны­мыз­ды жаралай­тын сәттерді бастан өткердік. Қарша бораған өсек өз алдына, біз бір қылмыс жасағандай, жазалаудың, масқара­лаудың әрекетіне кіріскендер де табылды. Кеш табысқан екі ғашыққа тағылған айып көп еді... Соның бәрінен қорғап, көңілімізге медеу болған жандарға айтар алғысым мол. Солай, қарақтарым, мен жеке өмірімде де сұрапыл майдан кешкен жанмын. Жан жарасын тырнағандай болдық па деп, не айтарымызды білмей, басымыз салбы­рап кеткен екен, ағаның: “Ау, қызда­рым, жаны нәзік халық қой, сендер түсінеді деп айттым. Бәлкім, осы сырымды ешкімге айтпаған шығармын. Әрі ақын қызым өмірде ғашықтық трагедияларының түр-түрі болатынын біле жүрсін дедім” деген сөздері еңсемізді көтерді. Осы кезде есік қағылды да, артынша ювелирге кеткен ағалар кіріп келді. – Тапсырмаңызды орындадық, – деп Қасымбек аға сағатты Бауыржан ағаға көрсетті. Аға қарап көрді де: – Дұрыс, дәл мен айтқандай жазылыпты, бәріңе рахмет! – деді де сосын маған: – Ал, қызым, ағаңның сыйлығы осы болды, ала ғой, – деп ұсынды. Жүрегім лүпілдеп сағаттағы жазуды оқып шықтым. – “Рахмет, аға” дедім тағы. Аға басын шұлғып, көңілдене қарап қояды. – Позолоченный деп айтты ювелир. – Еркін аға құлағыма сыбырлады. – Туһ, Еркін аға, простой сағат болса да, мен үшін ең қымбат сыйлық емес пе! – дедім мен де сыбырлап. Ағаға кездескеніміз үшін қуанышты екенімізді жарыса айтып, кетуге рұқсат сұрадық. – Қарақтарым, рұқсат. Мен де бүгін жадырап, жазылып қалғандаймын. Қош, аман-сау болыңдар! – деді. – Өзіңіз де аман болыңыз, ағатай! – деп қимай қоштастық. Көшеге шыққанымызда Хализа “Құстар әніне” салып, “Қимай кетіп, қимай кетіп барамыз” деп жүректі онан сайын шымырлатты. Қасымбек аға таңырқап: “Ау, қыздар, немене сендер ағаларыңа ғашық боп қалғансыңдар ма?” деп екеумізге кезек қарады. – Туһ, вам не понять! — Баж еткен даусыма өзім ыңғайсызданып қалдым. – Ғашық болса несі бар! – деді Хализа – Әттең, екі жас балам бар, оларды жеткізуім керек. Бауыржан ағаның көңілінен шығатын әйел болу қолымнан келмейді. Тұрсынайдың әпкесінің де қолынан келмейді-ау, мана айтарымды айтып алып, артынан өкіндім. Қазір барып әпкемізге айтқанда, ол не дер екен? Күйеуден көрген тозақ өмірін ұмыта алмайды. Енді еркек көрмеспін деп қатып қалған жан. Қайтсек екен?! – деп менің миымдағы мазалап тұрған сұрақтарды қозғап жіберді. Ағалармен қоштасқан соң Хализа екеуіміз салымыз суға кеткендей боп, үйге жеттік. “Даладағы боран боран ба, үйдегі боранды айтсайшы” дегендей, ағаның алдында қысылғанымыз жай екен, ал енді әпкемізге қалай айтамыз. Ең болмаса, бір барып сәлемдесуге қалай көндіреміз? Қойшы, әйтеуір, әпкемізге бүгінгі күннің оқиғасын түгел баяндадық. Қуаныш сезімі­міз қайтадан тасып, мақтаныштан бал-бұл жанып, кезек сайрап жатырмыз. Ағаның сыйлаған сағатын, кітаптарын көрсеттік. – Телефон соғып, мені шақырып алмадыңдар ма? – деді әпкем. – Мәссаған, қалай ойымызға келме­ген. Ой, ақымақ бастар, – деп Хализа екеуміз бір-бірімізге қарап бажырайып қа­лып­­пыз... Сәлден соң: “Ілеке, ертең ба­рып, сәлемдесіп шығасыз ғой, ә? Жарайды ма? Тек қана танысып қайтуға”. Хализа әпкем Лизаны құрметтеп Ілеке деп атайды. “Танысқан не, алса, күйеуге шығамын, құдағилар!” Шыны ма, қырсығып айтқан сөзі ме, түсіну қиын. Түрі байсалды. “Болмайды, күте алмайсың, қор қыласың!” деген сөздің аузымнан қалай шығып кеткенін білмей қалдым. “Неге қор қылады екем?” деп айтпады. Әпкем үнсіз. Бізде де үн жоқ. Біраз үнсіздіктен кейін: – Жарайды, барып амандасайын. Келсін деген болса бармаған ұят болады. Қыз-келіншектердің арманы болған көкеміз мені керек ете қоймас, ал барып сәлемдескен дұрыс болар, – деді әпкем. Жаны жарқын әпкетайым-ай! Ішімнен елжіреп, әпкеме қараймын. Ертесіне сағат 10-да қонақ үйге барып, Баукенің есігін қақтық.. “Да!” деген дауыс шықты да, артынша есікті ағаның өзі ашты. – Қош келдіңдер, қарақтарым, төр­летіңдер! — Аға орындықтарды нұсқады. Біз амандастық. Әпкем: “Аға сізге сәлем бергелі келдім. Сіз болған соң келдім, әйтпесе, ерлерге өзі баратын тәртіпсіз қарындас емеспін!” Әпкем өктемдеу тіл қатты. Жолшыбай келе жатып, “Апыр-ай, ертіп кел деп айтты деп, келе салғанымыз ұят емес пе? Не деп ойлайды енді?!” – деп өз-өзінен әбігер болған. – Бармасақ нағыз ұят сол болады. Ағаның сөзін жерге тастау сол ұят! – деп жұбатқам. Бауыржан аға кішіпейіл, өте сезімтал жан екен. – Кешір, қарындасым, ағаңды. Өзім­сін­ген назымды қабылдап келгеніңе басымды иемін. “Алжыған өгіз бұзаумен ойнайдының” кері болды ма деп өзім де қысылып отырмын, –дегенде әпкем жадырап сала берді. Жол бойы мазалаған күмәнді ойларын да ұмытып үлгерді. Бауке бізді келеді деп сенген сияқты. Жорнал үстелін босатып, шай мәзірін дайын­датып қойыпты. Шоколад алдыр­туды да ұмытпаған. Шай ішіп отырып әпкем: – Аға, затым әйел болғанмен, әйелге тән ұнамды қылықтарым жоқ. Орыстар айтқан “ни рыба, ни мясо” дәл менмін. “Екі дүние – бір қадам” дейтін ұр да жық мінезім бар, — дей бергенде, аға мырс етіп күліп жіберді. – О-о, менен аумайды екенсің, ары қарай айта бер, – деді. Әпкем сенер-сенбес күйде бөгеліп қалды. – Жасың нешеде, қалқам? – Осы жазда 35-ке толдым. – Иә, қалқам, жас екенің көрініп тұр... Қобызшы екенсің, сонда екі ішекті қыл-қобызда ойнайсың ба? – Қазіргі кезде Жаппас Қаламбаев ойнаған екі ішекті емес, Бәтима Балғаева ойнайтын төрт ішекті қобызда ойнауды музыка училищесінде оқып, үйрендім. Облыстық филармонияның “Шалқыма” атты ұлт аспаптар ансамблінде істеймін. Гастрольдік сапарға көп шығамыз. Апталап, айлап жүріп келгенде екі балам сағынып қарсы алады. Жаным сүйген өнер болған соң, тастай алмай жүрмін. Бауыржан аға ықыласпен тыңдап отыр. Әпкеме қарасам, үстіндегі жаздық гүлді көйлегі өңіне жарасып, желкесіне жинап бір буып қойған шашы да өз жасынан жас көрсетіп тұр. Бауыржан аға мен әпкемнің арасында­ғы әңгімені түгел келтіріп жату бұл арада шарт та болмас. Аға қоштасарда былай деді: – Қарақтарым, көңілдеріңе рахмет. Бұл өзі тез шешетін мәселе емес қой. Мен 20 күннен кейін Сарыағаштан қайтқан кезде, осы қонақ үйге түсемін. Сол уақытта өздеріңнен хабар күтемін. Қарағым, сен де ойлан, мен де ойланайын. Бізді сыртқы есікке дейін шығарып салды. “Алматыға жол түскенде менің үйіме келіңдер, аман болыңдар, бақытты болыңдар, қарақ­тарым”, – деп қоштасты. Бір аптадан соң әпкемнің ұжымы екі айға Түркіменстанға гастрольге кетті. Әпкем кетерінде: – Бауыржан ағаға жолығып, менің жауабымды жеткіз. Екі баламен ол кісіге масыл болғым келмейді. Пысық, тындырымды әйел боп ағаны жақсы күте білу де қолымнан келмейді. Менен гөрі сөзге шеберсің ғой, осы айтқандарымды көңіліне келмейтіндей етіп жеткіз... – деді. Бұл сөздерді айтқанда өзі қиналып, қобалжып тұрды. – Ағаны ойлап қиналмай-ақ қояйық­шы, әлі-ақ, ағаға талай қыз-келіншектер таласып, арасынан таңдағанын алады! Осылайша жұбатып, әпкемді шығарып салдым. Бауыржан аға келетін күн жақындаған сайын, не деп айтсам екен, әпкемнің жауабын қалай жеткізсем екен деп басым қатты. Жұмыста отырып қонақ үйге телефон соғып, ағаның келгенін, өзінде екенін біліп алдым да, мәшинемен қонақ үйге жеттім. Шоферді ағаның бөлмесіне жұмсадым. Мына хатты бір апай беріп жіберді деп қолына ұстат та, кешірім сұрап кетіп қал дедім. Өзім көрінуге кінәлі жандай бетім бармады. Шофер жігіт хатты беріп қайтып келді. Хатта жазылғаны бар болғаны бір шумақ өлең еді: “Тағдыр жазбаған арманым боп қалыңыз, аға! Болмашыға ауырмасын жаныңыз, аға. Мендей құлынды биені не ғыласыз, Масыл болғым келмейді, наныңыз, аға. Алла артық жаратқан ардагерім, Өзіңе лайық аруды алыңыз, аға! Қарындасыңыз Лиза”. Дұрыс болды ма, әлде дұрыс болмады ма?! Осы ой мазалап, әрі бір өкінішті сезім жанды өртеп барады. Құлағымнан Бауыр­жан ағаның “қарақтарым” деген үні кетер емес. “Жазмыштан озмыш жоқ”, деп өзімді-өзім жұбаттым. * * * Арада көп жылдар өтті. Батыр ағамыздың 90 жылдық торқалы тойын, өзі ерен ерлік көрсетіп қорғаған Мәскеуде дайындап өткізу, қызы Еленаны тауып алу, 100 жылдық мерейтойына арнап шыққан “Легендарный Батыр” атты кітапты құрас­тырушының бірі болу  менің үлесіме тигені – бұл да жай кездейсоқтық емес! Тұрсынай ОРАЗБАЕВА, халықаралық “Алаш”  және А.Фадеев атындағы сыйлықтардың лауреаты. Мәскеу.