• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
17 Қыркүйек, 2010

Бірлік жаңа жетістіктер мен жеңістерге бастайды

549 рет
көрсетілді

Кеше Ыстамбұлдағы “Чираган Кемпински” қонақ үйінде Түркітілдес мемлекеттер басшыларының Х саммиті болды, оның жұмысына Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, сөз сөйледі. Бірлік жаңа жетістіктер мен жеңістерге бастайды Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркітілдес мемлекеттер басшыларының саммитінде осылай деп атап көрсетті Саммит жұмысын қарсы алушы жақ ретінде Түркия Президенті Аб­дулла Гүл ашып, жүргізіп отырды. Саммитке қатысушыларға құттық­тауы­нан кейін ол өзінің ресми сө­зін айтты. Түркітілдес мемлекет­тер­дің Түркі кеңесінің құрылуы – тарихи шешім болып табылады, деп атап өтті Түркия Президенті. Біз бүгін осындай терең қатынасқа қол жет­кізіп отырмыз. Одан кейін ла­тын әліпбиіндегі ретіне қарай Әзір­байжан Президенті Ильхам Алиев сөйледі. Үшінші болып сөйлеген Нұр­сұлтан Назарбаев сөзін өздерін ыстық ықыласпен қабылдаған түрік жағына ризашылық білдіруден бастады. Одан әрі Қазақстан Пре­зиденті сөзін: “Бүгін біздің алды­мызда Түркітілдес мемлекеттер бас­шыларының 2009 жылы Нахчы­ван­да өткен 9-шы саммиті барысында қол жеткізілген келісімдерді іске асыру міндеті тұр. Сонымен қатар біз болашақтағы жоспарларды тал­қылауымыз керек”, деп жалғас­тыр­ды. Нахчыван басқосуы барысында Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғыз­стан және Түркия басшылары та­рихи маңызы зор құжатқа – Түр­кі­тілдес мемлекеттердің ынтымақ­тастық кеңесін (Түркі кеңесі) құру туралы келісімге қол жеткізгенін еске алды. Бұл келісім жақында Қазақстан Парламенті тарапынан қолдау тауып, ратификацияланды. Түркі кеңесінің толыққанды жұ­мысқа кірісуіне бәріміз де мүд­де­ліміз және бұл үрдіске өзге бауыр­лас елдер де қосылады деген үміт­теміз, дей келіп, осы қатарда бүгінгі саммитте Түркіменстан Президенті Гурбангулы Бердымұхамедовтің де қатысып отырғанына қуанышты екенін жеткізді. Түркіменстан бас­шылығының ортақ басқосуларға қа­тысуы жалпы түркілік ықпалдасу үр­дісіне қомақты үлес қосатыны сөзсіз. Бүгінгі саммит Түркі кеңесінің институттық қалыптасуына жаңа серпін береді деген сенімдемін. Біздің алдымызда Түркі кеңесі Хатшы­лы­ғының құрылуы, Ақсақалдар алқасы туралы ереженің қабылдануы, Түркі әлемі академиясының нақты жұ­мысқа кірісуі сияқты жалпы түркілік құрылымдарды одан әрі дамыту міндеті тұр. Былтыр Нахчыван сам­миті кезінде біз Түркі әлемі ака­демиясын ашу жөнінде игі бастама көтерген едік. Осы академияның тұсаукесер рәсімі мамыр айының ая­ғында Астанада өткізілді. Халық­аралық мәртебеге ие болатын бұл академия жұмысы түркітілдес ха­лықтардың тамырлас тарихын зер­делеуге және ортақ мәдениетін дамытуға жұмылдырылады. Осыған орай, жалпы түркілік өркениеттің өркендеуіне мүдделі барша ме­ке­мелер мен ғалымдарды академия­ның жұмысына белсене атсалысуға шақырамын, деді Н.Назарбаев. Нұрсұлтан Әбішұлы келесі ке­зекте Қазақстанның нақты жұмыс­тарына тоқталды. Соның ішінде Түркі әлемі академиясы үшін ғи­ма­рат бөлініп, мемлекеттік бюджеттен қаражат көзделгенін, тиісті халық­аралық келісім жобасы әзірленгенін атап өтті. Қазақ тарапы дайындаған бұл маңызды құжатқа бауырлас бар­лық елдер қосылады деген се­німін білдірді. Одан әрі Қазақстан Президенті осы тараптағы жұмыс­тарды жүзеге асыруға жауапты ортақ халықаралық ұйымымыз – ТҮРКСОЙ-дың атқарар рөлі зор деп есептейтінін атап көрсетті. Сон­дықтан ТҮРКСОЙ-дың өкілеттігін күшейтіп, оның қызмет ету аясын кеңейткен жөн. ТҮРКСОЙ – түркі әлемінің шын мәніндегі ЮНЕСКО-сына айналуы тиіс. Сондықтан, ТҮРКСОЙ қорын құру жөніндегі жұмыстарды жандандыру ісіне көңіл аударуымыз керек. Н.Назарбаев сондай-ақ түркітіл­дес мемлекеттердің ортақ рухани, мәдени құндылықтарының бірлігі тиімді экономикалық ынтымақтас­тық­тарды нығайтуға да жақсы негіз болатынына тоқталды. Бүгінде тәуелсіз алты түркітіл­дес мемлекеттің ортақ ішкі жалпы өнімі шамамен 1 триллион доллар­дан асатынын, бірақ осындай экономикалық әлеуеттің түркітілдес елдер арасындағы өзара тауар ай­налымында нақты мүмкіндіктерге де, мүдделерге де сай келмейтінін атап көрсетті. Мәселен, деді Қазақ­стан басшысы, 2009 жылы Қазақ­станның өзге түркітілдес елдермен сауда көлемі небәрі 3,717 миллиард дол­ларды құрады. Бұл – Қазақ­станның жалпы сыртқы сауда айна­лым­ының тек 3,8 пайызы ғана деген сөз. Осындай жағдайды түзету үшін түркітілдес мемлекеттердің геостра­тегиялық орналасу ерекшелігін пай­далану арқылы көлікпен жүк тасы­малдау және транзит мәселесіне жіті көңіл бөлу керек. Ұлы Жібек жолын қайта жаңғырту бүкіл Еуразия өңірі­нің өркендеуіне оң ықпалын тигізеді. Осыны басшылыққа алған Қазақ­стан бүгінгі таңда “Батыс Еуропа – Батыс Қытай” трансқұрлықтық кө­лік дәлізінің құрылысын жүр­гізу­де. Осындай жобалар біздің елдеріміз арасындағы байланыстардың ны­ғаюына және қосымша халықаралық жүк тасымалының артуына ықпал етер еді. Нұрсұлтан Әбішұлы Қырғыз­стан­дағы проблемаларға да кеңінен тоқталып өтті. Өзара тиімді эконо­микалық ынтымақтастықты дамыту елдеріміздің ұлттық мүдделеріне де, халықтарымыздың игілігіне де жауап беретіні сөзсіз. Қазіргі кезде көрші Қырғызстандағы күрделі ахуалдың туындауына осы әлеуметтік-эконо­микалық мәселелердің шешілмеуі басты себеп болғаны белгілі. Қыр­ғыз бауырларымыздың басына түс­кен жағдай бәрімізді де толғанды­рып отыр. Қазақстан екі жақты не­гізде болсын, ЕҚЫҰ-ға төрағалық аясында болсын Қырғыз Республи­ка­сына барынша қолдау көрсетіп, риясыз гуманитарлық жәрдем беріп келеді. Бұл жерде біз қырғыз еліне кө­мек көрсету ісінде қаржылай жа­ғынан ғана емес, оның нақтылығы­на және практикалық тиімділігіне жіті көңіл бөлгеніміз жөн. Осы орайда, мен төмендегідей нақты және бір­лескен іс-шараларды қолға алуға шақырамын. Қазақстан басшысы осылай дей келіп, барлық түркітілдес мемлекет­тер­ді бірлесе отырып, Қырғызстан­ның Ош және Жалалабад өңір­ле­рінде мектеп және аурухана сияқты әлеуметтік маңызы бар нысандар тұрғызуға шақырды. Сондай-ақ қырғыз жастарына тегін білім беру үшін елдеріміздің жоғары оқу орын­дарында квоталардың мөлшерін арт­тырған жөн болатынын атап көр­сетті. Осы орайда, мәселен, Түркіс­тандағы Қожа Ахмет Ясауи атын­дағы халықаралық университеттің әлеуетін толығырақ пайдалануға болар еді. Бүгінгі күні Қырғызстанға жұ­мыла отырып жәрдемдесу – бүкіл Орталық Азия өңірінде бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтап қалуға игі әсер етеді. Бұл ретте, жақында Ал­ма­тыда Қазақстанның бастамасы­мен өткелі отырған Халықаралық донорлар конференциясына үлкен үміт артылады. Аталған іс-шараға түркітілдес елдердің өкілдері бел­сенді түрде атсалысып, нақты үлес қосады деген сенімдемін, деп жал­ғастырды Қырғызстанға қатысты сөзін Н.Назарбаев. Біздің бүгінгі саммитіміз өзара ықпалдасу үдерісінің жаңа саты­сына көше бастаған түркі әлемі үшін ерекше тарихи ахуалда өтуде. Алтайдан Ақтеңізге дейінгі ұлан-ғайыр Еуразия кеңістігіндегі бауыр­лас елдеріміз әлемдік істерге бел­се­не араласуымен қатар, маңызды халықаралық және өңірлік ұйым­дардың тізгінін қолдарына алуда. Соның ішінде Қазақстан Еуропа­дағы қауіпсіздік және ынтымақ­тас­тық ұйымына төрағалығын абы­роймен жүргізуде. Осы жылдың 1-2 желтоқсаны күндері Астанада ЕҚЫҰ Саммитін өткізу туралы ше­шім Қазақ елінің осы Ұйымдағы төрағалығының тарихи жетістігі ре­тінде бағалануда. Мәртебелі Ұйым­ның 11 жыл үзілістен кейін Астанада өткелі отырған саммиті еуроатлан­ти­ка­лық және еуразиялық қауіпсіз­діктің ортақ кеңістігін қалыптастыру үрдісіне, құрлығымыздағы интегра­циялық үдерістердің дамуына жаңа серпін береді деген үміттеміз, дей келіп, Нұрсұлтан Әбішұлы түркітіл­дес мемлекеттер басшыларын да Астана Саммитінде ыстық құрмет­пен қарсы алынатынын жеткізді. Одан әрі Қазақстанның биылғы маусым айынан бері Шанхай ынтымақтастық ұйымын басқаруға кіріскенін, ал келесі жылы Ислам Конференциясы Ұйымының Сырт­қы істер министрлері кеңесіне төрағалық ететінін айтып өтті. Елі­міз бұл беделді ұйымдардағы төр­ағалығында мәдениетаралық және дінаралық үнқатысу идеясын жү­зеге асыру мәселесіне басты назар аударатын болады. Қазақстан Президенті келесі кезекте Түрік Республикасының үстіміздегі жылғы маусымда Азия Кеңесіне төрағалық тізгінін біздің қолымыздан қабылдап алғанын, осындай маңызды халықаралық және өңірлік ұйымдарда шешуші рөл атқаратын елдеріміз азиялық және еуропалық құрылымдар шеңберіндегі әрекеттестікті тиімді дамытуға жіті көңіл бөлгендері жөн екенін атап өтті. Соңғы кездері әлемдік саясатта орын алып отырған діни экстре­мизм, есірткі мен қару-жарақтың заңсыз айналымы, адам саудасы, ха­лықаралық лаңкестік бір ғана мемлекет және өңірмен шектеліп қал­май, баршаға ортақ түйткілге айналуы дүниежүзілік қоғамдас­тық­ты алаңдатуда. Осы тұрғыдан кел­генде, ой-пікірлері бір, экономи­ка­лық мақсаттары жақын түркітілдес мемлекеттердің өзекті халықаралық және өңірлік түйткілдерге қатысты бірегей немесе ұқсас ұстанымда бол­ғандары маңызды деп есептей­мін, деді Н.Назарбаев. Сөзінің соңында 2011 жылдың – Қазақстан, Қырғызстан, Өзбек­стан, Түркіменстан және Әзірбай­жан үшін ерекше, саяси маңызы зор тарихи жыл екенін, өйткені олар өз тәуелсіздігінің 20 жылды­ғын атап өтетінін айтып өтті. Мұны туысқан Түркия үшін де ерекше мерейлі жыл деп есептейтінін мә­лім­деді. Түркияның біздің елдері­міздің тәуелсіздігін әлемде бірінші болып танығанына да 20 жыл толады. Осы орайда, мен тәуелсіз­дігіміздің 20 жылдығы сынды айтулы оқиғаны ауқымды түрде бірлескен іс-шаралар сипатында атап өтуді ұсынамын. Менің ойым­ша, мұндай қадам біздің елдеріміз арасындағы бауырластық дәнекер­лігін нығайтуға нақты үлес қосады. Сондай-ақ түркі халықтарының жетістіктерін, мәдениеті мен өнерін халықаралық аренада насихаттауға қолғабысын тигізеді. Біздің “бір жағадан – бас, бір жеңнен – қол шығарып”, өзара ықпалдасуымыз – елдігіміздің нығаюына, эко­номикалық қуатымыздың артуына және мәдени дамуымыздың өркен­деуіне бастайтын сара жол. Біз осылай біртұтас түркі әлемі ретінде ғана даңқты бабаларымыздың мұ­расына адал болып, жаңа жеңістер мен жетістіктерге қол жеткізе ала­мыз, деді сөзінің қорытындысында Қазақстан басшысы. Осыдан кейін Қырғыз Респуб­ликасы өтпелі кезеңінің Президенті Р.Отунбаева мен Түркіменстан Президенті Г.Бердымұхамедов сөйледі. Саммит қорытындысы бой­ынша мемлекет басшылары Үндеу қабылдады. Түркітілдес мемлекеттер басшы­ларының Х мерейтойлы саммиті бірлескен баспасөз мәслихатын өткізумен аяқталды. Оны Түрік Республикасының Президенті Абдулла Гүл ашып, жүргізіп отыр­ды. Алдымен ол саммитте қол жеткізілген келісімдер туралы баяндап өтті. Соның ішінде саммит жұмысы аясында сыртқы істер ми­нистрлерінің кеңесі, қуат ресурс­тарын игеру саласы басшыларының келіссөздері болғанын айтты. Одан әрі өткен жылдың қазан айында Нахчыванда болған саммитте келісілген Түркітілдес мемлекеттер ат­қарушы хатшылығын құру идеясының жүзеге асқанын атап көрсетті. Хатшылықтың Бас хат­шысы болып біз түрік азаматы, Түр­кияның Ресейдегі бұрынғы елшісі Халел Акынджені тағайын­дап, оған ұйымдастырушылық шараларын жүргізуді жүктедік. Сондай-ақ Мемлекет басшылары кеңесі, Сыртқы істер министрлері кеңесі, Ақсақалдар кеңесі жұмыс­тарын жалғастыратын болады. ТҮРКСОЙ мен Түркі әлемі ака­демиясының жұмысын жандандыру бағытында нақты ұсыныстар іске асырылатын болды, деді Түркия Президенті. 2011 жылы Орталық Азиядағы түркі мемлекеттері мен Әзірбайжан Республикасының өз тәуелсіз­діктерін алғанына 20 жыл толуына байланысты мерейтойлық шаралар шеңберінде Түркіменстанда түркі мемлекеттері мәдениетінің фес­тивалі өтетін болды. Ал Түркітілдес мемлекеттер басшыларының кезек­ті саммиті келесі жылы Қырғыз­станда ұйымдастырылады. Соны­мен қатар, біз аймақтық қауіп-қа­терлерге бірлесе қарсы тұру шара­лары туралы да пікір алмастық, деген Абдулла Гүл сөзінің соңында толық түсіністік пен достық, туыс­тық жағдайында бірлесе атқарылған жұмыстар үшін өзінің әріптестеріне алғысын айтты. Осыдан кейін Мемлекет бас­шылары журналистердің сұрақ­та­рына жауап берді. Соның ішінде Түркіменстан Президенті Г.Бер­ды­мұхамедовтен Әзірбайжанмен екі арадағы Каспий теңізіндегі шека­раларының осы уақытқа дейін делимитацияланбау себебі сұралды. Оған Г.Бердымұхамедов ондай мәселенің бар екендігін, бірақ ол шешілу жағдайында екендігін айта келіп, екі мемлекеттің осынау “тұр­мыстық” проблемаға қарамастан, қарым-қатынастары жақсы жолмен дамып келе жатқанын атап өтті. Оның сөзін Әзірбайжан Президенті И.Алиев қостап, қазір бұл мәселе­нің екі ел арасында бірінші орын­дағы проблема болудан қалған­дығын айта келіп, қазір екі елдің арасындағы ынтымақтастық жаңа сапаға көтерілгенін мәлімдеді. Қазақстан Президенті Нұр­сұлтан Назарбаевтан Қырғызстан проблемасы туралы, оған инвес­тиция тарту мәселесі жөнінде қан­дай пікірлер болғандығы сұралды. Оған Нұрсұлтан Әбішұлы мәселеге жанашырлықпен қаралғанын және көмек ұйымдастыруда нақты шара­лар белгіленетінін айтты. Осы қа­тарда біз 10 қазанда болатын пар­ламенттік сайлаудың қорытынды­сын тосатын боламыз, сол кезде құрылатын жаңа үкіметпен тығыз жұмыс істеу ниетіміз бар, деді Қа­зақстан басшысы. Сонымен бірге, түркітілдес мемлекеттер ұйымының ешқандай блокқа қосылмайтын, ешкімге қарсы келмейтін ұйым екенін еске салып өтті. Нұрсұлтан Әбішұлының сөзде­рін Қырғызстанның өтпелі ке­зең­дегі Президенті Роза Отунбаева да қостап, түркітілдес мемлекеттердің Қырғызстанда дағдарыс басталған сәттен бастап үлкен гуманитарлық көмектер беріп жатқанын атап өтті. Енді парламенттік сайлаудың нәтижелері бойынша түркітілдес елдермен ынтымақтастығымыз арта түсер деген үміттеміз, деді ол. Сонымен бірге, инвесторлар тарту мә­селесі бойынша Қырғызстанда қазірдің өзінде бірқатар оң жұ­мыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді. *  *  * Ыстамбұл қаласында болған Түркітілдес мемлекеттер басшы­лары­ның саммитіне Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаев сәрсенбі күні күн батар кезде келді. Ыстамбұл әуежайында Қазақ­стан Президенті Н.Назарбаевты арасында Түркияның Мемлекеттік министрі Д.Йылмыз, Ыстамбұл провинциясының губернаторы Х.Мутлу, Ыстамбұл қаласының мэрі К.Топбаш, Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Б.Әміреев бар ресми адамдар қарсы алды. Сәрсенбі күні кешке саммит жұмысына қатысу үшін Қазақстан мен Түркия мемлекеттері басшы­ларынан басқа Әзірбайжан Респуб­ликасының Президенті Ильхам Алиев, Қырғыз Республикасы өтпелі кезеңінің Президенті Роза Отунбаева, Түркіменстан Прези­денті Гурбангулы Бердымұха­медовтің келгендері белгілі болды. Осы күні кешке, саммит шеңбе­рінде, Қазақстан Президенті Нұр­сұлтан Назарбаев Түркия Прези­денті Абдулла Гүлмен кездесіп, екіжақты келіссөздер жүргізді. Одан кейін Түркия Премьер-министрі­нің атынан кешкі ресми ас берілді. Ал кеше таңертең Нұрсұлтан Назар­баев Қырғызстанның өтпелі ке­зеңдегі Президенті Роза Отун­баевамен және Әзірбайжан Республикасының Президенті Ильхам Алиевпен кездесіп, екіжақты келіссөздер жүргізді. Жақсыбай САМРАТ – Ыстамбұлдан. Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.